Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3627 6 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 16:58

«Ертең кеш боладымен» жүргенімізде әбден кеш болуы мүмкін

Қазақ мектептерін жамандау 1992-95 жылдары қарқын алып бастаған еді, содан күні бүгінге дейін ол орыстілді баспасөздің бетінен тақырып ретінде түскен емес. Сондағы сөз: «Мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің оқыту сапасы нашар, деңгейі төмен». Нақты дәлелі мен дәйегі жоқ осы бір сыңаржақ байламды қазір екінің бірі айтатын болды.

Рас, қазақ мектептерінің оқу үлгерімі салыстырмалы түрде бас бармақты көрсетіп бағалауға келмейтін шығар. Бірақ соның себебі мен салдарын тексеріп, сараптап жатқан кім бар? Облыс орталықтарында, еліміздегі ең ірі, әйдік саналатын қалаларда қаракөз қазақ баласы екі, кей мектептерде үш ауысыммен оқиды. Екі, үш ауысым дегеніңіз – оқушыны жалықтырады, оқытушыны шаршатады. Ерте жатып, ерте оянып мектепке барған бала күні бойы сергек жүреді, миы тұнық болады, оқуды қағып алады. Түс әлетінде адамның жұмыс істеу қабілеті азайып, сәл де болса, тыныққанды қалайды. Ал түстен кейін, кешке қарай бала тұрмақ үлкендердің өзі жан тыныштығын қалай бастайды. Енді қараңыз, дәл сол кезде қазақ баласы партада отыруға мәжбүр. Мұғалім бала оқытуға тиіс. Менің бұл айтқандарым қазақ мектептеріндегі көп мәселенің бірі ғана. Мұның сыртында қазақ мектептеріне жасалып жатқан психологиялық шабуыл қаншама? Ата-аналардың орынсыз айқайы, ақпараттардың біржақтылығы, биліктің бітіп болмайтын тапсырамалары мен жүктемелері... осының бәрі қазақ мектептерінің жүйкесін жүндей түтуде. Соған қарамастан ана тілінде білім алып жүрген оқушылар – озат. Олар түрлі білім байқауларында топ жарып, бәйгенің алдын алып келеді. Әйтсе де, соноу білім төріндегі бишікештерден бастап бәріміз қазақ мектебін, қазақ мұғалімін жамандаудан жағымыз талмайды. Бұл – біздің ақпаратты талғамай қабылдай беретіндігіміздің көрінісі. Ақпаратта әлеуметтік сананы улайтын, көп болып әділ шешім қабылдауға кедергі келтіретін психологиялық құбылыс болады. Бұны бізге 1990 жылдардың басында-ақ «Караван» бастаған теріс пиғылды газеттер жасап берген еді. Қазақ әліге дейін сол «Караванның» жол сілтеуімен келе жатыр.

Есімізде, 1992-95 жылдары кейбір ата-ана баласын орыс мектебінен алып, қазақ мектептеріне ауыстыра бастады. Ата-аналардың арасында баланың тілін түзеу, бетін бері бұру 92 мен 95-тің аралығында кәдімгідей тенденцияға айналды. Сонда ғой, қазақтың ынтасы қайда ауғанын ұға қалған орыстілді басылымдар ұлардай шулап қазақ мектептері туралы жағымсыз ақпараттар таратып, жамандауға көшкені. Сөйтіп, аз уақыттың шегінде дегендеріне жетіп, ата-аналарды қазақтыққа қажет қайырлы қаракеттерінен оп-оңай айнытып үлгерді. Содан бері ширек ғасыр өтті, еліміздегі білім саласында қалыптасқан біржақты пікір ауанынан арыла алмай келеміз. Орыстілді, оның ішінде қазаққа болмасын дейтін орыстілді басылымдардың дегені болып, десі жүріп тұр. Әл-әзір олардың қазақ мектептеріне қарсы жасап отырған ақпараттық шабуылына тойтарыс болмайтын да сияқты. Өйткені білім саласында ұлттық идеология жоқ, "қазақ баласын қазақ тілінде оқыту керек" деген пәрменді саясат жоқ. Бұндай жағдайда тілі бір, түбі бір түрік, әзірбайжан, ұйғыр ағайындарға несіне өкпелейміз?.. Олар, әне, балаларын жетектеп бүгін орыс мектептеріне барды. Жолындағы қазақ мектептерінен олар айналып өтеді. Қазақ мектебін олар менсінбейді. Қайтіп менсінсін, қазақша сөйлейтін адам Қазақстанда доминантты тұлға емес. Өзіңіз ойлаңызшы, қазақтілді мен орыстілдінің қоғамдағы орнын, құрметін күнде көріп жүрген диаспора өкілі Қазақстанда қай тілде білім беретін мектепті таңдауы мүмкін? Әрине, орыс тілінде білім беретін мектепті таңдап, орыс тілінде білім беретін мектепке жеткіншегін жетелеп апаруды жөн көреді.
Биылғы жылы болатын халық санағының болжамды нәтижесіне сүйенсек, қазақтардың жан саны Қазақстанда 70 пайыздан асатын көрінеді. Тәуелсіздігімізді жария еткен тұста біз, қазақ аз едік. Сонда: «Тілімізді өзгелер үйренуі үшін уақыт керек, көбейуіміз керек» дедік. «Қазақстандағы диаспораның үлкендеріне ренжімейік, олар қартайған шағында тілді қайдан үйренсін, біз жастарға көңіл аударайық» дедік. Дедік те жүр бердік. Енді елімізде не болып жатыр? 70 пайыз қазақтың өзі қазақ тілінде толық сөйлей алмайды. Жарты патша атанған қазақтың бай-бағыланы балаларының тілі орысша шығып, ағылшынша жалғасқанына мәз. Кәрі-құртаңды қой, Қазақстан Айдай әлемге азаттығын жария еткен кезде отыз жаста болған қазақстандық азамат қазақша отыз ауыз сөз үйренбестен алпысқа жасы жетіп қартайды. Ендігі ол кәріңнен қазақ тіліне қарсылықтан өзге ештеңе күтпей-ақ қойсаңыз да болады. Оны және бәріміз білеміз. Байқасаңыз, біздегі тілдік мәселе эволюциялық жолмен шешімін табудың орнына революциялық ахуалға, шиеленісті жағдайға қарай кетіп барады. «Ұлтаралық татулық» деп, ат қойған ұйысуымыздың ұйқы-тұйқысын шығарғымыз келмесе, білім саласын ұлттандыруды шұғыл қолға алуымыз қажет. Әйтпесе «ертең кеш боладымен» жүргенімізде әбден кеш болуы мүмкін.

Дәурен Қуат

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373