Қажығұмар - қазақ әдебиетінің ең үздік жазушысы
Жазушы Қ.Шабданұлының туғанына 100 жыл...
Ақын, жазушы, драматург, сыншы Қажығұмар Шабданұлы туралы әңгіме қозғасақ, оның көп томдық «Қылмыс» романы есімізге оралады.
Қ.Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен шекараның арғы бетіндегі Тарбағатайдың Дөрбілжін ауданына ауып барған. Ол кейін Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданында орталау мектепті тамамдап, 1942 жылы Үрімжідегі педагогикалық оқу ордасына білім жетілдіруге келеді. Қажығұмар Шабданұлы 1944 жылдары осы білім шаңырағында жүрген кезінен бастап, өлең жаза бастайды. Оның Жапон-Қытай соғысын тақырып еткен «Сондықтан» деген тұңғыш өлеңі сол кездегі «Шынжаң газетінде» жарияланған.
Қажығұмар 1951 жылдан бастап Үрімжіде алғашында «Одақ» журналында, кейінтінде Шынжаң әдебиет-көркемөнер бірлестігінің «Шұғыла» журналында редақтор болады. Ол осы тұста «Біздің үй», «Көктем», тағы басқа өлеңдерін жариялады. 1954 жылы «Бақыт жолында» атты повестер жинағы жарық көрді. 1956 жылы оның Орталық Ұлттар баспасынан «Өлеңдер мен дастандар» атты жинағы басылып шықты. Оның «Әңгіме адам образы жайында» атты ғылыми зерттеуі мен «Поэзиямыздың кенжеліктері» қатарлы алты-жеті сын мақаласы жұртшылықты елең еткізді.
1958 жылы Қытайда басталған «оңшылдар» мен «солшылдарға» қарсы саяси науқан басталғанда Қажығұмар Шабданұлының басына қара бұлт төнеді. Ол осы барыста саяси айыптаулармен бас бостандығынан айырылып Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде 22 жыл айдауда болған.
1978 жылы Қытай саясатында үлкен өзгеріс болып, билікке Дың Шаупиң төраға болып келгеннен кейін, саяси тұтқындарға бостандық беру, оларды ақтап, қызметін қалпына келтіру деген кеңшілік саясатының арқасында 1979 жлдың соңында ол ақталып бостандыққа шығады. Қажығұмар Шабданұлы осы тұста «Қылмыс» атты көп томдық романын жазып қалың елді дүр сілкіндірді.
1986 жылы желтоқсан айының соңында «ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» шетел жансызы деген айыптаулармен қайта тұтқындалып, 13 жылға бас бостандығынан айырылады. Жаза мерзімін Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өтейді.
Қ.Шабданұлы түрмеден босап шыққаннан кейін өмірінің соңына дейін Қытай билігі оны үйқамақта ұстады.
Қытай үкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде штаб-пәтері Лондон қаласында орналасқан Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.
Қарт қаламгер өзінің кіндік қаны тамған жері – Қазақстанға оралу арманын айтып, 2006 жылы Қазақстан президентіне хат та жолдаған болатын. Арада бірнеше жыл өткенде тағы хат жазды. Бірақ бұл арманы орындалмай, қазақ қаламгері ақтық демі үзілгенше туған жерге жетуді аңсап өтті.
Сол кездерде, «Қылмыс» романының екінші кітабынан мен (Әлімжан Әшімұлы) дайындаған «Ала бүлік» (No 52-53, 4 мамыр, 2002 ж), «Менингит» (No 57, мамыр, 2002 ж.) деген екі үзінді «Жас Алашқа» арт-артынан жарияланды. Оқырмандар жылы қабылдады. Мүмкін болса «Қылмыстың» бірінші кітабынан бастап түгел газетке беріп отырсаңдар жақсы болар еді» деп өтініш айтқан оқырмандар да болды... Ондай мүмкіндік бізе қайдан болсын.
Осыдан кейін 2004 жылы жазушының «Пана» романы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан басылып шыққан болатын. Бұл роман Шыңжаңдағы ұлт азаттық күрестің қаһарманы Зұқа батыр өмірін арқау еткен шығарма болатын.
Көп өтпей, аты аңызға айналған жазушының 6 томдық «Қылмыс» романының бірінші кітабы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан 2005 жылдың соңында жарық көреді. Аталған романның шығуына демеушілік көрсеткен "Фуд Мастер" компаниясынң директоры Сәкен Сейфуллин мырза екен.
Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен жазушының 80 жылдық мерей тойына орайластырып өткізген мерей тойында қаламгердің «Пана» романы мен «Қылмыс» романының бірінші кітабының тұсаукесері өтті. Екі кітапты төте жазудан кириллицаға аударып дайындаған белгілі ақын Жәркен Бөдеш болса, редакторы Тілек Дәулетов.
Алаштың азаматы Қ.Шабданұлының 80 жылдық мерейтойына қатысып, алғаш сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бұрынғы төрағасы Нұрлан Оразалин мырза: «Қажекеңді білмейтін қазақ кем де кем шығар. Ол кісі туралы баяндама жасаудың өзі артық. Мен ол кісіні қапаста жатқан арыстанға балар едім», – деді. Ол Қ.Шабданұлын елге алдыру үшін Қытайдың құзырлы органдарына талай рет хат жазғанын, одан нәтиже болмағандығын айтты. Біз бірақ азаматын құрметтеп Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2001 жылы Қ.Шабданұлына Халықаралық «Алаш» сыйлығын бергенін білеміз. Одан кейін сөз алған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашов мырза: «Қазақ интеллеигенциясы шетелдерде де бар екенін мойындауымыз керек. Соның бір өкілі – Қажекең», – деді.
Ал, кейін 2009 жылы кәсіпкер жігіттердің қаржылай көмек көрсетуімен «Қылмыс» романының толық нұсқасы (6 томы) Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан басылып шықты. Екі мың данамен жарық көрген Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын 2010 жылы қаңтар айында мәдени саясат және өнертану институты Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ұсынған болатын. Бірақ сыйлық тағайындайтын комиссия «бұл шығарманың Қазақстанға қатысы жоқ» дегенді көлденең тартып, оны тізімінен алып тастайды.
Биыл классик жазушы Қажығұмар Шабданұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Қалмагердің осы мерейтойы, ескерусіз, елеусіз өтіп кетпесін деген оймен жазушыны еске алып, оның шығармалары туралы оқырманға азда болса мәлімет бере кету үішін әдебиеттанушы, ғалым Ахметбек Кіршібайдың «Қазақ әдебиет тарихынан таңдамалы үлгілер» ата кітабына енген, Қажығұмар Шабданұлының алғаш жазған шығармалары туралы талдауларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Әлімжан Әшімұлы
Қажығұмар Шабданұлының поэзиядағы бейнесі
Әдебиетіміздің табалдырығын поэзиямен аттаған Қажығұмар Шабданұлы алғашында қысқа өлеңдер мен көлемді дастандар жазумен танылған талант иесі. Оның «Біздің үй» атты дастаны қазақ ауылының отбасылық хал-жайын көркем типтендірген, сыршыл туынды. Халықтың көңіл күйі мен биік жетістіктерін арқау еткен, сезімге бай көркем суретті лирикалары және сатиралық өлеңдері оқырмандарын ерекше әсерге бөледі. Оның алғашқы кезде жазған сатиралық өлеңдерінде халықтың қалың бұқарасына, еңбекші қауымға жат көзбен, менсінбей қарайтын топас-тоғышарлар сынға алынады. Оның «Өлеңдер мен дастандар» атты жинағындағы алуан тақырыптағы өлеңдері мен көлемді туындылары дәуір рухы мен заман келбетін кескіндеген шығармалары қазақ поэзиясының көркемдік биігін танытқан дүниелер. Бұл төл тумалар ақынның сол кездегі қазақ поэзиясындағы өзіндік орнын айқындаған дүниелер.
Көркемөнердің міндеті – адамның эстетикалық сезімін жетілдіру. Оқырмандарға ерекше әсер ету арқылы көркем сана орнықтыру, оны қалыптастыру. Көркем әдебиет қашан да ұлт рухын асқақтатуға қызмет етеді. Ақын қашан да көркемдігі жоғары шығармалары арқылы ғана оқырмандарының жүрегіне жол табады. Қажығұмар Шабданұлының өлеңдері мен дастандары – адамдарды талғампаздыққа тәрбиелеудің басты құралы. Ақын әр туындыларында тың образдар жасап, сол көркем жырларымен халықтың жігеріне жігер қосады.
Ол өмірдің көлеңкелі тұстарын қара түнге ұқсатып:
«Көзге түртсе көргісіз,
Көрінбейтін бір саңлау.
Өтіп кеткен өміріміз,
Бейне түнек түн еді-ау?
...
Көкте бұлт, жерде мұң,
Дала дел-сал, қалғып тау.
Желі қасірет лебіндей,
Жауыны көзден жас парлау.
...
Қала дерттің моласы,
Қайғы өскен боп зарлау.
Түтін жұтқан шаңүрлеп,
Қасірет толы бақша-бау» – деп, зұлымдықтың торы торлаған тоғышарлықпен, топастықтарды сатираның отымен өртейді.
«Жанама әкім жапалақ,
Кеңкие шарлап жұрт шарлап.
Жер баса алмай талтаңдап,
Тым қорқау жемі елден сап.
«Жер Тәңірі» тағы бар,
Сол түнге тән қасқырлар.
Жай қасқырдан парқы бар,
Онысы сұмдықпен шырмау.
Шой желке астау қарны бар,
Тойса көзі тарылар.
Өлшеусіз қазына сансыз мал,
Жылжымай жатып табылар.
Жұтқан сайын обығар,
Шаруадан қалта қағылар,
Тойымы қайда ойпыр-ау».
Ақын мысқылдай отырып, «Өлшеусіз қазына, сансыз мал» иелерінің тулағын қағып, сілкеді. «Жұтқан сайын обыққандардың» шаруалардың қалтасын қағу арқылы байып отырғандарын шыжғырып беттеріне басады. Оқып отырып, қоғами болмысқа өшіге қарап, оған нәлет-қарғыс жаудырасыз. Ақын «Тізгінсіз халықшылар» атты сатиралық өлеңдері топтамасында кейбір бюрократ, шырт түкіріп шіренген мансаптылардың іс-әрекеттерін «тебінгіден тесе атады». Талант иесі келесі қайырымда көпшілік жанына шуақ шашуға ұмтылады. «Көктем» атты өлеңінде кәріні де, жасты да әсерлі сезімге бөлейді. Шонжарлар езгісінен теперіш көріп жүргендерді серпілте сергіткісі келеді.
«Күлім қағып келді көктем,
Келді көктем нұрланып.
Солқылдаған өрім бойы,
Тал бойы мың бұралып.
Жамылғаны жасыл жібек,
Жасыл жібек желбіреп,
Ақ үкідей ақша бұлты,
Ақша бұлты үлбіреп».
Мұнда «Жамылғаны жасыл жібек» көктемнің «Ақша бұлты үлбіреп», желпіп өткен хош иісті самалының жаныңды рахатқа бөлейтіні көркем өрнектелген. Бұлбұлша сайраған жыр үнінен жүрек шаттығын тыңдағандай боласыз.
Өлеңде табиғат суретін сипаттаумен ғана тынбай, ой кестесінен өмір өзгерістерін аңғарып, күлім қағып келген көктемнің ләззәтына бөленесіз.
Қажығұмар Шабданұлының сезімге бай лирикалары мен сюжетті өлеңдері, дастандары – Қытай қазақ поэзиясының көшбасшылық үлгісі.
Қ.Шабданұлының прозалық шығармаларының қырлары мен сырлары
Қажығұмар Шабданұлы аса көрнекті жазушы. Әдебиет табалдырығын поэзиямен аттаған талант иесі көп іркілмей прозаға бет бұрды. Күрделі жанрдың кең тынысын ел өмірін, қоғам болмысын, адамдардың жан әлемін көсіле қамтуға пайдаланғысы келді.
Қажығұмар Шабданұлы «Жалғас жүректер», «Жарқын қыз» әңгімелерін жазу арқылы көркемсөз құпияларын игере келе қазақ прозасындағы тұңғыш кесек туынды «Бақыт жолында» атты повесттің бірінші кітабын 1954 жылы жариялады.
Жазушы «Бақыт жолында» атты шығармасында алғашқы мойынсерік пен копрация болып қауымдасу кезеңін төлтумасына арқау ете отырып, еңбекші бұқараның өмір күресі жағдайындағы өсу баспалдақтарын шынайы суреттеген. Бұл шығарма 1956 жылы Шыңжаңдағы әдебиет жарысында бірінші дәрежелі сыйлық алып, жеке кітап болып басылады.
Повесттің арқалаған жүгі – Қытай коммунистік партиясының қазақ сахарасындағы саяси реформалық әрекетімен ұштасып жатыр. Мұнда Ли Баужи мен Қабылдың іс-әрекеттері бойынша оқиға өрбіп, тарамыстай тарамдала тартылып, нанымды қисын табады. Әралуан қақтығыстар арқанша есіледі. Осы өңірде Қабылдың үгіт-насихаты негізінде кедейлері бірлесіп, байлардан іргелерін аулақтап, олардың құзырынсыз басқа жол табуға әрекеттенеді. Көбен қарт, Қасен бастаған шаруалар алғашқы мүше болып, жаңаша өмір кешуге ықыластанады. Шығарма кейіпкерлері заман ағымына сай қақтығыстарды өздерін өздері билеу дәрежесіне жетіп, қайшылықты оқиғалар барысында досы кім, қасы кім екенін ажырату баспалдағынан өтті. Осының нәтижесінде ел ішінде есейген Сайра, Қастер бастаған жаңа ұрпақ бой көрсетті. Бұған қарама-қарсы Майқан, Шамихан тәрізді байлар мен мансаптылар сілкініс үстіндегі жастарды бұрынғы діни наным-сенімнің шеңберінен шығарғылары келмеді. Сахара төсінде жүрсе де болашақтарының жарқын екенін сезінген сана серпілісіндегілер еркіндік, бостандық іздеп, шиыршықтайды. Бай манаптардың күнінің бата бастауы Ли Баужи, Қабыл, Қастер, Сайра бастаған кедейлер қауымының басқаша жол таңдауларына түрткі болды. Сол таңдауларына күрессіз, күрестегі жеңіссіз жете алмайтындарын олар түсінді. Гоминдаң үкіметі кезінде абақтыда болған, сөйте тұра Қабылға қол ұшын берген Ли Баужи бұл тұста ауданның жетекшісі еді. Ол сенім артқан Қабыл қатарлыларды қолдап отырса, Қабыл да Сайра мен Қастерге нұр сәулелі жол ұсынды.
Қабыл образы. Шығармадағы Қабыл төңкерісшіл жауынгер сипатымен тұлғаланады. Ол күрес үстінде дараланады.
Сайра образы. Сайра, Ли Баужи мен Қабылдардың тәрбиелеуімен қарапайым ауыл қыздарының арасынан таң жұлдызындай жарқ еткен образ, шығармадағы басты кейіпкерлердің бірі. Ол – Майқан байдың отыз жыл бойы жалшысы болған Қасен шалдың қызы. Сайра әкесі Қасенді Майқан өлімші етіп сабап, аш-жалаңаш жұртына тастай көшкенде, енді ғана ес біле бастаған бүлдіршін еді. Ол аштықтан әлсіреп, таяқтан талықсып, ыңырсып жатқан сорлы әкесін арашаламақ болып, Майқанның шайпау тоқалы Мәликенің зәрлі қарғысын естіп, уыз денесі түршігеді. Үлбіреген ақ тамағына оның мыстан саусағы таңба салып, шашы күнәсіз жұлынып, жәбірлене еңірейді. Сол саналы бойжеткен әділетсіз қоғамға тұңғыш рет қабақ түйіп, кектенеді. Сайра сол күннен бастап зорлықшыл, озбыр мінезді байларға, билік басындағыларға тісін қайрап өседі. Жұртта қалып қаңғырып қалған оның отбасына Қабылдың демеу болып, көмекке келуі – қыздың ертеңге деген үміт отын үрлейді. Еркін еңбек етуге құлшынады, ауылдағы Қастер секілді пікірлестермен бостандық іздейді. Көкірек көзін оятар оқу оқып, білім алуға құлшынады. Малға мастанған Шайқан мырзаның тұзағын үзіп кетеді, әрі оған қарсы күреске шығып, діни сенім мен салт-сананың шырмауындағы Майқара, Жәпет тәрізді көздері көлегейленген ата-анасына сабырлылықпен тәрбие беріп, батыл үгіт жүргізеді. Адал махаббатты ардақ тұтып, келешекте бақыт отын маздатар теңі ауыл жігіті Қастер деп біледі. Сайра санасы оянып, теңдікті, еркіндікті қадірлеген қазақ сахарасындағы қазақ қызының алғашқы қарлығашы.
Шығармада Сайрамен иықтас жетілген жалынды да зерделі жас Қастер образы да типтік дәрежеге көтерілген. Көпті көрген Көбей қарттың: «Баймұрат пен Мәметімдей алып, Қастерімдей қыран, Дүйсенқұлдай іскер, Қара шегірткемдей көңілді (Қара шегіртке – құрдасы Дүйсенқұлдың әзілмен қойған аты), Сайрамдай ақылды, Мәряшымдай сыншы болса осы жұрт әлдеқашан басқаша өмір сүрген болар еді» дегеніндей, ел ертеңі расында осылардың қолында болатынына даусыз сенесіз.
Қ.Шабданұлының образ жарату ерекшелігі
1. Қажығұмар Шабданұлы шығармаларында ықшам мінездермен кейіпкерлерді типтендіруге аса шебер жазушы. Ол кейіпкерлер мінезін даралай ойната отырып, әлеуметтік ортасына қарай типтендіруге де жаттыққан.
Қытайдың классик жазушысы Лу Шүн: «Бір адамның ерекшелігін өнімді етіп, ықшам суреттеу үшін ең жақсысы оның көзін дұрыс суреттеу керек...» және «Егер кейіпкердің шашын әрқалай құбылтып, соншалықты шебер нәзік шеберлікпен суреттегенмен де, менше ол бәрібір мәнерсіз болар еді», – дейді. Көзді суреттеу арқылы шығарма кейіпкерлерінің рухани дүниесінің ең ықшам сыртқы бейнесін мүлтіксіз жасауға болады. Өйткені көз көңілдің терезесі. Адамзаттың көзінен ұшқындаған рухи сәулесі негізінде оның бүкіл ішкі жан әлемін ақтаруға болады. Қажығұмар Шабданұлы кейіпкерлерінің характерін ашуда көзді сыртқы портреттің мәнді белгісі етіп алып, екі түрлі көзқарастағы Майқан мен Қабылдың характерлерін барынша ашқан. Мысалы: «Асқақ қызыл көз бен аңғарлы қой көз ұшқаса кетті, осы сәт екеуі екі дүниенің жаратқан көзіндей көрінді Баймұратқа. Бір-біріне зор айырмашылықпен қарасты. Қызыл көз обамын дегендей шатынай қарады да қоңыр көз оба алмассың, күнің өтіп барады» дегендей бейғам барлап өте шықты. Сонда да өктем мінезді, Сабырдың мол оты Майқанның іші-сыртын ақтарып тастағандай кірпігін бір қақтырып өтті. Түбіне жете мысқылдап қадалған отты көзге баққысы келмеді десе Қабылдың Майқарамен кездескен суретінде: «Орта бойлы сары жігіт күн сайын зорайып, салауаты күн сайын артқандай болып келеді. Көзі оның ойлы қоңыр көзіне түскенде, тұла бойы әйнек болып келгендей, жүрегін жасырар жер таба алмай қалғандай ішкі сезімінде де бір сасқалақтық пайда болды». Көз суреттері арқылы кейіпкерлердің жиынтық мінездері мен рухани ішкі әлемі шынайы ашылған. Сайраға сұқтана көз жүгіртіп, оған тұзақ құрып жүрген Шайқанның портретін және сырт бейнесіндегі мәнді белгілерін көзі арқылы айғақтап, Шайқанның рухани дүниесін толық қопарған. «Қою қара қасты, қыр мұрын, қызыл Шайқан сарғылт көзі сыртына шығып кеткендей жарқырап, кірпік қақпай қадалып қалыпты» . Ол неменеге қадалды?
«Сайра Шайқан қараған сайын қызыл бөрте лақ текені елестетіп отыр еді», және қоладан жасалғандай шімірікпейтін сарғылт жылтырауықты тағы көрді де Сайра ісіне қайта үңілді. Осы орайда Сайраның сипатын да нанымды суреттеп, оған мінез дарытады. «Кең етекті қызыл көйлек, сыртындағы қара трико, көнетоз камзолымен теңгелі тақия да уылжыған оймақтай ғана ауызбен жарастық отындай жаудыраған қара көздің өзі ғана бүкіл бейіш нұрын құйып тұрғандай көрінді Шайқанға...». Тағы бірде «Ақ көйлек, қара камзол киіп келген сылаң қыз қызғаныштың шоғындай жайнап, көздің жауын алады». Міне, осы ықшам берілген сыртқы суреттерден оқырман Шайқан мен Сайранның бір-бірімен ымыраласпайтын образдарын айшықтап, екі түрлі пішіндерін көз алдымызға келтіріп, бірімен-бірі қабыспайтын ішкі дүниелеріндегі сырларын ақтарып салады.
Қаламгер Сайраның алдында талай рет қара басып сүрініп, қабынған қыр соңынан қалмай өліп-өшіп жүрген, бірақ еш шімірікпейтін, орта бойлы, семіз, қырмұрын, қызыл Шайқанның суретін оңай сызған. Осындай кеспірмен Сайраның алдында өзін оқымысты екендігін дәлелдегісі келгені болмаса, қолындағы кітаптың аты не мағына беретінін түсінбейтін, топастығымен, Сайра бірнеше рет бетін қағып тастаса да, соңынан қалмайтын ездігін, жазушы өте ықшам бояумен дәйектеген.
Бұдан қалса шығармадағы «Тікше өткір көз, иықты келген орта бойлы жас жігіт, ақ тісін шығарып күлуші еді» деп төлтумада кейіптейтін Қастер образының да бояуы қанық.
2. Қажығұмар Шабданұлы – ортақ характер, дара мінез дарытуға да шебер жазушы. Әдеби шығармалардағы барлық типтік образдардың екі түрлі ерекшелігі бар. Ол – даралау және типтендіру әдістері. Бұл екеуі бірі-бірінсіз толықпайды. Осындағы типтік образ дегеніміз – кемеліне келтіре ортақтастыру әрі тұтастыра біріктіру. Қоғамдық өмірдегі әр адам белгілі бір топтың мүшесі, ал топтық сипат адамдардың жаны да мәні. Ал, образ даралығы дегеніміз – ортақтықтан бөлшекте бейнеленетін жекеге тән нақты қасиет. Бұл даралық қасиетке кейіпкерлердің (жеке өзіне тән бейнелеу тәсілі) сезімі, моралы, әуесі, әдеті, психологиялық күйі, білім деңгейі жатады. Міне, осылар образдың ең көрнекті даралық ерекшеліктерін қалыптастырады. Қажығұмар Шабданұлы повестінде типтік кейіпкерлердің типтік те даралық та қасиеттерін шебер айшықтаған. Ол Шайқанның даралық қасиетін оның ортақтығын бейнелеудегі типтік харектр еткен.
Шайқан малға, байлыққа мастанған, санасы соқыр, көрсеқызар, топас бейне. Оның бала күнінен қалыптасқан бір әдеті, ол – жұрт мақтағанды қалайда қолына түсіру, ал аларын алған соң оның ендігі қажетілігіне де назар аудармайды. Жазушы оның осы даралық мінезін: «Жұрт мақтағанның барлығын өз басына жиуға құмарлық Шайқанның сүйегіне сіңген әдет еді. Бұрын балалар мақтаған сақаны зорласа да, жыласа да алмай тынбайтын қаршадай көкірек кеуде, өсе келе ел мақтаған атты да, құсты да қолына түсірмей қоймайтын «жырынды жігіт» болған. Қазірге дейін оның талай рет достасып, бірақ әлдеқашан ұмтылып кеткен «ит тамырлары» мен «құс тамырлары» тіпті көп. Оның «достарын» тез ұмытатын жөні де бар. Өйткені босағасына байланған бәйге ат та, жүйрік тазы да, қыран құс та, бұзылып, аз уақыт ішінде ақымақ «жәндікке» айналып кетеді. Өйткені еншілерін еншілесе де баптап ұстау ұолынан келмейді. Бұзылғандарына «иесіне тартқан ит» «иесіне тартқан құс» деп әбден үйреніп алған. Міне, бұл – Майқанның өзіне ғана тән даралық мінезі, білімі де, өресі де осы өлшемде.
Шайқанның осы жайын білетін Дүйсенқұл «қыран» деп мақтап сарша асыратқаны бар-ды: «Ол бір су бүркітін ұстап алыпты да, оған томаға кигізіп, жатып баптапты. Сөйтіп екі-үш күннен кейін сыбайлас достары арқылы «бүркіттің керемет қырандығы» жөнінде неше түрлі қауесет таратып та үлгеріпті. Мұны Шайқанның сергек құлағы шалып қалып, жетіп келмесінбе. Жатып келіп жалыныпты, Дүйсекеңе ат беріпті алмапты, атан беріпті алмапты, күштепті болмапты, ақырында шынашақпен достасып ант-су ішіріпті де, «қынжылса» да қыңқ етпегенсіп әрең беріпті Дүйсекең» [17, 42] десе, Жазушы сол Шайқанды Шайқан Сайраны көрген сайын көре бергісі келеді, неге сүйетінін де, қалай сүйетінін де аңғарып жүрген ол жоқ. Әйтеуір қызды жұрт мақтаған соң қызынып кетті өзі. Түніне тоқсан аунап көрер түсі де бір Сайра...». Майғараның үйіне күніне екі келіп, төрт қайтып жүр. Төлегенмен ортақтасып салған егініне келе жатып та, одан қайтып бара жатып та «соға кетеді». Қалаға бара жатқан болып та, одан қайтып келе жатқан болып та соғады. Кейде ұстаға тұрман өргізіп те, оны күмістетіп те, алтындатып та, үзеңгі бауын ұзартқызып та, қайта қысқартқызып та келе береді. Тіпті болмағанда темекі қапшық ұмыт қалдырып, орта жолдан қайтады, шынында бар бұйымтайы бір Сайра болатын...». Міне, бұл типтік образдың бөлшектене бейнеленген даралық көрінісі.
Адамдардың өмір жолы тарам-тарам бір-біріне ұқсамайды. Әр адамның есейіп-ержетуі, өмірбаяны, алған тәрбиесі, қоғамдық өмірге қатынасы болады. Міне, осылайша адамның даралығы қалыптасады.
Бұған сай шығарманың құрылысы да шебер жұмдасқан. Оқиғаның басталуы тартымды, аяқталуы ойға жетелейді, тартысты шегіністер мен тарихи дәуір келбет дәйекті жүйеленген. Сондықтан повесть тұлабойынан олқылық сезінбейді.
Оқиға қақтығыстары тез дамып, шұғыл шешім тауып, оқырманын еліктіріп, қызықтырып отырады.
Жазушы Қажығұмардың «Қылмыс» атты романының бірінші кітабының тақырыбы 1933 жылдың соңында Жың Шурын үстемдігін құлатып, билік басына келген Шың Шысайдың алғашында бүкіл халықты өзіне қаратып алмақ болып жасаған еркіндігі – айлакерлігі еді. Арада көп уақыт өтпей-ақ ол төңкеріс басшыларын тұтқындау әрекетін бастайды. Қажығұмардың көп томдық романы сол қызыл қырғынды әрекетті толық қамтыған.
Көрнекті жазушы Қажығұмар Шабданұлы қазақ әдебиетінің ең үздік жазушысы. Ол Қытай жазушылар одағының мүшесі, Шынжаң әдебиет көркемөнер бірлестігінің алқа мүшесі болған.
Ахметбек Кіршібай,
әдебиеттанушы, ғалым
Автордың «Қазақ әдебиет тарихынан таңдамалы үлгілер» атты кітабынан ықшамдап дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz