Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 10618 0 пікір 22 Қазан, 2021 сағат 14:12

Қазақ тарихында қара әріппен жазылған қасірет

Кенебай Жұмаш Айтжұманұлы (Жұмаш Көкбөрі) – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ журналистикасының қайраткері», Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, Қазақ телевизиясының ардагері, ақын, қоғам қайраткері, публицист.

Қазақ поэзиясына өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында келген қазақтың талантты ақындарының бірі. Ал қазақ тележурналистикасында өз қолтаңбасын қалыптастырған публицист журналист. Енді ұлттық мәселеге келгенде өзіндік ұстанымы бар белгілі қоғам қайраткері. Бір жылдары мемлекеттік қызметте қазақтың талантты перзенті мемлекетшіл тұлға Заманбек Нұрқадыловтың жанында қызмет те атқарды. Осыдан жеті-сегіз ай бұрын баспадан шыққан тарихи һәм поэтикалық «Аягөз» романын оқып шықтық та, сол әсердің қоздаған қоламтасын өшірмей аз ғана уақыттың ішінде әдеби айналымға түсіп жатқан романды талқылауға қазақтың белгілі қаламгерлері публицист жазушы «Заман – Қазақстан» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиды, ақын аудармашы Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайранды, белгілі әдебиеттанушы ғалым М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының бас ғылыми қызметкері, тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі профессор Гүлжаһан Орданы, алаштанушы қаламгер журналист, баспагер Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қызжібек Әбдіғалиқызын және автордың өзін шақырдық.


- Әңгімені шығарма авторы Жұмаш ағамыздың өзінен бастасақ. Ағамыз осыдан бір жылдай бұрын 70-тің биік белесіне көтерілді. Аға мерейлі жасыңыз құтты болсын. Жетпістің биігі қалай екен? Туған жеріңіз кіндікқаныңыз тамған топырақ Шығыс Түркістан қызыл шекараның арғы беті демесеңіз ол да қазақтың жері. Балалық шағыңыз тарпаң Тарбағатайдың тауларында сағым болып сағынышқа айналған ақынның балалық шағы атақты Хемингуэй айтқан «жазушы болу үшін адамның бақытсыз балалық шағы керек» деген сөзі еске түсіреді. Сіз де бақытсыз балалық шақ болмаса да, балалық жастық шағыңыздың бақытты да бақытсыз тұстары болғанын естідік.

Ж.К. - Өмір деген осы, міне, зымырап 70-ке де жеттік. Рахмет бауырым!

Арттағы жүріп өткен өмір жолыма қарасам, алуан ойға қаламын. Шығыс Түркістанда дүниеге келіп, 4-сыныпқа дейін сонда мектепте оқыдым. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен (төте жазумен) сауатымды аштым. Ол жылдары біздің үйде Ахаңның да, Жақаңның да, Шәкәрімнің де араб қарпымен басылған кітаптары, басылымдары толып тұратын. Мектепке бармай тұрып, әкем Айтжұман осы кітаптарды алдымен өзі оқып беріп, кейін өзім оқи алатын дәрежеге жеткенім өз алдына бір хикая. Әкем түнімен хиссалар айтатын. Ол кісі домбыраны тамаша шертетін еді. Әлі есімде Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» раманын бітірген күні шабыттанып кеткен мен: «мен де жазушы боламын. Аягөзге барамын» деп жұртты таң қалдырыппын. Бұл арманым 1962 жылы орындалған еді...

Атам Садық Кенебайұлы – оқыған көзі ашық адам болды. Оның үстіне Құнанбайдың бәйбішесі Күңке Ағанасқызы – бізге ұлы әпке болып келеді (шежіре бойынша былай: Найман – Қаракерей – Сыбан – Жаңгөбек – Сейтен – Ағанас –Тоғанас – Медет – Кенебай – Садық – Айтжұман – Жұмаш). Күңкенің тұңғышы Құдайбердіден Шәкәрім – бізге жиен болып келеді деген сөз. Сондықтан да болар Шәкәрім қажының арқасында Садық атам Семейдегі «Алашордамен» байланыста болған. Бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданы Ақшатау ауылы Қалғұты елдімекенінде шамамен 1918 жылдары тұңғыш мектеп ашқан адам – менің Садық Кенебайұлы атам. Бүгінге дейін жұрт «Ақ школ» деп атап кеткен сол мектептің ашылуына «Алаш» серкелері: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Аймауыт, Шәкәрім Құдайберді келгенін «Аягөз» романында толық баяндадым.

Жас кезімнен-ақ, ақын болуды армандадым. Атамекенге оралған соң атам салдырған «Ақ школды» өз көзіммен көрдім. Ол кезде ол мектепті біздің Садық атамыз салғанын айтуға болмайтын кез еді ғой. 7-сыныпта оқып жүрген кезімде «Алтын күз» деген тұңғыш өлеңім Аягөз аудандық «Алға» газетінде басылды. Содан бүгінге дейін қолымнан қаламым түскен емес. Маған білім берген ұстаздарымның да еңбегі ерен болды. Аманғазы Орынбек, Раиса Дмитриевна, Калина (сынып жетекшісі), Тілеухан мен Сымайылов, т.б. «Ақшатау» орта мектебінде білім берген ұстаздарымның менің ақын, жазушы, журналист болуыма сіңірген еңбектері айрықша екенін атап өткім келеді.

- Көп кедергілерге қарамастан араға біраз уақыт салып жарық көріп отырған үшінші кітабыңыз «Аягөз» тарихи романына тоқталып өтсеңіз? Романдағы траулардың соңындағы көрсетпелерге назар аударсақ шығарманы жазуға он жылға жуық уақытыңызды жұмсаған екенсіз.

Ж.К. - Сонау 1986 жылғы Желтоқсанға қатысып, сол туралы «Забалаң» атты тарихи дастан жазып, оны Алманиядағы «Азаттық» радиосы бір сағаттық радиоинсценирова жасағаны, 1990 жылы тұңғыш құрылған саяси қозғалыс «Азатқа» кіргенім, «Азат» атты елдегі тұңғыш тәуелсіз саяси газетті Батырхан Дәрімбет марқұм екеуміз шығарғанымыз, үнемі саяси жүйені сынап жүргеніміз – билікке жақпағаны тағы да өтірік емес. Содан болар менің «Бастау», «Аққу жүрек», «Балауса» жыр жинақтарымнан кейін жоғары жақтың менің кітаптарымды шығаруға құлықты болмағаны тағы да өтірік емес. Оларды менде қыстамадым, ешкімге жалынбадым. «Аягөз» тарихи романы да сондай қиыншылыққа тап болғаны рас. Арада отыз жылдан астам уақыт өткеннен кейін міне, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп халық даналығында айтылғандай Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, белгілі қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулеттің өзі тікелей араласып, соның нәтижесінде мына қолыңыздағы «Аягөз»атты романым мемлекеттік тапсырыспен жарық көріп отыр. Ұлықбекке және т.б. тілектес азаматтардың барлығына да алғыс айтамын!

- Өлең сөзбен роман жазу бұрыннан бар дәстүр десек те, қиыннан қиыстырып, кең құлашты тарихи һәм поэтикалық роман жазу сөз жоқ үлкен ақындық талантты қажет етеді. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясының үлкен жетістігі ретінде ұлттық поэзиямызға қандай жаңалықтар алып келді? Шығарма несімен дараланады?

Ертай аға, романды оқып шықтыңыз. Өзіңіздің «Заман Қазақстанда» «Қазақ қырылған қырғын» деген мақала жаздыңыз, әңгімені өзіңіңіз        жалғастырасыз ба?

Е.А. - Менің білуімше бұл шығарма еліміз тәуелсіздің алған отыз жылдан бері жазылған тұңғыш өлең роман. Шығарма көтерген тақырыбы тұрғысынан тәуелсіздіктің отыз жылдығына арналған үлкен тарту десе де болғандай. Адуын мінезді, сөздері мірдің оғындай сона-ау аумалы-төкпелі заманда намыстың найзағайын ойнатып, үнемі рухы асқақтаған бабаларының, әкелерінің тамырымен сабақтас, қаны бір, жаны жайсаң, текті тұқым-жұрағаттың көзі Жұмаш Кенебайдың бұл туындысы, өлеңмен өрілген тарихи романы тыңнан түрен салып сомдалған соны дүние. Неге бұлай? Себебі көкірек сарайында қат-қат жиналған қанды оқиғаларды бастан кешкен от жүректі аяулы жандар оның ең жақын адамдары. Ес жинап, етек жапқанда олардың көрген, бастан кешкендерін естіген, кекпен суарылған жасырын, құпия әңгімелерді тоқыған жандар: «әй, осы бала жеткізер бәрін» деп құйма құлақ болашақ қаламгерге аманат еткен. Сол аманатты пәлең жыл «арқалап», жылдар бойына ой қазанында пісіріп, толғанып, толғатып ақыры тарихи роман болып кесек дүние өмірге келді. ХХ ғасырдың еншісіндегі оқиғалар XXI ғасыр қақпасын ашқанда алғашқы тараулары жазылыпты. Әрине, ол кезде бұл жазғандары кейін тарихи романның жүгін көтереді деп ойламағанда шығар ақынымыз. Кейін, әсіресе он үшінші жылдары қызыл империяға деген кекпен суарылған жыр жолдары «топ-тобымен» дүние есігін аша бастаған. Романдағы тараулар әр жылдарда жазылғанмен шығарма романға сұранып, біртін бірге осы ойды бекіте түсіп, кейбір жерлеріне қайта үңіліп, қайта жазып өңдеп, ширатып шабыт тұлпарын қамшылап, сөре сызығына жақындай түскен. Романды оқып отырғанда осындай ой арқауында болып, бәрінің басын біріктіріп ғажайып дүние тудырған Жұмаш Көкбөрі ақынның хас шеберлігіне тәнті болдым.

Г.О. - Автордың «Аягөз» романы – қазақ әдебиетінде өлеңмен жазылған тұңғыш роман емес. Әдебиет тарихында бұған дейін де өлеңмен жазылған бірсыпыра романдар болды. Абай Құнанбайұлы А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Татьяна мен Онегиннің хаттарын, Ш.Құдайбердіұлы «Дубровский» повесі мен «Бұрқасын» әңгімесін поэзия тілімен жырлады. Бұл үрдісті І.Жансүгіров пен Қ.Шаңғытбаев жалғастырып «Евгений Онегин» романын толық қазақшалаған болатын.

Бұл қатарда С.Торайғыровтың «Кім жазықты?», «Қамар сұлу», С.Мұқановтың «Замандас туралы аңыз», Д.Әбілевтің «Алтай жүрегі», Ж.Нәжімеденовтің «Танакөз», «Құмырсқа», С.Сматаевтың «Жарылғап батыр» сияқты өлеңмен жазылған романдары бар. Осы тұста Н.Мыңжанидың «Тұрмыс тілшісі», Қ.Шабданұлының «Бақыт жолында» повестерінің өлеңмен жазылғанын еске алуға болады.

Сержан Төлеби: - сөзіңізді бөлейін менің жастау кезімде Шыңжаң қазақ поэзиясының көрнекті өкілі сондағы қазақтың талантты ақыны Әзілбек Кінәзбек ұлының «Аққулар ұшып барады» деген өлең романын оқып едік. Ал ұлы Сәбеңнің Сәбит Мұхановтың «Сұлушашының» жөні бөлек.

Ал мына Нарынқолдың қызыл шекараның арғы жағындағы елде туып өскен Құлжа қаласында Іле пединституты филология факультетінің профессоры ақын, аудармашы Құдаш Сабаншыұлы ағамыздың Бейбарыс туралы өлеңмен кең құлашты тарихи роман жазғанын естідік.

Ж.К. - Бір жағынан солай десе де болады. Ата-бабаларымыз басып өткен тар жол тайғақ кешу туралы, ашаршылық, қолдан жасалған қызыл қырғын, өз қазағын өзі қынадай қыруға себеп болған ұлт сатқындары, шолақ белсенділер жайлы жазылған бұл еңбегім өзіме ерекше ыстық!..

Ә.Қ. - Жұмаш ағамның «Аягөз» деп аталатын қомақты кітабының алғашқы беттерін аша бастағанымнан-ақ таң қалумен болдым. Бұл тым аумақты шығарманың жанрын «тарихи роман» деп атағанына түсіністікпен қарасам да, бүкіл қазақ халқының Қазан төңкерісінен бергі қайғы-қасіретін нағыз поэзиялық үрдіспен бейнелеп берген соң, қазақтың қасиетті қара өлеңімен жазылған бұл еңбектің «тарихи дастан» десе де болар еді. Бұл – өзімнің ойым.

Мен бұл кітапты автордың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының табысы дер едім. Бұл шығарманың ерекшелігі қазақ әдебиетіндегі ең көлемді поэма болуы ғана емес, бүкіл бір дәуірдегі сан қилы оқи,алар мен спарылысқан саяси қылмыстарды нағыз ақындық шеберлікпен жырлай білуінде, тарихи шындықтан тапжылмай, өмірде болған адамдардың тар замандағы тағдырының өлең тілімен шынайы бейнеленуінде.

- Көркем әдебиеттегі басты фактор көркемдік десек, шығармадағы көркемдік құрылым жағын, оның поэтикасын, көркемдік сипатын тереңірек ашып көрсетіп бересіздер ме? Автордың ақындық қиялын, қалам қуатын көрсете алған шығарманың көркемдік, эстетикалық құны мен маңызы неде?

Г.О. - Құрылымы жағынан келгенде роман кіріспеден, негізгі 14 тарау мен эпилогтан тұрады. Бұл жағынан келгенде құрылысында айтарлықтай ерекшелік жоқ.

Фольклорлық сарындардың бірі – ертегілік мотивтер болса, «Ер Төстік» әңгімесіндегі перінің қызы Бекторы – қазіргі әдебиетте жаңаша сипат алып жүрген мифтік кейіпкер. Осы қатарда Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», Б.Сарыбайдың «Перінің қызы Бекторы» әңгімелері мен Ж.Әскербекқызының «Перінің қызы Бекторы» өлеңдерін атауға негіз бар. Аталған романның «Перінің қызы Бекторы» тарауында Садық пен Перінің қызы Бекторы арасындағы махаббаттан мистикалық сарынмен жазылған ертегілік мотивті көруге болады. Жазушы демонологиялық кейіпкерді (перінің қызы Бекторы) Садықтың болашағын болжау үшін алған. Бекторының сөзі адамдарға ұқсамайтын перілердің әлемінен хабар береді. Олардың адамдармен бірлесе өмір сүруі мүмкін емес, перілердің өмір сүру салты өзгеше. Сондықтан да Садық пен Бекторы бас қоса алмайды.

Сонымен бірге жазушы бата, өсиет, түсті әдеби әдіс ретінде пайдаланған. Түсті аян ретінде қолданса, алаш қайраткерлерінің, Шәкәрімнің, басқа да ақсақалдардың әр істің басында Садыққа бата беруі, Садық атасының түсіне кіріп, баласына өсиет айтуы – осындай мысалдардың көрінісі.

Е.А. - Бұл өзі «Тыңнан түрен салған» шығарма. Қызылдардың, қызыл империяның, Мәскеудің қазақ халқына жасаған сөзбен жеткізе алмайтын зор қиянатын біз әлі де сыйпай қамшылап, әлі де өз деңгейінде жеткізе алмай келеміз. «Бандылар, басмашылар, бай-манаптар» деп кеңес өкіметі кезінде өзіміз жек көріп айтқан сөз тіркестері әлі де болса сол қара бояуын жоғалтпай келеді. Себебі әлі де біздің көкірегімізде үрей, қорқыныш бар. Жұмаш Көкбөрі осы тарихи романында сол үрейді, қорқынышты найзағай қылыш-қаламымен серпіп, шынайы дүние тудыра білген.

Оққа ұшқан, итжеккенге айдалған, дарға асылған, аштықтан өлген миллиондардың бірі, қазақтың батыры, ұлт қаһарманы, әлсіздердің қорғанышы. Садық Кенебайұлына туған жерден осылай топырақ бұйырмапты. Өлеңмен өріп, жүрекпен тербеп жазып, дүниеге келтірген «Аягөз» тарихи романының әрбір қарпін, әрбір жолы мен шумағын, 15 тарауын, түйіні мен эпилогын шынында да жай көзбен емес, терең сезіммен оқисың.

Ә.Қ. - Мен Жұмаш Кенебай деген ақынды жас кезімнен білемін. «Аққулар жүрек жасайды» деген кітабы шыққанда, соған шын сүйсініп, өз пікірлерімді авторға айтқаным да есімде. Бұл нағыз лирик ақын еді. Енді, міне, эпик ақын ретінде көрініп отыр. Алайда, адамның жан-дүниесін, жүрек лүпілін жеткізудегі сезімталдығы осы шығармадан да анық көрініп тұр. Бұл шығармада қазақ өлеңіне тән өлшемдердің бәрі кездеседі. Сонымен қатар, бұл ақын осы шығармасында шұрайлы тіл мен терең тебіреністен де ешқандай ауытқымаған.

- Негізі шығарма азаттық тақырыбына, Алаш ардақтыларының рухына арналған туынды. Романда бастан-аяқ, Алашшылдық рух алға шығып отырады. Шығарманы оқып болғанда Олжас ағамыздың (Сүлейменовтің) атақты «Көтеріл Қыпшақ» деген өлеңі тіліме оралды.

Е.А. - Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін өшіп кете жаздаған, қайтадан ес жиып, Желтоқсанда рухы аспандаған қилы тағдырлы ғасыр еді. Өлеңмен өрілген бұл романға осы ғасырдың 1917 – 1952 жылдары аралығында қолдарына қару алып, Кеңестің қызыл қырғынға қарсы шыққан және осы жолдан көздері жұмылғанша таймаған, есімдері Аягөз, Семей өңірлеріне мәлім болған нағыз ұлт қаһармандары – Садық Кенебайұлы, оның асыл жары Бишан Кенебайкеліні, Орынбек Бұршақбайұлы, Ахмет Жұматайұлы ұлты үшін от пен суға түскен, Аягөздің Ақшатау ауылының қасындағы Қалғұтыдағы Садық Кенебайұлының күшімен салынған «Ақ школ» мектебіне ақ баталарын берген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты «Алаш» көсемдері және есімдері қалың жұртқа онша мәлім емес, қазақтан шыққан асыл азаматтардың бастарынан кешкен қанды оқиғалар арқау болған. Бұл кітап деректілігімен құнды. Ойдан шығарылған кейіпкерлер атымен жоқ. Жұмаш Кенебай қарттардан өз құлағымен естіген, көкірегіне жылдар бойы тоқыған, сөйтіп жанартау болып жалындап сыртқа жыр болып төгілген, жаңа тың дүние.

Г.О. - Романда Алаш рухының басым болатыны – негізгі кейіпкерлердің кеңес өкіметін мойындамауы. Алаш қайраткерлері де кеңестік жүйеге басы бүтін қарсы болды, сондықтан оларды түп тұқиянымен жойып жіберді. Билік үшін көзі қарақты адамдар жаңа қоғам ісіне кедергі болғандықтан, оларды асып, атып, жер аударып жіберу тиімді еді. Оны былай суреттейді:

Кілең тыңшы, сақтықтары – сауысқан,
Сау адамдар, тергеуден соң, «ауысқан...»
Есі дұрыс, оқығанын қазақтың
Бірін қоймай, соттап, атып, тауысқан.

Садық, Орынбек, Ахмет, Қамзабай, Кәрім сияқты батырлардың 13 жыл аттан түспей, белін шешпей, тау-тасты паналап қызылдармен шайқасуы – алаш қайраткерлерінің арман-мақсаттарының жалғасы еді. Олар туған жерін кірмелердің иемденуінен қорықты, олардың табанын кіндік кескен жеріне тигізгісі келмеді. Оны «Қызыл қырғын», «Қызыл керуен қоршауда...», «Әртелдегі» әңгіме», т.б. тараушалардан оқуға болады.

Ә.Қ. - Сержан өзің айтып отырғандай, бұл тарихи романның өне бойынан алашшылдық рух аңқып тұрады. Оқыған адамдар байқар, көпшілік біле бермейтін деректер де жеткілікті.

- Қызжібек ханым Алаш тақырыбын жазып жүрген қаламгер әрі кітаптың редакторы ретінде сіз не айтар едіңіз?

Жалпы бұл кітап 15 тараудан тұрады. 576 беттік көркем роман. Ұзақ жылдар бойы тынбай ізденген еңбекпен шығармашылық адамға тән табандылықтың нәтижесі бұл. Ия, тап-таза өлең сөзбен жазылған роман, әрі Алаш рухын асқақтатқан шығарма. Кітаптың редакциялық жұмысы барысында, шығармада баяндалатын ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғалар, бір әулеттің басынан кешкен алмағайып тағдырлар төңірегінде өрбиді. Шығармадағы басты кейіпкерлер Садық кенебай да, Ахмет Жұматай да Алаштың азаттығы жолында күрескен кешегі Алаш арыстарымен серіктес, тағдырлас болған тарихи тұлғалар бүкіл бір халықтың тағдыр-талайын бейнелеген Алаш тарихы һәм Шығыс Түркістан тарихының шындығын, сол тұстағы тарихи жағдай бір дәуірдің жүрек лүпілін шығармадағы басты кейіпкердің тағдыр-талайы бейнесі арқылы көрсетіледі, әрі оны «Өлең сөзбен қиыннан қиыстырып» көркем поэтикалық деңгейде жырлауы. Өздеріңіз айтқандай өлең сөзбен роман жазу, онда да кең құлашты поэтикалық һам тарихи дүние жазу, Тәуелсіздік жырларындағы қазақ әдебиетінің жетістігі деуге болады. Бұл бір. Екіден әркімнің қолы бара алмай жүрген азаттық тақырыбына, Алаш тақырыбына баруы. Сол арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық, елдік, ұлттық сананы сіңіруге, Тәуелсіздікті, азаттық рухты сезіндіру, санасына сіңіру, тағы бір байқағанымыз тарихи шындық пен көркем шындықтың үйлесімін табуы. Әрине тарихи шындықты бір дәуірдің жүрек лүпілін поэтикалық деңгейге көтеріп жазуы, үлкен ақындық таланттың қалам қуатының көрінісі дер едім.

- Бұл өзі тарихи һәм поэтикалық шығарма. Шығармада тарихи оқиғалар мен ондағы шындық қаншалықты ашылған. Көтерген тақырыбы тұрғысынан шығарма өзінің концепциясын қаншалықты алып шықты деп ойлайсыздар?

Г.О. Автор Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз, Қалғұты өзенінің бойындағы Ақшатауда өткен тарихи оқиғаларға жан бітірген. Кенебайұлы Садықтың Қалғұтыда мектеп салдыруы, Садық, Ахмет, Орынбек сияқты батырлардың қызылдарды мойындамай 13-14 жыл аттан түспей олармен күресуі, Ақсуат пен Аягөздің арасын жаудан қорғап торуылдауы, олардың абақты мен түрменің азабын тартуы, қазақтың ашаршылыққа ұшырап Шұбартау, Аягөзді өлік қаптауы, Алакөлде қызылдардың қазақтарды қырып салуы, Шәкәрімді Қарасартовтың атып, құдыққа тастап кетуі, Шәкәрім қажының баласы Зиятты Садыққа аманаттап, арғы бетке кетуге кеңес беріп ақ батасын жолдауы, комсомол қатарында болған Уәйза мен Төлеуханды өздері құрған өкіметтің бірнеше жылға соттап жіберуі, қазақ даласын орыстардың иемдену, шекара асқандардың отыз жылдан соң ат басын туған жерге тіреуі сияқты тарихи шындықтар романда көркем шешімін тапқан.

Бар малын, дүние мүлкін қызылдарға қалдырып, туған жерден үдере көшкен елдің Ақжайлау мен Сандықтас, Қалғұты мен Дөненбай, Аягөзбен қоштасуы оңай болған жоқ. Азып-тозған, Аягөз жақтан ілбіп келе жатқан қаралы көшті Алакөлде қызылдардың екі оқшашармен (пулемет) қырып салғанын ақын былай суреттейді:

Тау-тау болып үйіліпті өліктер,
Оққа ұшады, бір кездегі ерікті ел.
Атып жатыр, атып жатыр, тоқтамай,
Бұл қызылдар – қызыл қанға жеріктер.

Арғы бетке өтіп кеткен Ахмет, Садық, Орынбектер қайта келіп, жау қолына түскен тұтқындарды өлімнен құтқарады. Олар Шәуешекте жер емшегін емген Садық пен Бишәнді қызылдар азаптап өлтірсе, 1952 жылы Ахметті Аягөзге алып келіп, 25 жылға соттауы, КАРЛАГ-та жүріп белгісіз өлім құшуы тарихи шындықпен үйлесіп тұр.

Қарабура өзенінің жағасында тіршілік еткен қазақтардың бар ойы Аягөзде еді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын тыңдаған сайын туған жерге, елге деген сағыныштары күшейе берді. Туған жерге деген сағыныш пен шексіз махаббат оларды 1962 жылы елге қайта алып келді.

Ә.Қ. - Осы шығармасын жазу үстінде, жазбай тұрып та Жұмаш Кенебайдың қажетті материалдарды жеткілікті түрде жинақтағаны көрініп тұр. Оның бұл іске жан-тәнімен кіріскені соншалық – сол материалдардың бәрін орын-орнына орналастыру жағын да кәміл ойластырған. Сондықтан болар, кітапты оқып отырғанда, ешқандай ауа жайылуды, бұлыңғырлыққа ұрынуды байқамаймыз. Артық әсірелеуге бармайды, шындықтан ауытқымайды.

Е.А. - Романдағы оқиғалар негізінен Аягөзде, Ақшатауда, Семейде, Шыңғыстауда, Баршатаста, Алакөлде, Алматыда, Қалғұтыда, Шығыс Түркістанның Шәуешек, Шағантоғай, Қарабура, Құлыстай, т.б. жерлерінде өтеді. Кітаптың басты кейіпкерлерінің бірі Садық Кенебайұлы қызылдар қолынан Шығыс Түкістанда асқан қатігіздікпен әрі айуандықпен өлтірілсе, оның құдасы әрі қарулас серігі Ахмет Жұматайұлы, кеңестік қызыл тыңшылар тарапынан Қарабурада ұсталып, Аягөзде сотталып, әуелі өлім жазасына, кейін 25 жылға кесіліп, Қарағандыдағы әлемге аян Карлаг лагерінде белгісіз жағдайда көз жұмады.

Оқырманды ақынның әрбір сөзі, шумағы, әрбір тарауы жасындай жарқылдап ХХ ғасыр басындағы қазақ елінің тарихи өзгерістеріне, оқиғаларына жетектеп апарып, ондағы алмағайып кезеңдегі ақ пен қызыл қырғыны, байларды тәркілеу, ашаршылық, қуғын-сүргін, НКВД абақтыларындағы адам жаны төзгісіз азаптаулар, шолақ белсенділердің сатқындығы мен қаныпезерлігіне куә етеді, ашындырады, көздеріне жас алғызады. Тарих қатпарын ақтарып, қаймағын сыпырып оқырманға ұсынған бұл романда сан-сан тақырыптарды қаузауға болады. Мәселен самсаған жер атауларын жәудіретіп, мөлдіретіп жеткізген ақынның білгірлігіне, біліктілігіне тәнті боласың. Ән, жыр және әнші, жыршылар легі өзінше бір керуен.

Г.О. - Мазмұны жағынан келгенде шығармада жаңашылдық бар. ХХ ғасырдағы ұлт қасіретіне айналған сан алуан тарихи оқиғалар тәуелсіздік алғаннан бері қаншама шығармаға арқау болды. Жазушының «Аягөз» романына ХХ ғасыр басындағы Аягөз өңіріндегі қаралы оқиғалар негіз болған. Автор екі дәуірдегі екі елдің озбырлығын көрген Кенебайдың Садығы, Жұматайдың Ахметі, Бұршақбайдың Орынбегі басынан өткен тақсіретімен күллі қазақ баласының  қасіретін көрсеткен. ХХ ғасырдың бірінші жартысы сан алуан тарихи да қанды оқиғаларға толы болды. 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, Қазан төңкерісі, Кеңес өкіметінің орнауы, ұжымдастыру, ашаршылық, жеке басқа табынудың салдарынан жаппай қудалау – қазақ тарихында қара әріппен жазылған қасіреттер. Осы оқиғалардың бел ортасында болған кейіпкерлердің Шәуешектен пана іздеуі, жат жерде көрген құқайы – қазақ халқының басынан өткерген қасіреттер болса, автор осы қанды оқиғаларға жан бітіріп, қазіргі қазақ әдебиетін тарихи оқиғалармен, ұлттық қаһармандармен толықтырып отыр.

Е.А. - Жұмаш Кенебайдың қос атасы да сона-ау нәубет жылдарында қазақты қырғынға ұшыратып, жер бетінен жойып жібере жаздаған қызыл империяға қарсы жан-тәнімен соғысқан. Бір емес, екі емес, он үш жыл қатарынан күн демей, түн демей аттың жалында, түйенің қомында қызылдың бес қаруын асынған қалың әскермен шайқасқан, атақты, сөйтіп үрейлі, қорқынышты «банды» атанған. Талай жауын жер жастандырған мұндай батырларымызды ел назарына ұсыну, таныстыру, үлгі-өнеге ету біздің парызымыз. Себебі біз қызыл идеологиямен уланғанымыз соншама, кезінде Кеңес өкіметіне қарсы келгендерді жек көрдік. Оларды жеккөрінішті еткен, өз ата-бабаларымыздың ерлігін сатқындыққа балатқан, «ауыстыртқан» не деген шебер идеология десеңші!

- «Аға» романды жазу барысында тарихи архивтерге отырдыңыз ба? Онда басты кейіпкерлер Садық Кенебайдың Шығыс Түркістандағы өмірі мен қызметі туралы қаншалықты деректер сақталыпты? Отандық архив кердеші бұл туралы Қарағандыдағы атақты КАРЛАК лагерінің құны Ахмет Жұматайұлы туралы айтуға да болатындай.

Ж.К. - 1975 жылы Республикалық «Білім» қоғамында Мұхаметқазы Тәжин (Марат Тәжиннің әкесі) ағаның қол астында қызмет істеп жүрген кезімде кеңседе жалғыз отырған кезімде бір орыс азаматы кіріп келіп, өзінің КГБ майоры Иванов екенін айтып, менімен біраз әңгімелескен. Келу себебі – мені КГБ-ға қызметке шақыру екен. Садық атамның, нағашы Ахмет атамның қызылдар қолынан өлтірілгенін жақсы білетін мен бірден бас тартып едім, қазақшаға судай әлгі майор Иванов Садық атамның Совет өкіметіне жау болғанын, талай қырғын жасағанын, 1944 жылы Шығыс Түркістаннан ауыр жараланып келіп, осы Алматыда емделгенін, қызыл өкіметпен қызмет істеуге келіскенін айтып, «Садық Кенебайұлы» деген жазуы бар істі маған көрсеткен. Сұрап едім, қызметке келіссем бәрін көрсететінін айтқан. Мен келіспедім. Әңгіме осымен аяқталған.

Айтпақшы, «Қайнар» баспасында қызметте жүргенімде Ақкөл Отарбаев ағамның айтуымен партияға өтпек болғанымда, тексерушілер Садық атамның қызылдың жауы болғанын алдыма тартып, партяға қабалдамай қойғаны – тағы да рас оқиға. «Аягөз» романын жазу кезінде КГБ-ға барып, атам жайлы деректер сұрастырып едім, мені жолатпады. Алматы мен Семей мұрағаты да рұқсат бермеді. Олар істің бәрі «Мәскеуде, НКВД мұрағатында» деп құтылды. Ал, Аягөз мұрағаты 1990 жылы түгі қалмай өртеніп кеткен. Біреулер қасақана өртеп жіберген дейді білетіндер...

Оның үстіне «Аягөз» романын тұтастай поэзия үлгісімен жазған соң, оған қара сөзбен жазылған деректерді кіргізіп жатуды өзіме артық деп санадым. Өзімнен кейінгі ұрпақтарымның бірі мұрағаттарды ақтарып, іздестірер деген үмітім де жоқ емес...

- Қазақ еліндегі тарихи өзгерістер, ақ пен қызыл қырғыны, ашаршылық, ақ пен қызыл абақтыларындағы адам төзгісіз азаптаулар, шолақбелсенділер сатқындығы, т.б. оқиғалар романның бас кейіпкерлері: Садық Кенебайұлы, нағаш атам Ахмет батыр Жұматайұлы, атамызбен бір сапта болған Орынбек Бұршақбайұлы, «Алаш» серкелері Ахан мен Жақан, Жүсіпбек және Шәкәрім сынды ұлы тұлғалар төңірегінде өрбиді. Тарихии роман жазу қаншалықты қиындық тудырды?

Ж.К. - Атамекенімізге оралғаннан кейін осындағы көзі тірі адамдар менің Садық атам туралы небір хикаяларды маған оңашада сыр ғылып айтатын. Соның бәрін зердеме түйіп өстім. Романдағы Уәйза қарт, Орынбек Бұршақбаев, Айтқазы ақсақал, Сәукен Қазыханов, Қамзабай Жақияұлы, Кәрім ата, т.б. Ақшатау ауылының шежіре қарттары мүмкіндік бола қалса, Садық атам басынан кешкен алуан оқиғаларды жыр қылып айтатын. Қамзабай ақсақалдың: «Садық аталарың біздің заманымыздың Қобыландысы мен Алпамысы еді ғой!..» деген сөздері жадымда қатты сақталыпты.

Өз басым бұл «Аягөз» романын еш қиындықсыз жазып шықтым десе де болады. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деп, бұл кітапты өлеңмен жазуыма жол сілтеген Аягөз ауданың бұрынғы әкімі, жақсы аға Амангелді Керімтаев болғанын несіне жасырайын. Шынында да осы еңбекті жазу кезінде қолыма қалам алсам болды, жыр жолдары өз-өзінен төгіліп беретіндей көрінетін маған. Бұл, мақтанғаным емес, таза шындығым. Әлі күнге дейін өзімді сол бір зар күйімде жүргендей сезінемін.

- Әдебиетті өсіретін ғылыми әділ сын. Ал сынсыз өсу жоқ десек, шығармада әттеген-ай деген тұстар кездесе ме?

Г.О. - Тарихи роман болғандықтан мұнда негізінен тарихи оқиғалар ғана алынғаны жөн. «Атамекен келбеті» атты І тараудың «Ақшатаудың маңындағы жер аттары», «Қалғұты суреттері» тараушалары шұбалаңқы. Негізгі оқиғаны асыға күтіп отырған оқырманға жер атаулары мен ата-баба тарихы, Қалғұтының әсем табиғатын тәптіштеп суреттеу, Қалғұты мен Аягөздің арғы-бергі тарихын ұзақ таныстыру жалықтырады. І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» сияқты бұл тараушалар романнан тыс, жеке дара шығарма ретінде берілсе де болады.

Қалғұтыда Садық салдырған тұңғыш мектеп «Ақ школ», Шәкәрімнің нағашысы салдырған «Ақ школдың» ашылуына Алаш ардақтылары Ахаң, Жақаң, Жүсіпбектерді бастап алып келуі, Айсаман әженің көкжалды соғып алғаны, Күңке әпкесінің Өскенбайға келін болып ұзатылуы романның өн бойында бірнеше рет қайталанады, солардың бәрін бір жерде ғана айту керек еді. Мұндай қайталаулар романның көлеміне нұқсан келтіріп тұр. Қалғұтының табиғаты туралы «Қалғұты суреттері» тараушасында айтылған соң, «Атамекен келбеті» тараушасында және суреттеудің басы артық. Сол сияқты Аягөз суреттері мен қазақтың арғы-бергі тарихы туралы шолулар тым ұзақ.

Эпилогтың он алты жырдан тұруы да қисынға келмейді. Негізінен эпилог қысқа да нұсқа болғаны жөн. Эпопеялардың өзінде эпилог 3-4 беттен аспайды. Автордың негізгі кейіпкерлердің бүгінгі ұрпақтарын тарата сөз еткісі келгені белгілі. Бірақ ол мәліметтер романның міндетіне кірмейді. Сондықтан оларды түйіндеп, ықшамдап жеткізу керек еді. Тарихи романда негізгі оқиғалар жұп-жұмыр болып суреттелсе, оқырман ынтығып, оқиғаның ішіне еніп кетеді. Ал, басы артық сурттеулер оқырманды жалықтырып, негізгі оқиғаны ұмыттырып жібереді.

- «Аягөз» тарихи романы жас ұрпақ бойына туған ұлтын қалай сүю керектігін нанымды оқиғалар арқылы баяндауы оқырманын бей-жай қалдырмайды деген сенімдемін. Қазіргі ұрпақтың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

Ж.К. - Менің бұл «Аягөз» тарихи романын жазуды қолға алған сәттен, біздің ата-бабаларымыздың туған ұлты үшін қандай ерлікке барғандарын қолымнан келгенше әр қырынан баяндадым. Қазақ халқының, барша түрік халқының ерлік жолдарын баяндай отырып, нақты деректермен, аңыздармен баяндауда бүгінгі жас ұрпақ бойына өзінің туған ұлтына деген шексіз сүйіспеншілікті ұялата алсам – менде басқа арман жоқ дер едім. Кітаптың шыққанына көп уақыт бола қойған жоқ, бағасын уақыт бере жатар. Қазірдің өзінде кітабымды оқыған оқырмандар жақсы пікірлер айтуда. Оған дәлел, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы Ертай Айғалиұлы інім, менің бұл кітабым жайлы өз газетінде: «Қазақ қырылған қызыл қырғын жайлы өлеңмен өрілген тарихи роман» (19/11/2020) деген тақырыппен тамаша мақала жариялағаны белгілі. Бұл жай мақала емес, әдеби зерттеу ғылыми еңбегі десе де болады. Содан ба екен, осы арада Ертай ініме деген ризашылығымда шек жоқ екенін баса айтқым келеді...

«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» «Аягөз» романыңыз кез келген оқырманың бірден өзіне баурап аларына сенімдіміз.

Әңгімелеріңізге рахмет!

Қосымша: Жұмаш Кенебайдың «Аягөз» романын талқылауға қатысқан қаламгерлерге рахмет айта отырып, біз өз тарапымыздан мынандай байламға келдік. Тарихи романды жазу барысында автор ұзақ ізденген. Тіпті ғұмыр бойы материал іздеген, жинаған десек те болады. Оның үстіне жазылған қолжазбаның өзі ширек ғасырдай жатып қалған. Себебі, сол оқиғаға куә болған көнекөздер бүгінде арамызда жоқ. Бала кезінде естіген әңгімелерді жадында қайта жаңғырту арқылы оқиғалар легі жүйеленген. Тіпті Аягөз мұрағатының өртеніп кетуі, тарихи құжаттардың жойылып кетуі, тарихи деректердің болмауы көп қиындық туғызған. Романды алып шыққан – негізгі кейіпкерлердің қаламгердің өз атасы мен нағашы атасы болуы. Кенебай баба ұрпағына деген құрмет «Қарағандыбұлақ», «Айтжұманбұлақ» деген жер атауларынан ақ көрініп тұр. Олай болса, қазақ халқы азаттық, бостандық үшін күрескен батырларын ешқашан ұмытпақ емес.

«Дөңгелек столды дайындаған Жанайым Ауғанбайқызы, Сержан Тоқтасынұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588