Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4498 2 пікір 27 Тамыз, 2021 сағат 15:43

Қазақ тілі мен әдебиеті: Бағдарламаны жетілдіру керек

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 25 тамызында онлайн форматта «ОРТА МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты семинар кеңес өткізілді.

Конференция көпшілікке Zoom арқылы және Facebook парақшасында қолжетімді болды. Жиынға 200-ден аса маман қатысты. Оның ішінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл ІСМАҚОВА, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар САЛҚЫНБАЙ, Сүлеймен Демирель атындағы Университеттің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Береке ЖҰМАҚАЕВА, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры,  филология ғылымдарының докторы Қаламқас ҚАЛЫБАЕВА сияқты елімізге танымал ғалымдар мен Мейрамгүл НҮСҮПБЕКОВА , Жанар АБИТОВА, Динара ОРЫНБАЕВА, Айгүл ТӨҢКЕРҚЫЗЫ секілді практик мұғалімдер, сонымен қатар Серік ЕРҒАЛИ, Оразкүл АСАНҒАЗЫ сынды тіл жанашыры, қоғам қайраткерлері өз пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Баяндамашылар әдебиет пәні бойынша: Тарау аттарын дәл осылай атаудың ғылыми негізі қандай? Оқытуға бөлінген сағат саны мен оқытылатын шығармалар саны сәйкес пе? Пәннің негізгі мақсаты не? Мақсат пен мазмұн үйлесе ме? Жаңартылған бағдарламада әдебиеттану ғылымының категориялары түгел қамтылған ба? – деген сұрақтарға жауап іздеді.

Ал қазақ тілі пәні бойынша сөз алғандар: Қазақ тілі пәнін оқытудың нақты мақсаты не? Орта мектеп деңгейіндегі лингвистикалық білім және оған не кіреді? Оқулықтың құрылымы мәтінге негізделуі керек пе? Әлде грамматикаға ма? – деген сияқты мәселелер бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Жиын қорытындысы бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атынан мынадай қарар қабылданды:

1. Бағдарлама латын қарпіне өту кезінде, 12 жылдық оқу жүйесіне көшу кезінде жөнделеді деп сендіреді бізді. Оған қарап отырмай жаңартылған бағдарламамен қайта басылып жатқан (переиздание) оқулықтардағы қателіктерді бірден жөндеуге кірісу керек.

2. Жаңартылған бағдарламада әдебиеттен 5-сыныпта А.Байтұрсынұлынан «Адамдық диқаншысы» өлеңі, «Егіннің бастары» мысалы, 7-сыныпта М.Жұмабаевтан «Батыр Баян» поэмасы, 8-сыныпта М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы ғана қамтылған. Басты ұстаным Алаш идеясы болғандықтан, тез арада алаштанушы мамандарды тарту арқылы  осы бір болашағымызға өте  зиян олқылықты жөндеуіміз керек.

3. Қазақ тілін оқыту бағдарламасының өзегі мәтінге негізделгені тиімді ме, әлде дәстүрлі грамматика деңгейлеріне негізделгені тиімді ме? Білім және ғылым министрлігі бағдарлама түзелмес бұрын, алдымен ғалымдармен келісе отырып әдістемелік жағынан қайсысы тиімді екенін шешіп алуы тиіс.

4. Тиісті сала мамандарының қатысуымен «нені оқыту» мен «қалай оқытуды» ғылыми әдістемелік тұрғыдан негіздей отырып, қазақ тілін ана тілі және екінші тіл ретінде оқытудың жүйесін ретке келтіріп, ортақ тұжырымдамасын жасау.

5. Орта мектепке бөлінген сағат саны мен 11-сыныпқа дейін оқылатын шығармалар көлемін, шығармалардың таңдалу жүйесін және орта мектеп бағдарламасында әдебиеттану ғылымының қамтылуын кәсіби мамандармен ақылдасып қайта қарау.

6. Лингвистикада көбіне нақты ғылымдардың әдіснамасы қолданылады. Нақты ғылымда қай деңгейде ненің оқытылатындығы нақты көрсетілген. Бастауышта математика, жоғары сыныпта алгебра, жоғары оқу орнында жоғары математика (вышмат). Осы сияқты тиісті лингвист мамандардың шешуімен орта мектеп деңгейінде оқылатын грамматиканың көлемі, түрі, жүйесі нақты көрсетілуі керек.

7. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гуманитарлық бағыттағы мамандандырылған желілік «Абай мектептерінің» оқу бағдарламасы бекіп, қолданысқа енгізілді. Енді оны жалпы мектептерде де опровациядан өткізіп, оқулықтарын шығаруды тездетіп қолға алу қажет.

8. Бағдарлама да, оқулық та, оқу процесі де «нені оқыту» мен «қалай оқытудан» тұратындығы белгілі. Жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілік арттыру курстары негізінен «қалай оқытуға», яғни әдістемеге арналған. Практик маманға «қалай оқыту» жөнінде шығармашылық еркіндік бере отырып, курстың мазмұнын «нені оқытуға» қарай бағыттауымыз керек.

Бижомарт Қапалбек,

Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының вице-президенті,
филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282