Ең төменгі жалақы: Қазақстан қай деңгейде?
Қазақстандағы ең төменгі жалақы деңгейі қазіргі таңда 42500 теңгені құрайды. Бұл 100 доллар деген сөз. Президент жыл сайынғы халыққа жолдауында оны көтеру туралы бастамасын айтты. Ендігі таңда ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл 2022 жылы іске асады. Жалақы көлемі көтерілген сәтте, Қазақстан ЕЭО елдері арасында ең төменгі жалақы деңгейінің көлемі бойынша екінші орынға шығады. Біздің алдымызда тек Ресей елі тұр. Алайда 60 мың теңгенің өзі аса жоғары емес. Бұл қаржыға не сатып алуға болады?
Президент ең төменгі жалақы деңгейі "ТМД-ның бірқатар елдерінен төмен екенін" атап өтіп еді. Ең төменгі жалақы 2018 жылдан бері өзгерген емес. Қазіргі 42500 теңге көлеміндегі ең төменгі жалақымен Қазақстан Ресей, Беларусь және Армениядан төмен тұр. Бұл дегеніміз ортақ экономикалық одақта біз тек қана Қырғызстанның алдындамыз дегенді білдіреді.
Ең төменгі жалақы бұл жұмысшыға қалыпты жағдайда және айына қалыпты жұмыс уақытымен ақшалай төлемдердің кепілдендірілген минимумы болып табылады. Мемлекет барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарға өз қызметкерлеріне ай сайын ең төменгі жалақыдан кем емес мөлшерде төлеуге міндеттейді. Осылайша, ең төменгі жалақы - мемлекеттік әлеуметтік кепілдік десек те болады.
2022 жылдың қаңтарынан бастап 60 мың теңге болатын ең төменгі жалақығы не алуға болады? Оны экономикалық одақтағы елдермен бірге қарастырған дұрыс болады.
ЕАЭО елдері мен Өзбекстандағы ең төменгі жалақы көлемі келесідей:
Қазақстан - 60 000 теңге
Армения - 58 783 теңге
Беларусь - 51 020 теңге
Қырғызстан - 9866 теңге
Ресей - 74 480 теңге
Өзбекстан - 29 791 теңге
Бұл әрине 2022 жылдың 1-қаңтарынан басталатын көрсеткіш, яғни 60 мың теңгеге дейін көтерілумен есептесек. Ал қазіргі уақытпен алсақ 42500 теңгемен Қазақстан Өзбекстан мен Қырғызстанның ғана алдына шыға алар еді. Мысалы ең төменгі жалақыға Өзбекстанда нанды көп сатып алуға болса, еттің көп бөлігін Беларусьте, ал сүтті Арменияда сатып алуға болады екен. Бұл аталмыш мемлекеттерде өнім бағасының арзандау болуымен де тікелей байланысты.
Ал шынайы көрсеткішті алып қарайтын болсақ, онда 60 мың теңгенің өзі бір адамның өмір сүруіне жеткіліксіз. Оған инфляция деңгейі мен пәтер ақысы, жол және азық-түліктің қымбаттауын қоссақ, онда тіпті аз екенін түсінеміз. Нарықтағы бағаны тұрақтандыру механизмдері дұрыс жұмыс істемейтін Қазақстан үшін, ең төменгі жалақының 60 мың теңгеге көтерілуі нарықтың да ретсіз баға көтерілуіне әсер етуі мүмкін.
Abai.kz