«Қазатомөнеркәсіп» Ресейге сатыла ма?
Белгілі саясаткер Арман Шораев жуырда өзінің «You Tube-тағы» ресми арнасында «Қазатомөнеркәсіп/Бұл Тәуелсіздікті сату» (Это продажа независимости/Казатомпром) атты шағын ғана бейнежазба жариялады.
1,5 минуттық бейнежазба 7 қыркүйек күні жарияланған. Күні бүгінге дейін 15 мыңға жуық адам көрген. Онда Шораев мырза «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының жекешелендіріліп, кейін Ресейге сатылатыны жайлы баяндайды.
«Уран қоры жөнінен еліміз әлемде бірінші орында тұр. Сол секілді өзге де пайдалы қазбалар қоры жөнінен біз әлем елдері қатарында алғашқы ондықтамыз. Кейде осының өзі мен үшін қарғыс секілді көрінеді. Мұнай дегеніңіз – қарғыс! Алтын, алмас, темір т.б. – барлығы да қарғыс секілді. Әрине, уран қоры жөнінен біз әлемде даусыз бірінші орындамыз.
Маған жуырда белгілі болғандай, біздің кейбір «көкелер» кетераяққа ақшаны басып қалуды көздеген секілді. Олар «Қазатомөндірісті» (Казатомпром) жекешелендірмекші. Алпауыт атом өндірісін жекенің қолына бермекші. Онда да біздің «шық бермес шығайбай көкелер» оның ақырғы бенефициары (қожайыны) емес, ортадағы делдал ғана болмақ. Онан әрі бұл саланы, «Қазатомөндіріс» Ұлттық компаниясын Ресей Федерациясына сату жоспарланған.
Менің түсінігімде, бұл – Тәуелсіздікті сатумен пара-пар! Мен бұл сөздерді анау қулығына құрық бойламайтын «көкелерге» қарата айтып отырмын, егер алда-жалда осылай бола қалса, мен алғашқылардың бірі болып алаңға шығамын!», - дейді Арман Төлегенұлы.
Біз Шораев мырзаның өзіне хабарласып, осы мәселеге қатысты пікірін білген едік.
«Қазатомөндіріс» басшылығына бірден-бір лайық адам – Мұхтар Жәкішев
Арман Шораев:
- Бұл ақпарат нақты. Жекешелендіріледі деген жоқпын. Бірақ, жекешелендіруге әрекет етіп жатқан адамдарды білемін. Өзіміздің қазақтың қарадомалақтары. Соған жол бермеу үшін мен осы үндеуді жарияладым.
«Қазатомөндіріске» ешбір салмағы жоқ адамды басшылыққа әкелгенінің бір себебі де осы болуы керек. Мен «Қазатомөндіріс» туралы осыдан бір-екі ай бұрын естігенмін. Бірақ, оған аса бір мән бермеген едім. Ал мынау биліктің соңғы әрекеттеріне қарап, шынымен осы ойға келдім.
АЭС-ке қатысты қазір қоғамда пікір көп қой. Егер АЭС салу керек болса, Француздар, Немістер немесе Жапондар салғаны дұрыс. Ресейліктерді жолатуға тіпті, болмайды. Қазір Ресей бізге қатысты неше түрлі «шантаж» жасап жатыр.
Ал «Қазатомөндіріс» басшылығына бірден-бір лайық адам ол – Мұхтар Жәкішев. Ол кісі әбден шығынға батып, тізерлеп қалған үлкен компанияны елімізде ғана емес, бүкіл әлемдегі ең алдыңғы компания жасады. Ал оны қамаудың артында сөзсіз Ресей, Ресейдің ФБС-сы тұрды. Сондықтан, егер біз құлдық санадан арылып, өз тізгінімізді өзіміз ұстаймыз десек, Мұхтарды қайтадан өз орнына апару керек.
Түйін:
Қазақстан уран өндірісі жөнінен 11-12 жылдан бері әлемде көшбасшы. Ал Қазақстанда әлемдік уран қорының 14 пайызға жуық үлесі бар екен. Қазір Қазақстан өз уранын Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Еуропа мен Солтүстік және Оңтүстік Америка елдеріне экспорттауда.
Мұхтар Жәкішов «Қазатомпром» басшысы болып тұрған кезде еліміздің уран өндірісіндегі ресейліктердің үлесін азайтып, біржола тәуелсіз экономикалық саясат жүргізуді қалады. Шетелдік алпауыт уран өндірушілердің көмегімен дербес даму жолына түскен тұста сотталып, абақтыдан бір-ақ шықты.
Жәкішов қамалғаннан кейін біз уран өндіру ісін Ресейдің тізгініне біржола ұстата салдық. АҚШ қазір Ресейге қарата санкция-соққыларын төпелетіп жатыр. Сол соқылардың бірі онсыз да мұрттай ұшуға дайын отырған қазаққа кеп тиді.
Тақырыпқа тұздық:
Биыл жыл басында (наурыз айында) «Қазатомпром» Қытайға уран кен орнын сатпақ», - деген әңгіме шықан. Дәлірек айтқанда, Қытай Түркістан облысындағы «Қазатмөнеркәсіпке» тиесілі екі уран кен орынынан қомақты үлес сатып алатыны, екіжақты келісімдерді 2021 жылдың маусымына дейін аяқтау жоспарланғаны туралы белгілі болған. Тіпті, бұл туралы ақпарат 2020 жылдың желтоқсанында жария болған. Ол кезде «Курсив» сайты «Қазатомпром 49% акциясын Қытайға сатпақ», деп жазған.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz