Жексенбі, 24 Қараша 2024
2188 0 пікір 20 Қазан, 2021 сағат 12:49

Балабақша қызметкерлері наразылыққа шықты

19 қазан күні Түркістан қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығына келген жүзден аса жеке меншік балабақша қызметкері бала басына мемлекеттен берілетін қаражат көлемі аз екеніне шағынды. Әкімдік жауабына көңілі толмаған олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.

Наразылар Түркістан облысының барлық аудан қалаларынан жиналды. Олар қолдарына "Тәрбиешілердің айлық жалақысы көтерілсін!", "Біздің де еңбегіміз басқа облыстар сияқты бағалансын!" деген жазуы бар бірнеше плакат ұстап шықты.

Наразылардың бірі Дилбар Хабибованың Азаттыққа айтуынша, республика бойынша бюджет есебінен орташа есеппен жеке меншік балабақшаларда бала басына 40 мың теңгеден төленіп жатыр. Түркістан облысында үш жылдан бері 25 мың теңге төленеді.

- Жыл басынан бері тәрбиешілердің айлық жалақысы 25 пайыздан екі рет көтерілді. Біз бала басына берілетін ақшаны көтермей жатқан соң жалақыны өсіре алмай отырмыз. Тәрбиешілер "неге педагог туралы заң орындалмай жатыр?" деп көтеріліп жатыр. Сол үшін құрылтайшылар әкімдік алдына келді, - дейді Хабибова.

Наразылар бала басына берілетін қаражатты өсірмей кәсіпкерлердің, тәрбиешілер мен баланың құқығы тапталып жатыр деп санайды. Мысалы, жеке меншік балабақшаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы аз. Кіші қызметкерлердің жалақысы – 40 мың теңге, тәрбиешілердің жалақысы 50-70 мың теңге арасында.

Наразы топты облыс әкімінің орынбасарлары Конгресс холл ғимаратына кіргізіп, сөйлесті. Бірақ әкімдіктің жауабына көңілі толмаған наразылар петиция жазып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев наразы топтың шартымен келісетінін айтады. Оның сөзінше, балабақшадағы бала басына қаржыландыру 41 мың теңге болғанымен 25 800 теңге төленіп жатыр. Кәсіпкерлердің талабын орындау үшін қаржы министрлігіне хат жазылған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, аймақта 1424 балабақша болса, оның 1024-і – жеке меншік. Жеке меншік балабақшадағы бала саны жүз мыңнан асады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625