Жұма, 22 Қазан 2021
Өзгелер 797 7 пікір 21 Қыркүйек, 2021 сағат 11:10

Тәлібтер билігі: әйел құқығы қорғалуда ма?

Ауғанстан билігін күшпен тартып алған Талибан қозғалысы әйелдер құқығына қатысты бірқатар шешімдер қабылдап жатыр. Оның басым бөлігі әйелдерге түрлі тыйымдар салудан тұрады. Әйелдер енді билікте болмайды. Ауғанстан үкіметінде бұған дейін 30 пайыз әйелдер болған еді. 

Талибан жаңа заң қабылдады. Ол «Негіздер» деп аталып, қоғамдағы қатынастарды реттеп отыратын құқықтық құжат болмақ. Құжат жұмыс істеу, сөйлеу, діни жоралғыларды орындау сынды түрлі салаларды қамтиды.

The Guardian-ның жазуы бойынша, тәлібтер билікті алған сәтте әйел құқығына көңіл бөлеміз деген уәдесінде тұрмаған. 1990 жылдары билікті басып алғандағы әдетін қазір қайта іске асыра бастаған.

Соңғы күндері тәлібтер әйелдер мен қыздарға қатысты оннан астам ережелерді бекітті. Ережелер бойынша қыздар әзірге мектепке оралып, оқуларын жалғастыра алмайды. Ал ұлдар өткен аптада оқуға кіріскен болатын. Ал студенттер бөлініп, сегрегацияны сақтап білім алатын болады. Оның үстіне олар исламдық дресс-кодты сақтауы тиіс.

Өткен жұмада тәлібтер әйелдер ісі бойынша министрлікті жауып, оның орнына ислам негізін ұстану бойынша орган құрды. Бұл өзгеріске Кабулда ондаған әйел қарсы шығып, «Әйел белсенді емес қоғам - өлі қоғам» деп ұрандатқан болатын. Алайда тәлібтер наразы әйелдер тобын газ шашып, таяқпен ұрып, таратып жіберді.

Кабул басшысының міндетін уақытша атқарушы Хамдулла Намони алғашқы пресс-конференциясын берді. Ол Талибан билікке келгенге дейін қала әкімдігіндегі қызметкерлердің үштен бір бөлігі әйелдер болғанын айтты. Ол енді әкімдікте қызмет еткен әйелдер үйде отырып, нұсқаулық күту керектігін мәлімдеді. Ол әзірге қоғамдық дәретханаларда қызмет ететін, инженерлік бөлімде жұмыс істейтін әйелдерге ғана рұқсаттың барын жеткізді.

Намони сонымен қатар, тәлібтер Кабулдегі бірқатар шектеулерді алып жатқанын да ескертті. Бұған дейін министрлік пен президент сарайы алдына қоршаулар қойылған болатын, енді оларды алып тастауда.

Тәлібтер әйел кәсіпкерлерге де кәсіптерін күйеулеріне не аға-інілеріне өткізуді бұйырған. Ауғанстанда тәлібтердің билігі орнағанға дейін 1000-нан астам әйел кәсіппен айналысқан болатын. Бұған дейін Талибан қозғалысы әйелдерге кәсіби спортпен айналысуға тыйым салған-ды.

Abai.kz

7 пікір