Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 7730 51 пікір 19 Тамыз, 2021 сағат 13:18

Президентке үш ұсыныс...

Халықтың билікке ықпалы

Кез келген мемлекетте өзінің ішкі проблемалары болады, кейбіреулері шешімін тез тауып жатса, ал кейбірі ұзақ жылдарға созылып кетеді.  Олардың ішінде қоғам мен биліктің бірлесе отырып, мәмілесе  жүріп, шешімін табатын сұрақтары да болады.

Қазір ақпарат майданы жүріп жатқан кезде, үнсіз қалуға болмайды. «Үндемеген – үйдей пәледен құтылады» деген сөз қазір ескірді. Қоғам бәрін «көтереді» деген түсінік те кешегі күннің ұғымы.

Жаңа заманда халық ашық диалогты талап етеді, бірге талдайды, талқылайды, сынайды, ұсынады. Бұның бәрі біздің азаматтық қоғам   дамуына дұрыс бағыт-бағдар беріп келеді деп ойлаймын.

Жақында ғана тілге байланысты түйткілді мәселе көтеріліп, оның аяғы әлеуметтік желіде үлкен саяси дауға айнала жаздады. Ол Президент Әкімшілігі басшысының Бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың Ресей депутаттарының Қазақстанда орыс тілі қысым көріп отыр деген жаңсақ пікіріне орай  берген сұхбатынан туындап отыр.

Д.Абаев соңғы жылдары Қазақстан Республикасының саяси өмірінде өз пікірін тайсақтамай айтып жүрген танымал саясаткерлердің бірі. Ал саясат күрделі сала  - кейде осып түсуі керек, кейде ойып түсуі керек...

Бүгінде билік тарапынан өз пікірін қоғаммен ашық бөлісіп жүрген саясаткерлер бірен-саран ғана.

Қоғам дұрыс ақпарат алмаған соң, сан сөздің соңына ереді. Д.Абаев орынды көтерген негізгі, түйінді мәселелер бұрмаланып қана қоймай,  сырт қалды да, ал бар желінің күші жеке адамның басына сын айту мен  мін тағуға бағытталып кетті.

Нақтылай айтсақ, бұл күндері үдеп тұрған індет те, вакцинаға байланысты керағар пікірлер де, тіпті Токио олимпиадасының қорытындылары туралы мәселелер де ұмытылып, ой- пікірлер ағыны мүлдем басқа арнаға бұрылып кете берді.

Айта кету керек, бұл Ресей тарапынан біздің мемлекетке жасалып жатқан ақпараттық шабуылдарының біріншісі емес қой.

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Ресей Думасының депутаттарының қазақтың жеріне қатысты пікірлері де біздің қоғамда үлкен алаңдатушылық туғызған болатын. Осы мәселеге орай, көптеген қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, сарапшылар өз пікірлерін білдірді. Өйткені,  Никонов пен Федоровтар  ресми тұлғалар болғандықтан, олардың сөздері саясиландырылды.

Өзім де «Abаі.kz» сайтында «Ел де – қазақтікі, жер де – қазақтікі» деген мақала жариялаған болатынмын.

ҚР Сыртқы істер Министрі Мұхтар Тілеубердінің Ресей Сыртқы істер министрлігіне жолдаған нотасынан кейін жұрт көңілі орнына түсті.

Ресей тарапынан Сыртқы істер Министрі С.Лавров пен Ресей Президентінің Баспасөз Хатшысы В.Песковтар ресми түсініктеме беріп, бұл депутаттардың жеке пікірі, ресми көзқарас емес  дегендерінен  кейін, қоғам тыншыды.

Тіл саясатында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ету мақсатында біраз шаралар атқарылып келеді. Соның ішінде соңғы жылдары орын алған маңызды өзгерістің бірі - қазақ тілін латын графикасына көшіру идеясы еді.

Бұл тарихи маңызды шешім түбі қазақ тілінің дербес тіл ретінде дамуына жол ашады, кириллицаның ықпалынан ажырайды деген перспектива Ресейдің көңілінен шықпайтыны да анық.

Сондықтан да, Солтүстік көршіміз бұл бағытымызды ашық сынап та, өкпе-ренішін білдіріп те жүр.

Ал тарихқа үңілетін болсақ, қазақ тілінің дамуы мен өсуі тұрмақ, оның сақталуына не бір кедергілер жасалды. Мәселен, қазақ тілі коммунистік  идеология тұсында қатты қыспаққа алынды, тілді қолдайтын азаматтар «панисламистік», «пантюркистік» пиғылдағы ұлт өкілдері ретінде қудаланды да. Қазақ интеллигенциясы бір-біріне күл шашты. Газет беттерінде ұлт зиялыларын бір-біріне айдап салып отырды. Түрмеге жапты, мойнына қамыт салды, итжеккенге жер аударды, атылды, асылды. Қазақ тарыдай шашырап кетті...

Бұл - шындық.

Тіл саясаты - мемлекеттің жанды жері. Ол, әрине, ішкі мәселеміз болғанымен, оның мемлекетіміздің сыртқы саясатына да, дипломатиясына да, халықаралық саясатқа да ауқымы мен күшінің әсері мол.

Талай зиялы орта алдына шығып сұхбат беріп,  ұлт үшін  маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың шешімін де тауып, жауапкершіліктің жүгін арқалап жүрген Дәурен Абаев Қазақстанда орыс тіліне қысым туралы сөз қозғаудың өзі әділетсіз дегені шындық емес пе?

Д.Абаевтың жауабы - екі мемлекеттің арасындағы қалыптасқан қатынастарға салқындық тигізіп алмау, ушықтырмау тактикасын ұстанды деп түсінемін. Ол өз халқының даналығына сенген болар.

Ресей Федерациясы біздің көршіміз ғана емес, ол біздің саяси-экономикалық серіктесіміз. Екі елдің қарым-қатынасының масштабы бүгін ауқымды, салмақты болып отыр. Демек, Ресейге берген жауапта, Қазақстан көрші мемлекет арасындағы өз-ара тиімді қарым-қатынас стратегиясын ұстанатынынан хабар берді. Осының арқасында тараптар өз ұстанымдарын ресми нақтылады деуге болады. Бұл халықаралық қатынастарда қалыптасқан үрдіс.

Бұл - саясат.

Қоғам белсенділері орынды мәселе көтеріп, өздерінің ұлтжандылық қасиеттерін танытты. Ұлтын сүю – ұлтшылдық па екен? Сонымен қатар, заң бұзылмауы керек. «Тіл майданы» қозғалысы ресми тіркелген бе, әлде тіркелмеген бе? Құқықтық құзіреттері бар ма? Осы мәселелерді ашық ақпарат көздерінде жариялау керек. Қоғам ашық, анық ақпарат алуы қажет.

Осы жағдайды ашып, ажыратып халық арасында екіұшты пікір қалыптастырмау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу тікелей ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзырына кіретіндігіне қарамастан, министрлік тарапынан ешқандай мәлімдеме болмағаны  өкінішті.

ХХІ ғасырдағы жаһандану өз ерекшеліктерімен қатар, қиындықтарын да әкелді. Қоғам дамыды, ойы өсті, сан-алуан ақпаратқа қол жеткізді.

БАҚ төртінші билік болса, әлеуметтік желі оның  негізгі қантамыры болып отыр.

Осыған байланысты әлеуметтік желінің соңғы кездегі ахуалын да айта кеткім келеді. Өйткені  ФБ, Инстаграмм сияқты желілерді ашып қалсаң, өсек-аян таратқан жұрт, бір-бірімен алысқан блогерлер, елдің жеке өмірінен (оның ішінде жеке жазбаларынан үзінді) ақпараттарға толған дүние. Ал ең сорақысы, кемсіту, адамның намысына тиетін балағат сөздермен бірін-бірі соққылау, топ-топқа бөлініп жауласу, арғы жағы соттасу.

Бұл желі әрекеттері моральдық жағынан да, заң тұрғысынан қаншалықты орынды?  Блогермін, танымалмын деп, немесе хайп жинау мақсатында жеке адамның құқығын бұзуға болмайтыны заңмен бекітілген. Осы талап әлеуметтік желі жүйесіне қолданылмайды ма деген ой келеді?

Осыған орай, ҚР Сенат Парламентінің Төрағасы М.Әшімбаевтың ұсынысымен ү.ж. наурыз айында өткен «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» атты парламенттік тыңдауда сенатор Б.Жұмағұлов Бас баяндамасында «Әлеуметтік желі туралы» жеке заң қабылдау туралы ұсыныс берген еді. Дәл қазір сол заңның қажеттігі  айқын көрініп отыр. Өйткені,  Заң әлеуметтік желі жүйесін шектеу үшін емес, заң аясында реттеу үшін қажет.

Мемлекетіміздегі модернизация, реформалар  халық талабына орай жүргізіле бастағаны қуантады. Бұл - халықтың билікке ықпалының көрінісі екендігі даусыз.

Дәл қазір дауласатын да, жауласатын да уақыт емес. Ұлттық рух бірігіп, іштен немесе сырттан келетін қатерлерге бір кісідей қарсы тұратын ұлттық мемлекет құруымыз керек.

Бұған Президент Қ.Тоқаевтың «Естуші мемлекет» концепциясы дәлел бола алады.

Осы концепция азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының шешімдер қабылдау процесіне және мемлекет істерін басқаруға қатысу деңгейін арттырып келеді.

Мен де осы мемлекеттің азаматы ретінде өз құқығымды пайдаланып және мемлекеттік саясаттың әр деңгейінде жауапты қызмет  атқарған тәжірибеме сүйене отырып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа, Парламент Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевқа, Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллинге, Премьер-Министр А.Маминге төмендегідей Ұсыныс білдіремін:

1. ҚР Мәдениет және спорт министрлігін – ҚР Мәдениет, ақпарат және тіл министрлігі ретінде қайта құру;

Тіл мәселесі  - мемлекеттік мәселе. Тіл комитеті Білім және ғылым министрлігі құрамына берілгенімен, ол мемлекеттік мәселені шешуде ешқандай статусқа ие емес. Сондықтан да ұсынылып отырған министрлік құзіретіне берілсе, сонда ғана тіл саясаты мемлекеттік мәртебеге ие болады.

2. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен:

ҚР Туризм және спорт министрлігін қайта құру;

Қоғамдық  даму функциясын - Қазақстан Халқы Ассасмблеясына (ҚХА) бере отырып, оның атауын Қоғамдық даму және Қазақстан Халқы Ассамблеясы деп құру.

Бұл ҚХА-ң  этносаралық, конфессияаралық бейбітшілікке, әріптестік пен келісімге бағыттау жұмысын жүргізудегі мүмкіндігін кеңейтеді, рөлін өсіреді деп білемін. Уақыт талабы да осыны қажет етіп отыр.

Ұсынылып отырған мемлекеттік органдардың құрылымдық өзгерістері республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді.

3. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) негізгі  бағытын сақтай отырып, оның ауқымын кеңейтіп, Ресейдің МГИМО институты сияқты халықаралық дипломаттар, саясаткерлер, экономистер, заңгерлер, журналистер даярлайтын білім ордасына  айналдыру.

Халық та, билік те бұл ұсыныстарымды қолдар және жетілдірер деп ойлаймын.

Уәлихан Қалижанов,

ҰҒА академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

51 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409