Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4650 0 пікір 29 Маусым, 2012 сағат 12:52

Жақсыкелді АҚАНОВ: Ұлт денсаулығына жасалатын қамқорлықты саудаға салуға болмайды

Жақсыкелді АҚАНОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ішкі ағзалар аурулары клиникасы директорының орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор:

Жақсыкелді АҚАНОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ішкі ағзалар аурулары клиникасы директорының орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор:

- Денсаулық сақтау министрлігі ме­ди­циналық қызметті ақылы ету туралы ұсыныс айтып отыр. Тіпті қызды-қыз­ды­мен жедел жәрдем қызметі де ақылы болып кете жаздады. Меди­ци­на­лық қызмет түрлерін ақылы жасауды көздеп отырған жаңа жүйені қолдайсыз ба?

- Медицина қызметінің барлығын ақы­лы етуге болмайды. Кепілдендірілген ме­ди­циналық қызмет, кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмек, олар да жоспарлы орындалуы тиіс. Ал енді косметология, осы секілді сала­ларды ақылы еткеніміз дұрыс болар. Де­генмен бізде ақылы түрде қызмет көр­се­тетін медициналық мекемелер, жеке кли­никалар жетіп-артылады. Сонда қара­пайым халықты тегін медициналық кө­мек­тен қол үздіріп, жедел жәрдем қызметін де ақылы қылып қойсақ, қандай пайдаға кенелмекпіз? Бұдан ақша үнемдеудің керегі жоқ. Ұлт ден­сау­лы­ғына жасалынатын қам­қор­лықты саудаға салуға болмайды. Онсыз да тегін меди­ци­налық көмекке дер кезінде жүгінбей жүрген біздің халық, егер бәрін ақылы етер болсақ, медициналық көмекке мүлдем жүгінбеуі мүмкін. Өйткені ақылы қызметке әркімнің әлеуеті жете бер­месі хақ. Қалай де­сек те, қарт кісілер мен мүгедектер, әлеуметтік жағ­дайы төмен кісілер тегін медициналық көмектен қағыл­мауы тиіс. Әйт­песе халық­тың өмірін қайт­сек ұзар­та­мыз деп жүргенде, бұл жүйе теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан денсаулық мә­се­лесін, ем-дом жасау шара­ларын өткізудің тегін формаларын міндетті түрде қал­ды­руы­мыз керек.

- Денсаулық сақтау министрлігінің та­ғы бір сенсациялық ұсынысы, «Ау­ру­ды «сұрап» алғандарды тегін ме­ди­ци­налық көмектен шектеу қажет» деген мәселені көтерді. Бұл қаншалықты орын­ды? Егер бір адам маскүнемдікке салынып ауырып қалса, онда оларды «ақылы емдеу керек» деген пікір дұрыс па? Бұл азаматтардың Конституциялық құқының аяққа тапталуы болып есеп­те­лінбей ме?

- Негізі, бұл ұсыныстар халық өз ден­сау­лығына дұрыс көңіл бөлсін, ішімдікке салынса ешкім қарамай қояды деп аяқ тарт­сын деген оймен жасалынған болуы керек. Дегенмен әлеуметтік аурулар: тубер­кулез, ішімдікке салыну, нашақорлық - барлығы тегін емделуі тиіс. Өйткені адам бекерден-бекер ішімдікке салынбайды. Оған әртүрлі психологиялық, әлеуметтік мә­селелер себеп болуы мүмкін. Жаппай жұ­мыссыздықтың салдарынан, әлеуметтік жағ­дайдың төмендігінен орын алады. Мәселен, туберкулез дер кезінде емдел­ме­се, ол басқа адамдарға тез жұғады. На­ша­қор­лықтың да алдын алмасақ, оның арты түрлі қылмыстардың белең алуына әкеліп соғады. Сол үшін осы жағына көңіл бөлінуі керек. Араққа салынса емдемей қоямыз деп қорқытуға болмайды. Одан ештеме өзгер­мейді, қайта ушықпаса. Одан да мұны шешудің басқа жолдарын қарастырайық. Салауатты өмір салтын насихаттап, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолдың түр­ле­рін түсіндірейік. Осыған қатысты жаңа бағ­дар­лама жасап, тиісті қаржы бөліп, ол өз кезе­гімен орындалса, БАҚ құралдары адам­дардың күтініп жүруіне, аурудың белгісі білінсе, дереу дәрігерге қаралуына үгіттесе, денсаулық сақтау мәдениетін арт­ты­рудың басқа да заманға сай жолдары зерттеліп-зерделенсе, дұрыс-ақ болар еді.

- Сіз кезінде Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығында қыз­мет еттіңіз. Осы саланың білгір ма­ма­ны ретінде айтыңызшы, қазір арақ ішу­ден Азияның алдына шығып кетіп­піз. Жастарды салауатты өмір салтына бейімдеуіміз үшін не істеу керек?

- Арақты қоғамды құртатынын, жа­ман­дық атаулының бастауы екендігін білсек те, осыған көпшілік әуес. Тойлар да ішімдіксіз өтпейді. Мен сізге айтайын, бейресми ста­тис­тикалық дерек бойынша, түрмеге тү­се­тіндердің 70-80 пайызы осы арақтың кү­ші­мен (мастықпен) қылмыс жасайды екен. Бір адам ішімдік салдарынан кісі өлтірген бол­са, оны қылмыс жасады деп жазалап, түр­меге тоғытамыз. Ал, шын мәнінде, ол қыл­мысты жасаған жалғыз өзі ме? Ол арақ­ты сатқан саудагер, ол арақты тасы­мал­дау­шы, ол арақты өндіруші кәсіпорын, т.б. арақ­тың тұтынушыға дейін жетуіне ықпал еткендер неге жазықсыз қалуы керек? Жа­ра­тушы иеміздің өзі арақты ішуші мен құйып берушіні, сатушы мен сатып алу­шы­ны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып кетушіні, тіпті арақтан күн көрушіні лағынеттеді. Оның жамандық атаулының бастаушысы екендігін біл­ген­діктен, бір тамшысының өзі харам екендігін ес­керткен. Осы арақтың кесірінен қаншама сәби ата-анасыз жетімханада өсуде. Біздің елде 600-ден астам балалар үйі қызмет етеді. Елімізде 46 мыңдай жетім бала бар бол­са, солардың 16 мыңының ата-анасы ішім­дікке салынғандықтан, ата-аналық құқы­нан айырылған екен. Осыдан-ақ мұ­ның ұлтқа қаншалықты зиян екендігін ұғы­нуға болады. Елімізде араққа салынудың сал­дарынан жыл сайын 28 мың адам бауыр, жүрек-қан тамырлары, асқазан жарасы тәрізді дерттерді асқындырып алып, көз жұмады. Жол-көлік апаты оқи­ға­ларының да 50 пайызы ішімдіктің сал­да­рынан. Сондықтан арақ пен темекіге қатыс­ты заңды қатайтуымыз керек және заңның бұлжытпай орындалуына күш салғанымыз жөн. Өкініштісі сол, бізде араққа, темекіге қатысты заңдар бар болғанымен, оның орындалуы көңіл көншітпейді. Ал көрші Қы­тайда заң шықты ма, ол міндетті түрде орын­далады. Сондықтан біз де бұған қа­тыс­ты заңның орындалуын қадаға­ла­уы­мыз тиіс.

- Университеттік клиника төңі­ре­гін­дегі әңгімеге қарай ойыссақ. ҚазҰМУ-дың ішкі аурулар клиникасының ашыл­ғанына көп уақыт болған жоқ. Жақында ғана лентасын қидыңыздар. Бұл кли­ни­каның басқа емдеу орындарынан ар­тықшылығы қандай? Ашылу мақ­са­тына қысқаша тоқтала кетсеңіз.

- Негізі, бұл ғимарат алғашында тері-вене­рология институтына қарасты болған. Кейін­нен еліміздің медицина мамандарын дайындайтын Ұлттық университет басшы­лы­ғы мұны университет қарамағына алып, ішкі ағзалар клиникасы етіп қайта жаб­дық­та­ды. Ғимаратқа толық күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, заманға сай ме­ди­ци­налық жабдықтар әкелінуде. Бұл кли­никаның басқалардан айырмашылығы, мұнда аталмыш университет студенттері осы жерде тәжірибеден өтіп, білікті дәрі­гер­лерден тәлім-тәрбие алады, сондай-ақ халықтың денсаулығын жақсартуға қызмет көрсетеміз. Яғни бұл оқу және клиникалық орталық болып есептелінеді. Студенттер білік­ті дәрігерлердің науқасты қалай емдеп жатқанын көріп, өзі де жетекші дәрі­гер­лер­дің бақылауымен ем-дом жасауға ара­ласып, маманданып шығады. Бізде бір ерекшелігі, доктор, профессорлар ауру­лар­ды өздері қабылдайды. Біз Қазақ­станмен ғана емес, шетелдердің де кли­ни­ка­ларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Жапонияның білікті мамандары осында келіп, мастер-кластар өткізді. Біздің мамандар басқа мемлекеттерге барып, сол жақтың тәжірибесімен танысуда. Мұның барлығы - халықтың денсаулығын көтеру, өлім-жітімді болдырмау үшін жасалынып отырған шаралар.

Бізде эндикринология бөлімі бар. Оны медицина ғылымының докторы, профессор Жангентхан Абылайұлы басқарып отыр. Қазіргі таңда ол кісіні танитын, білетін нау­қас­тар оны іздеп келіп емделуде. Сол секіл­ді ревматология бөлімі, гепатология бөлімі, неврология бөлімдерінде білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Әзірге бұл клиника жаңадан ашылып отырғаннан кейін, бұған күрделі жөндеу, түрлі медициналық жабдықтардың барлығы университет қорынан төленуде. Бұл ретте сала министрлігі бізге ешқандай көмек беріп отырған жоқ. Енді-енді қолқа салып отырмыз, алдағы уақытта ол жақтан да жәрдем беріліп қалар деген үміттеміз. Ал қазірше, жоқ нәрсені бар қылып отырған жағдайымыз бар. Компьютерлік томо­гра­фия, рентген аппараттары жоқ бол­ған­дық­тан ауруларды амалсыздан басқа ауру­ха­наларға апаруға мәжбүрміз. Егер ондай қондырғылар өзімізде бар болса, қандай тамаша болар еді. Енді мұның барлығы ал­да­ғы уақытта шешілуі тиіс мәселелер.

- Қазір нарықтық кезең, бәсекелестік за­маны. Бүгінгі таңда Алматы қала­сын­да соңғы технологиялармен жа­рақ­танған бірнеше жекеменшік кли­ни­ка­лар бар. Олармен бәсекеге түсе ала­сыздар ма?

- Клиника жаңадан ашылып отыр. Уни­вер­ситеттің қаржысымен мұны көтеру қиын, сондықтан министрліктің көмегі ке­рек. Білікті маман тарту, заманауи тех­но­ло­гиямен жабдықтау үшін үлкен күш қажет. Қазір біз клиниканы күрделі жөндеуден өткіздік те, жартысын тері ауруларын емдеу мекемесіне тегін жалға бердік. Олар ақы­сыз жалға алып отыр, тіпті оның суын, жа­ры­ғын, барлық коммуналдық төлемдерін өзіміз төлеп келеміз. Олардың бәрін ажы­ратып, бөлек ету керек. Енді олардың жаңадан келген басшылығы осыны қолға алатын шығар деп ойлаймыз. Қазір біз клиниканың ауласына дейін безендіріп отыр­мыз. Алдына тал егіп, артының бар­лығы бау-бақша болады. Аурулардың ем­делуіне, демалуына толық жағдай жа­сай­мыз. Әлі-ақ біздің клиника Алматы қала­сының ғана емес, Қазақстанда жетекші емдеу мекемесіне айналады.

- Сіз бір сөзіңізде «жас кадрлар шетелге барып тәжірибе алмасып жа­тыр» деп айтып қалдыңыз. Осы тө­ңі­рек­те толығырақ айтып берсеңіз. Сіз­дер­дегі жас мамандар нақты қай елге барып тәжірибе жинақтады, шетел­діктерден мұнда кімдер келді?

- Бұл төңіректе біздің жоспарлы жұмыс­та­рымыз бар. Әлгінде айтқанымдай, Жа­по­ниядан профессорлар өздерінің тех­но­ло­­гияларымен келді. Канададан да тә­жірибелі мамандар келіп, маркетинг және білім беру төңірегінде дәріс оқиды. Алдағы уақытта клиника директоры Есен­тай Бөдесұлы Тәжиев Латвияға баруды жос­парлап отыр. Ол жақтың тәжірибесімен танысып, технологиясын көріп, тиімді жақ­та­­рын өзімізге ыңғайлап енгізуге ты­ры­са­мыз. Қырғыз елімен де қарым-қаты­на­сы­мыз жоғары. Ол жақтың министрі осын­да келіп тұрады. Университеттік клини­каның ашылуына академик, профес­сор Төрегелді Шармановтың көмегі көп тиді. Мұнда тағамтану институтының ар­найы кафедрасы бар. Іш құрылысы ауы­ратын адамдарға диеталық әрі құнарлы тағамдар қажет. Осында институт маман­да­ры науқастарға берілетін тағамдарды тексеріп, зерттеп отырады. «Ауру - астан» деген нақыл тегін айтылмаған. Ауруды 30-40 пайыз құнарлы тағаммен де емдеуге болады. Қазіргі таңда бізде науқастар тек ақылы негізде ғана емделеді. Бірақ бағаны мемлекеттік стандарттан екі есе төмен қылып отырмыз. Өйткені қарт адамдардың, зейнеткерлердің көп ақша төлеп емделуге мүмкіншілігі жоқ. Мысалы, басқа ауру­ха­на­ларда эн­до­кри­нологияның бір койкасы күндігіне стандарт бойынша 12 мың теңге болса, ал бізде 6 мыңнан аспайды. Алдағы уа­қытта біз де портал арқылы емдейтін бо­ла­мыз.

- Бүгінде ел тұрғындарына меди­ци­налық қызметтің тегін және ақылы екі түрі қатар көрсетіледі. Бірақ екеуінің жайы да жетісіп тұрған жоқ. Бірін­ші­сін­дегі бітпес ұзын-сонар кезек ем­де­лу­шіден көп уақытты талап етсе, екін­шісіндегі қызметтің сұраған ақысына татымайтындығын тәжірибе дәлелдеп отыр. Ақылы медицинаның сапасын арттыру үшін не істеу керек?

- Әзірге бізге арызданып келген ешкім жоқ. Біз науқастардың ауруханадан емделіп шыққан кезінде толық сөйлесеміз. Қалай емделді, нәтижесі тиімді ме, осыларды сұраймыз. Әзірге бәрі разы. Енді ақылы ме­ди­цинаның сапасын көтеру үшін ең бірінші заманауи технология қажет. Диагностика және сапалы ем жасалынса, науқастар ау­ру­ы­нан айықса, одан артық не керек? Бұл жерде соншалықты бас қатырудың қа­жеті жоқ, тек заманауи жабдық пен білікті ма­ман болуы тиіс. Осы екі бағыт жүйелі жұ­мыс істесе, аурулар ренжіп емес, риза бо­лып кетеді. Алдағы уақытта біз толық электронды жүйеге көшеміз. Кез келген аймақта тұратын науқас компьютер арқылы өзінің науқастану тарихын жіберсе, біз койка бос болған уақытта оны шақырып, емдік шараларын жасайтын боламыз. Тіпті бізден кез келген науқасқа консультация алуына болады. Сол секілді бізде жатқан өте ауыр аурулардың науқастану тарихын электронды жүйеде шетелдік мамандарға жіберіп, Америка, Израил клиникаларымен өзара ынтымақтасу, әрекеттесу арқылы дұ­рыс ем жасайтын боламыз. Біздің дә­рі­герлер шетелдіктерден кеңес алады. Осы іс­терді ертерек қолға алсақ, ақылы меди­ци­наның сапасы артатын болады.

- Еліміздегі ауруханалар мен емха­на­ларда әлі күнге дейін науқас тари­хынан бастап барлық құжаттар орыс тілінде толтырылады. Сіздердің кли­ни­ка­ларыңызда медициналық құжат­тар­ды қазақыландыруға қаншалықты көңіл бөлінген?

- Өкінішке қарай, 70 жыл бодандықта бо­лып дәрігерлік тәжірибеде барлық құ­жат­тарды орысша толтырдық. Алайда егеменді ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асты. Қазір университет қабыр­ға­сында қазақ бөлімі ашылған, іс-құжат­тар­дың барлығын қазақша жүргізу қолға алы­нуда. Тіпті университет халықаралық сер­тификат алуға сұраныс беруде. Егер ол жүзеге асса, онда міндетті түрде қазақ тілі бірінші қолға алынады. Біз де әзірге бір қалыпқа келіп алайық, кейін науқас тарихы деген қағаз жүзінде болмайды, барлығы компьютерлік жүйеде жүзеге асады. Науқас тарихы қазақша компьютерлік базада сақта­лады.

- Қазір байқап отырсаңыз, ақшасы бар, қалтасы қалың науқастар шетелде ем алғанды жөн санайды. Бұл отандық медицинаға деген сенімсіздік пе, әлде...

-Әлі күнге дейін еліміздегі қалтасы қалыңдар қит етсе, шекара асып емделуге әуес. Мұны кейбіреулер отандық ме­ди­ци­на­ның науқастарға көмек көрсетудегі дәр­мен­сіздігінен деп ұғады. Мен бұлай деп ойламаймын. Соңғы кездері еліміздің ден­сау­лық сақтау саласына сенім артушылар көбейіп келеді. Бұл салаға миллиардтаған қаржы құйылып, заманауи техно­ло­гия­лар­мен толығу үстінде. Білімді, білікті маман дайындауда да белсенділік байқалуда. Бірақ шетелге барып емделетіндер әлі де бар. Оны мойындауымыз керек. Дегенмен бұл отандық медицина дәрменсіз дегенді білдірмейді, еліміздің медицинасының шарасыздығынан емес, өзінікін қор, өзге­ні­кін зор санайтындардың салдарынан бо­лып отыр. Мұны мен отандық ме­ди­ци­на­ны менсінбеген байлардың әрекеті деп түсі­немін. Әйтпесе сапалы ем жасаудан біздің мамандар шетелдіктерден еш кем емес. Бұл «қолда бар алтынның қадірі жоқ­ты­ғы­нан» болып отыр. Егер мемлекет отандық медицинаға әлі де көбірек көңіл бөлсе, бізде шетелдіктерден асып түсетін ма­ман­дар да, іскер басшылар да бар­шылық.

Алашқа айтар датым

- Айта берсек, мәселе көп. Мен жеке бастың емес, көпшіліктің проблемасын айтамын. Университеттік клиниканы аяққа тұрғызып, оны ары қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Әзірге клиника тек университеттің қаржысымен ғана отыр. Ректордың бастамасымен, оның табандылығымен тұр. Оны дамыту үшін қос министрлік: Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктері көмек бергені жөн. Тиісті органдардан көңіл бөлінсе, клиника әлі де өзінің мүмкіндігін жоғарылатады. Былайша айтқанда, клиникалар төңірегінде заңдық құжат жасалынуы тиіс, бағдарлама бекітілуі керек. А.Дерновойдың кезінде заңдық құжаттың алғышарттары жасалған болатын. Алайда арты аяқсыз қалды. Осы іс қайта қолға алынса екен. Оны жылы кабинеттен шықпай отырып жасай салған бізге пайда әкелмейді, қайта зияны тиеді. Оны шешу үшін осында келіп, клиникалардың жағдайымен танысып, нақты қандай көмек керектігін бағамдап, мамандармен ақылдаса отырып жасаса қандай тамаша болар еді. Қазір клиникалар төңірегінде заңдық құжаттың жасалынып жатқандығын ұзынқұлақтан естіп жатырмын, алайда бізбен келіп ешкім ақылдасып отырған жоқ. Егер осылай бұйрық шығып кетсе, шын мәнінде, оның кесірі бізге тиеді. Сондықтан бір іске қатысты заңдық құжат дайындарда нақты сол іспен айналысып отырған мамандармен ақылдасып, бірлесіп шешкен жөн деп есептеймін.

Оқшау ой

- Өткенде Алматыдағы денсаулық сақтау департаментінің жиналысында сала министрі Салидат Қайырбекова медицина қызметкерлерінің жалақыларын дифференциалдауды ұсынды. Бұл дегеніміз, жоғары технологияларды игеріп, көп науқасты емдеген дәрігердің жалақысы өседі де, ал кім аз емдесе, жаңа технологияларды меңгере алмаса, оның жалақысы төмендейді. Мен осы ұсынысты қолдаймын. Дифференциалды ақы төлеу жүйесі біздің университетте көптен бері жүзеге асырылып келеді. Осыған қатысты еңбекақыны тарифтеу комиссиясы жұмыс істейді. Біз санат бойынша әрі біліктілігіне байланысты тарифтік комиссияға дәрігердің жалақысын көтеру туралы ұсыныс жібереміз. Белгілі профессор, университеттің ғылыми және клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Ораз Мырзабеков тарифтік комиссияның төрағасы ретінде оны бекітеді. Осылайша, бұл жүйе бізде бұрыннан енгізілген. Бұл - дұрыс жүйе. Мәселен, бір профессор күніне алты науқасты қабылдаса, ал басқа профессор бір-екі ауруды ғана қабылдайды, сонда екеуінің жалақысы бірдей болса, ол әділеттілік бола ма? Сондықтан істелген жұмысқа байланысты ақы төленгені дұрыс деп есептеймін.

Автор: Серік ЖҰМАБАЕВ

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354