Жұма, 22 Қараша 2024
5559 3 пікір 27 Тамыз, 2021 сағат 16:19

Қытайдың кедейлікпен күрес тәсілі

Бүгінде қазақ қоғамында байлар мен кедейлердің аражігі орасан ашылуда. Осыған байланысты қазақ билігінен ұсынған қоғамдық байлықты әділ бөлу, байлық қорын құру, жұмыс орындарын ашу,  экономикамызды дамытып, кедейліктен арылу бағдарламасын көре алмай отырмыз.

Барлық жерде бірнеше олигархтар қазақ ұлтының алтын, мыс, көмір, жер, лицензиясын меншіктеп, барлық байлығына ие болып, банктерді де меншіктеп алды. Барлық мүмкіндіктер мен байлықты халықтан тартып  алған.

Сондықтан да біз ең алдымен кедейліктен шығудың жолын іздестіруіміз керек!

Алайда, бүгінде елімізде  мұның бәрін мұқият жоспарлап, кедейліктен шығу үшін жұмысты жүйелі түрде жүргізуге батылы жететін көшбасшы, саясаткер немесе қоғам қайраткері көзге түсіп тұрған жоқ. Оны ұйымдастыратын министрлік те, департамент те жоқ.

Бүгінде қазақ елінің оңтүстіктегі көршісі 1,4 миллиард халқы бар қытай елі кедейліктен толық арылып қойған.

Ал небәрі 19 миллион халқы бар, табиғи байлықтары мен 2 724 902 км²   шаршы метр жері бар тәуелсіз қазақ елі неліктен кедейліктен шыға алмай отыр?!

Қытайда 1978 жылдан бергі 43 жылда  800 миллион халық кедейліктен құтқарылды. Қытайдағы кедейлікті жоюдың соңғы кезеңі 2012 жылы басталып, бұл кезең өте ауыр сынақтар арқылы жүзеге асты.

2012 жылы Қытайда 98,2 миллион кедей адам қалған болатын. 2017 жылға дейінгі 5 жылда олардың 68 миллионы кедейліктен құтқарылды. Ал 2017 жылдың соңына қарай 30 миллион кедей адам қалды деп мәлімдеген болатын қытай үкіметі.

Шындығында, кедейлікті жою туралы өте егжей-тегжейлі жоспарлар, жобалар  және әдістерді 1992 жылы қытайдың шағын ауылындағы партияның жас көшбасшысы  жазып ұсынған болатын-ды. Бұл жас көшбасшы Си Цзиньпин  еді.

2012 жылы  Си Цзиньпин қытайдың оңтүстігіндегі ең кедей провинцияларының ауылдарын аралап, нақты жағдаймен танысты. Көлікпен жетуге қиын биік таулы жерлердегі ауыл тұрғындарының тұрмысы кедей және өте төмен жағдайда  болды. Ол ауылдарда жол жоқ, жарық жоқ еді.

Төраға Си Цзиньпин дереу кедейлікпен күресу бағдарламасын іске қосты. Кедейлік, жоқшылық, тапшылықпен күресуге 800 000 қызметкер жіберді және 255 000 жұмыс тобын құрды, олар жер-жерлерде сауалнама жүргізіп, жан-жақты мәліметтер жинап, барлық жағынан көмек көрсетті.

Кедейлікті жою үшін жергілікті партиялардың 3,0 миллион хатшылары мен шенеуніктері жұмылдырылды, олар кедейлерді төрт топқа бөліп, олардың кедейлік себебін және кедейліктен  шығу жолдарын анықтау  жұмысын жүргізді.

Сауалнама мүмкіндігі шектеулі, білім деңгейі төмен және еңбекке жарамсыз адамдар санатында жүргізілді. Олардың арасынан несие беру арқылы кедейлік санатынан шығаруға болатын адамдар тобын іріктеді. Кедейлікпен күресте қытай қоныс аударуды (ішкі миграция), өнеркәсіптік дамуды, экологиялық өтемақыны, білім мен әлеуметтік қамтамасыз ету жолдарын  қолданды.Сондай-ақ кедей қыстақ және кедей ауылдар тобы деп бөліп, мәжбүрлеп-ынталандыру шараларын енгізді.

Кедейлерге  алғашқы үш жылда 50 000 юань пайызсыз несие берді. Алайда, бұл несиені алмауы тиіс кейбір пысықайлар  алып, өздеріне  көлік пен пәтер алып пайдаланып кеткендері  анықталып,  ондай қателіктерді толығымен ретке келтіріп, түзеді.  Сол арқылы кедейлікке тіркеле алмаған 8,2 миллион адам қайтадан нақтылы анықталып, жаңадан тіркелді.

Ауру-сырқау болып кедейленген  адамдар медициналық сақтандыруға қамтылып, емделіп, көмек алды. Кедей адамдар кедейлер тұрағынан ауқаттылар  тұрағына   көшірілді. Оларды оқыту, білім беру және әлеуметтік жеңілдіктер беру жұмысын ұйымдастырды.

Кедейлерге мекенжайы бойынша көмектесу жұмысы да  жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 7 миллион тозығы жеткен баспана анықталып, кедейлер жаңа үйлерге қоныс аударды. Кедейшілікке байланысты мектепті тастап кеткен,  мектепке бара алмай қалған балаларды жалпы білім беру мектептеріне  қамтумен қатар кәсіптік оқуларға  қабылдап, түрлі мамандықтар игертті. Кедейшілік аймағына электр, таза су, жолдар, интернет, ауруханалар мен мектеп қызметтерін жеткізді.  Кедейлерге эко көмек көрсетіліп, оларды табиғатты қоқыстан тазалау, ағаш отырғызу сияқты жұмыстармен  қамтып  жалақы төлеу арқылы кедейліктен 3 миллион адам  құтылды. Осылайша кедейлерге мекен - жай бойынша көмектесу  сәтті жүрілді.

Жалпы ҚХР 1949 жылы алғаш құрылған кезде жан басына шаққандағы ЖІӨ небәрі 17 долларды құрайтын болса, 1978 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 155 долларды құрап,  бүгінгі таңда  900 долларға жетіпті.

ХХ ғасырдың басында Қытай елі ауру, соғыс пен аштыққа ұшыраған  кедей ел болды. 1966-1976 жылдардағы мәдени революция кезінде Қытай тіптен кедейленген болатын.

Алайда, 1978 жылдан бастап, Дэн Сяопиннің саясаты Қытай экономикасын жақсарта бастағандықтан, кедейлік төмендей бастады. 2012 жылдан бастап кедейлікпен күрес осылайша жаңа белеске көшті.

Бүгінде шалғайдағы Тибет, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Қытайдың оңтүстігіндегі Юньнань мен Хунань провинцияларындағы  кедей ауылдар әлі де баршылық.  Оған, түрлі проблемаларды айтуға болады, мәселен кейбір басшылар кедейліктен құтылдық деп жалған ақпарлар берді. Жалғандықтың бәрі ашылып, өтірік айтқандар жауапқа тартылды, кедейлердің нақты саны мен есімдері қайта жарияланды.

Шыңжан-Ұйғыр автономиялы өлкесі және ішкі Моңғолия да кедейлікпен өз беттерінше күрескен.  Ол жерлерде мемлекет кедей малшы отбасыларына жаңа үйлер салуға, бұзаулы сиыр беруге, кооперативтермен ынтымақтастықта жұмыс орындарын құруға жол ашып, мемлекеттен жеңілдетілген несие ұсынды. Дихандарға жер берілді, егер ол адам жерде жұмыс істей алмаса, ол жерді кооперативке жалға беріп, ақша тапты.

Бүкіл Қытайда кедейлікпен күресуде негізінен білім, денсаулық сақтау, электр энергиясы, жолдар мен туризмге ерекше көңіл бөлді.

2018 жылға қарай Қытайда 18,5 миллион кедейлер қалды. Сонымен  кедейлікке қарсы науқандық күрес соңғы рет жүргізілді. 2019 жылдың соңында Уханьдағы індет кедейлікпен күресті баяулатса да күрес тоқтамады, жалғаса берді.

Қытайда кедейлікпен күрес жалпы қоғамдық жұмысқа айналды. Барлық партиялар, мемлекеттік органдар мен азаматтар жаппай кедейлікпен күресті. 2020 жылдан бері қарай кедейлікпен күрес аяқталды деуге болады. Ал, 2021 жылдың ақпанында Төраға Си Цзиньпин «Қытайдағы кедейлік іс жүзінде жойылды» деп мәлімдеді.

Кедейлікке қарсы күрес нағыз соғыс тәрізді болды. Бұл шайқас құрбандарсыз болған жоқ. Кедейлікпен күресте 1800 -ден астам мемлекеттік және әлеуметтік қызметкерлер, партия мен үкіметтің жас патриоттары қаза тапты. Олар кедейлерді құтқару жолында отан алдындағы міндеттерін абыроймен  орындады. Соңғы сегіз жылда Қытай кедейлікті жоюға 1,6 триллион юань (246,0 миллиард доллар) жұмсады.

Қазақ елі де оңтүстік көршіміздің осы керемет тәжірибесін енгізіп, елімізді кедейліктен тезірек алып шығуы - кезек күттірмейтін негізгі мәселе болмақ.

Қазақтың бір жауы кедейлік, кедейлікпен күресу - тәңірі сыйлаған Тәуелсіздікті нығайтудың басты кепілі екендігін ұмытқан тәріздіміз.

Амантай Тойшыбайұлы 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5274