Бейбіт Қойшыбаев. Жазушыларға әділетті шығармашылық одақ қажет
Abai.kz ақпараттық порталы жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Жазушыларға әділетті шығармашылық одақ қажет» деген тақырыптағы Жазушылар одағы мен қаламгерлердің шығармашылық үйіне қатысты жазылған мақаласын бере отырып, мақалада айтылған мәселелерге байланысты қарсы тараптың айтары болса, жариялауға қашан да дайын екенін ескертеді.
Abai.kz ақпараттық порталының доктринасына сәйкес, портал қандай да бір мәселелерде еш қай жаққа да бүйрегі бұрып, бұра тартпайды. Сондықтан әрқашанда түрлі мәселеде әр тараптың сөзін беруге дайын.
«Абай-ақпарат»
Бұл мақала «Жас алаш» газеті үшін (редакцияның тапсырмасымен!) жазылған еді, бірақ, өкінішке қарай, газет бетінен әзірге оған орын бөлінер емес...
"Жас Алаш" газетiнiң 26 сәуiр күнгi санындағы «Жазушылар құрылтайы Жарғыға сәйкес өтедi» деген жауап-мақалада 16 жыл бойы «тақта» отырған топ «Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты» деген атпен: «Бiр кездерi «ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында» кете жаздаған ұйым ғимараттары қара шаңырақ қарауына қайтарылды», - деп, жылдан жылға үзбей айтып келе жатқан өтірігін (жасанды сылтауын) тағы қайталапты.
Abai.kz ақпараттық порталы жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Жазушыларға әділетті шығармашылық одақ қажет» деген тақырыптағы Жазушылар одағы мен қаламгерлердің шығармашылық үйіне қатысты жазылған мақаласын бере отырып, мақалада айтылған мәселелерге байланысты қарсы тараптың айтары болса, жариялауға қашан да дайын екенін ескертеді.
Abai.kz ақпараттық порталының доктринасына сәйкес, портал қандай да бір мәселелерде еш қай жаққа да бүйрегі бұрып, бұра тартпайды. Сондықтан әрқашанда түрлі мәселеде әр тараптың сөзін беруге дайын.
«Абай-ақпарат»
Бұл мақала «Жас алаш» газеті үшін (редакцияның тапсырмасымен!) жазылған еді, бірақ, өкінішке қарай, газет бетінен әзірге оған орын бөлінер емес...
"Жас Алаш" газетiнiң 26 сәуiр күнгi санындағы «Жазушылар құрылтайы Жарғыға сәйкес өтедi» деген жауап-мақалада 16 жыл бойы «тақта» отырған топ «Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты» деген атпен: «Бiр кездерi «ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында» кете жаздаған ұйым ғимараттары қара шаңырақ қарауына қайтарылды», - деп, жылдан жылға үзбей айтып келе жатқан өтірігін (жасанды сылтауын) тағы қайталапты.
Қажетті шегініс. 2010 жылғы 22 қыркүйекте әдеби басылымдардың 75 жылдығына арналған мерейтойлық конференция өтті. Оған жазушылардан гөрі әдебиетсүйер қауым, студенттер көбірек қатысқан. Сол жиында қаламгерлердің «дүние-мүлкіне бас-көз болып отыратын құрметті төраға» қажет екендігі сөз болып, әлдеқандай шешім қабылданғаны жайында естілген. Артынша баспасөзде наразылық білдіріле бастады. Соған байланысты, әлгі мерекелік конференциядан айдан астам уақыт өткенде, дәл айтқанда 2010 жылғы 29 қазанда «Қазақ әдебиеті» газеті жазушылар ұйымы басшысының кіріспе мақаласы мен конференцияның есебін берді. Содан білгеніміз, ұйым басшысы: «Кешегі бөлініп, талауға түскен дүние біз келгенде «Госкомимущество» деген мекеменің қаулысымен қайда, кімге беріліп кеткенін қалай ұмыта қойдыңыздар? «Жазушылар одағы шығармашылықпен айналысуы керек. Ал «Литфонд» шаруашылықпен айналысуы керек» деген «пышақ жүзі» бөлісінің ақыры ұйым басына қандай қатер төндіріп, даудың соңы үш жарым жылдық сотқа тірелгенін неге ұмытуымыз керек. ...Шығармашылық билік деген не? Шығармашылық билікті қарап отырсам, Жазушылар одағының төрағасында мына қағаз бен қаламнан өзге ештеңе қалмаған. Қалғанының бәрін «Литфонд» алып қойған. «Литфонд» өз кезегінде жеке-дара қоғамдық ұйым болып, үкіметтің қаулысын шығартып, меншіктің бәрін толық өзінің иелігіне алып қойған. Солардың бәрін қайтару үшін қаншама уақыт кетті», - деп қынжылған екен.
Байқаған боларсыздар, бүгінгі басшылық билікке келгенде «Госкомимущество» деген мекеменің (ал ол - мемлекеттік меншікті басқаратын үкіметтік құрылым!) қаулысымен... «Литфонд» (жазушылардың «Әдеби қор» қоғамдық бірлестігі) ...меншіктің (ұйым басшысы айтқан «бөлініп, талауға түскен дүниенің») бәрін толық өзінің иелігіне алып қойған», «солардың бәрін қайтару үшін қаншама уақыт кетті», «даудың соңы үш жарым жылдық сотқа тірелген». Анықтай кетейік: бұл басшылық ұйымды басқаруға 1996 жылдың жазында келді, демек, содан бастап 3,5 жылын, яғни 2000 жылға дейінгі уақытын соттасуға жұмсаған...
Тағы да қажетті шегініс. 1990 жылы СССР Әдеби қорының пленумы өзінің құрамындағы республикалық бөлімшелерді шаруашылық есепке көшіру керек деп шешті. Соған сәйкес тиісті бөлу балансын жасап, Алматыдағы Шығармашылық үйді СССР Әдеби қоры өзінің Қазақ бөлімшесінің меншігіне берді. Шығармашылық үйдің шаруашылық есеппен жұмыс істеуге кірісуіне мүмкіндік туғызу үшін, сол жыл бойы орталықтан бұрынғысынша қаржыландырып тұрды. Алайда Қазақстан Жазушылар одағының басшылары О.Сүлейменов, С.Мұратбеков, Ә.Әшімов, Қ.Тұрсынқұлов (бұл кісі одақ хатшысы ретінде СССР Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің де жұмысына жауап беретін), СССР Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры С.Жүнісов Шығармашылық үйді өзін-өзі қаржыландыру дәрежесіне жеткізу жайын ойлай қоймады. Сондықтан, Мәскеуден түсіп тұрған қаржы 1991 жылы біржола доғарылғанда, Шығармашылық үйдің күллі тіршілігін бетімен жіберді. Жазушылар одағының ғимараты да сан қилы жалға алушыларға толды...
1991 жылғы қыркүйектегі съезде тұңғыш рет тікелей дауыс беру жолымен бірінші хатшы болып Қ.Найманбаев сайланды. Ол одақты қиын ахуалдан құтқару үшін, әкімшілік жолмен ірі өзгерістер жасады: ғимаратты жалға алушылардың біреуіне ғана тоқталып, басқаларын аластады. Сосын одақ ғимаратының шаруашылық жүргізуге ең қолайлы бөлігін (Әдебиетшілер үйін) және Тайманов көшесіндегі Шығармашылық үйді әлгі коммерсанттың қарауына берді. 1991 жылғы қазанда өткен 1-пленумда басқарма хатшысы болып Т.Әбдіков пен Б.Қойшыбаев сайланды. Дүние-мүлікті сол коммерциялық мекемеге 1991 жылғы қазанда Б.Шаханов бастаған (құрамында жаңа хатшы Б.Қойшыбаев бар) комиссия өткізді. Көп ұзамай, қаламгерлердің ұтылғаны белгілі болды, жазушылардың наразылығы күшейді. Одақ, алайда, коммерсанттарды мүлікті қайтаруға көндіре алмады. Бірақ сотқа жүгінуден қашты. Сонда, ақыры, Шығармашылық үйдің заңды қожайыны ретінде, Әдеби қор (басқарма төрағасы Б.Қойшыбаев, директор Н.Төлеупов) өз мүддесін құқықтық жолмен қорғауға шықты...
Бір жарым жылдай уақытқа созылған соттасу нәтижесінде Әдеби қор жеңіске жетті. Шығармашылық үйден коммерсанттарды аластайтын уақыт белгіленді. Бірақ оны Жоғарғы арбитраждық сот бұзды. Бұл 1994 жылдың мамыры еді. Содан кейін Жоғарғы төрелік соттың арнайы бригадасы заңды қақпақылдаумен, қайткенде Әдеби қордың талап-арызын қанағаттандырмау жолын қиыстырумен сегіз ай бойы шұғылданды. Бұл іске жазушылар арасындағы астыртын әрекет-қимылдың шеберлері де атсалысты. Солардың тікелей жәрдемімен коммерсанттар Бас прокуратура арқылы Әдеби қордың заңды тұлғалық мәртебесін жоюға тырысты. Әдеби қордың Жарғысын тіркеген Әділет министрлігіне 1994 жылдың жазында Бас прокуратура наразылық жолдады. Соған байланысты Әдеби қор сол жылдың тамызында Төтенше съезд шақырды, Жарғысын заңнамаға сәйкестендіретін толықтырулар мен түзетулер жасап, қайта тіркеуден өткізді.
Жоғарғы сот судьясы одан соң да істі сағызша соза қарап, ақыры әлдебір ілік тапқандай болды да, Әдеби қордың талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Сосын оны Сот шешімдерінің заңдылығын қадағалайтын алқа бұзды. Ақыры, коммерсанттар Шығармашылық үйден 1995 жылғы 14 маусымда мәжбүрлеу жолымен шығарып жіберілді...
Шығармашылық үйді қаламгерлердің өздері басқаруға кірісті. Жазушылардың кәсіпкерлік қызметке де бейімделуіне толық мүмкіндік жасау мақсатында Әдеби қор шаруашылық жүргізуші ірі субъект дәрежесіне жетуге ұмтылды. Көздеген мақсатқа жету үшін, Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасында 25.01.1995 ж. Қызметтестік туралы келісімшарт жасалды. Онда Жазушылар одағы шығармашылық, қоғамдық-саяси мәселелермен, ал Әдеби қор оның қаржылық тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін шаруашылық мәселелерімен шұғылданатын болып келісілді. Үкіметтің тиісті ведомствосының шешімімен Жазушылар одағының ғимараты 5.04.1996 ж. Әдеби қордың балансына берілді. Содан ғимаратты сүлікше сорған коммерсанттардан арылу қажеттігі күн тәртібіне шықты.
Тарихи құнды ескерткіштер қатарындағы ғимараттың үлкен бөлігіне коммерсанттардың қожалық етуін бұрыс деп санаған қалалық прокуратура мемлекет мүддесі тұрғысынан сотқа талап-арыз түсірді. Қалалық сот Жазушылар одағы мен коммерциялық ұйым арасындағы Әдебиетшілер үйі жайында жасалған келісімшартты заңсыз деп тапты. Енді сот шешіміне сәйкес, коммерсанттарды Әдебиетшілер үйінен мәжбүрлеп шығарып жіберу ғана қалған еді.
Алайда тап осы кезде - 1996 жылғы 29 маусымда одақ билігіне келген жаңа басшылық (Н.Оразалин, Т.Медетбеков, Ғ.Құлахметов, кейінірек Қ.Тұрсынқұлов) коммерсанттарды жоғарыда айтылған сот шешіміне сәйкес Әдебиетшілер үйі ғимаратынан мәжбүрлеп шығарып жіберуді қажет етпеді. Тіпті, Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасындағы Қызметтестік туралы келісімшартты да елең қылмады. Жазушылар меншігін қорғау жолында бастан кешілген сот марафоны кезінде коммерсанттарға астыртын қолдау көрсетіп, Әдеби қорды жоюға құпия әрекеттенген азаматтар енді мүлдем ашық кетті. Ұзамай солардың әсіре белсенділігі ортақ іске өте залалды нәтиже берді: 1996 жылғы 2 желтоқсанда Жоғары сот судьясы Әдеби қор жарғысының 1992 жылы тіркеуден, 1994 жылы қайта тіркеуден өтуінің де күші жойылсын деген шешім шығарды. Бұл шешімді Жоғары сот алқасы 1996 жылғы 26 желтоқсанда өз қаулысымен бұзған болатын, алайда әлгі судья өзінен жоғары тұрған алқа қаулысын елең қылмай, 1997 жылғы 10 қаңтардағы ұйғарымымен Әдеби қорды мүлдем жоюға пәрмен берді. Ал бастықтары оны түзеуді ойына да алмады. Заң мен заңнаманы осынша өрескел бұзушылықты, соттағы сыбайластыққа жол берушілікті Президент Н.Назарбаев «істі әділ қарамайтын судьялар не сауатсыз, немесе өздерінің белгілі бір мүдделері бар» деп бағалаған-ды, соның бір мысалы жоғарыда айтылған жәйт екені анық еді...
Түйін. Жазушылар одағы Тәуелсіздіктің алғашқы айларында бюджет тарапынан қаржыландырылмайтын қоғамдық ұйым ретінде қайта құрылған. Кеңес кезінде жақсы өмір сүріп, өкіметтің алақанында жүрген, масыл өмірге дағдыланып қалған жазушылардың бірқатары бұған көндіге алмады. Жаңаша тіршілікке бейімделудің орнына, реформа жасауға тырысқан әрекеттердің бәріне қайткенде кедергі келтірумен, тіпті, қолдарынан келгенше жоққа шығарумен айналысты. Ақыры, осы күнгі басшылық өзіне дейін істелген істі кері түгел кетіріп, келеңсіз контрреформаны «өте сәтті» жүзеге асырды.
Шағын талдау. Бірер сұрақ туады. Жазушылар одағының 1996 жылы сайланған жаңа басшысы «үш жарым жыл» кіммен соттасты? Жоғарыдағы мәтінге қарағанда, - әрине, «Литфондпен». Алайда ол «Литфондты» 1997 жылдың қаңтарында Жоғарғы сот судьясының шешімімен жойып жіберген еді ғой?! Осы жерде тағы біраз сауал тілге оралады: бұл бастық «Литфондты» жоюға неге құштар болды екен? Ең бастысы, «Литфондтың» мүшелері де, Жазушылар одағының мүшелері де кәдімгі қаламгерлердің өздері емес пе еді! Ендеше, Жазушылар одағына жаңа басшы келгенде, тап сол жазушылардың екінші ұйымы (Әдеби қор) оған қалайша жау болып көрінді? Қазақстан Әдеби қорын жойғаннан кейін, Халықаралық Әдеби қоры басшыларының бірі болуға оның қалайша ұялмай-қызармай дәті барды?! Жаңа басшының «шығармашылық билік» дегенді өте тар ауқымда - міндетті түрде меншікке билік жасау деп ұққанына не дейміз? Шындап келгенде, меншікке міндетті түрде билік жасауды қаласа, ондай тілегін Әдеби қорды сақтай отырып та (1. сол екі ұйым арасындағы Қызметтестік жөніндегі келісімшартты басшылыққа алып; 2. одан кейінгі қадам ретінде - Әдеби қор төрағалығын қоса алып жүруге өзін сайлатып та) жүзеге асыруына болар еді ғой? Неліктен бұлай болды?
Бар пәле - жаңа басшылықтың әділеттілікті, шындықты, заңдылықты сыйламауында, бәрін күшпен шешетініне сенгендігінде. Тап солай еткендігінің салдарынан сау басына сақина тілеп алды. Өйткені, коммерсанттардан дүние-мүлікті қайтарып алған Әдеби қорды (талап-арыз иесі болып табылатын қуынушы Әдеби қорды) жою - коммерсанттар мен Жазушылар одағы арасындағы бұрынғы бұзылған келісімшартты қайтадан күшіне кіргізді. Сондықтан да Одақ әлдеқашан біткен істі қайта қоздатуға мәжбүр болды. Жаңа басшы коммерсанттармен жаңа келісімшарт жасады. Соған қарамастан, ол өзінің құқықтық сауатсыздығы мен астамшылығынан жіберген қателігі мен кінәсін бүгіп, бар айыпты өзінен бұрынғыларға жаба беруді күні бүгінге дейін қолайлы көруде. Және бұл тарапта нәтижесіз де емес, өйткені қаламгер-бұқара инертті, бейтарап...
Қорытынды. Жаңа басшы мен оның командасы 1996 жылы одақты басқаруға келгенде: 1) Әдеби қордың меншігіндегі Шығармашылық үйдің директоры А.Мекебаев оның жұмысын рынок талаптарына сай жолға қою әрекетін жасап жатқан; 2) Жазушылар одағы ғимаратының үлкен бөлігін иеленіп отырған коммерсанттарды кетіру үшін Әдеби қор тарапынан мүмкін болған заңдық шаралар жасалған болатын: а) ғимарат Әдеби қор балансына алынған (мұндай әрекет арқылы коммерсанттардың Жазушылар одағынан қаржылық-мүліктік өтем талап ете алмайтынын көрсету көзделген-ді; ә) ғимаратты коммерсанттардың пайдалануы жөніндегі келісімшарт сот шешімімен күшін жойған.
Өкінішке қарай, жасалған істі жалғастырудың орнына, жаңа басшы мен оның командасы 1996 жылы билікке келген бетте құқықтық тұрғыда сауатсыз әрекеттер жасады: 1) Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасындағы Қызметтестік туралы 25.01.1995 ж. келісімшартты заңды құжат деп санамады; 2) түрлі астыртын және ашық байланыстарын іске қосып, Әдеби қорды заңды тұлға ретінде жойды; 3) қызметін жаманды-жақсылы жолға қоя бастаған Шығармашылық үйдің директоры А.Мекебаевтан құжаттарын сыпырып алды да, ғимаратты іс жүзінде жауып қойды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Әдеби қорды заңды тұлғалық мәртебесінен айырғаннан кейін, Жазушылар одағы коммерсанттармен бетпе-бет қалды. Одан кейінгі жәйтті жаңа басшының намысын жыртушы бір азамат 2010 жылғы мерекелік конференциядан кейін жазылған мақаласында: «...Одақтың ғимаратын, қолды болған басқа да мүлкін қайтарам деп Оразалиндер табанынан таусылып 6 жыл соттасып, кінәлі топтың кесірінен сот шығынына 4 миллиондай теңге төлеп (бұл жазушы қауымның ақшасы ғой, әлі де сотқа жүгініп, Одақ басшылары тым либералдық таныта бермей, айыптыдан өндіріп алуға болатын шығар) 49 рет сотқа барды», - деп жазды. Бар пәлені 1996 жылға дейінгі басшылыққа жасанды түрде үйіп-төгумен шұғылданды. Іс жүзінде сол көрсеткен шығындары мен олардың орнын толтыру жөніндегі ұсынысы құқықтық сауатының кемшіндігі салдарынан «табанынан таусылып 6 жыл соттасқан» бүгінгі «контрреволюционер» «Оразалиндерге» бағытталуы тиіс екенін жасырды. Өйткені онысы қазіргі басшылықты әбден қанағаттандыратын еді.
1996 жылға дейінгі басшылық қаламгерлер ұйымдарының жұмысына революциялық реформалар жасаған, сөйтіп, рас, қателіктер де жіберген. Дегенмен өз кемшіліктерін қолдарынан келгенінше түзетіп кеткен болатын. Ал 1996 жылдан бері биліктегілер - жаңа бастық пен оның командасы - ұйым жұмысына кері реформа, контрреволюция жасаумен айналысты. Құқықтық тұрғыда білімсіздіктен жасаған әрекеттері салдарынан «49 рет сотқа барды», «сот шығынына 4 миллиондай теңге төледі», басқа да ерсіліктер істеді, ендеше, қаламгерлер, әлгі «одақ жанашыры» айтқандай «либералдық таныта бермей», «жазушы қауымның ақшасын» сол жосықсыз әрекеттер жасаған «айыптыдан өндіріп алу» жайын ойланғандары жөн болар еді.
Жарғы хақында. 1991 жылғы съезд Жазушылар одағының болашақ Жарғысының негізгі нобайларын (бірінші хатшыны баламалы жолмен съезде тікелей дауыс беру арқылы сайлау, съезді бес жылда бір өткізу) белгіледі де, толық мәтінін қабылдауды съезде сайланған басқармаға тапсырды. Жарғы мәтіні Тәуелсіздіктен кейін, 1991 жылғы желтоқсанның екінші жартысында өткен басқарма пленумында қабылданды. Сонда белгіленген тәртіп 1996 жылғы съезде Жарғыға түзетулер енгізу жолымен емес, өрескел түрде жаңа Жарғы қабылдау арқылы бұзылды. Сөйтіп, жаңа Жарғы бойынша - сол съезде басқарма мүшелері болсын деп мінбеден оқылған тізімге делегаттар ашық дауыс берді де, бірінші хатшыны басқарманың жасырын дауыспен сайлауына қалдырып, тарап кетті. Съезд төрт жылда бір өтеді деп белгіленді. Алайда жаңа Жарғының тап осы мерзімдік шарты бір де бір сақталған емес. 2000 жылы өтуге тиіс съезд екі жыл асырылып, тек 2002 жылы әрең болды. Одан, 2006 жылы күтілген съезд 2007 жылы өтті. Содан кейінгі төрт жылдық мерзім былтыр туған, яғни тағы бір жыл асып кетті. Алайда, қызығы, «Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты» «Жас алашқа» 26 сәуірде: «ұйым Жарғысына сәйкес Қазақстан Жазушылар одағының Съезi (Құрылтайы) кемiнде 5 жылда бiр рет шақырылады», - депті. Бұл Жарғы газет-журналдардың «құрылғанына 75 жыл толуына орай өткен мерейтойлық конференцияның күн тәртiбiндегi екiншi мәселе» болып қаралғанда «бекітілген» екен. Күшті артымен диірмен тартады деген осы-ау. Ісің бұрыс болса да, қағазың дұрыс болсын... Еріксіз қынжылыс білдіруге тура келеді.
«Қазақ әдебиетінде» 29.10.2010 ж. берілген материалдарға қарағанда, аталмыш конференция ауқымында өткен күдікті жиында (съездің құқығына жататын жарғылық мәселені қарау жариялы күн тәртібінде көзделмегенмен, Жазушылар одағы басылымдарының юбилейлік конференциясына - одақ мүшелерінен гөрі әдеби басылымдардың былайғы оқырмандары - студенттер және өзге жанашырлар көбірек жиналған жиынға қойып, оны құдды ұйым жұмысын жетілдіру үшін арнайы шақырылған жазушылар конференциясы тәріздендіріп жалғастырған көзбояушылық сол жиналыстың мәртебесіне бірден сенбестік туғызады) «одақтың құрметті төрағасы» лауазымы тағайындалған. Осынау «құрметті төрағалыққа» құмартушылықтың астары қауымда сол шақта көп сөз етілді. Оның себебі де бар еді. Бастықтар Әдеби қорды жойып, оның қарамағындағы Шығармашылық үйді он шақты жыл бойы қаңыратқан да, ақыры, үкіметтің көмегімен жөндеуден өткізген. Бірақ, оның жұмыс істеуін ұйымдастыруды жазушыларға бермеді. Одан гөрі, ғимаратты әлдебіреулерге жалға өткізуді қолайлы әм тиімді көрді. Қандай құжат жасалды - құпия. Бүгінде қаламгерлер шығармашылық мүдделеріне орай онда барып тұра алмайды: ол шетелдіктердің үш жұлдызды қонақүйі, аула салып қоршап алған, күзеті бар. Жанындағы бақ егілген аумақтың кімге қызмет етіп жатқаны да құпия. Анығы - бастықтарымыз Жазушылар одағы мүшелеріне бұл жайында есеп бермеді, шаруашылық мәселесін бірде-бір рет ашық талқыға салып көрген емес. Бірақ «шығармашылық билік дегенді» - тек қана құпия коммерциялық жұмыс деп білетіні көзге ұрады. Сондықтан да, әлгі күдікті жиында сөйлегендердің пікіріне қарағанда - «өзі тірнектеп жинаған», бірақ құпия астарлары бар «дүние-мүлікті бақылап тұратын», «вето қоюға хақы бар» «құрметті төраға» лауазымы өте қажет боп тұрған болып шықты.
Шамасы, (съезд емес, арнайы шақырылған ұйымдық конференция емес) сол күмәнді жиын атынан әдіптеліп, Жарғының әдебиет чиновниктері тарапынан астыртын толықтырылған, түзетілген - тиісінше, бес жылдық мерзімді де енгізе қойған нұсқасы ресми тіркеуден өткізілген. Яғни, «Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты» деп аталатын топтың Жарғы мәселесін съездің талқылауына салмаған әрекеті бұзық болғанмен, жасап алған құжаты - «түзік». Тіркеуші мекеменің тілін таба білсең - бәрін қаламгер қауымның сыртынан жасай беруге болады, өйткені қалың жазушы - тобыр, тоғышар топ... Сондықтан да осындай ұстанымға сенімді одақ чиновниктері 26 сәуірдегі аталмыш мәлімдемесін жасап отыр. Олар енді «әртүрлi ақпарат құралдарында Қазақстан Жазушылар одағының атына сыңаржақ пiкiрлер айтып, қоғамдық пiкiр арқылы алауыздық тудыруға тырысып жүрген», «қаламгерлер қауымының тұтастығына сызат түсiргiсi келетiн» «түрлi пиғылдарды» елемейді. Ондайлармен арнайы пікірлесіп, бітімге келуге де тырыспайды. Ит үреді, керуен көшеді: ертең атқарылып жатқан «ұлан-ғайыр істер тізімін» жариялайды. Сөйтіп, «қоғамдық ұйымды бөлшектемекшілердің» аузына «құм құяды»...
Бұдан кейін қай қаламгер қандай ой түйеді? Демократияны перде етіп, асқан шеберлікпен өзара кірігіп-ұйысқан, сыбайластықтың қыр-сырын жете меңгерген аз ғана топтың өздерін 16 жылдан бері қолжаулығына айналдырып келе жатқанын қалың жазушы ағайын қалай парықтайды? Әлде өздерін мұндай «азапқа» салуды қажет етпей ме? Әділетсіздіктің де өміршең болатынына таңырқап қоя сала ма? Өтірік өрлей берсін, есесіне - ұйым «тұтастығы» сақталады... Ал сын айтушылар - «тұтастыққа сызат түсiргiсi келетiндер». Шынымен солай ма? Қалыптастырылған жағдайға көндігіп жүре береміз бе? Әлде шын тұтастықтың шынайы пікір алмасуларда, әділетті шешімдер қабылдай білуде екенін есте ұстап, өзімізді өзіміз өркениетке сай тәртіпке келтіруге білек сыбана кірісеміз бе?!
Меніңше, әдеби төрелердің мәселені асықша үйіре алуы бұдан былай бізді алдай бермеуге тиіс. Бізге әділетті шығармашылық одақ қажет. Халыққа риясыз қызмет ететін Жазушылар одағы керек.
«Абай-ақпарат»