“Қазақ” газетiнiң шыққанына 100 жыл толады
Келесi жылдың ақпан айында "Қазақ" газетiнiң алғашқы санының шыққанына бiр ғасыр толады. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылым жаңа қазақ тiлiнде шынайы кәсiби газет стилiн қалыптастырды, зор ағартушылық рөл атқарды.
Бiрiншi болып 1870-82 жылдар аралығында Ташкентте "Түркiстан уалаятының газетi" шықты. Түркiстан генерал-губернаторының ресми үнқағазы - "Туркестанские ведомости" газетiне қосымша ретiнде қазақ және өзбек тiлдерiнде алма-кезек шығып тұрды.
Бұл басылым жабылған соң, 1888 жылы Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесi жанынан "Дала уалаятының газетi" деген атаумен екiншi басылым жарық көре бастады. Жаңа газет 1894 жылға дейiн шықты. Ресми тарихнама бойынша, аталған екi басылым мерзiмдi қазақ баспасөзiнiң басы деп саналады.
Көп ұзамай, өзге басылымдар шыға бастады. 1905-07 жылдардағы бiрiншi орыс төңкерiсi тұсында шығып, қазақтың қоғамдық өмiрiне онша ықпал ете алмай ғайып болған "Серке" және "Қазақ" газетi солардың қатарында.
Келесi жылдың ақпан айында "Қазақ" газетiнiң алғашқы санының шыққанына бiр ғасыр толады. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылым жаңа қазақ тiлiнде шынайы кәсiби газет стилiн қалыптастырды, зор ағартушылық рөл атқарды.
Бiрiншi болып 1870-82 жылдар аралығында Ташкентте "Түркiстан уалаятының газетi" шықты. Түркiстан генерал-губернаторының ресми үнқағазы - "Туркестанские ведомости" газетiне қосымша ретiнде қазақ және өзбек тiлдерiнде алма-кезек шығып тұрды.
Бұл басылым жабылған соң, 1888 жылы Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесi жанынан "Дала уалаятының газетi" деген атаумен екiншi басылым жарық көре бастады. Жаңа газет 1894 жылға дейiн шықты. Ресми тарихнама бойынша, аталған екi басылым мерзiмдi қазақ баспасөзiнiң басы деп саналады.
Көп ұзамай, өзге басылымдар шыға бастады. 1905-07 жылдардағы бiрiншi орыс төңкерiсi тұсында шығып, қазақтың қоғамдық өмiрiне онша ықпал ете алмай ғайып болған "Серке" және "Қазақ" газетi солардың қатарында.
1911 жылы шыға бастаған өзге екi басылым - "Қазақстан" газетi мен "Айқап" журналы әлдеқайда салмақты көрiндi және дәуiрi ұзағырақ болды. 15 нөмiрi жарық көрiсiмен, отаршыл билiктiң күштеуiмен жабылған "Қазақ" газетiне қарағанда, 500 данамен басылатын "Айқап" журналының тұрақты оқырмандары қалыптасқан едi. "Айқап" журналының алдыңғы басылымдардан, әсiресе, патша әкiмшiлiгiнiң ресми баспа үнi болған "Түркiстан уалаяты" мен "Дала уалаяты" газеттерiнен ерекшелiгi - журналда қазақтың ХХ ғасыр басындағы әдеби-мәдени қозғалысы мен қоғамдық пiкiрiнiң дамуы айтарлықтай көрiнiп тұрды.Сорбонна (Париж) университетi зерттеушiлерiнiң мәлiметiнше, "Тарихшылар, педагогтар, лингвистер мен ақындардан құрылған тамаша ұжымның арқасында "Айқап" журналы өте жақсы көркемделген 20 бет болып басылып тұрды" және "Әдеби қазақ тiлiнiң қалыптасуы мен әдебиеттiң дамуына едәуiр үлес қосты, ұлттық мәдениетке ерекше ден қойған журнал көп iзденiсiн халық шығармашылығы мен қазақ этнографиясына арнады". Ахмет Байтұрсынұлының да қазақ тiлi бойынша тұңғыш зерттеулерiн осы "Айқап" журналында жариялағанын айта кеткен дұрыс. Алайда 1915 жылы 80-нен аса саны жарық көрген, қазақтың тұңғыш ағартушы журналы болған "Айқапты", бiр мәлiмет бойынша, отаршыл әкiмшiлiк күштеп жапты, басқа дерек көздерiне сәйкес, қаржы тапшылығынан жабылды.
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар "18 ақпан жарлығы" шығысымен өздерiнiң саяси талаптарын әйгiлi "Қарқаралы петициясына" тiзiп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтедi.
Петицияның 3-тарауында: "Қазақ халқының қазiргi мұқтажын айқындау үшiн қазақ тiлiнде газеттер басып шығару қажет, ол үшiн бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртiбiн орнату керек болады" деп жазылған едi.Сол жылғы желтоқсан айының басында ақпарат көзi ретiнде Санкт-Петербургтiң "Новая жизнь" газетiн сiлтеп көрсеткен семейлiк "Семипалатинскiй листокъ" "17 қазан манифесi мен одан кейiнгi тұста Ә.Бөкейхановтың қазақ тiлiнде газет басып шығару үшiн қырға кеткенiн" хабарлады. Ал қараша айында Бөкейхан Ресейдiң "жергiлiктi (земский) және қалалық қайраткерлерiнiң" Мәскеудегi съезiнде қазақтың сөз бостандығына зәру екенiн айтып сөз сөйледi. Ол: "Ана тiлiн еркiн қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсiресе алдағы сайлау науқанына қажет" деп мәлiмдедi.
Тарихи деректерге қарағанда, "Қазақ" деген атаумен қазақ газетiн шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы күнi берiлген. Ал апталық "Қазақ" газетiнiң алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сiнде жарық көрдi де, 1915 жылдан аптасына екi рет шығатын болды. Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтiп, тозып жетiп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркiстан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлiнген (Қыр баласы. Қазақ. "Қазақ" газетi, 1913 жыл, № 8) Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi жұрт жаздырып алды. "Қазақ" газетiн метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскiге дейiнгi университеттерiнде бiлiм қуып жүрген қазақ студенттерi жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседi. Аз уақыт iшiнде "Қазақ" 5 миллионға жуық көшпендi халықтың көпшiлiгi бiлетiн басылымға айналды.
Алғаш жарық көрген күнiнен бастап "Қазақ" газетi қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өмiрiне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет еттi. Оған қоса өзiнен бұрынғы басылымдардың бiрi де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бiрiншi жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған "Қазақтың" таралымы, Оксфорд университетi зерттеушiлерiнiң мәлiметiне қарағанда, көп кешiкпей 8 мыңнан асып жығылды. Бұл өзiнен бұрынғы басылымдардың бәрiн қосқанда да көп болады. Егер "Серке" мен "Қазақ газетi" немесе "Айқап" журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бiр азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, "Қазақ" газетi тиянақты мақсат-мүдденi көздеп, тұрақты қаржыландыру көзiне сүйенген ұжым едi.
Егер қайсыбiр басылым, мысалы, "Қазақстан" мен "Қазақ газетi" немесе "Айқап" негiзiнен қаржының жетiспеуiнен тоқтап қалған болса, "Қазақ" газетiнiң сенiмдi демеушiлерi болғанына мынадай дәлел бар: газет шығып тұрған 1913 жылдың ақпанынан 1917 жылдың соңына дейiн оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы сан рет тұтқынға алу немесе айыппұл төлеу секiлдi түрлi жазаға тартылса, абақтыға жабылған әр жолы бiрнеше мың патша рублi мөлшерiнде ақшалай кепiлдiк төлеп босап шығуына тура келетiн. Ол заманда мұндай қаржыға "Қазақ" секiлдi бiрнеше газет ұйымдастырып басып тұруға болатын.
Әлихан Бөкейхан 1910 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген "Қазақтар" атты тарихи очеркiнде атап көрсеткендей, 1917 жылға дейiн қазақ арасында қалыптаса бастаған екi саяси толқынның бiрiн "ұлттық-дiни қозғалыс" деп атауға болады. Екiншi саяси қозғалысты Бөкейхан "батысшыл" деп атайды және "ол қазақ даласының келешегiн - ең кең мағынада айтқанда - саналы түрде Батыс мәдениетiн жүзеге асыру арқылы көредi". Егер де алдыңғы мерзiмдi басылымдарды негiзiнен ұлттық-дiни қозғалыстың өкiлдерi ашқан болса, "Қазақ" газетiнiң құрылтайшылары - Әлихан Бөкейханның өзi мен оның сенiмдi үзеңгiлестерi Ахмет Байтұрсынұлы және Мiржақып Дулатұлы сынды "батысшылдар" болатын.
Оксфорд университетiндегi Орталық Азияны зерттеу қоғамының пiкiрiнше, "Қазақтың барлық маңдайалды жетекшiлерi оның ("Қазақ" газетiнiң) қызметкерлерiнiң арасында жүрдi, оның iшiнде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.Х.Жүндiбайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар...". "А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерiнiң қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерiн жариялады. Жалпы "Қазақ" газетi өте жоғары ғылыми деңгейге жеттi" деп есептейдi Оксфорд университетiнiң зерттеушiлерi. Әйтсе де "Қазақ" газетiнiң құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, негiзi 1905 жылғы "Қарқаралы петициясына" жазылған саяси мақсаттар мен мүдделердi де, оның iшiнде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келдi.Петицияда көрсетiлмеген маңызды мүдденiң бiрi - газеттiң атауы. Ол туралы "Түрiк баласы" газеттiң екiншi санынан бастап "Қазақ тарихы" айдарымен жарияланған тiзбектi мақаласында былай деп жазды: "...Бiздiң қазақ өзiнiң атынан айырылып, қырғыз атанып жүрмекшi емес. Қияметке шейiн қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзiн ашып, бетiн түзесе, өзiнiң қазақшылығын жоғалтпағандай және өзiмiздiң шарқ әдетiне ыңғайлы қылып "Қазақ мәдениетi" (Казакская культура) құрып, бiр жағынан "Қазақ әдебиетi" (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы" (Түрiк баласы. Қазақ тарихы. "Қазақ" газетi, 16 ақпан, 1913 жыл, № 3).
"Қазақ" пен оның құрылтайшыларының орта және ұзақ мерзiмге жоспарлаған мақсаттарына келсек, олар мыналар:
- Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтiру;
- Келiмсектердi қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркiленген жерлердi қазақтарға қайтарып алып, меншiктi жерi ретiнде заңдастыру;
- "Ауыл мектептерiне қазақ әлiппесiн енгiзу, осы мектептерде балаларды ана тiлiнде оқыту" және "Болыс кеңселерi мен халық соттарында iсқағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу" арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру;
- Дала өлкесiне заң жүзiнде земство (жергiлiктi басқару) тетiгiн енгiзу мен дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетiнiң негiзiн салуды бастау;
- Қазақтарды әскери қызмет етуге заң арқылы мiндеттеу, сол арқылы қазақтар үшiн қазiргi заманның әскери iлiмi мен қару-жарағына жол ашу.
Ал "Қазақ" газетi мен оның құрылтайшыларының көздеген түпкiлiктi мақсаты - қазақтың ұлттық мемлекеттiгiн қайта көтеру және Әлихан Бөкейхан өзiнiң "Қазақтар" очеркiнде атап өткендей, қазақтың ұлттық салт-дәстүрi негiзiнде "батыс мәдениетi жүзеге асырылуға тиiс" болатын.
Алдына мiне, осындай мақсат-мүдделердi қойған "Қазақ" газетi мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билiк дәуiрiнде қантөгiссiз күрес жолымен жетуге ұмтылды. Алайда отаршыл империя заманынан аман шыға бiлген "Қазақ" газетi совет өкiметiнiң Қазақстанға билiк орнатуға тырысқан алғашқы күндерiнде-ақ - 1918 жылдың наурызында бiржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшiлiгi саяси қуғын-сүргiн кезiнде атылып кеттi.
Қадiрлi оқырман, бұл мақала қысқартылмай толық берiлдi. Пiкiр бiлдiргiңiз немесе ғасыр басында шыққан "Қазақ" газетiне қатысты тың мәлiметтер бергiңiз келсе, azattyq.org сайтының форумына кiрiңiз.
«Жас Алаш» газеті