Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІІ
Айтылған уақытта алты автомобилмен зырлата жөнелдік. Алдыңғы үшеуінде салмақты сары мен Ынтықбайдың ротасы. Жол бастаушымыз Ынтықбай болғандықтан, Үсеннің «қыран ротасының» алдына солар түскен. Қолбасшылықтың бұйрығы қосқан Үсен екеуміз төртінші автомобилдің кабинасында, түндегіше дәреже сұраспай-ақ тізе қағыстырып, иық соғыстырып келеміз. «Тақсыр капитанмен» соғыстыруды талап етпесем де өзі соғылады. Өзі емес-ау, ойлы-қырлы жолда шоқақтаған автомобиль қағыстырады. Қағысып қалады да едірейе қарайды жан-жағына. Едірейгені маған ешнәрсе етпейтін сияқты...
Бағана, сәскеде келіп екі ротаның офицерлеріне жиын ашқан Әлмен Үсеннің мінездемесін сырттай біле тұра мені оған политрук етіп әдейі қосқан. Менің полк штабы атынан жазылған қызмет жолдамамды жариялап оқып тапсырған да, құқық-міндет жөнімізді айырып түсіндіріп, саяси жақтан политруктардың пікірі негіз болатынын қадағалап ұқтырған. Саяси орындағы кісіні едіреюмен састыра алмайтынын «тақсырдың» өзінен толығырақ түсінемін ғой.
Дөрбілжіннен, яғни Әлиядан алыстай бере екеуміз екі түрлі күйге түстік: ол тым көтеріңкі, «күйіп-жанғанын» айтып әндете береді де, мен тым басылыңқы болып, қалғи бастадым. Оның әндететіні - жүрерде Әлиямен қос қолдап қоштасқаны, менің қалғитыным - Әлиямен түн бойы қос қолдап құшақтасқаным.
ІІІ
Айтылған уақытта алты автомобилмен зырлата жөнелдік. Алдыңғы үшеуінде салмақты сары мен Ынтықбайдың ротасы. Жол бастаушымыз Ынтықбай болғандықтан, Үсеннің «қыран ротасының» алдына солар түскен. Қолбасшылықтың бұйрығы қосқан Үсен екеуміз төртінші автомобилдің кабинасында, түндегіше дәреже сұраспай-ақ тізе қағыстырып, иық соғыстырып келеміз. «Тақсыр капитанмен» соғыстыруды талап етпесем де өзі соғылады. Өзі емес-ау, ойлы-қырлы жолда шоқақтаған автомобиль қағыстырады. Қағысып қалады да едірейе қарайды жан-жағына. Едірейгені маған ешнәрсе етпейтін сияқты...
Бағана, сәскеде келіп екі ротаның офицерлеріне жиын ашқан Әлмен Үсеннің мінездемесін сырттай біле тұра мені оған политрук етіп әдейі қосқан. Менің полк штабы атынан жазылған қызмет жолдамамды жариялап оқып тапсырған да, құқық-міндет жөнімізді айырып түсіндіріп, саяси жақтан политруктардың пікірі негіз болатынын қадағалап ұқтырған. Саяси орындағы кісіні едіреюмен састыра алмайтынын «тақсырдың» өзінен толығырақ түсінемін ғой.
Дөрбілжіннен, яғни Әлиядан алыстай бере екеуміз екі түрлі күйге түстік: ол тым көтеріңкі, «күйіп-жанғанын» айтып әндете береді де, мен тым басылыңқы болып, қалғи бастадым. Оның әндететіні - жүрерде Әлиямен қос қолдап қоштасқаны, менің қалғитыным - Әлиямен түн бойы қос қолдап құшақтасқаным.
Таң атардағы уәде бойынша Әлия мені жұрт көзінен алыс тұрып ұзатпақ еді. Біз жолға шығарда келіп тұсымыздан көз алмай қарап тұрған. Оған қасымдағы «тақсыр» тұра ұмтылған, екі қолын айызы қанғанша қысып, бірдеме десіп қайтқан. Автомобиль енді жылжи бергенде сол сүйікті қол көтеріле сермелді де, қадалған қара көз алақанымен басыла қалды.
«Ашық қарсы сөйлеуді жек көретін» сол сұлудан жігіттік қолқасына пәлендей жауап ала алмаса да, оның сол жұмсақ қолдары мен сол күлімсіреулері, сол жылауы «тақсырдың» жүрегін менікінен асыра алаулатып-жалындатып аттандырыпты. Ол әндетпей кім әндетсін. Тұп-тура «жиырма сегіз қыздың» аты тізілген әнге менің Әлекейім де қосыла кетті міне. Оған менің дауысым да қосыла кетіп барып тынды. Сол тынғаннан тына қалып отырып, тегіс жолға шыға ұйықтап кетіппін.
Орқашардың «Қарапұшық» аталатын тұмсығынан өте бергенімізде Үсеннің дауысы бір оятты. Автомобиль үстіндегі конвориына дауыстады:
- Конвой Мұрат, сұңқар қайда орналасты?
- Соңқар менің бұтымның арасында отыр тақсыр капитан, қам жемеңіз! -деген үн кабина желкесінен естілді.
- Ой өлгеніңді ...нің жауабын, жазаңды берермін! -деп капитан кіжінгенде шофер татар күліп жіберді де, мен жымия түсіп қайта қалғыдым...
- Ей, политрук! -деп мені тағы оятты бір шақта рота командирі. Барқырататын әні таусылып қалған сияқты. - Көтер басыңды, Орқашар артта қалды. Семіз тайды бөктерледік! Үйіңе емес, соғысқа келе жатырмыз! Ән сал онан да, дауысың жақсы сияқты.
Басымды төмен салып, көзімді жұмған қалпымда күбірледім:
- Иә, жолдас командир, тойға келе жатпағанымызды түсінемін, осындайда көз іліндіріп алайық!
- Не болды сонша ұйықтайтын, ән сал, сергі деймін.
- Түн бойы әлгі ақ білекті «бөктерлеп», ұйықтай алмай шыққанмын. Алдыңғы түн де солай...
- Қайдағы ақ білек?!
- Сізге ауыз жаптырмай келе жатқан ақ білек ші... талай ән салып берермін, көз жұмып алайын жолдас командир, тоса тұрыңыз.
Үсен аз кідіріп, қайта әндете жөнелді де, мен қайта қалғыдым....
Қобықтан қашан өткенімізді білмеймін. Ұтыбұлаққа жеткенімізді естігенде ұйқым шайдай ашылды. Автомобиль шырақтары түгел өшіріліпті. Алдыңғы автомобильдер қатарына баяу жылжи жетіп тоқтай бергенде кабина есігін ашып секіріп түстім. Осы маңды барлап, банды болса «тазалау» бірінші міндетіміз болатын. Ел жатқан шақ. Айсыз қараңғы түн. Айнала жым-жырт. Жұлдыздар жайшылықси жымыңдап, бейғам үрген ит дауысы естіледі.
Автомобильдер тоқтасымен секіріскен жауынгерлер әр тұсқа взвод-взвод бойынша тарап барып етпеттеп еді. Барлаушылар өзді-өз бағыттарына жіберілді.
Бекет үйлері мен тұрғындардан алынған мәліметке қарағанда, жаудың төрттен-бестен ғана жүретін шолғыншыларын есепке алмағанда, негізгі күші бұл жаққа әлі өте қоймапты. Буыршынды басып алған екен, аржағындағы Сарсүмбеден кейін іле-шала қолды болды деседі. Төменгі Алтайдағы бүкіл бес ауданның жол түйілісі - қатынас орталығы Буыршын болғандықтан, үлкен Ертістің ең сенімді бұл өткелін мықтап бекіте бастапты. Совет шекарасының бер жағындағы Жеменей мен Қабаны да құрсаулап қойған сияқты. Бұл - Алтай аймағының түгелімен жауланып болуы еді.
- Генералдың түсіндіруіне қарағанда, төменгі Алтай бойынша қанды соғыс тек Буыршында ғана болады, - деп Үсен күрсінді, - «аяусыз соққылау керек» депті ғой, ұйқышы политругым, есіңде болсын!
- «Аяусыз соққылау» - генералдың негізгі жауға қаратқан ашу сөзі ғана болатын, - деп Ынтықбай баяу ғана түсінік айтты, - ресми бұйрығы азғырындыға ұшырап көтерілген халықты шығындамай ғана амалдап қолға келтіру ғой. Ауыр қылмыстылары тергеліп анықталған соң ғана жазаланады!
- Полк комиссарының таңертеңгі сөзі - генералдың соңғы бұйрығы, - дедім мен, - бұл реткі соғыс тактикасын да айқын белгілеп беріпті ғой, жолдас командирім, қанға шөлдей бермей, мына судан қана ішіп алыңызшы!...
Лек-легімен келе жатқан Тарбағатай полкы автомобилдерінің алды біздің бір автомобильден берілген шам белгісін көре зырлап өте шықты. Екінші лектің алдындағы бірі ғана бұрылып, бізді жанай келіп тоқтап еді. Екі ротаны сапқа тұрғыза қойдық. Генерал осы тоқтаған автомобильде екен, түсе қалғанда салмақты сарыдан бұрынырақ жүгірген Үсен сарт-сұрт басып барып, алынған мәлімет жөнінен рапорт берді.
- Азаматтар, - деді Дәлелқан бізге жақындап келіп, - сендердің ендігі міндеттерің - Буыршын-Жеменей жолын буу, екінші рота Буыршынның бергі жағасындағы үлкен-кіші жол түйілістерін түгел алсын, Ынтықбай біледі! Бірінші рота неғұрлым тез жетіп, Жеменейден шыға жолдарды бөгесін! Негізгі күштерің үлкен жол маңында болады. Жер жағдайын білетін жол көрсетуші қосылады. Шекара жақтан түре қуатын бөлімдер бар, олар күн шыға әрекеттенеді, сақ болыңдар! Жаудың қатерлі қимылға келгендері болса, оқты, әрине, дәлдеп шығару шарт, қатерсіздері аман құралсыздандырылсын! Неғұрлым бәрі де аман құралсыздандырылсын! Тексеріліп басшылары, қауіптелері ғана қолға алынатын болады.... ұқтыңдар ма, балалар?! «Жалпылай қыр да жоқ» дейтін сөз таралыпты. Сендерге де айтайын: негізгі принцип - шығынсыз-қырғынсыз тыныштандыру! Қаймана атқылау, өз бетімен адам өлтіру қатал шектеледі!
Мен алдымда тұрған Үсенге жаңағы өзінше ескерте күбірледім:
- Қыраным, осы сөз есіңізде босын!
Бұйрықты қабылдағандығын салмақты сарыдан тағы да бұрынырақ сақ еткізген Үсен генерал автомобиліне бұрыла бергенде, ротасына сақылдап, жүру бұйрығын түсірді...
Жол бастаушымыздың сөзімен біздің ротамыз Буыршыннан берідегі бір сүрлеу жолға бұрылып, Жеменейге сәл төтелей тартты. Онысы құмды-сортаңды, бұраңы мол жол болып шықты. Батып қалған жерінен автомобильдеріміздің өзін сүйретіп шығарып жүргенімізде Жеменей жақта екі-үш рет атылған зеңбірек гүмпілі естілді. Буыршын-Жеменей тас жолына әрең шықтық та, белгіленген адырға кешігіп, күн көтеріле жеттік. Автомобильдер қайта шегініп, далдаға түсті. Жеменейге он шақты ғана километр қалыпты, белең-белесті, адырлы дала екен. Андыздай ағарып егін аңыздары жатыр. Атты кісіге бәрі жол сияқты. Қашан жау, жыртық қаптың тесігінен төгілгендей, кез келген жерден заулап өте беретіндей. Сонда да «иек артпа», «тосқауылдық», «қылт етпе», «қарауылдық» делінген жақын жерлерге бөлініп, шеп жаю туралы далдалана сөйлесе бастадық. Жауынгерлер «ашмөңке» бөлкелерін үлесіп алып, бұйрық бойынша жер бауырлай баспалап жатқан.
- Атыңдар! - деп сақ ете түсті Үсен орнынан ыршып тұрып. Тақымдарына мылтық басқан он шақты атты қазақ бір шақырымдай алдымыздағы тұмсықтан заулатып шыға келіпті. Адыр жотасынан қақшия қалып сақылдаған таспалы офицерді көре сала жалт берді, тарс-тұрс атылған мылтықтардың бірін дарытпай, әлгі тұмсықтан қайта айналып кетті. Лезде арғы белеңге шығып, тымақтарын солтүстік жаққа серместі де ғайып болды. Аржағынан көтеріліп келіп қалған шаңның енді солтүстікке қарай созылғанынан түсіндік: Жеменейден қашқан жаудың негізгі бір бөлігі әлгі шолғыншыларының ишарасын ұға сала солтүстікке қиырлап, орағыта жөнелді. Біз адырдан екі взводты автомобильге жүгірттік те, пулиметтарды кабина үстіне орната сала кескестей зырлаттық. Жолсызбен гүрілдетіп-сарылдатып, қиқақтатып-шойқақтатып бір белеңге әрең шыққанымызда екі жүз шамалы бандының шығыс-солтүстікке бет түзеп, андыздап-тұмандатып бара жатқаны көрінді. Әлде қайда ұзап өтіп кетіпті. Қуалай беруімізге жықбыл-жыралар жол берер емес.
- Жаңағы онын неге дәлдеп атпадыңдар?! -деп капитан жауынгерлерге зекірді, - сонша атқылап бірін түсіре алмағандарың неткен масқаралық!
- Тым алыстан бұйырдыңыз, - деді Өмірбектің үйінде көп күлген поручик Ыбырай, - оғымыз еркін жетпей қалды жолдас капитан!
- Өздері келіп алдымызға тұра қалмақшы болған жауды алыстан айқайлап қашырғаныңыз «неткен масқаралық»! -деп мен кінәладым өзін, - күні бұрын қопақтап «қорқытатын батырдың» қолына бізден басқа кім түсер. Осы бір қопақтауыңызбен-ақ Жеменейдегі бар жауды құтқардыңыз.
Әскерлердің жымың-жымың күліскенін байқаған командир, олардың алдында өз қырын сындыртпау үшін ғана болса керек. Маған айбар тіге қарап, екілене сөйледі:
- Саған тағы ескертейін жігітім, мұндай жауды қолға түсіру емес, көрінген жерінен түйреу керек, Керей бандыларына сол ғана керек!
Бұл кеуденің мені бүкілдей түңілдіргені осы лақпа жауабы ғана еді. Ынтықбай айтқандай, «көлеңкеде отырып төңкеріс буына пысқан» нағыз шикі наданның өзі екен.
- Рота, шеп жайыңдар! - деп ақырды Үсен. «Рота» деп бұйырған екі взводына осы тұрған белесімізден бастап, тас жолдың екі жағындағы бес-алты төбешікті мен нұсқадым:
- Әрқайсысына бір отделение бір пулиметымен барып орналассын! Дәл алдыларыңа иә аралықтарыңа келгенге дейін көрінуші болмаңдар! Алдымен бастарынан асыра, тұс-тұсынан тосын атқылап, құрал тастауға, қол көтеруге бұйырыңдар! Оған көнбей қару ыңғайлағандарын ғана атыңдар! Естеріңде болсын, бұл осы соғыстың тактикасы ғана емес, төңкерістік үкіметтің саяси жолы! - деп соңғы сөзді капитанның да құлағын жара дауыстап сөйледім.
Жауабымен де, күлкісімен де білері барына сендірген Ыбырай поручиктің взводын осы капитаннан алысырақ міндетке бөлгім келді, олар автомобиліне түсіп, жолдың аржағына жөнелді де, қалған бір взвод осы маңдағы дөңдерге күн шығыс бетті далдалай, тарап бара жатты.
- Жақындатып алып дәлдеп атыңдар, жаппай атқылаңдар! - деп тағы сақылдады Үсен әудем жерде жатып. Бір шақырымдай алдымыздан солтүстікке қиыстай шапқылаған бір топ аттыны көріпті. Қасында шоңқиып отырған «соңқары» да шәуілдеп қоя берді.
- Атпаңдар, бұл - өз адамдарымыз! - деп мен де сақылдадым. Жаңағы қашқан бандының соңына түскен атты қуғыншы бөлімдер айыр қалпағымен әр жырадан, әр белестен көрініп еді. Бұға жүгіріп «тақсырдың» қасына жеттім. Бұл реткі бұйрығын тіпті қате беріп қалғанына өзі де опық жегендей төмен қарай берді. Сөйлесетін іс барын айтып, «конвой Мұратын» ары қарай еңбектетіп жібердім де, қатарласа келіп жаттым:
- Жолдас командир, «кемедегінің жаны бір» дейді ғой. Соғыс майданында біздің де жанымыз бір. Сондықтан, түсінісіп келісіп алайықшы! Бүгінгі ісіміз жақсы болмады. Бұған кешігіп келіп, қолайлы қарауылдарды ала алмай қалуымыз - бірінші себеп; екінші себеп, сіздің алғашқы бұйрығыңыздың да қате берілуінен болды, өзі келетін бар жауды үркітіп қашырып алдық...
- Ол бұйрық біздің өз амандығымыз үшін дұп-дұрыс болды, - деп Үсен жерді жұдырықтап жіберді, қанша жау екенін көрдің бе? Алдыңғы барлаушыларын қолға түсіремін деуің де құр қиял! Бұл жау мылтығының аузын көзеп, өндіршегіңді үзетін, асқан мерген жау екенін білмейсің, жігітім! Бұларды қолға түсірем деп ажал таппай атқылай бер, қашқаны қашып жоғалсын да, өлгені өліп жоғалсын, банды Керейге сол ғана керек! Осы өзің қай елсің, онан да соны айтшы маған!
- Мен қазақпын, сен де қазақсың, Керей де қазақ! Оң-солын айыра алмай, надандықпен әлде зорланып ілескендерін осылай атқылап, осылай тоздыра берсек, сен де оңбайсың, мен де оңбаймын!
- Соғыста қарсыдағыңның бәрі жау. Сен оны аясаң ол сені ата салады. Саған да бұйрығым сол, ата бересің!
- Бұл пікіріңді қолбасшылыққа неге айтпадың, командир жолдас! Әр одделенияда бірден пулимет тұрғанда, берілмес нысайда болғанын жайпай салатын автоматтар тұрғанда, өз қолыңда ажалды түшкіре салатын маузер тұрғанда, сөйтіп төкпелі құралдар түгел тұрғанда бесатарлы ғана бандыларды қолға түсіруден қорқатын қандай жүрек біздікі! Құралын тастаған мың жауға автоматты бір-екі әскер де қожа болып, айдап әкете бермеуші ме еді? Қашқан жаудан да, қуған достан да қорқып, күндік жерден атқылата беретін қай «батырсың», соны айтшы маған!?
- Атып тастамай тұрғанымда аулақ кет! -деп зекіді Үсен.
- Қолбасшылықтың бұйрығына қарсы қылмыс істеп отырған сен түгіл, тергеуші мен де ата алмаймын, ол жаққа барыспалық, капитан! Мен - саяси нұсқаудың орындаушысымын, бұл жөніндегі жоғарының нұсқауына тапжылмай көнесіз!
- Рота командирлерің қайда? -деп айқайлады арт жағымыздан бір атты жауынгер. Жалт қарастық. Тал түске көтерілген күн жарқырап тұрғанымен, батыс-солтүстіктен лүпілдеген жай қоңыр самал бар еді. Ескектете жеткен бапты, жарау кері ат ауыздықтап, шыр көбелек айналды.
- Мұнда! -деп тұра ұмтылған Үсенге аттан түсе қалып чес берген жауынгер екі хат ұсынды. Бірі бір жапырақ қағазға жазыла салған Ынтықбайдың сәлемі: «аманбысың, ей, Биғаш, сары ала белдіктеріңді алыстан жарқылдатып қашырған шолғыншы он бандыңды біздің «салмақты сары» ұстады. Нағыз «қыран» сенде емес, менде болғанын өзіне ескертерсің! Артындағы негізгі қосыны төмен шегініп барып жатты. Өткен жоқ. Олар да қолға түспек!»
Хаттың енді бірі, полк комиссары Әлменнен екен. Алдымен Буыршынның «бірсыпыра қасаппен» алынғанын, аудандық үкімет қайта құрылғанын жазыпты. Түнде өздері тіксіне кірген баталиондар қарайғанның бәрін қарақшы көріп, бытырлатып жіберген екен. Мұндай әрекет енді қайталаса командирлеріне жаза берілетіні ескертіліпті. Алдыларыңдағы Жеменей шекара жақтан далаға атылған біздің үш-төрт сынариятпен ғана босаған екен. Қолбасшылық бұрынғы әкімін қолға алуды бұйырып, жаңа әкім тағайындады. Бұзылғандар ол жерде де аз емес сияқты. Сендер қанаттарыңды енді кең жая тосқауылдап, күдіктілерін аудандық сақшыға жолдай беріңдер! Атылуға тиістілері сендердің «мархаматтарыңда» қашып шығыпты ғой, қалғанын атпай ұстаңдар! Алдыларыңда Баукей дейтін кісінің ауылы бар. Генерал сол ауылдың жайын білуді шұғыл тапсырыпты. Бір суық хабар естілген сияқты. Биғабіл барып анықтап, неғұрлым тез жазып жіберсін!
Осылай жазылған екі хатты оқып шығып, Үсенге «көрдің бе» дегендей түйіліспен қайта ұсындым да:
- Буыршынға қашан қайтасыз? -деп тік тұрған хабаршы жауынгерге қарадым.
- Рұқсат болса, қазір қайтамын жолдас политрук.
- Тоса тұрыңыз, мен бірдеме жазып жіберейін, - дедім де әскери сөңкемді алып, жазуға дайындала бастадым. «Тақсыр» капитан күлімсірей үңіліп күбірледі. Маған күлімсірегенін көргенім осы еді. Ұзынша күдір мұрны жыбыр қағып, бүкірейе түсті:
- Не жазбақсың?
- Біздің де батырлығымыз бар ғой, аулақ жүріспесек тіпті өзіміз атысатын болмадық па, мұндай «батырлық» оларға қайда?
- Қалжың ғой Биғаш, қайтесің оны, әлі-ақ түсінісіп кетпейміз бе?
Қорыққанынан яки ұялғанынан қызара қалған жүзіне қадала қарадым:
- Тұмсығымыздағы батырлық пен көзіміздегі қорқақтықтың қоспасын басымыздың ақылына жеңдіреміз бе, жоқ па?
- Жеңдіреміз, - деп мырс-мырс күлді Үсен. Мен жауап хат жазуға кірістім:
«Жолдас комиссар, сәлем! Төтелейміз деп түскен құмды жолда машина тоқтап қалып, уақытынан кешігіп жеткендігімізден солтүстікке бұрыла қашқан жауды бөгеуге үлгіре алмай қалдық. Ендігі тапсырмаларыңыз толығымен орындалады» деп жаздым да, өз қолымды төменге қойып, командирге көрсеттім. Жымия оқыған Үсен қуанғанынан дәрежесіне қарамай, қолын менің есімімнің аяғына сүйкеп жіберді.
- Сені енді түсініп қалдым-ау деймін, - деді «тақсырым» хабаршы атына міне жөнелгенде жадырағандай, - Өмірбек айтқандай-ақ жігіт сияқтысың әлгі... Баукей дегеннің жайын бір автомобильмен, қауіпсыз болу үшін жиырма қорғаушымен іздеп тауып, біліп қайт!
- Жоқ, бүгінше автомобилдер мен тас жолдағы взвод қозғалмасын! (күндіз қаша алмай тығылып қалғандары түн қараңғысымен қашуы мүмкін ғой.) басқа бөлімшелер үштен-төрттен тарап, ұзаққа созыла тоссын! Маған екі-үш жауынгер ғана жетеді, - дегеніме «тақсырды» әрең көндірдім де, мықты үш серік ертіп, жаяулай тарттым.
Алдымыздағы бір бел астында ауыл бар екен. Баукейді сол ауылдан ғана сұрап, қан жолдың оңтүстігіндегі екі белеңді асып барып таптым.
Асығыс олпы-солпы тігілген екі үйдің қасында, шашылып-шағылып жатқан ту-талақай үй мүлкінің ортасында қара шашы әбден қобыраған ұзын бойлы қара бәйбіше тұр. Кимешегі алдынан қақ айрылып, мойнына салыныпты. Ессіз-түссіз бажырайып қарай берді бізге. Ісінген көзі жұмылып мұрны көнектей болыпты. «Баукеңнің» үйін сұраған бізге «осы дода соныкі» деп қырылдап, солқ-солқ етті де еңіреп жіберді. Үні де бітіп қалған екен. Екі сынық керегені бір-біріне жыға қалап, тілінген туырлық жапқан кішкентай итарқаны нұсқай еңіреді.
Сол итарқадан шоқша сақал, шомбал мұртты біреу еңбектеп шығып келеді екен. «Мен» деп шығып, екі қолымен жертірей түрегелді. Келіскен қырлы мұрнының сол жақ етегінде бұршақтай қара меңі бар, орта бойлы, иықты кісі екен. Бәйбішесі кішкене көгеннің аржағына лақтырылған бір ескі сырмағын тауып әкеліп жайды да, «отырыңдар, балалар» деп Баукей нұсқады. Өзі шағылған сандықтың үстіне отыра кетті, аса ұтқыр шешен тілмен шерте жөнелген әңгімесі көз алдыма суреттей тізілді....
* * *
Жеменейдің күншығыс жақ маңында отыратын Баукейдің үш үйлік қана ауылы өздері еккен егінін жиып, қырмандап жатқан кез. «Сарсүмбені құйыршық қоршапты», «Дәлелқан генерал Жеменейге келе жатыр» дегенді естіген Баукең екі биесінің бір торсық қымызын қанжығаға байлады да, кенже ұлын құнанға мінгізіп, ерте шықты жолға. Үлкен ұлы - Сақан генерал қасында қорғаушы офицер, екінші ұлы - Бақан соның үйінде тұрып оқитын орталау мектеп оқушысы еді. Сақан генералдың жас бала-шағасын орналастыруға осы жолмен күні бұрын өтіп кетіпті. Бақан генералға ілесіп келеді. Баукең енді сонысын алып қалмақ. Құдандалы Дәлелқанға сәлемді қос қолдап берді де, қолын ала сөйлеп аттан түсірді. Жол шетіне отырғызып қымыз құйды.
- Бақанымды алып қалайын, шешесі аңырап сағынып жүр, - деді сонан соң.
- Бірге келе жатқан адамның ешқайсысын мұндайда жолға қалдыра алмаймын Бауке, -деп күбірледі генерал, сыр шашылады. Бағдар-бағыт әшкереленетін жәйт болады.
- Тақсыр-ау, тым болмаса шешесі бетінен сүйіп, мауқын бассын да, таң атқалы төбеге бір шығып, бір түсіп қарауылдап, екі көзі бұлаулап жүр, көрмегеніне бір жылдан асып қалды ғой, бір түн қасында болсын. Қонған жеріңізге таңертең ерте өзім жеткізіп салайын.
- Олай болса таңертең күн шықпай жетсін. Біз бүгін аудандық үкімет үйінде боламыз. Менің анау қосардағы бөрте атымды да алып қал, жақсылап суытып, жетектей барарсың.... Анау Бурылтоғайдағы Кемелбай ауылының тұз сатушы керуені келіп жүр дей ме осында, олардың қайда екенін білемісің? - деп генерал көзінің қиығымен қарай сұрады.
- Он шақты түйемен келген алты аттыны көргенмін. Бүгін таңертең қызыл адыр жаққа кетті деп естідім.
- Кемелбай ауылынан келсе кесел әкелді дей бер, - деді Дәлелқан. Ат үстінен тыңдап тұрған бір мықты шабарманына бұрыла қарап бұйырды, - он жауынгер бастап бар да, бар керуенімен ұстап, Жеменейге айдап қайт! Алдымен құралсыздандырыңдар! Бауке, кезіге қалса сіздің де есіңзде болсын, бұларды қайтармай, амалдап қолға алдыр, нағыз сойқанды, у таратқыш жау деп біл!
Генералдар жолға түсті де, бақанына алпамсадай Дәлелқанның пілдей жорғасын жетектетіп Баукей қайтты. Құрым палшопкамен «орыс қалпағын» киген, жаңа бесатарлы бақан да жұрт көзіне басқаша көрінетіндей екен. Күн еңкейіп қалыпты. Баукей үйінің жол ортасындағы қырқаға шықты. Қызыл адырға жетті деп естіген әлгі он түйелі алты жау сол қырқаның астымен көлденеңдеп келеді екен. Бурылтоғайға қайта жөнеліп бара жатқан беті сияқты.
- Мыналармен сөйлесіп, алдарқатып көрейін, аялдатпасам құтылып кететін сияқты, - деді Баукей екі баласына; сендер аттан түсіп, асықпай дәретке отырған болыңдар да, соңымыздан жақындамай еріп отырыңдар. Бақан, мына мылтығыңның қандай екенін байқатпа, көздері қызарып, бассалып жүрмесін!
Баукей соны айтты да құлдап түсіп, керуеншілермен қатарласа, сөйлесе аяңдады. Түстері суық, құралды керуеншілер өзіндік беделі, таныстығы бар Баукейді жатырқамаса да, артындағы мылтықты, шәпкылы Бақанға жалтақтап, едірейе қарасып қояды.
- Мына шекірейгенің кім? - деп сұрады біреуі.
- Менің балаларым ғой, біреуі ауданда оқып жүр еді, қалаша киінемін деп болмайды.
- Мылтығы бар ғой өзінің?
- Осы күнде кімде жоқ дейсің, шырағым, менің ескі көсеуімді оқудан қайтқалы иығынан тастамай жүр ғой. Өздерің қайда барасыңдар, тұздарың әлі сатылып болмаған ба?
- Қайтып барамыз, тұзды өткізіп, астық алып болдық.
- Елге тура қайтасыңдар ма? Өй, олай болса біздің ауданның керуенін бастай кетсеңдерші! Сол жақтағы әскерлерге қыстық киім, азық-түлік апаратын керуен, осы күнге жігітсымақтар қылт етпе төте жолды біле ме, маған бастап апаруды бұйырып, асықтырғалы үш күн болды. Менің қырманым жиылып болмай жатыр. Сауабымды алыңдаршы, Құдай үшін, ерте кетіңдерші!
Әскерге азық-түлік таситын керуен дегенде көзі қызармайтын банды бар ма, жымың қақты бір-біріне қарасып.
- Болады онда, бізге де серік болсын, ерте кетелік, қашан жүрмек?
- Осы ертең таңертең-ақ... онда былай болсын, -деп Баукей ат тізгінін тартқанда олар да тартып тұра қалысты, - анау тұста бай сарттың қойма кілті бар, күзетші біздің туыс. Бүгін сонда қоныңдар, мен ертіп апарып орналастырып қайтайын да, таңертең ертерек жетіп, сапарластарыңды қосайын.
Керуенді осы сөзбен күнбатысқа бұрып бастай жөнелді Баукең. Бір жазаңға шыға бере жан-жағына алақтап қарай түскен жуан қарасы қызыл адыр жақтан будақтатып келе жатқан бір топ аттыны көріп, Баукейге суына қарады:
- Дәлелқан осында келе жатыр дей ме, келді дей ме, одан не хабарыңыз бар?
- Білмедім онысын, келсе келер, ел тыныш, өз жері ғой, - деп Баукей бейғамсыған пішін көрсетті. Он түйеліні көріп бұрылған әлгі шабармандар екенін біліп, ол жаққа қарамай мұртын сылады. Сөзді өз шаруашылығына бұрды енді, серіктеріне кезек қарап, иек қаға сұрланған жуан қараның көзі қан қызылға айналғанын байқай сөйледі. Бандылар абыржып, күбір-күбір ете түсті де, арт жақтағы мылтықты Бақанға қарасып мылтықтарын мойындарынан алды.
- Мыналарың кім? -деп тікірейді жуан қара. Баукей де шабармандарды енді көргендей қайрылып қарап жіберіп, кіші ұлын шақырды:
- Дәкен сен.. құнаныңды қуза, бері, маған жете жүр!
Сыралғы әкенің бұл сөзі «сен де дайындал, кейіндей түс» дегені екенін түсінген қоңырша тоқ жүзді Бақан да сұрлана түсті мылтығын ыңғайлап, атының басын тежей берді. Тасыр-тұсыр шапқылап жеткен мықты жауынгерлер қас қаққанша қоршай тоқтап, керуеншілерді қару тастауға бұйырды, тастаған көрнеу қаруларын ғана емес, тығынды жасырын қаруларын да, жасырын хаттарды да тінтіп тауып, айдай жөнелді бандыларды.
- Түбімізге жеттің Баукей, жазаңды құдай берсін! -дей жөнелді жуан қара.
- Түптеріңе жету үшін емес, адасқандықтарыңа көздеріңді жеткізу үшін генерал бізге бұйырып ұстатты, - деп шабарман қузады, - қаймана біреуді қарғама.
Баукей бір қойын бара сойып, Бақанына ауыл үлкендерінің батасын әперді. Таңертең ерте бөрте жорғаны тағы да жетектетіп ала жөнеліп еді, суыт жүрісті екі атты қарсы жортып келеді екен. Баукей әлде не қауіппен оңтүстікке қарай ойыса тартып еді, қарсы келе жатқан екеу де солай бұрылып, кескестей ұшыртты. Аудан әкімі мен оның шабарманы екен. Генералға ауданның міндетті қонақ иесі әрі өзінің де таныс-білістігі, ауыл араластығы бар әкімді көре тынышталып, ақ жарқын амандасқан Баукей а дегеннен-ақ салқын, сызды қабақ көрді, жаңа форымды жас әкімнің күлімдеп тұратын нарт қызыл сопақша жүзі де, түп-түзу пісте мұрны да бір жағына қисайып, кекшие қарады:
- Мына бөрте кімдікі?
- Генералдікі, осыны апара жатырмын.
- Апара алмайсың енді, Дәлелқан түн ортасында-ақ қашып жоғалды, енді келе алмайды, аты бізге тапсырылды. Ей бала, мылтықты да тапсыр мына шабарманға!
- Генералдың өз қолы қойылған қағаз болмаса, атты бере алмаймын, тақсыр, - деп шылбырды қолына орай ұстаған Бақан мылтық бауын білегіне орап, тақымына мықтап қыса түсті, - мылтық өзімдікі, мен өз бауырыңыз, қолқанатыңызбын, бере алмаймын!
- Сен, Баукей, есіңді тап! - деді әкім, - енді Дәлелқаннан үміт үз, мұнан соң Алтай топырағында алшаңдай алмайды! Қара, жан-жағыңа, пайғамбардың ақ туы аспаныңды алып, Ислам армиясы жер қайыстырып, қоршап болды! Ауданның керекке жарар бар азаматын ұйымдастырып, тұс-тұстан төндіріп қойып келемін. Қызыл құлақтарыңды шұнтитып тастадық, Дәлелқанның қарасы өшті! Есің бар да еліңді тап, ат пен мылтықты тапсырт мына жарым есіңе!
- Аға көріп, жағалап жүрген бауырыңды өлтіртсең өлтірт, тірімде бере алмаймын тақсыр, - деп үн сала жылап жіберді Бақан.
- Әкім мырза әкеңіз, марқұм да тілегімізді жерге тастап көрмеген еді, тату-тәтті бауырлас, жұрттас еліңбіз ғой, - деді Баукей, - мүлде айрылысар досша мына ереуілде еріміздің артқы қасын сұрамаңыз.
Баукеңнің бетінен бе, жауабының дітінен бе, әлде неден шіміріккендей дығырлатуын тоқтата ойланды әкім. Шабарманы мылтыққа жармаса түсті. Мылтықты бауырына мықтап баса жылаған Бақан алғыза қоймады. «Қоя тұр» дегендей күбір ете түсті әкім.
- Бәрі бір, бізге бермесең қазір-ақ келіп дін исламның басқа жауынгерлері алады, үйлеріңе дереу қайтыңдар да ойланыңдар. Сендерді жібермейміз Жеменейге! - деді сонан соң қатал үнмен, - Советтен «жұқпалы індет әкелгендер»* мен «Шығыс Түркістан» атын жамылған қызылға әскер болғандардың әке-шешесі, аға-бауыры, бала-шағасы түгел шектеледі! Қайтыңдар, бұр аттың басын!
Баукей мен Бақанды ауылына осылай қайта қуып әкеліп тастатқан әкім бір бел астындағы өзінің үлкен ауылына кетіп еді. Ежелден зор ауылдың мол қарақшыларына қарауылдата қойыпты, тезірек босып бір жаққа паналай тұруға асыққан Баукейдің үш үйі сол күні күндіз де, түнде де қия баса алмай қалды. Күңкілдесіп дайындық көрді де, ертеңіне ымырт жабыла үй жығып, көше жөнелді.
«Ит-құстан» қатерсізірек деп тапқан осы далдалы жұртқа үйлерін таң бозара тігіп болып, ұйқыға жатқандары сол-ақ екен, «Шақабай-шақабай», «Жаныбек-Жаныбек» деген ұрандар жаңғырыға көтеріліп, көп аттың сатыр-сұтыр тұяғы жер тітірете жетті. Арттарынан тағы бір топ шапқылап келе жатқан сияқты, барылдаған бір дауыс артына қайрыла, бар сүреннен асыра айқайлады.
- Ау, батырлар, бұл бір қудың жиғаны қайсыныңның тісіңе сыздық болады, барыңдар анау Сарғалидың ауылына, босып кетпесін! Оның балалары да шарқиға әскер болған. Арғы беттен келген қаңғы қулар да көп*. Ондайдың ешқайсысын аямаңдар! Құртыңдар!...
Бұл дауыс алдыңғы күні кешке жақын өзі ұстатқан керуендегі жуан қараның дауысы екенін таныған Баукей шошына түсті. Қаматқан Дәлелқан кетісімен әлгі бұзылған әкім босатқанын түсініп тітіркенді. Ұйқыда жатқан Бақанның қолынан шешесі тарта жөнеліп, сыртта үюлі қалған ескі-құсқы жүк астына сүңгітті.
- «Шағыңдар шаңырағын», «тіліңдер туырлығын», «түйреңдер мылтықты шоқыншығын»! - деп даурыға жеткен топты дүрілдек сатырлатып, шарқылдатып шаға бастады үйді. Жүгіріп шыға жалбарынған бәйбіше ешқайсысын тоқатата алар емес, біреуі зекіріп қамшымен тартып-тартып жіберді.
- Шығарып бер шоқыншық ұлыңды!
- Шырақтарым-ау, оны өлтіргенше мені өлтіріңдер, мені! Екі дүниеде... екі дүниеде қан қарызым болмасын... тек соныма... ешкімге жазығы жоқ оқушы ғой ол... оқушы ғой... жарықтарым-ау.... шыбындай жанын қия көріңдер, шыбындай жанын!...
Уықтарды шатыр-күтір күйретіп, туырлықтарды тілгілеп жұлып-жұлып тастаған рақымсыз қолдар Баукейді тепкілеп-жұдырықтап сүйрете жөнелді, қол-аяғын тас қып байлап, есік алдындағы үш-төрт лақтың қатарына көгендей салды. Сандық, кебежелер түгел шағылды. Керекке жарар мүлкі лезде таланып, жарамсыздарды лақтырылып-адаланып болған үй орнын істіктей берді енді. Іздегендері «шоқыншық», ұрандары да «шоқыншық». Мылтық біреуінің «бақытты» қолына түскен, бөрте жорға бір атқосшының жетегінде тұр. Туыс көрші екі үй жым-жырт, ұңғыл-шұңғылға торғайдай тозып жоғалған сияқты. Қоқыр-қоқыр жүк арасындағы жаман түндік астында қалшылдап Бақан жатыр. Өзінен кіші екі інінің бірі қырман күзетінде қалып, бірі төрт-бес жылқысын жая кеткен. Алдашының әрқайсысына бір бебеулей жабысып ана жүр, құдайдан да, қарақшылардан да тілейтіні Бақанның жаны. Сұққыланған мылтық штигі сол жанына жақындаған сайын шырылдайды ана. Қара тілін жалақтатқан улы жылан балапанына сап ете түскендегі боз торғайдай, шыр қағады, зар қағады. Ана жүрегі үзіліп кеткендей төңкеріліп түсіп, қайта ыршып тұра шырылдайды....
Найза жақындаған сайын түршікті Бақан. Басына бір, бүйіріне бір барады қолы. Міне, бір штик түндіктен өтіп аяғына крш ете түсті. Ыңқ ете түсті Бақан. «Мұнда, мұнда, міне» деп түндік астынан суырып шығарған қарақшылар жалаңаш Бақанды жабыла қамшылап, шықпыртып ала жөнелді. Шырқыраған бала үні көгендеулі әкені ышқынта тыпырлатты да, шешеге бір қарақшының аяғын құшақтатты.
- Алдымен мені өлтіріңдер, әкелерім, - деп зарлады ана, - мені өлтіріңдер, мені!... Барымды алып, осы баламды ғана қалдырыңдар, көкелерім!
- Малдарың қайда, алтын-күміс қайда?! Шығарыңдар бәрін!
- Бәрін ал, бәрін ал! Алтын-күміс бізге бітіп көрген жоқ, Құдай біледі! Малдан әне екі бұзаулы сиыр, бір өгіз, екі бие бар, ыңғай жорға туады, солардан туған екі ат бар, екеуі де жорға. Әне келді, соларды алыңдар күнілерім, құтқарып бер баламды!
- Сол-ақ па, басқа малдарың қайда?! - деп ақырды қарақшы, -атып тасталмай тұрып айт шыныңды!
- Ыңғай екіден ғана болуы қалай? -деп тістенді біреуі.
Ана ыршып тұрып, шылаушын лақтыра салды да, кимешегін дар еткізіп айырып, мойнына асты:
- Нардай екі түйеміз жатыр, әне, бұлардан басқа малымыз болса... төрт ешкіміз бар және лақтары... Шалыммен бесеу болып көгенде жатыр, әне! Бәрін алыңдар, көкелерім, бұлардан басқа малымыз болса, жау алсын!
- Неғып тұрсыңдар! - деп ақырды жуан қара. Күн тәжі көрініп, атырап толық ағарған екен, - мына қаны сұйықты анау шұңқырға апарып ата салыңдар! Айдаңдар қарайғанын!
Тілім-тілім болып қанға малшынған жалаңаш Бақанды ат сауырына басып ала жөнелді екеуі, ана құлап түсті. Күн шығыс жақ бел астынан шауып шыға келген үш атты өктем дауыспен айқай салды осы кезде, үкім орындаушылардың алдынан кескестей келіп тоқтатты:
- Боғдабай батыр шақыртты сендерді. «Тізгін ұшымен жетсін, менен рұқсатсыз адам өлтірмесін» дейді...
- Олай болса, осы шаш, осы киімсымақ тартқыларымен апарып, батырдың өзіне тарту етелік, - десіп жендеттер Бақанды ала жөнелді, - атпағымыздың қандай шоқыншық екенін көзімен көрсін.
Көгенде үдірейісіп жатқан төрт лақ пен Баукейден басқа мал-мүлкін бөлісіп әкетіп бара жатқан қарақшылардың екеуі шапқылап жетті соңдарынан. Бақанды ату бұйрығын алған екі жендетпен күбірлесе сөйлесіп, шақырушыларға ілесті. Екі жендет қансоқтаға айналған қылмыстысын жолдағы бір ауылға түсірді. Кішкене ғана жаппаға қамап байлап, екеуі екі жағынан күзетке тұрды. Тұс-тұсынан қаптаған ауыл адамдарына мылтық дүмін көрсетіп зекіре тұрды.
Баукеймен туыстас-рулас ауыл екен: «бақан ғой мынау», «не істепті осынша», «дәм татқызып қалайық», «өлтірсе де жалаңаш көму мұсылмандық емес қой, киім кигізейік» дескен талаптарымен жеңіп, қолын шешкізді де, күпі әкеліп кигізді. Іргеден құрт-ірімшік, бауырсақ салынған ыдыстар кіріп жатыр еді, күзетшілер шақылдай қалды лезде, қолы-аяғы босаса да қимылдай алмай отырған Бақанды сірестіріп қайта байлады.
- «Сыдық!» «Сыдық жиен келеді», «қайдан естіді екен азаматым?» - дескен үндермен жылай күбірлесті кемпір-шалдар.
- Тірі ме екен?! - деген қажырлы, таныс дауыс естілді Бақанға.
- Сүлдері бар.
Сыдық деп аталған, қолында қамшысы ғана бар, еңгезердей қызыл жігіт жетіп келді де, жаппаны сыпырып шалқасынан тастады. Түйілген биік қабағынан шегіне берді қос күзетші.
- Өлімші болғанда осылай байлауларың да бар ма еді? Мықты екенсіңдер! -деп қынынан пышағын суырды да, байлауды қиып-қиып жіберіп, Бақанды көтермелеп тұрғызды, - ал, біз қолбасшы батырларыңның өзіне барамыз, айдасаңдар ер соңымыздан!
Сыдық шылбыры қолында тұрған атына мініп, Бақанды артына қондыра салды да заулата жөнелді. Сойғыланған дене, сансыз жарақат зар қақтырды Бақанды.
- Аз шыда, бауыр, солқылдамау үшін белімнен мықтап құшақта! Ақырын жүруге жалғыз қолмын ғой, алдымыздан тосып жүрмесін.
Екі белеңнен асып, шилеуітті салаға түскенде ғана тізгін тежеді ол. Іргелесе жиі тігілген қатар-қатар киіз үйлердің дәл ортасындағы оқшау біріне келіп аттан түсті, күн шығып, көтеріліп қалған шақ.
- Батырға мәлімдейтін жұмысымыз бар, - деп дауыстады Сыдық, жауап күтпей-ақ екі босағада тұрған екі қорғаушыны кимелеп, жалаң күпілі ақсақ Бақанды сүйемелдей кірді. Жүксіз-жабдықсыз кең төрге жайылған кілем үстінде батбиған, жуан қарынды қара жалғыз отыр екен. Мол қара шапан жамылып, есікке сол жақ қырын ғана қаратып, малдас құрыпты.
Қос қолын кеудесіне айқастыра сәлем беріп, төселген киіз шетіне іліне жүгінген Сыдыққа жауап ретінде шағын ғана сақал-мұрты жыбырлады. Шелді қызыл көзі бедірейіп, кірпік қақпай қарайды. Сыдық та сесті, кесек сымбатпен бадырая қарады. Оған Боғдабайдың ең күлкілі көрінісі бас киімінен табылғандай: жәп-жаңа шылапасының екі жақ етек жиегін құлақ тұсынан тесіп, қайыс бау өткізіпті де, иегінен тартып байлап тастапты. «Құдай тағала ерекше сом жаратқан Бәбісек екен» деген оймен жымия түскен Сыдық жүгінген қалпында сөйлей жөнелді:
- Батыр, өзіңізге арыз айта келдік... жеткен жерлеріңізде ауыл шауып, адам өлтіріп, қырып-жойып, бұлап-талап жүріп, елді қайтып ел етпексіздер, қайтып ер аталмақсыздар, халықсыз батыр бола ма?!
- Иә, дұрыс, не болғанын айт! - деді Боғдабай, Сыдықтың төменгі жағында мықшиып отырған Бақанның сиқына үңле қарады. Сыдық қолтығынан көтере тұрғызып, күпісін сыпыра бергенде шыр ете түсті Бақан. Тұла бойындағы жарақатқа түгел жабысқан күпі сыпырыла бастағанда, терісін өзімен бірге сыпырып, қан саулай жөнеліп еді.
- Шешпе! Шешпе! -деді батырдың өзі де түршігіп.
- Аяғынан найза шаншып, жазықсыз осынша тілгілеген баланы енді атып тастауға апара жатқан жолынан «сіз шақырды» деген сылтаумен алып қалдық.
Баукей үйінде болған бұлау-талауды, доданы Сыдық көрген-естігені бойынша толық баяндады.
- Мұны істеген кім деп білесің? -деп сызданды Боғдабай.
- Мен осыны сізден сұрап білу үшін келдім, батыр, - деп Сыдық зілдене қарады, - басқан жерлеріңіз, жүрген жолдарыңыз осылай шырқырап, қан жоса бола берсе, өздеріңіз кім болмақсыздар, біз кім деп танымақпыз?! Осы ма ислам жолы?!
Боғдабай ойлана қарап, бәсең үнмен сұрады:
- Кісім, сенің атың кім?
- Атым - Сыдық, жастабанмын.
- Ой, әлгі Текенің Сыдығы сен емеспісің? Е.... білетінмін, мықтының бірімін де, атың таныс. Жоғарырақ отыр, шырағым! Жә, жалаң бұт бала, өзіңнің шашың да тым сүркей екен, сенің ауылыңа мұндай зобалаң салғанның бастығы кім, соны айтшы енді маған?!
- Кемелбай ауылының адамдары... бастығының атын Бимолда деп естідім! -деп Бақан жуан қараның атын айтты. Боғдабай есіктегілеріне қарап ақыра бұйырды:
- Шақырт, Бимолдасымен қосып Кемелбай ауылының бар адамын шақырт!... Япыр-ай, осылардан көргенім-ай, өздерін түгел қырып тастар ма еді!... Қайдағы қыру-жою, бұлау-талауда солар жүреді, ісімізді ыңғай бұзумен болады. Ошаңның өсиетін құлағына бір ілмей-ақ қойды! «Қарсы шыққанның қасықтай қанын қойма, қарсы шықпағанды қатарыңа қос» деп ол кісі айтқалы қашан?! Жә, бала, сен хат білетін шығарсың, үйіңнен олар бұлаған, шығындаған мал-мүліктеріңнің бәрін тізімде, өздеріңнің көменестіктерің үшін емес, мына Сыдықтың талабы үшін қазір қайтарып әперемін.
- Үйімді кімімнің... немнің аман қалғанын... білмеймін, -деді Бақан қисайып жатып, аузы икемге әрең келіп, алқына түсті.
Сыдық тістене жымиып жауап қатты:
- Орташа ауқатты, абыройы бар бір үлкен үйімізден... нағашым еді... таланбаған шыны да жоқ. Көгендеулі бес-лақ қалыпты. Оның да бірі - Баукеңнің өзі... таланғанын қайтарып әперерсіз-ақ, ал, мына баласының шашылған қанын, әйелінің күйреген жанын, шағылған басын, айрылған ақыл-есін, жұлынған шашын қалай әперерсіз?... Қарға болсақ та халықпыз ғой, бұлардың кегін өзіміз «сұрастырмасақ» бере қояр ма екен!...
- Алдияр тақсыр, - деп, Бимолда аталған жуан қара кіріп келді. Боғдабай іштен асынған маузерін суырып алғанда, етбетінен түсе бас қойды, - дәт тақсыр, дәт!
- Дәтіңнің керегі жоқ, қылықтарың жетті Кемелбай ауылы! -деп қырылдай кезенді Боғдабай, - елді бүлдірте бергенше, қырып бітірейін сендерді!
«Кемелбай ауылы» аталған кешегі түйелер қарақшылар үйге түгел шулай кіріп құлады осы кезде: «дәт тақсыр, дәт», «бізді шарқидың Дәлелқанына ұстатқан Баукей шоқыншық», «қайран ақ атаным-ай», «есіл боз тұмсығым-ай», «алпыс қап ақ бидәйім-ай», «алтын ауыз ақ берденкем-ай», «көрген көк сирағым-ай» -деп бастап зарлап, жоқтай жөнелісті... «қайран» мен «есілге» сан жетер емес, Жеменей түрмесіне қамаларда сақшы ауласында қалған он түйесі, жоқтата берсе жүзге, алынған мылтығы мыңға, астығы алты мыңға өрби беретіндей.
- Тоқтат! -деп ақырды Боғдабай, - он түйеңде неше мың тон қазнаң болса да, алған адамыңнан қайтар, алдымен өздерің талаған мынаның мал-мүлкін жиып бер! Ине-сабақ жібін қалдырмай жиып, өз қалпына келтіресіңдер! Бұл кесімге қайсының бағынбасаң, міне!...
Боғдабай осы сөзбен маузерін білеп-білеп жібергенде, ысқыра жеткен снарят аулыдың желке жағына жарылып, гүмп ете түсті. Кесімшіге айыпкерлер ере ыршыды есіктен. Боғдабайдың аты көлденең тартылып тұра қалған екен, міне қашқандар ере қашқан көп банды лезде белден асып, ғайып болды. Иен қалған көп үйдің ортасында оларға арттарынан күле қарап қалған Сыдық кілт бұрылды. Бақанды көтеріп атқа мінгізе сала өзі де ыршып мінгесе ызғытты. Әлгі таныс ауылына қайта апарып, жақсы күтуді, емдеуді тапсырды да, теріскей жақтағы өз туысының ауылына қарай бет түзеп шаба жөнелді. Солай кеткен әлгі сойқандардан сақтауға асыққан сияқты.
* * *
Осы оқиғаны баяндай келіп, өз жарақаттарын ауырсына тыжырынды Баукей. Көзін жұмып аз уақыт отырып қалды да, үйінің қалған тамтығын жиыстырып жүрген көрші әйелдердің біріне «қонақтарға сусын» әкеліп беруді тапсырды.
- Бақан қазір ауылда, күтіліп, емделіп жатыр. Көзінің жылтырауына қарағанда тірі қалатын сияқты, -деп тиянақтатты сөзін. Батысқа қарай еңкейген күнге қолын далдалай қарады бір сәтте. Бір түйеге тең теңдеп, бір бұзаулы сиыр, бір жылқы жетектеген үш-төрт атты көрініп еді. Әлде не белгісінен тани қойған сияқты. - мынау - апат жайлаған біздің үйге келе жатқан жылу, - деді баяу ғана, - о шіркін туған ел! Тозып та, күйреп те, күйрегеніне көмектесіп, жылу жиып та дағдыланған елміз ғой!
Солтүстік жақ белестен тағы сондай қарайғандар асып келе жатыр екен. Бұлардың да жылу әкеле жатқан туыстар екенін байқаған Баукей бәйбішесіне күрсіне қарады.
Дене жараларын емдей алмасам да көңіл жараларын емдейтін хабарларымды мен де жеткізе сөйлеп беріп қайттым....
- Тауып сөйлестің бе? -деп сұрады рота командирі, - бандыны аяу керек пе екен, аямау керек пе екен?
- Аямай айқайлап қашырып, құтқара беру керек дейді ғой Үсен жолдас, осы пікіріңізді қайталамауыңыз бәрінен де керек екен. Алданып адасушыларды аямай қыра берсек бандыдан да жауыз қарақшы болғанымыз. Бұл жөнінде бандылар патшасына айналған Оспанның саясатынан да үйренуіңіздің қажеттігін біліп қайттым...
Әділетті тергеушім, осы пікірім арқылы қылышыңыздың жүзіне найзаңыздың ұшына ілінген-ақ шығармын. Жауда-жау, рахымшылдық та - жау емеспе қазір. Оспанға ергендерді ая дегенім, омақастырып, аузымды қан қылатын қылмыс қой. Тіршілік тұқымын сол кезде түгел құртып жіберсек қазіргі сізге қауіп-күдік, қарбалас қызмет қалар ма еді! Кері төңкеріс, кері төңкеріс!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
* Коммунизм идеясындағыларды айтады.
* Октябр төңкерісінен кейін Совет одағынан қашып өткен қазақтарды айтады.