Ресей «Спутник V» вакцинасын ұрлап алған...
Қазақстан Ресейдің «Спутник V» вакцинасының 10 млн дозасын сатып алды. Ресей коронавирусқа вакцина тауып, оны клиникалық деңгейде алғаш рет сынақтан өткізіп, артынша адамдарға қолданған алғашқы елдердің бірі саналады. Алайда Ресей вакцина формуласын тыңшылық жолмен Батыс елдерінен алғаны туралы ақпараттар шығуда.
Нақтылап айтқанда, Ресей тыңшылары «Oxford/AstraZeneca» фармацевтикалық компаниясынан вакцина формуласын ұрлап шыққаны белгілі болды. Оның нақты дәлелі Британдық арнайы күштер мен қарсы барлау топтарында бар. Аталмыш тақырыптағы мақала The Sun-да басты тақырыпқа айналғанына міне бір аптаның жүзі болды.
«Cпутник V» мен «AstraZeneca» вакциналары екі компонентті болып саналады. Аденовирустық негізде іске асатын векторлық вакциналардың ішкі құрылымы ұқсас болып келеді. Жасалу жолында айырмашылық аз. Дегенген «Спутник V» өз құрамында адамның аденовирустарын қолданса, «AstraZeneca» — шимпанзенің аденовирустарын қолданады.
Басылымның айтуы бойынша Британдық арнайы күштер Ресейлік тыңшылар мен хакерлердің зертханалардан коронавирусқа қарсы вакцина формуласын іздейтіні жайлы ақпаратты қажетті органдарға бергенін айтады. Ұлыбританияның Ішкі істер министрі Дэмиан Хайндс аталмыш мәселе бойынша нақты ақпарат беруден бас тартса да, соңғы уақытта кибершабуылдардың еселеп артқанын мойындады. The Sun Ресейлік барлау күштері Ұлыбританияның зертханаларынан құпия мәліметтер ұрлағанын анықтады, дегенмен ол ақпараттардың неге қатысы барын білу қиынға соғуда дейді.
Дэмиан Хайндс былай деп сұхбат берді: «Біз мемлекеттік қызмет өндірістік және экономикалық тыңшылыққа бұрылған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Біз қауіптілік деңгейі күн сайын артып келе жатқан түрлі шабуылдарға ұшыраудамыз. Олардың ауқымы сағат сайын артуда. Аса құпия мәліметтерді алғысы келетін, кейде оны коммерциялық бағытта қолдануды қалайтын өзге елдердің қысымы мен әрекеті бір сәт тоқтаған емес».
2020 жылдың наурыз айында Британдық арнайы күштер брифинг барысында Ресейлік хакерлер Оксфорд университетінің зертханаларына шабуыл жасағанын мәлімдеген болатын. Бұл Британдық ғалымдардың кезекті вакцинаны сынақтан өткізу мерзімімен сәйкес келген еді. Оксфорд университеті мен «AstraZeneсa» сәуір айында вакциналарын адамдарға қолдана бастады. Ал бір ай өткен соң, Ресейлік ғалымдар COVID-19-ға қарсы вакцина ойлап тапқанын жариялады.
Ресейдің вакцинасын ДДСҰ тіркемей отыр. Оған басты себеп ДДСҰ тарапынан барған инспекторлар Ресейдегі вакцина жасау орталықтарының сапасына көңілдері толмаған. Аталмыш орталықтар көптеген заң бұзушылықтар арқылы жұмыс істеп келген. Сондықтан ДДСҰ тарапынан Ресейлік вакциналарға сертификат беру мәселесін қарастыру уақытша тоқтатылды.
Ресей тек қана медицина саласында емес, сонымен қатар, әскери салада хакерлік шабуылдар жасауды арттырған. Бұл туралы НАТО-ның 2021 жылдың маусым айындағы арнайы баяндамасында айтылады. Ал АҚШ-тағы сайлауға кибершабуылдар арқылы әсер етпек болғаны халықаралық дауға айналып, Мәскеуге санкция салынғаны күні кеше ғана.
Асхат Қасенғали
Abai.kz