КӨК ТУДЫҢ ОРНЫ — КӨКТӨБЕ!
Көк ту - қазақтың қасиетi. Көк ту - қазақтың рухы. Көк ту - ұлттық ұлылығының белгiсi. Көк туды қорлағаның - рухыңды қорлағаның. Көк туды қадiрлегенiң - ұлтыңды қадiрлегенiң. Бүгiнгi бiз қозғағалы отырған мәселе - қазақтың рухани астанасы саналатын Алматыда Көк тудың ең үлкен, ең биiк түрi қай жерде тұруы керектiгi жөнiнде.
Көк ту - қазақтың қасиетi. Көк ту - қазақтың рухы. Көк ту - ұлттық ұлылығының белгiсi. Көк туды қорлағаның - рухыңды қорлағаның. Көк туды қадiрлегенiң - ұлтыңды қадiрлегенiң. Бүгiнгi бiз қозғағалы отырған мәселе - қазақтың рухани астанасы саналатын Алматыда Көк тудың ең үлкен, ең биiк түрi қай жерде тұруы керектiгi жөнiнде.
Көк ту - әрбір шаңырақтың төрінде, әрбір мекеменің төбесінде ілініп тұруға тиіс. Көк туды қадірлеу арқылы рухымызды оятамыз. Ұлттық санамызды қалыптастырамыз. Халықтың болашағы саналатын келер ұрпақта қазақтың мемлекеттік рәміздерін қадірлеп өсуі керек.. Мемлекеттік рәміздер - біздің ұлттығымыздың көрінісі, ұлттығымыздың айшықты белгісі.
Ал биыл - тәуелсіздік тұмары саналатын Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына - 20 жыл. Ұлық мереке қарсаңында Алматыда зиялы қауым өкілдері бас қосып, Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін саралаған болатын. Аталмыш жиынға Көк тудың авторы Шәкен Ниязбеков бастаған ғалымдар соңғы кездері мемлекеттік рәміздерді қорлау фактілерінің жиілегенін алға тартты. Кейбір жерде Туға қоқыс орағандар мен Әнұранның орнына шетелдік әнді қойып, сайқымазақ еткендер туралы да мәселе қозғалды жиында.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік рәміздердің мерейін үстем етіп, мәртебесін арттыру үшін ұтымды ұсыныстар да айтылмай қалған жоқ. Соның бірі - көк туды Көктөбеге орнату мәселесі еді. Бұл идеяны ұсынған белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлы. Мұндай ұсыныс Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан Ыбырайымовтың да көптен көңілінде жүрген нәрсе екен. «Менің байқағаным - Түркия болсын, басқа мемлекеттерде болсын, Туды жақсы қастерлейді. Ал бізде, басқа қалаларды былай қойғанда, Алматы қаласында көлемді туымыздың көрінісі жоқ. Сондықтан, Көктөбенің бойында биіктігі 100 метрден кем емес, қазақтың көк туын орнату керек. Бұл жастардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеудің бір нышаны», - дейді Ермахан аға.
Ал Көк тудың Көктөбеде орнату мәселесін қозғаған жазушы Дидахмет Әшімханұлы бұл орайда өз ұсынысын былай деп түсіндіреді. «Мемлекеттік рәміздердің ішіндегі ең адамға рух беретіні - ту. Өткен жылы жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаймен 6 күн бойы Түркияны аралап қайттық. Төрт мың шақырым жол жүрдік. Түркия сапарынан менің есімде қалғаны - Түркияның барлық биік жерінде мемлекеттің ай таңбалы қызыл жалауының желбіреп тұрғаны. Қай қалаға барсақ та, қай жерде жүрсек те, биік жотаның бәрінде ту көрінеді. Бұрын-соңды мұндай өз туын сыйлайтын елді көрген емеспін. Сол туға қарап отырып, түрік халқының рухын, болашағын көргендей болдым. Сонда жүріп Мұстафа Ататүріктің сөзін есіме алдым. Ол: «Түрік боп туғаныңа қуан, түрік боп туғаныңа мақтан» деген екен. Мен түрік болмасам да, түркі халықтарының бір өкілімін. Түркі өкілінің бірі болғандықтан, туға қарап отырып қуандым. Елге келгеннен кейін Шығыс Қазақстанға жол түсті. Өскеменнің солтүстік шығысында биік жота бар еді. Ұшақ Өскеменге жақындағаннан-ақ биік төбеде тұрған Көк туды көрдім. Бұл не деген ғажап?! Сол ту мені соншама қуанышқа бөледі. Ұшақтан түскен соң, көп аялдамай сол көк туды көруге бардым. Қар жауып тұр еді. Қардың астында тұрған әлгі туды көріп, соншама риза болдым. Өскемен көп ұлтты қала. Онда тұрмайтын халық жоқ. Солардың бәріне «міне, біз қайда өмір сүріп отырмыз, бұл Қазақстанның жері, біз Қазақстанда өмір сүреміз» дегенді туға қараған сайын есіне алып отырады. Одан кейін Алматыға келдік. Ішкі саясат бөліміне хабарластым. Түркияда көргенімді айттым. Олар маған: «Біз де жуықта орнаттық қой. Трамплиннің жанында тұр» деді. Трамплинге барып туды көрдім. Ниет өте жақсы. Өте биік тұғырға орналастырған. Алыстан көрінеді. Бір өкініштісі, Алматыда жел жоқ. Сондықтан да, ту салбырап онша көрінбей қалады екен. Табиғи жел желбіретіп тұрмағаннан кейін, тудың әсері шамалы болады екен. Туды осылай ілгендерінің өзі үлкен қуаныш. Бірақ тудың орны трамплин емес, Көктөбе емес пе деген ой келді маған сол кезде. Ендеше, туды сол Көктөбенің төбесіне неге орналастырмасқа? Мен өткен жиында осы мәселені алға қойдым. Бір қызығы, «туды Көктөбенің төбесіне орнатайық» деген жобаны Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов алып келіпті. Осы идеяны жиында қолдап әкеткені - мені қатты қуандырды. Бізді Алматының зиялы қауымы да, халқы да қолдайды деп ойлаймыз. Көк туымыздың орны Көктөбе деп білем», - дейді қаламгер.
Ал «Ұлттық журналистік зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Дәрмен Смайыл қазақтың туының көзге көрінетін жерде желбірегенiн қалайды. «Көк тудың орны Көктөбе ғана емес, туды Алматыдағы біраз көрнекі орындарға қоюға болады. Ол туды көрген кезде бойыңа ерекше рух беріп, көзіңе жас алдырып, тебірентетіндей шамада орналастыру қажет. «Алматыда жел жоқ екен» деген жәй сылтау ғана. Өйткені жаңа технологиялық тұрғыдан дамыған кезеңде туды желбірететін инновациялық жолдарды табу оңай шаруа. Сонымен қатар, күндіз желбіретіп, түнде 3 өлшеммен жарықтандыру арқылы ел назарын аудартуға да болады», - дейді Дәрмен Смайыл.
Жұртшылықтың пікірі осыған саяды. Қалай десек те, Көк тудың Алматының төрінде, Алатаудың биігінде желбірегені көңілге шуақ ұялатары сөзсіз. Биікте желбіреген көк ту қалың бұқараға рух сыйлап қана қоймай, жастарымыздың бойына ерекше патриоттық сезімді оятары сөзсіз. Сондықтан Көк ту көкте желбіресін десек, оның орны Көктөбе деп білеміз...
Гүлзина Бектасова
«Түркістан» газеті