Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2219 0 пікір 13 Сәуір, 2012 сағат 07:27

ШҚО әкімінің есептік кездесуін республика жұртшылығы «ОТАU ТV» -дан тамашалады

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жергілікті атқарушы билік органдары жұмысының 2011 жылғы қорытындысы мен ағымдағы жылға арналған мақсат-міндеттер жөнінде ауқымды есептік кездесуін өткізген болатын.  Алқалы жиынның ауқымдылығы сол, оны Өскемендегі «Үлбі» мәдениет сарайына жиналған мыңға жуық тұрғындардан бөлек шаһардағы ЛЭД-панелдер мен «ОТАU ТV» сандық-спутниктік телеарнасы арқылы берісі облыс, арысы республика жұртшылығы тікелей эфирден тамашалады. Айта кетейік, мұндай тың бастама елімізде алғаш рет қолға алынды.

Алқалы жиынның ауқымы кең болды

Есептік кездесу басталмай тұрып мәдениет үйіне жиналған аудандар мен қалалардың өкілдерін, жауапты басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары қабылдап, сол жерде бірқатар мәселелер өз шешімін тапқан-ды.

Жиынға облыс орталығына жақын орналасқан аудан-қалалардың жауапты өкілдері, облыстық басқармалардың, департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, ақпарат құралдарының қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиынның ең басты қонағы ретінде Астанадан арнайы ат шалдырып келген Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов мырза қатысты.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жергілікті атқарушы билік органдары жұмысының 2011 жылғы қорытындысы мен ағымдағы жылға арналған мақсат-міндеттер жөнінде ауқымды есептік кездесуін өткізген болатын.  Алқалы жиынның ауқымдылығы сол, оны Өскемендегі «Үлбі» мәдениет сарайына жиналған мыңға жуық тұрғындардан бөлек шаһардағы ЛЭД-панелдер мен «ОТАU ТV» сандық-спутниктік телеарнасы арқылы берісі облыс, арысы республика жұртшылығы тікелей эфирден тамашалады. Айта кетейік, мұндай тың бастама елімізде алғаш рет қолға алынды.

Алқалы жиынның ауқымы кең болды

Есептік кездесу басталмай тұрып мәдениет үйіне жиналған аудандар мен қалалардың өкілдерін, жауапты басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары қабылдап, сол жерде бірқатар мәселелер өз шешімін тапқан-ды.

Жиынға облыс орталығына жақын орналасқан аудан-қалалардың жауапты өкілдері, облыстық басқармалардың, департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, ақпарат құралдарының қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиынның ең басты қонағы ретінде Астанадан арнайы ат шалдырып келген Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов мырза қатысты.

- Өткен 2011 жыл біздің облыс үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясындағы айтулы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-маңызды оқиғаларға толы, айшықты мәдени-бұқаралық іс-шаралар-мен ерекшеленген жыл болды, - деп сөзін бастаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бір сағатқа жуық уақыт бойы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен табыстары жайында, орындалған міндеттер турасында баян етті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін барлық деңгейдегі әкімдердің есептік жиындары өткізілген. Барлығы 972 кездесуге 130 мыңнан астам адам қатысып, олардың тарапынан 2265 сұрақ пен ұсыныс келіп түскен. Бұл - өткен жылғымен салыстырғанда 1074-ке кем. Сұрақтардың бұлайша азаюы жергілікті жердегі атқарушы органдар жұмысының нәтижесі, халықтың билікке деген сенімінің артып келе жатқандығын айғақтаса керек. Аймақ басшысы осыны ескеріп, биылдан бастап облыстағы барлық әкімдер екі мәрте ел алдында есеп беретіндігін жеткізді.

Жалпақ жұрт аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫ үнемі ат үстінде, ел аралап жүрген кезінде көреді. Мәселені сол жерде шешуді жөн санайтын Әкім былтыр облыстың барлық қалалары мен аудандарында 143 рет жұмыс сапарымен болыпты. Осы орайда 237 елді мекенге ат басын тіреп, халықпен 198 кездесу өткізген. Ол жиындарға ұзын саны 56 мыңнан астам адам қатысыпты. Бұған қоса барлығы 609 нысанды аралап көрген.

 

Өңірдің жалпы өнімі он жылда бес есе өсті

Өңірдің жалпы өнімі 1 триллион 400 миллиард теңгеден асып отыр, бұл - облыстың әрбір тұрғынына шаққанда 7 мың доллардан келеді екен. Яғни, 2001 жылғы көрсеткіштен 5 есеге көп. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 800 миллиард теңгені құрап, 10,1 пайыздық өсімге (республикадағы үлесі 5,1%) қол жеткіздік. 2015 жылға қарай мұны 7,7%-ға дейін жеткізу көзделуде.

Өткен бір жылда 6,5 мың отбасы жаңа пәтерлерге ие болса, ауылды жерлерде 186 жас маман несие арқылы баспанаға қол жеткізді.

Одан бөлек әлеуметтік салада 75 нысан қолданысқа берілді. Мұның бәрі тұрғындардың әл-ауқатына, жақсы тұрмыс кешуіне оң әсерін тигізгені анық. Байқап отырсақ, атқарылған шаруалар аз емес, алайда алда тұрған міндеттер одан да ауқымды. Өз сөзінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Елбасы Жолдауында көрсетілген әлеуметтік-экономикалық жаңғырту алдағы он жылдықта басты назарда ұсталатын мәселе екенін қадап тұрып айтты.

- Біздің негізгі міндетіміз - халықты еңбекпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Еңбекпен қамту саласында ең алдымен жүйелі оқытуды ұйымдастырып, білім алып шыққан адамдарды жұмысқа орналастыруда қолдау көрсетілуі керек. Былтыр кәсіби-техникалық білім беру жүйесін реформалауды қолға алғанбыз. Облыс бюджетінен материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1 миллиард теңге көлемінде ақша бөлдік. Өнеркәсіп өкілдері және кәсіпкерлердің қатысуымен өңірде кәсіби-техникалық білімді дамыту жөнінде одақ жұмыс істейді. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде бизнесті қалай тиімді жүргізу керектігін оқыту шаралары іске асырылуда, 587 шағын несие берілді. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 5 миллиард теңге игерілді, - деп атап көрсеткен аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ биыл бұл бағытта 6 миллиард теңге қарастырылғанын, 13 мың жұмыс орны құрылатынын, қайта оқытудан 8,5 мың адам өтетінін және 1200 шағын несие берілетінін жеткізді.

Дағдарыспен күресуге дайын отырмыз

Жоба демекші, былтыр индустрияландыру картасы аясында 16 миллиард теңгенің 9 жобасы өндіріске жол тартқан-ды. Жалпы аталмыш бағдарлама іске асырыла басталғалы бері өңірде құны 155 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба қолданысқа беріліп, қосымша 25 миллиард теңгенің тауар өнімдерін алдық. 2,5 мың жаңа жұмыс орындарын аштық.

Аймақ басшысы кездесу үстінде Еуропа елдерін есеңгіретіп, енді бізге қарай жылжып келе жатқан дағдарыстың екінші толқынына төтеп беру үшін бірқатар проблемаларды шешу қажеттігін нақтылады.

Дағдарыс кезінде өңірдегі өндіріс көлемі 17%-ға дейін, ал жұмыстан қысқарғандар қатары 19,1 мың адамға дейін жетуі ықтимал. Соған сәйкес төмендегідей іс-шаралар атқарылмақ: индустриялды-инновациялық бағдарлама аясында - 2,8 мың, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасымен - 2,6 мың, өңірлік «Жол картасы» аясында - 1 мың, шағын жобалар картасы бойынша - 11 мың, қолжетімді баспана бағдарламасымен 2 мың адам еңбекпен қамтылмақ. Нәтижесінде барлығы 20,2 мың адам кәсіппен айналысу мүмкіндігіне ие болмақ.

Бүгінгі күні мәселесі шешілмей тұрған бірқатар кәсіпорындар бар. Олар: Зырян ауданындағы «Серебрянка бейорганикалық өндіріс зауыты» ЖШС, Глубокое ауданындағы «Капитал құс фабрикасы» ЖШС, Шемонайха ауданындағы «Ертіс химия-металлургиялық зауыты» АҚ. Аталған кәсіпорындардың күрмеуі қиын күрделі мәселелерін шешіп, жұмысын жандандыру үшін үкіметтік деңгейде арнайы жұмыс тобы құрылып, әрекет етуде.

Индустрияландыру жобаларын жүзеге асыруда Катонқарағай және Глубокое аудандарының жұмысы мардымсыз. Облыс орталығында индустриялды аймақты қолданысқа беру және өндіріс орындарын орналастыру жағы әлі күнге аяқталмай отыр. Осы түйткілдерді алға тартқан Әкім аудандар әкімдеріне, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауылшаруашылығы басқармаларының басшыларына шалғай аймақтарда, шекараға жақын орналасқан елді мекендерде жаңа өндірістер ашуды ширату керектігін мықтап тапсырды.

Өңірді дамыту мақсатында басты назар тірек ауылдар құруға аударылған-ды. Ол үшін бюджеттен 635 миллион теңге бөлінген. Ауылды жерде индустриялды аймақ құрудың нақты мысалы Көкпекті ауданындағы құны 5,9 миллиард теңге тұратын «Елім-ай Көкпекті» инвестициялық жобасын айтуға болады. Жоба толық орындалса, 400 жұмыс орны ашылмақ. Айта кетейік, аталған аудандағы Көкжайық тірек елді мекенін қаржыландыруға мемлекеттен 1998 миллион теңге қарастырылған.

Инвестициялық жобалардың бірсыпырасы ауылшаруашылығы саласында бар. Мұндағы басым бағыт - мал шаруашылығы. Ағымдағы жылы мал басын шамамен 1 миллионға дейін жеткізу, соның ішінде асыл тұқымды мал санын 5-тен 7%-ға дейін арттыру көзделген.

Сиыр етін өнеркәсіптік негізде өндіру 11%-ға дейін өседі, оның ішінде сыртқы сауда көлемі 4 мың тоннадан кем емес. Қазіргі уақытта етті экспорттау жүргізіліп жатыр.

Асыл тұқымды ірі қара малдың облыстағы орташа үлес (6,7%) салмағы Зайсан, Катонқарағай аудандарында 1%-дан сәл асса, Тарбағатайда - 1,4%, Күршімде - 2,5%.

- Бұл аудандар сүтті сиырларды өсірумен, олардың өнімдерін өңдеумен жеткілікті түрде айналыспайды. «Жайлау» бағдарламасы, мінеки, үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда, мал сатып алуға шағын несиелер беріліп отыр. «Ертіс» ӘКК арқылы 150 миллион теңге бөлінді. Агроөнеркәсіпті алға бастырамыз десек, осының бәрін пайдалануымыз керек, - деп сөзін жалғастырған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ биыл 7 мыңдай мал басы сатып алынатындығын, оның 30%-ы шетелдік селекция болатынын айтты.

Бүгінгі таңда мал өнімдерін кәдеге жарататын өңірде 3 сервистік-дайындау орталық жұмыс істейді, биыл олардың қатары тағы да үш орталықпен толығады.

Ауылшаруашылығының жетекші саласының бірі - егіншілік. Алайда аймақта егістік алқаптарды оңтайландыру және өнімділікті арттыру, тыңайтқыштарды қолдану, тұқым сапасын жақсарту жағы сәл кемшін соғуда. Сондай-ақ, Глубокое (30%), Шемонайха (28%) және Зырян (28%) аудандарында өсірілетін дәнді-дақылдардың ішінде күнбағыстың үлесі тым жоғары. Осы орайда Әкім диқаншылықпен айналысатын аудандардың басшыларына жердің мүмкіндігін жүз пайызға пайдаланып, әртүрлі тыңайтқыштар мен жаңа технологиялардың көмегімен өнімділік көрсеткішін ең жоғары деңгейге жеткізуді міндеттеді. Бұған қоса не қаражаты жеткіліксіз, не ауыл шаруашылық техникалары жоқ шағын шаруа қожалықтарының жұмысын ретке келтіру қажеттігін ескертті.

 

Экология мәселесі - ерекше назарда

Бұдан соң Әкім экология мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Өскемен қаласында қоғам өкілдерінің бастамасымен тұңғыш рет бюджеттік емес қаражаттың көмегімен экологиялық мониторинг жүргізіп және ауаның құрамындағы зиянды заттардың бар-жоғын қадағалап отыратын өңірлік автоматтандырылған ақпараттық жүйе іске қосылды. Экологиялық болжау сараптамалық орталығы құрылды. Одан бөлек неше жылдан бері батпақтан көз ашпаған Комендантка өзенінің арнасы тазартылып, абаттандырылып, Пионер өзенінің арнасы қайта қалпына келтірілді. Облыстағы ірі қалалармен қатар аудан-ауылдарда да көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Өнеркәсіп орталығына айналған Өскеменнің экологиялық ахуалы республикалық комиссияның қатаң бақылауында. Қоғамдық кеңес өкілдері мен мемлекеттік органдардың тізе қосып атқарған бірқатар кешенді іс-шаралар нәтижесінде қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Дей тұрғанмен, Әкім шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының, көліктердің сыртқа шығаратын зиянды қалдықтары қадағалаушы органдар тарапынан дұрыс қаралмай отырғанын айтты.

Бұл күнде облыста он мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Соның төрт мыңға жуығы Өскемен қаласында. Дегенмен, былтыр салынған 2338 пәтер аз да болса өңірдегі тұрғын үй кезегінде тұрғандардың қатарын азайтқаны анық. Облыс орталығында 15 көпқабатты және 150 жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Зырян және Риддер қалаларында, Шемонайха, Зайсан, Көкпекті (Көкжайық ауылы) аудандарында жоба аясында екі пәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр. Жер телімдерін бөлуді және жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді қамтамасыз ету керек. «Мейірім» бағдарламасымен және қабылданған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде облыстағы жетімдер үйлерінің 3,5 мың баласын баспанамен қамту көзделіп отыр.

Ескірген тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы да биыл өз жалғасын таппақ. Оған республика бюджетінен 812,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Әкімнің айтуынша, облыс қалаларындағы көпқабатты үйлердің жартысынан көбісінің тозығы жеткен. Сол себепті тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын кешенді түрде жаңғырту қолға алынып, 117 үй жөндеуден өтті, соның ішінде Өскеменде 93 үй бағдарламаның шапағатын көрді.

Шалғай елді мекендермен қатынас жағдайы да кездесуде жеке әңгімеге арқау болды. Әсіресе, Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Ұлан, Зырян аудандарының шеттегі ауылдарына автобустар жүрмейді. Бұл мәселені шешуді аймақ басшысы аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына тапсырды.

Қазіргі күні өңірде 7,3 миллиард кВт/сағат электр қуаты өндірілуде, соған қарамастан энергияға деген тапшылық 1,4 миллиард кВт/сағатты құрайды. Осы ретте Бұлақ СЭС-ін, шағын және орта деңгейлі өзендерде су-электр стансаларын салу, сондай-ақ, Согра, Өскемен, Зырян ЖЭО-ларын жөндеуден өткізу қуат көзі тапшылығын жоюға біршама көмек болмақ.

Инженерлік инфрақұрылымдардың 70-тен 90 пайызға дейін ескіруі, қолданыс мерзімінің аяқталуы үлкен проблемаға айналған. Оның үстіне коммуналдық төлемдерге қайтаратын берешек көлемі де аз емес, бақандай - 338 миллион теңге.

Қай кезде де халықты мазалайтын дүние - әлеуметтік мәселелер. Өзінің баяндамасында облыс Әкімі бұл тақырыпқа тереңірек тоқталып, жан-жақты айтып өтті.

- Биыл біз апаттық мектептердің орнына 26 жаңа білім ошағын қолданысқа өткіземіз. Өткен жылы 1800 орындық 15 балабақша ашылды. Өңірдегі мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары, десек те, қазір балабақша кезегінде 13 мыңнан астам бала тұр. Ағымдағы жылы алты бала-бақшаның құрылысы басталды, оның үшеуі көп ұзамай ашылады. Барлығы 3,5 мың баланы қамту жоспарда бар, - деп түсіндірген Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласы мен Көкпекті, Зайсан, Шемонайха аудандарында балалар лагерін іске қосуды тапсырды.

Білімнен соң басты назар денсаулық сақтау саласына ауды. Облыс басшысының есебінше, аталған салаға жыл сайын бюджеттік қаржының жиырма пайыздан астамы бөлінеді. Қыруар қаржының беріліп жатқанына қарамастан нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай емес, онкологиялық, жүрек, туберкулез ауруларымен сырқаттанғандар және қайтыс болғандардың көрсеткіші әлі де төмендемеуде.

Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қаржыландыру жыл сайын артып келеді, кейінгі үш жылда 2,6 миллиард қаржы бөлініпті. Алайда қымбатқа сатып алынған заманауи жаңа медициналық құрылғылар тиімді пайдаланылмауда, себебі оны кәдеге жарататын кадрлар жеткіліксіз. Өз сөзінде Әкім медицина мамандарының тапшылығын жоюды жауапты басқарманың басшысына жүктеді.

Адам капиталын арттыру мақсатында алдағы уақытта өңірде 29 отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілмек. Тұрғындарды жүз пайызға медициналық тексеруден өткізу де күн тәртібіне қойылған. Халықтың салауаттылығын көтеру үшін бұқаралық спортты дамыту керек, спорттық нысандар елдің игілігіне жаратылуы тиіс.

 

Әлеуметтік дүкендер санын арттыру керек

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өткен бір жылдың ішінде 11,8 миллиард теңгені құрайтын 3,5 мың меморандумға қол қойылған. Әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өңірдегі ірі кәсіпорындар мен жекелеген бизнес өкілдері шамасы келгенше қол ұшын созып бағуда.

Халықтың қабырғасына батқан түйткілді проблеманың бірі - азық-түлік бағасы. Бұл ретте атқарушы билік қарап отырған жоқ, жыл көлемінде жәрмеңкелер өткізіп, түрлі меморандумдар жасасып, тұрақтандыру қорын құрып, сол арқылы ең негізгі азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеуге әрекет етуде. Былтыр аймақта 684 ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, 5 мыңға тақау меморандумға қол қойылды, қосымша әлеуметтік дүкендер желісі ашылды. Тұрақтандыру қорына 1,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, оған азық-түлік тауарларының тоғыз түрі бойынша (картоп, орамжапырақ, сәбіз, қызылша, пияз, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы) қор жиналды. Өскеменде тұрақтандыру қорының тауарлары есебінен 24 сауда нүктесі жұмыс істейді. Алайда мұның өзі жеткіліксіз. Келешекте әлеуметтік дүкендер желісін кеңейте түсу жоспарланып отыр.

Есептік кездесуде мәдениет пен тарих тақырыбы да тасада қалмады. Баяндамашы өңірдегі мәдени-тарихи, археологиялық ескерткіштерді жаңғыртып, тұрғындардың мәдени деңгейін одан ары көтеру қажеттігін айтты. Ескінің көзіне айналған ескерткіштердің келешек ұрпақ үшін тәрбиелік мән-мазмұны зор екендігі рас. Сол сияқты ұлтымыздың ұлы перзенттері Абай, Шәкерім, Мұхтар, Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығын жұртшылыққа кеңінен насихаттау да - аға ұрпақтың парызы. Осының бәрін жүйелі түрде жүзеге асыруды Әкім мәдениет басқармасына және аудан-қалалардың әкімдеріне тапсырды. Одан бөлек облыс тұрғындарының көзайымына айналған «Туған жерге - тағзым», «Туған ел - алтын бесігім» акциялары, форумдар, халықаралық бал фестивалі секілді Шығыстың мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтататын іс-шаралар биыл да жалғаса бермек. Айтпақшы, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өз сөзінде тұңғыш рет біздің Шығыста республикалық «Ағажай, Алтай» музыкалық байқауы және «Балапан» балалар байқауы өтетіндігін мәлім етті. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында «Шұғылалы Шығыс» атты Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтетінін айтты.

Биыл мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіруге, Өскемендегі қазақ драма театрының құрылысына, ауылдық мәдениет клубтарын, шығармашылық үйлерін жөндеуге, хоккей модульдерін, жекпе-жек сарайын, жеңіл атлетика манежін, жабық футбол алаңын салуға қаражат бөлінген.

Облыс орталығында ағымдағы жылы «Мега», «Метро» сауда-ойын-сауық орталықтары, толайым сауда базары, 120 орындық қонақүй, Неке сарайы салынып, Металлургтер сарайы күрделі жөндеуден өткізіледі. Айта кетейік, Өскемендегі Металлургтер сарайы жекеменшік иеліктен мемлекет қарамағына берілді.

Әкімнің сөзіне қарағанда, биыл өңірде орындалуын күткен шаруалар көп екен. Осының бәрін түсіндіре келе Бердібек САПАРБАЕВ аймақтың игілігі үшін атқарылатын ауқымды істерді бірлесе отырып жүзеге асыруға шақырды.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504