Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзекті 8591 11 пікір 7 Тамыз, 2021 сағат 13:22

Жарбұлақ - Анталия бола алады

Менің ауылым

Менің туып өскен жерім – Жарбұлақ, кәзіргі Қабанбай батыр ауылы. Балалық шағым өткен Алакөл жағасындағы Жарбұлақ ертеректе шағын ауыл болған, Мақаншы ауданының Киров колхозының алыстағы бөлімшесі екен. Әкімшілік-аумақтық бөлігі 1932 жылы құрылған. Алғашында ауыл халқының саны 1000-нан сәл ғана асатын деседі. 1962 жылығы ұлы көште Қытайдың Боротола облысы мен Тарбағатай, Іле аймақтарынан өткен халықпен толығып, іргелі ауыл қатарына қосылды. 1963 жылы өз алдына жеке кеңестік шаруашылық (совхоз) болып құрылды. Кәзіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданына қарайтын Жоңғар Алатауы мен Барлық жотасы аралығында атақты Алакөлдің жағасында Шығысқа қарай көсіліп жатқан 10 мыңнан аса халқы бар ауылдың көлемі аудан орталығынан үлкен Туризмнің дамуына, инфрақұрылымның күшеюіне, тарихи киелі мекендерді көркейтуге ең қолайлы орталық осы – Жарбұлақ (Қабанбай) ауылы.

Тағдырдың ауыр замандарында, аймақтың би мен батырлары салиқалы шешімдер қабылдап, ақындары ел бірлігін қолдаған өлең – жырлар шығарып, халықтың рухын көтерген. Жарбұлақ елді мекенінде туып-өскен Қабанбай батырды тарих ұмытқан емес. Бүгіндері аса бір сүйіспеншілікпен қазақ халқы оны «Дарабоз», «Хан батыры» - деп атайды. Тарбағатай алқабы, суықты да, аштықты да, соғысты да, күштеуді де көп көрді. Қыс алдымен тауда басталып, алғашқы қар мұзарт белдерде жататын елді-мекен киелі, қасиетті, шипалы топыраққа бай. Ауыл өңірінің тұла бойы тұнып тұрған тарих. Қат-қат шежіре. Сол аңыздардың бірі – Асан қайғының жер туралы аңызына тіреледі.

Дүниенің төрт түкпірін түгел шарлаған Асан қайғы Жарбұлақ өлкесіне аяқ тірегенде тотияындай толқыған Алакөлге кербез тауға, кең далаға көзі тұнып «Тоқта» деген екен. Содан бері ауылымыздың теріскейіндегі еңселі де елікті құздарды Тоқта тауы деп атайды. Атының тізгінін тартып айналаға көз салған кемеңгер, «Жер-ақ екен шіркін, бірақ «ұрыс» иісі шығып тұр екен» — деп мұңайыпты. Иә, расында да ауылдың үстінде сан ғасырлар бойы көптеген ұрыстар болған. Жоңғар қақпасынан шыға шапқан жау алдымен найза ұшын Тоқтаның бауырындағы Лаңкөлге тіреген. Көздің жасындай мөлдіреп тұрған көлдің орны қазір қазаншұңқыр деп аталады.

Алакөл

Жарбұлақ ауылына жақын орналасқан Алакөл көлі - Қазақстанның таңғажайып көлдерінің бірі. Аталмыш көл тарих пен туризмнің тынысы десек болады. Алакөл өңірі бізге туризмнен бұрын, талай тарихи оқиғалардың куәсі ретінде белгілі. Жоңғарларға тойтарыс беруде басты қантөгістің бірі осында орын алғанын ел тарихының беттерінен білеміз. Күншығыстан ақтарыла төгілген жау Жоңғар қақпасынан шыға бере осы жақты беттеген деседі. Жараланған батырлар да көлге түсіп, сауығып қайтады екен. Тегінде көлге құятын өзендердің бірі Емілді Арқаның қақпасы депті Қадырғали бек. Кезінде Құранын қолынан тастамаған мұхит атасы атанған Жакив Кусто Алакөлді қақ жарған ақ жолақты байқап, қасиет тұнған деп таңдай қағыпты.

Одан бөлек Алакөл еліміздегі ең ірі және мемлекет қарауына алынған маңызы бар қорық. Және отандық туризмді дамытудағы маңызды рөл атқаратын туристік аймақтардың бірі. Бұрын Жарбұлақ ауылы мен көлдің ара қашықтығы 2-3 шақырымдай алшақ болса, кәзіргі таңда көл жағасындағы демалыс үйлері мен ауылдың шеті бірігіп кеткен.

Қорық 1998 жылдың 21 сәуірінде ұйымдастырылып, Алматы және Шығыс Қазақстан облысы (Үржар ауданы) аумағында 20,0 мың.га. жер көлемін алып жатыр. Қорық Жоңғар Алатауы мен Алакөлдің - Үлкен, Орта, Тасты - аралдарынан бастау алатын Тентек өзенін сақтау мақсатында құрылған. Көл маңындағы ыстық бастаулар ежелден бері өзінің ерекше емдік қасиеттерімен танымал. Ұзындығы – 104 ш. ал ені - 52 ш. жағасының ұзындығы 348 шақырымды құрайды. Көлдің орташа тереңдігі – 22 метр, ең үлкен тереңдігі – 54 метр. Өзінің көркімен және ерекше табиғатымен бірегей көлдің жағалары қалың түбекпен, мүйістермен, шығанақтармен, айлақтармен тілінген. Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында 269-дан аса құстар түрлері мекен етеді. Реликті шағала, жеке дуадақ, қарабасты күлегеш, бізтұмсық шағала, бұйра және қызғылт бірқазан, ақбас үйрек және басқа да аз кездесетін және жер бетінен жоғалып бара жатқан суда жүзетін шөл және тау құстарын кездестіруге болады. Туристер саяхаттан 5-6 күн бұрын биік таулы Жоңғар Алатауынан Балқаш маңындағы шөлдерге дейінгі негізгі ландшафтық аймақтың флорасы және фаунасымен танысуына болады. Осы аумаққа ұя салған ескек аяқтылар, сұқсыр үйрек, шағала тәрізді көптеген құстардың сулы-батпақты кешені қорғауға алынған. Әсіресе, бұйра бірқазан, қызғылт бірқазан , өгізбас шағала, жалбағай, сұңқылдақ аққу, ақбас үйрек, ақбас тырна, аққұйрық субүркіт тәрізді құстар Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген. Алакөл көлінің құндылығы сонда, оның аралдарына Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енген құстың сирек түрі қарамойнақ шағаланың ұялары бар. Шипалы емдік қасиетімен таңымал Алакөлдің жағалауындағы қара балшық, ақ балшық, сазды батпақтың емдік қасиеті мол.

Аралтөбе

Аралтөбе – Алакөлдің ортасына құдіреттің қойып қойған жоталы жоны. Қыс-жазы жасыл сағымға оралып, адам баспайтын қалың майсасы қыстың қыраулы қарында да малдың тебіндеп жайлғанына таптырмайтын мекен. Жылға сайын бастау, сай-сайдан сылдырай аққан бұлақ. Алакөл жағалауынан 18 шақырым қашықтықта су ортасында орталасқан тау. Су көлігін жүргізушілер Аралтөбеге дейінгі арақашықтық бұрын 13 шақырым болғанын, қазір 18 шақырымға дейін ұзарғанын айтады. Су ортасындағы төбе орналасқана қарай, «Үлкен, Орта және Кішкене Аралтөбе аралдары» болып бөлінеді. Алакөлде мекендейтін барлық құстар қайтқанда осы жерде миллиондап жиналып құс базарын құрады. Көл жағалауындағы ірі демалыс орындарының су көліктері 15-20 мыңын төлесеңіз, аралдарға ешқандай кедергісіз апарып келеді.

Аралдың айнала шеңберін айдын дөңгелей қоршап жатқандықтан қапалақтап жауған қалың қар бұл өңірге жете бермейтіндіктен мал жайылымына лайық, жері шүйгінді болады. Ертеректе үйірімен мал ұстайтын байлар қараша-желтоқсанда қара жерді қар басып, айдынның мұзы қалың болып қатып, сары аяз күшіне енген уақытта көл бетіндегі қалың мұздан өтіп, осы аралға малдарын жаятын қоныс есебінде пайдаланған. Жалтыр мұз үстінен түліктерді амалдап өткізу үшін барлық малды мұз бетінде таймайтын емшек тағамен тағалайды. Ұсақ малдардың аяғының астына жайып тастап, алға жылжытып отыратын төсеніш үлкен текемет, туырлықтар пайдаланады. Қажетінше түлік аяқтарына киізден башмақ тігіп кигізеді. Осылайша шалғыны жапырылмаған жайлаудың машақатын да тартады. Шұрайлы шүйгінін сүзіп еркін оттаған мал көктемде бұрынғыдан да қоңданып, дөңгелене төлдейді екен. Көл ортасындағы Аралтөбе қойнауына жыл сайын мұз қатқанша көшіп келіп қыстап, мұз босар алдында елге қайтуды әдетке айналдырған байлардың бірі менің нағашы атам – Мәжен қажы болған.

Барлық –Арасан

«Арасан-Тау» бөктерінде, «Барлық» жазығында, ерекше миералды суын қолданатын «Барлық- Арасан санаторийі Алакөл көлінен 2 км қашықтықта орналасқан. Барлық минералды бастауыдың химиялық құрамы және әлсіз радиоактиві суы «Цхалтубо», «Сары-Ағаш», «Алма- Арасан миералдық суларына ұқсас. Санаторийға іргелес, «Арасан» өзенінің жоғары жағында, «Барлық» тауынан бастау алатын, шипажайдан жарты шақырым жерде Барлық - Арасан бастауларының 13 термалды миералдық суы жер бетіне шығып жатыр. Барлықтың жотасында бұр¬қылдап шығып жатқан қайнарларды ел іші «көз суы», «жүрек суы», «асқазан суы» деп айдарлап айтады. Шындығында, атауында тұрғандай, жанары нашарлаған қариялар «көз суын» қарашығына тамызып, асқазаны ауырғандар «асқазан суын» ішіп, ем-домын алып жатады. «Көз суының» құрамында күміс бар. Әрине, шипажайдың ішінде астауға құйылатын ыстық су басқа. Бастау сулары құрамында сутекті, сульфатты-хлоридті, натрилі, кальцилі жоғары кремний ащылығы бар. Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кіретін Цельсия суы сияқты судың қызуы 20-42 градустан асады. Бастаудың ыстық ваннасы тері, ревматологиялық ауруларға, буын ауыруларына ем. Алакөл көлі мен барлық-Арасанның суы өте мөлдір, таза, тері аурулары, тыныс алу аурулары, сүйек және жүйке жүйе ауыруларына бірден-бір шипа. Минеральды сулармен тыныс органдарын, гинекологиялық т.б. ауруларды емдейді. Демалушыларға физиотерапевтік, сылау, гинекологиялық кабинеттер, емдеу-сауықтыру бөлмесі, арнайы демалыс үйлері қызмет көрсетеді. Бұрын күнделікті жолаушылар автобусы Алакөл мен екі ортаға демалушыларды үздіксіз тасымалдайтын. Арасаннан шығатын емдік қасиеті мол қайнар бұлақтар Жер астымен Алакөлге құяды. Алакөлдің Шығыс жағындағы Қабанбай ауылының аймағы сулардың қайнар көзі болғандықтан емделушілерге шипасы мол. Бұл шипажайда кеңестік әйгілі ғарышкерлер Павел мен Марина Поповичтер де емделген. Қайнар сулары қыста қатпайды. Шипажай басшылары қар түсе ыстық суды далаға ағызып жібереді. Егер кранды жапса, жерасты суы басқа жаққа ауып кететін көрінеді.

Барлық тауының жотасында қанша ғасырдан бері сақталып келе жатқан бесік бар. Ауыздан-ауызға тараған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, жаугершілік заманда жаудың тұтқиылдан жасаған шабуылынан бүкіл ауыл көшкен деседі. Көшке ілісе алмаған бір отбасы сол жерде жау қолынан қаза болыпты. Бесікке бөленген сәби жау көзінен тасада қалып қойып, арада уақыт өте келе туыстары іздеп келгенде бесікке бөленген баланы тауып алыпты. Сәбидің тірі екеніне қарап ауыл халқы бұл жердің қасиетті екеніне көз жеткізеді. Кейін білгендей тау басында қалған баланы табылғанға дейін аң-құстар тамақтандырған деген аңыз бар. Кәзір сол таудың биігінде сол баяғы орнында бесіктің әлі күнге дейін сақталып келе жатқанын жергілікті тұрғындар болмаса көпшілік біле бермейді.

Қазіргі кезде емделіп келушілер арасынан арнайы келіп, тәңірден сәби сұрап, бесікке ақтық байлап, түнейтіндердің қарасы көп.

Барлық тауында орналасқан сонау заманнан келе жатқан бесік – Қабанбай өңірінің қасиетті жерлерінің бірі де бірегейі.

«Барлық-Арасан» шипажайының қызмет көрсетуі Алакөл жағалауындағы демалыс маусымына тікелей тәуелді. Арасан суына келушілердің басым бөлігі көл жағалауында демалушылар. Сондықтан сауықтыру орталығы жаздың екі айын ғана тиімді пайдалана алады.

Жоңғар қақпасы - Ебі желі

Жоңғар қақпасы — батысында Жоңғар Алатауы, шығысында

Бірліктау және Майлытау жоталарының аралығындағы тауаралық ойыс, табиғи өткел. Ол Балқаш-Алакөл ойысын Ебінұр көлі арқылы Жоңғар жазығымен жалғастырады. Тарихта Орталық Азия көшпенділері Жоңғар қақпасы арқылы Ұлы Жібек жолы арқылы сауда керуені өткені белгілі.

Жетісу Алатауы мен Барлық тауының аралығында жатқан жазық өткелді қазақ халқы қаншама ғасырдан бері «Жоңғар қақпасы» деп атап келеді. Барлық тауы Тарбағатайдың үлкен бір сілемі саналады. Алакөлден өткен жолаушы осы бір екі таудың арасы бірде алыстап, бірде жақындай түскенін айқын аңғара алады. Бұл көрініс шекараға дейін дәл осылай жалғаса түседі. Жалпы алғанда, Жоңғар қақпасы Алакөлдің шетінен басталып, Қытай жеріндегі Ебінұр көліне дейін созылып жатыр. XIII ғасырда Орталық Азияны жаулап алуға аттанған Шыңғыс хан әскері осы тау асуы арқылы жүріп өткен. Жоңғар қақпасының ұзындығы 50 шақырым болатын, жіңішке тектоникалық жарық. Тау шатқалының биіктігі 300-400 метрге жететін терең жарықтар бөледі.

Тегінде мекеніміздің жай-күйін сездіретін «Жарбұлақтың жұты да Ебі, құты да Ебі» — деген мәтел бар. Жоңғар қақпасынан басталатын әйгілі Ебі желінің аузын байламақ болған Жоңғар әміршісінің жетесіз қылығын табиғат та көтере алмаған. Уақытша Жарбұлақ өңірін жаулап алған Жоңғар әміршісі қол астындағы бүкіл әскер күшін жинап Ебі желін күшпен тоқтатпақ ниетпен негізгі көзі Жоңғар қақпасының аузын таспен толтырады. Өзінің ісіне масаттанып той жасап, шаттанып жатқанда табиғат ана ханның бұл қылығын көтере алмапты. Қазанында қайнаған Ебі желі бұлқынып ауаға шыққанда өздері тасыған тас өздеріне оқ болып атылады. Қой тастар жиналған жоңғарды күллі дүние мүлкімен Лаңкөлге төңкере салған деседі.

Одан бері қанша ғасыр өтсе де Жоңғар қақпасы қасқайып қаз қалпында тұр.

Ебі желі де бұл өңірден ешқашан үзілген емес.

Жалаңашкөл

Жоңғар қақпасының солтүстік бөлігінде Жарбұлақтан 50 шақырымдай Қытай шекарасына жақын аймақта Жалаңашкөл жатыр. Дөңгелене тау жоталары қоршап жатқан, тақтайдай теп-тегіс жазықта айнадай жарқырап жатқан көлдің маңында оннан асатын ғана үйлер орналасқан. Аумағы аса үлкен емес, суы да таяз болғанымен минералдық құрамға өте бай. Самал желмен тербелген көлдің беті күмістей қаймақталып өзгеше өң беріп тұрады. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердің климаты қатаң болып келеді. Көбінесе екпіні күшті Ебі желі соғады. Бұл атау Ебінұр көліне байланысты қойылған. Өйткені жел әрдайым сол жақтан соғып тұрады. Ал оған қарсы соғатын желді жергілікті жұрт Сайқан тауына байланысты «Сайқанның желі» деп атайды.

Бұл аумақ негізінен тастақты болып келеді. Төрт түліктің жайылымынан басқасына қолайсыз. Осы маңда орын тепкен Жалаңашкөлдің «жалаңаш» аталу себебі де жан-жағының жалаңаштығына байланысты болса керек. Көлдің жағасында қиыршық тастар көбірек көзге түседі. Көлдің ені 5 шақырымға созылып жатыр. Ал ұзындығы 9 шақырымға таяйды. Арғы-бергі бетіне көз салған адам көлдің алақандай екенін байқайды. Жалаңашкөліне Қусақ және Тоқты деген шағын өзендер келіп құяды. Көлдің түбінің тереңдігі – 5 метр. Ал табаны тегіс, толқынды болмаған күндерде суы мөп-мөлдір болып көрінеді. Бұл көлді сазан, көкбас секілді балықтар мекен етеді.

Су астынан алынатын батпақтың түсі денеге жаққанда күнмен шағылысып, жылытырап құбыла көрінеді. «Денеге жақққан соң, күйдіріп жібермес үшін 5-10 минуттан артық ұстауға болмайды» дейді білетіндер. Жұрт бұл көлге сырттай «әйелдер көлі» деп ат қойыпты. Суы майда, майлы болып көрінетін жұмбақ көл әйелдердің барлық сырқатына ем болған соң, бала көтере алмай жүрген әйелдер көп келеді екен. Жалаңашкөл Алакөлдің суындай тұзды емес. Жалпы көлтанушы ғалымдар Жалаңашкөлде сирек кездесетін миералды радон, буын, тері және адам ағзасының басқа да маңызды органдарына шипасы аса жоғары дейді.

Менің арманым...

(түйін)

- Келер жылы Қабанбайдың 330 жылдық мерейтойына орай көлемі жағынан да, құрылымы жағынан да Үржардан үлкен аймақта курорттық маңызды инфрақұрылымды жүйе қалыптастыру үшін аудан орталығы Жарбұлаққа көшіріліп, «Қабанбай ауданы» деп аталса...

- Алакөлге арнайы келген жолаушылар жол азабын көп тартпай, бірден көл жағалауына жету үшін Жалаңашкөлді айланып, Үржардан такси іздеп сабылмай, бірден Қабанбай ауылына келетін темір жол, көлік қатынасы , әуежай инфрақұрылымдары тікелей ауылға тартылса...

- Анталия, Бодрум сияқты әлемге әйгілі таңғаларлық инфрақұрылымдық жағажайдан бастап, көлге түсу, демалыс орындары, жол, ойын-сауық, мәдени-әдеби, спорт, тіпті естелікке алатын заттарға дейін қамтылып, тазалық сақтау мәдениетін көтеріп, қазақ мәдениеті мен тұрмысын, ұлттық тағамдарын тамсандыра алатын арнайы этно-ауылдар салынса...

- «Барлық-Арасан» атауымен танымал қасиетті қорық санатына Арасан мен Жалаңашкөл қосылып, арнайы комплексті курорттық емдеу-сауықтыру орталықтары ашылса...

- Барлық - Арасан бастауларының 13 термалды минералдық суыларынан қоспалары мен атауларына қарай арнайы бастау суларынан әртүрлі сусындар дайындалып «Тассай», «Сарағаш» т.б. сияқты емдеу орындарына, дүкендерге қойылса...

- Курорттық аймақ ретінде тек жаздың екі айында ғана емес, басқа уақыттарда да ем қабылдауға қолайлы түрлі бассейіндер, прцедуралар ашылатын болса...

- Алакөл, Жалаңашкөл, Барлық-Арасан бағытына курорттық аймақтың ерекшеліктері мен қасиеттерін айқындайтын «мен мұндалап» тұратын жазбалар, киелі жерлерге байланысты даналық сөздер жазылса... -

деп армандаймыз ғой.

Әйтпесе, Жоңғар қақпасы арқылы Ебі желінің 1 пайыз энергиясы Қазақстанның энергия қажеттілігін толығымен жаба алады екен. Ғалымдардың пікірін мойындағанымызбан біз оны пайдаланып отырғанымыз жоқ. Елімізде бірде-бір жел энергиясы стансасы салынғанын естімедім. Расында қысы-жазы тоқтаусыз соғып тұратын Ебі желінің қуаттылығы жағынан Жоңғар қақпасы алдыңғы орындардың бірінде тұр. Ғалымдардың пайымдауынша Жоңғар қақпасынан соғатын желдің жылдық орташа жылдамдығы 9,68 м/с құрайды екен.

Мемлекет шекаралық бекеттердің логистикалық инфрақұрылымын дамыту, туризм бағытын жандандыру жұмыстарына басымдық беріп келеді. Бұл елді-мекендердің тұрмысын жандандыру, киелі өлкелердің қарым-қатынасын нығайту басқа мемлекеттермен барыс-келісті күшейтіп қана қоймай, шекараның маңайындағы елді мекендердің де инфрақұрылымдарын жақсарта түсетіні анық.

Осы армандардың барлығы орындалатынына сенер болсақ, Жарбұлақ та Анталия бола алады. Туризмі дамыған, демалуға лайық бағасын аспандатпай, барлық мүмкіндіктер курорттық аймаққа сай болса, тек туризммен ғана байып, дамып отырған елдердің қатарына қосыла аламыз. Құдайдың өзі берген бар байлығымызды төкпей-шашпай, Жалаңашкөлді жалаңаш қалдырмай, Арасанды ашық- шашық қылмай, көркейтіп-самалдатып отырсақ, Отандастарымыздың шет ел асып несі бар?

Бұл айтылғандар менің туған өлкемнің бір ғана ерекшелігі. Қазақстанның басқа аймақтарында тарихы тұнып тұрған киелі өлкелер жетіп артылады. Бірақ, неге біз сондаймыз?..

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347