Сәрсенбі, 7 Қаңтар 2026
46 - сөз 426 0 пікір 5 Қаңтар, 2026 сағат 13:14

Эмили Дикинсон. Ешкім емен! Сіз кімсіз?

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Эмили Дикинсон (1830-1886) – Америка поэзиясындағы ең бірегей әрі жаңашыл ақындардың бірі. Көзі тірісінде көп танылмағанымен, 20-ғасырда оның өлеңдері модернистік поэзияның бастауларының бірі ретінде бағаланды.

Дикинсон классикалық өлшем мен ұйқасқа бағынбайды. Тілді минимализм деңгейіне дейін ықшамдады. Ол ішкі еркіндікті жырлады. Қоғамдық нормаларға емес, сананың шекарасына қарсы тұрды. Поэзияны «әдеби безендіруден» философиялық тәжірибеге айналдырды.

Жеңіс дәмі тәтті ғой ежелден

Жеңіс дәмі тәтті ғой ежелден
Жандар үшін аса алмаған межеден.
Тату үшін шырынның бал дәмінен,
Керек оған өрт құмарлық бәрінен.

Сайып қыран жауынгер де ерлеген,
Жеңіс туын құлатып еш көрмеген.
Ашып айтып бере алмайды әрісін,
Жеңістің шын мағына-сыр, мәнісін.

Жеңілді ол, өлім енді ажырық,
Жеңіс, шаттық дабылдатып ап-анық,
Жатты оның құлағында жаңғырып.

Қорық дейсің бе?

Қорық дейсің бе? Қорқу керек кімнен, сонда?
Өлімнен бе? Кім өзі, айтшы, сол шіркін?
Пірәдардың үйіндегі қасапшың,
Қорқынышты одан гөрі сан дүркін.

Өмірден бе? Қызық екен,
Қорқам оның несіне.
Бұ дүние бітсе, О дүние бар,
Құдайдың сенем сертіне.
Қайта тірілуден бе? Жоқ, неге?
Күншығыс
берген жоқ па алтын тәжін ақ таңға,
Көкжиектен арайлап таң атқанда?!
Қорқасың демек құр босқа.

Қорғай алсам дос жүрегін

Қорғай алсам дос жүрегін талқан болып қираудан,
Текке өмір сүрмегенім емеше.
Жұбата алсам бір тағдырды қайғы буып сыздаған,
Дәру болсам мейлі жалғыз дертіне,
Сұлап жатқан құсты жерден көтеріп,
Іліндірсем ұясының шетіне,
Текке өмір сүрмегенім емдеше.

Барған емен жасыл қырға

Барған емен жасыл қырға,
Көрген емең теңізді де.
Таныс бірақ,
Аршагүлдер қаулаған,
Таныс бірақ, толқындар сол шулаған.

Тілдескен емен құдайыңа,
Барған емен жұмағына.
Анық бірақ, маған оның сорабы,
Сілтеп маған жолын соның тұрады.

Табиғат

Табиғат – ол біздің көріп жүрген,
Төбелер, сәске түс,
Тиін, тұтылған күн, бал ара,
Сонда да, жұмаққа бергісіз.
Табиғат – ол біздің естіп жүрген,
Сандуғаш, теңіз,
Найзағай, шырылы шегірткенің,
Сонда да, тұп-тұнық үйлесім.
Табиғат – ол біздің білетіндеріміз,
Сонда да айта алмай келеміз,
Қаншама кораш ақылымыз,
Қарапайымдылықтың алдында.

Үміт – деген қауырсынды тіршілік

Үміт – деген қауырсынды тіршілік,
Жан түкпіріне ұя салған.
Салады әнге сөздері жоқ
Жағы бір тынбастан.

Нөсерлі жел, дауылда да,
Естілер үні әманда.
Жеңе алмайды еш күш оны -
Жылу беріп тұрар жанға.

Естідім оны ен далада,
Тулаған жат теңізде.
Қиын шақта сол құс менен,
Сұраған жоқ түйір нәрсе.

Ешкім емен! Сіз кімсіз?

Ешкім емен! Сіз кімсіз?
Сіз де мендей міскінбісіз?
Ендеше болдық біз екеу!
Тырс етпеңіз!
Жұрт естісe жаяр дереу.

Біреу болу қандай азап!
Жұрт та шіркін бақа құсап,
Алажаздай –
Өз атын өзі айқайлап,
Таңданады балшығында жатып ап.

Ағылшын тілінен аударған: Әмір Қабшықбай

Abai.kz

0 пікір