Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
4618 1 пікір 31 Тамыз, 2021 сағат 13:38

Әлихан Бөкейхан туралы жаңа кітап жарыққа шығарды

Ғалым, тарихшы Виктор Козодой Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан туралы «Алихан Букейханов: Человек - эпоха» атты кітап жазып шықты.

Автордың айтуынша, бұл монографияға бұрын еш жерде жарияланбаған тың мәліметтер енген.

Бір мың дана болып шығарылатын туындыны ресейлік тарихшы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнағанын айтады.

Кітап ірі тарихи әрі саяси қайраткер Әлихан Бөкейханның өмір жолын қамтыған. Виктор Козодой оның есімі қазақ жұртына кеңінен танымал болғанымен, ресейліктердің біле бермейтінін айтады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ғылыми зерттеулер жүргізіп, қарапайым тілмен монография жазып шықтым дейді ол.

«Бұл қолжетімді жанр, өмірбаян болғанымен ғылыми зерттеулерге негізделген. Мен Ресей оқырмандарын және ғылыми қоғамды осындай тұлғамен таныстыруды мақсат еттім. Ол Қазақстан үшін де, Ресей үшін де өте маңызды рөл атқарды. Өз еңбегімде оның бір елдің ғана емес, сол дәуірдегі тұтас империялық, жал­пыұлттық деңгейдегі саясаткер еке­нін көрсетемін», - дейді ресейлік тарихшы Виктор Козодой.

Виктор Козодой Әлихан Бөкейхан туралы кітап жазуды осыдан үш жыл бұрын қолға алған. Ол кезде тәжірибе алмасу мақсатында Павлодардың жоғарғы оқу орындарының бірінде студенттерге дәріс оқыпты.

«Ол біздің университеттің құрметті профессоры. Студенттерге, магистрлерге дәріс оқыған кезде Қазақстанның тарихына қатты қызығушылық танытты. Әсіресе Потанинді, Гучковты зерттей келе олардың Әлихан Бөкейханмен қарым-қатынасы туралы біледі. Оны Әлихан Бөкейханның ұлылығы қызықтырып отыр», - дейді университет деканы Александр Свидерский.

Кітап авторы Торайғыров атындағы орталық кітапханада Әлихан Бөкейхан туралы мағлұматтар жинаған. Алматы, Семей, Павлодар, Томск, Омбы, Самара, Орын­бор, Новосібір архивтерімен де жұмыс істеген.

«Виктор Иванович Козодой біздің кітапханаға оқырман ретінде 2019 жылы 28 қарашада тіркелді. Сол Әлихан Бөкейханды зерттеумен айналысып жүрген уақыты. Біз, кітапханашылар, бар ақпаратты жайып салғаннан кейін соның ішінен бірнеше күн келіп осында оқып, ғылыми зерттеу жүргізді», - деді Торайғыров атындағы орталық кітапхананың бөлім басшысы Әсемгүл Рамазанқызы.

Бұл Әлихан Бөкейханов туралы Ресейде жарық көретін алғашқы кітап болмақ. Тұсаукесерін Қазақстанның үш қаласында өткізу жоспарланған. Ресей тарихшысы Алаш ардақтысы туралы туындыны Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында барша қазақ жұртына тартқан сыйым дейді.

«Қазақстан халқының Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл 30 жыл толады. Мен бұл кітапты қазақ халқына Ресейдің ғалымы, тарихшысы және ғылым докторы атынан сыйға тартуды көздеп отырмын және мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді ресейлік тарихшы Виктор Козодой.

Әлихан Бөкейханов туралы жазылған монография қазан айында басылып шығады. Тарихшылар, ғылыми қызметкерлер әдістемелік құрал түрінде пайдалана алады. Автор әзірге мың данамен жарық көретін туындының келешекте қазақ тіліне аударылатынына сенімді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036