Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2475 0 пікір 12 Шілде, 2009 сағат 17:40

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ. ҚАЗАҚТЫҢ ШАЛА ШУКШИНДЕРІ… көркем әдебиетті қашанғы мансұқтайды?..

Орыс әдебиетіндегі Павел Корчагин, доктор Айболит, Буратино, Остап Бендер, Глеб Жеглов, Штирлиц сияқты өзге де  танымал кейіпкерлердің әралуан кезеңдер мен түрлі буындардың культтік тұлғасына айналғаны анық. Өткен ғасырдағы орыс зиялысының бейнесі, әдетте, доктор Живагомен байланыстырылады. Ал замандастарын соңынан ерте білген Тимур бейнесіне балалар армиясының көшбасшысы тұлғасы топтастырылғаны даусыз.

Орыс әдебиетіндегі Павел Корчагин, доктор Айболит, Буратино, Остап Бендер, Глеб Жеглов, Штирлиц сияқты өзге де  танымал кейіпкерлердің әралуан кезеңдер мен түрлі буындардың культтік тұлғасына айналғаны анық. Өткен ғасырдағы орыс зиялысының бейнесі, әдетте, доктор Живагомен байланыстырылады. Ал замандастарын соңынан ерте білген Тимур бейнесіне балалар армиясының көшбасшысы тұлғасы топтастырылғаны даусыз.
Белгілі бір дәрежеде символға айналған осы кейіпкерлердің қай-қайсысы да – қаламгер қауымның қиялынан туындаған әдеби образ. Егер де осы көркем шындық таспаға түсіріліп, кино тілінде сөйлемегенде аталмыш персонаждар соншалықты танымал болар ма еді?! Кесіп айту қиын. Әйтсе де, бұқараға   әсерінің күштілігінен де «өнердің ішіндегі ең маңыздысы» саналған кино саласының құдіретін мойындамау әсте мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда әдебиет пен кино жанрларының бір-бірімен салаласа, сабақтаса әрекет еткені, тығыз бірлікте дамығаны өнер үшін де, қарапайым жұртшылық үшін әлдеқайда тиімді болар еді. Мысалы, Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», М.Шолоховтың «Тынық Дон», И.Тургеневтің «Аңшының жазбалары», «Ася», Н.Гогольдің «Вий», «Ревизор», М.Горькийдің «Табор шығандап барады», А.Чеховтің «Ваня ағай», Илья Ильф пен Евгений Петровтың «Он екі орындық», А.Рыбаковтың «Қанжар», «Қола құс» атты шығармаларының желісімен экрандалған фильмдердің кешегі кеңестік кеңістікте үлкен құбылыс ретінде бағаланғаны өз алдына, орыс әдебиетінің інжу-маржандай осынау мұраларының бағасын одан әрі арттыра түскені күмәнсіз. Қазақ әдебиетінде де осы уақытқа дейін қаншама классикалық дүниелер жарық көрді! Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Х.Есенжанов, олардың бер жағындағы С.Мұратбеков, С.Жүнісов, Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, Қ.Ысқақ, Ә.Тарази, М.Мағауин, Д.Исабеков тәрізді өндіртіп жазып, өміршең бейнелер қалыптастырған, қазақтың жанын, болмысын, қилы тағдырын тартымды туындыларға арқау еткен майталман қаламгерлеріміз жетіп-артылады. Алайда С.Сейфуллиннің «Даладағы қуғын», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Б.Соқпақбаевтің «Менің атым – Қожа», Д.Исабековтің «Гауһартас», Ж.Қорғасбектің «Жансебіл» іспетті бірді-екілі шығармаларын айтпағанда, қазақ әдебиетінің небір теңдессіз туындылары, негізінен, экраннан тыс қалып отыр. «Қазақфильмнің» атынан  түсірілгені болмаса, кезінде М.Әуезовтің «Көксерегі» мен «Қараш-Қараш оқиғасының» өзін де қырғыздар экрандады…
Әрине, қазір де сценарий жазылып, кино түсіріліп жатыр. Бірақ кәсіби режиссерлеріміз Т.Теменовтен бастап, С.Нарымбетов, Ұ.Қолдауова, С.Апрымов, ол-ол ма, тіпті Е.Рақышев сияқты әуесқойлар мен Д.Саламат, С.Әбдіхалық тәрізді жастарға дейін өзі жазып, өзі түсірмесе немесе біреуге арнайы жаздыртпаса, көңілі көншімейтін әдет тапты. «Жігітке жеті өнер де аз» екені рас. Бірақ «әрнеге әсемпаз бола берген де» жөнсіз. Екінің бірі Василий Шукшин емес. Ол сияқты әрі актер, әрі жазушы, әрі режиссер, сондай-ақ ұлт табиғатының шын мәнісіндегі тамыршысы деңгейіне көтерілу үшін адамға, мүмкін, айрықша табиғи талант, ең бастысы, өз ұлтымен тамырлас, тағдырлас сезімтал жүрек, суреткерлік терең пайым-парасат керек шығар. Экрандалуға лайықты дүниелер болмай жатса, бір сәрі. Тіпті сондай мәңгілік мұраларды іздеп тауып, жарыққа шығарып, шығарма мен оның авторына экран арқылы екінші өмір сыйлаудың өзі де ұлт мәдениетіне деген үлкен құрмет, жанашырлық емес пе?! Өкінішке қарай, біздің режиссерлеріміз бұлай ойламайды. Қай тақырып, қай мәселеде болсын, тыңнан жол салып, өзінше әрекет еткенді хош көреді. Сол себепті де, көркем әдебиет пен кино тәрізді құстың қос қанатындай егіз жанр күні бүгінге дейін бізде бір-бірін жатсынумен келе жатыр. Режиссерін тапқан жағдайда «Абай жолы», «Ұлпан», «Аққан жұлдыз», «Көшпенділер», «Ақ Жайық», «Аласапыран», «Жабайы алма», «Сүйекші» шығармаларының мыңдаған көрерменнің көзайымына айналары анық еді. Әттең, сол Мұхтар, Ғабит, Сәбиттер уақытынан сәл ерте туды немесе кино өнеріне В.Шукшин сияқты ден қоюға, бәлкім, заманы мұрша бермеді. Бір жағынан, Ш.Айманов, М.Бегалин, С.Қожықов, Ш.Бейсембаев, А.Қарсақбаев сынды ғажайып киногерлермен иықтаса өмір сүргендіктен де, олардың «бақшасына» түсуді қажетсіз санаған болар. Себебі қазақтың арғы-бергі фольклорына қанық, жаңа дәуір әдебиетіне жетік аталмыш режиссерлердің қазақ әдебиетіне онсыз да мұрын шүйірмесі белгілі. Тек ол кезде «Қазақфильмде» бүгінгідей билік болған жоқ. Түсірілуге тиісті дүниелердің тізімі де, қаражаты да тек Мәскеу арқылы бекітілді. Кешегі аға буын режиссерлеріміздің еркі өзінде болғанда қазақ әдебиетінің талай тамаша туындысы сол Ш.Аймановтың тұсында-ақ кино тілінде сөйлеген болар еді. Өз қолымыз өз аузымызға жеткеніне де 20 жылға жуықтады. Алайда осы ұлан-ғайыр мүмкіндікті ұлт пайдасына асыру көркем әдебиеттен хабарсыз, ұлтының иісі мұрнына бармайтын бүгінгі режиссерсымақтардың қолынан келе қоюы неғайбыл.
Сөз арасындағы сыр
«Қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын кеңінен экрандауға кеңестік кезеңде мүмкіндік болмады» дегенде, мына бір жайт еріксіз еске түседі. Осыдан он шақты жыл бұрын қазақ киносы өзінің 70 жылдығын атап өткен-ді. Сол жолғы дерекке жүгінсек, 70 жыл ішінде бізде көркемсуретті 200 фильм дүниеге келіпті. Ал содан тура үш жыл бұрын киностудияның дубляж бөлімі өзінің екі мыңыншы фильмінің тұсауын кесіп, той жасағаны бар! Ал енді салыстырып көріңіз: 200 бен 2000! Яғни біз 70 жыл бойы қазақ көрерменіне төл туындыларымызды емес, аударма фильмдерді мейлінше молынан ұсынуға мәжбүр болдық. Қазақ киносына деген кеңестік кезеңдегі көзқарас осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па!.. 
Осындай жағдайда әдеби шығарманың айдарынан жел есіп, таңдаулы кейіпкерлердің ұлт ұрпағын соңына ертетіндей идеал тұлғаға айналуы мүмкін бе?! Меніңше, мүмкін емес…

 

 

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
“Алаш айнасы” газеті 9 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450