Header Banner
Бейсенбі, 12 Наурыз 2026
Билік 185 0 пікір 12 Наурыз, 2026 сағат 15:18

Президент: Еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Жиында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Сыдық Дәулетов, Мәжіліс депутаты Константин Авершин, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Елена Семидоцких, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Гүлнәр Тойлыбаева, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы Ардақ Бораш, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиев сөз сөйледі.

Біз аталған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан басты мәселелерге шолу жасадық. Сонымен, Президент не дейді?

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр!

Президент: «Ең алдымен, баршаңызға және жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Салмақты, пайдалы ой-пікірлер айтылды. Оның бәрі Парламенттің, Үкіметтің алдағы жұмысында ескерілетін болады. Шын мәнінде, бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Бүгінгі форумға барлық аймақтан жергілікті билік өкілдері арнайы келді. Қазір осы залда миллиондаған отандасымыздың мүддесін қорғап жүрген екі мыңға жуық депутат отыр. Сіздер халықпен тығыз жұмыс істеп жүрсіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жақсы білесіздер. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Сіздер атқарып жатқан жұмысты ұдайы басты назарда ұстаймын», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы, мұндай жиын өңірлік саясаттың тиімділігін бағалап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек», - деді.

Мемлекет басшысы: «Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады. Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Жергілікті бюджет: Күрішті күрмектен ажырата білу қажет!

Президент: «Аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру айрықша маңызды. Мен мұны Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында айттым. Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қана ұсынылады, тиісті түсініктемелер берілмейді. Сондай-ақ бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Сол себепті оны депутаттар үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді. Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар пайда болады. Ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң, мәселе сұраусыз қалады. Демек жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз. Соның бәрі жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызады. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек. Бірақ бюджет бойынша барлық талқылау тек мемлекет пен өңірлік мүдделерге негізделуге тиіс, лоббизмге немесе популизмге жол бермеу керек. Басты ұстаным – бәрі де халық үшін», - деді.

Мемлекет басшысы: «Әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн. Осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болады. Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет. Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз. Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту қажет!

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет. Бұл – айрықша маңызы бар міндет. Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажет. Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Біз басқарудың ротациялық тәртібін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне біртіндеп енгізіп жатырмыз. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Енді мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу керек деп санаймын. Бұрын мәслихаттарды басқаратын хатшылары болды, енді төрағалар басқарып отыр. Бұл, меніңше, дұрыс шешім болды. Алайда, олардың өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы қажет. Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді», - деді.

Президент: «Барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат орната білуі керек. Шағымданатын азаматтардың арасында түрлі адам болады, бұл – белгілі нәрсе. Десек те, шын мәнінде, мұқтаж адамдар аз емес, оларға қолғабыс етуіміз керек. Бүгінде орталыққа аймақтардан жолданатын арыз-шағымдар көбейіп кетті. Бұл мәселе туралы мен Жолдауымда айтып өттім. Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі. Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мәнісінде, олардың арасында үнемі арыз жазатын «кәсіби» шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр. Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс. Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті толық жетеді. Былтыр облыстық деңгейде атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Бірақ оның саны емес, сапасы маңыздырақ, яғни, мәслихаттар осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға тиіс. Түптеп келгенде, аймақтардың дамуы, тұрмыс сапасының жақсаруы, жұрттың билікке зор сеніммен қарауы Сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты. Осыны әрдайым басты назарда ұстаған жөн», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Толық цифрлық мемлекет құруымыз керек!

Мемлекет басшысы: «Тағы бір мәселе – толық цифрлық мемлекет құру. Бұл мақсаттың еліміз үшін маңыздылығын жақсы білесіздер. Мәслихаттар бұл үдерістен тыс қалмауға тиіс. Озық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына енгізу стратегиялық маңызы бар мақсатқа айналды. Еліміздің жарқын болашағы осы мақсаттың табысты іске асуына тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда, мәслихаттардың осы жұмысқа белсенді атсалысқаны абзал. Сондай-ақ депутаттардың кәсіби білігін арттырып, цифрлық құзыретін кеңейту өте маңызды, онсыз істелген жұмыстың бәрі бос болмақ. Бұл шаруамен Мемлекеттік басқару академиясы белсенді және тиімді түрде айналысуға тиіс. Менің білуімше, таяу арада нәтижелер де белгілі болмақ. Бүгінге дейін 1200-ге жуық депутат арнайы оқу курсына шақырылып, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Енді биыл басталған AI Governance 500 бағдарламасының аясында облыстық мәслихаттардың аппарат басшыларын оқыту қажет. Жалпы, елімізде жасалып жатқан цифрлық өзгерістер орталық пен аймақтар арасындағы алшақтықты мейлінше азайтуы қажет», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Референдумға шығарылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады деп көрсетілген. Бұл қадам саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының сапасын арттыратыны күмәнсіз. Мұндай ұстаным озық халықаралық тәжірибеге толық сай келеді. Біз көптеген мемлекеттердің пропорциялы сайлау жүйесіне көшіп жатқанын көріп отырмыз. Дамыған елдерде де осындай жүйе бар. Себебі бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті. Конституция жобасын әзірлеу кезінде кейбір партия барлық деңгейдегі мәслихаттарды да осы жүйемен жасақтауды ұсынды. Бірақ менің бұл мәселеге қатысты көзқарасым – нақты. Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталады. Бұл – өте маңызды. Себебі дәл осы мәслихат депутаттары жергілікті жерде сайлаушылармен үнемі байланыста болып, қоян-қолтық жұмыс істейді. Сонымен бірге мұндай жүйе ешқандай партияға кірмейтін, бірақ халық сенетін іскер азаматтар үшін тағы бір тиімді саяси баспалдақ болмақ. Сол арқылы мәслихаттардың рөлі арта түседі», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Конституция жобасы: Еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді!

Президент: «Азаматтар референдумда Конституция жобасын қолдап жатса, еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді. Біз мүлдем жаңа конституциялық үлгіге немесе модельге көшеміз. Бұл қадам пропорционалдық және мажоритарлық жүйе арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Бұған қоса, сайлау үдерісін барынша жүйелеп, сайлауға түсетін азаматтардың жауапкершілігін арттыра түседі. Осылайша, мәслихаттар Құрылтайға қажетті білікті мамандар даярлауға белсенді түрде атсалысады. Ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін мейлінше тиімді әрі кәсіби заң шығару қызметін жолға қоюымыз керек. Ал еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады. Сондықтан мәслихаттардың қызметі айрықша маңызды екенін үнемі есте ұстаған жөн. Себебі жұрт өз мәселесін ең алдымен депутаттарға айтады. Ал халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ. Түптеп келгенде, депутат болу – ел адамы болу деген сөз. Бұл – мәртебесі биік, жауапкершілігі зор қызмет. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел игілігі үшін еңбек ететін азаматтар нағыз депутат деген атқа лайық, осындай азаматтар міндетті түрде халықтың сенімі мен құрметіне ие болады Депутат халықтың сеніміне сызат түсіретін әрекеттен аулақ болуы қажет. Өйткені мұндай әрекет бүкіл мемлекеттік аппараттың, тұтас билік жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді. Сіздер осы жауапкершілікті дұрыс түсініп, терең сезініп, қызметтеріңізді адал атқара бересіздер деп кәміл сенемін», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды!

Мемлекет басшысы: «Жер шарындағы барша адамзат «турбуленттілік» деген сөзді жақсы біледі. Әуе кемесі «турбулентті» аймаққа енген сәтте жолаушыларды сабырға шақыратын ұшқыштарға қарағанда, саясаткерлер мен сарапшылар халықаралық ахуалды сипаттауда осы сөзді жиі қолданып жүр. Шынында, бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір сүруге мәжбүр. Соңғы он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен бірі асып түседі. Бұл үдеріс әлеуметтік желідегі талқылаулардың өзегіне айналды. Онда ақиқат пен аңыз, конспирология мен жалған мәлімет, қайғы-қасірет пен қуаныш қатар көрініс табуда. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан әлемнің бүгінгі кейпі осындай. Өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелеңнің шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсетті. Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды. Тіпті, экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, егер әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, соғыстың ортасында қалды. Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес елдің аумағынан шықты. Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгені анық. Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысының күшеюі, ірі елдер мен блоктардың жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптерінің тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқықтың сақталмауы, БҰҰ беделінің бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі жағдайға себеп болды», - деді.

Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады!

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын. Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек. Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын. Әлем технологиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан түбегейлі өзгергенін мойындауымыз керек. Ал ол жақсы жаққа өзгерді ме, әлде кері кетті ме? Оған өркениет болашақта жауап береді. Бірақ Қазақстан азаматтарының әлемдік даму көшінен шет қалуға қақысы жоқ. Егер әлем өзгерген болса немесе жаңаруды бастан өткеріп жатса біз де соған сай бейімделіп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет. Сондықтан Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады. Ең бастысы, еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет», - деді.

Президент: «Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы оқиғалар геосаясатқа өзгерістер әкелгеніне қарамастан, еліміз жақын және алыс орналасқан мүдделес мемлекеттердің барлығымен жан-жақты ынтымақтастықты ұдайы дамыта береді. Қазір сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі арта түсті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды. Ел ішіндегі ахуалға, экономикаға немесе саяси реформаларға белгілі дәрежеде халықаралық жағдайлар ықпал етеді. Осы орайда Қазақстанның табысты дамуына бірлік пен тұрақтылық негіз болмақ. Бұл – біздің бұлжымас қағидаттарымыз. Дегенмен аталған факторлардың орнықтылығы – өткеннің мұрасы емес, отандастарымыздың жоғары азаматтық және саяси жауапкершілігінің жемісі. Ішкі саясаттың осынау нәзік саласында биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл арада құйтырқылық пен бос мақтанға орын жоқ. Бүгінде ескілікті аңсайтын, діни әрі ұлттық құндылықтар мен елдік мүдде турасында қате түсінікке негізделген әсіре консервативті саяси жүйе заман талабына сай келмейтініне, сәтсіздікке ұшырататынына көз жеткізіп отырмыз. Алға қадам басқанның аяғынан шалу – кері кету, тіпті, тіршілік заңына қарсылық саналады. Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын. Барлық бастама ақылға қонымды болғаны жөн. Егер өзеннің арғы жағасына өткің келсе, тереңге бойлай алатыныңа сенімді болуың керек. Тұрақтылықты бірер күнде, тіпті санаулы сағатта бұзуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет. Сондықтан Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті деп білемін. Бұл тұжырымдама саяси жүйеміз бен өмір салтымыздың негізі. Еш популизм емес. Ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасының тағдыры тек өзіміздің қолымызда екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Шынын айтқанда, біздің жаһандық дүрбелеңдерге төтеп беруге дайын не дайын емес екеніміз, қоғамымымыздың қандай мәселеге бас қатыратыны ешкімге маңызды емес. Жаңа дәуірге қадам бастық. Озық ойлы ұлт ретінде қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, оған жасампаздықпен жауап беруіміз қажет. Елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейміз. Бұл – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Әскери қақтығыстар, «сауда соғысы» жылдан жылға ушығып барады!

Мемлекет басшысы: «Қазір әлемдегі саяси-экономикалық ахуал аса күрделі болып кеткенін көріп отырсыздар. Әскери қақтығыстар, «сауда соғысы» жылдан жылға ушығып барады. Бұл әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысының, олардың халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілікті елеп-ескермеуінің нәтижесі деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі еліміздің мүмкіндіктерін шектеп отыр. Бірақ соған қарамастан, біз ұлттық стратегиямызды табанды түрде әрі біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Барлық сын-қатер мен қиындықты еңсеріп, тұрақты дамып келеміз. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болды. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы екінші орын, ал осы аймақтағы елдер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Соның нәтижесінде біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық. Беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының болжамына сәйкес биыл осы көрсеткіш 320 миллиард доллар болады. Шетелден тартылған таза инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр, яғни 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Бұл – Орталық Азиядағы тікелей шетел инвестициясының 69 пайызы деген сөз. Еліміздің алтын-валюта қоры – 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті. Бір сөзбен, ұлттық экономикамыз жалпы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыздысы, мұны сапалы өсім деуге болады», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ондаған жылдар бойы экономикамызда тапшылық, біржақтылық көп болғанын білесіздер. Бұл еліміздің одан әрі дамуына үлкен кедергі болды, әлі күнге дейін осындай келеңсіз үрдіс бар. Өндіріс және ауыл шаруашылығы саласы баяу дамыды. Коммуналдық-шаруашылық, энергетика, су, жол инфрақұрылымының әбден тозығы жетті. Қазір ахуал Үкіметтің нақты мақсаттарға сай жұмысының арқасында біртіндеп өзгеріп жатыр. Біз мемлекетіміздің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық арқауын, яғни каркасын жасауға кірістік. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны екі жыл қатарынан 6 пайыздан асып отыр. Бұл үдеріс аймақтардың мықты экономикалық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Былтырдың өзінде еліміздің әр түкпірінде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 190 өндіріс орны іске қосылды. 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал биыл Үкіметтің болжамы бойынша құны 1,7 триллион теңге болатын 200 кәсіпорын қызметін бастайды. Онда 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша, Қазақстанның бұрынғы индустриялық қуаты жандана түседі. Өнеркәсіптің мүлде жаңа салалары пайда болады. Мысал ретінде машина құрастыру және электр техникасының жабдықтарын жасау саласын айтуға болады», - деді.

Қазақстан жер көлемі ірі мемлекет болғанымен, елімізде су тапшы!

Президент: «Агроөнеркәсіп секторын жан-жақты дамыту мемлекет саясатындағы негізгі басымдық болып қалады. 7,4 миллион азаматымыздың тұрмыс-тіршілігі, яғни тұрғындардың 36 пайызы және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы саланың өркендеуіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары бұл салаға бөлінген қаржы көлемі еселеп артты. Атап айтқанда, былтыр шаруаларға жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне бұрын-соңды дәл осындай орасан зор қолдау көрсетілмеген. Мұны шаруалардың өздері де айтып жүр. Бірақ өндіріс көлемін ұлғайтумен шектелуге болмайды. Біз заман талабына сай келетін, озық технологияға негізделген аграрлық-индустриялық экономика құруымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Өнімдеріміз ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп, шетелге де тұрақты шығарылуға тиіс. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 250 өндіріс ашылды. Соның арқасында аймақтар тың серпінмен өсіп-өркендеп, халықтың әл-ауқаты арта түседі. Мемлекеттің жүйелі жұмысының нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына әлемдегі озық компаниялар қызығушылық таныта бастады. Мысалы, шетел инвесторларының атсалысуымен Алматы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында шикізатты терең өңдейтін және азық-түлік шығаратын ірі кәсіпорындар іске қосылады. Бұл жобаларға 1 миллиард доллардан астам қаражат салынды. Осылайша, ондаған мың адам жұмыспен қамтылады», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет ел өміріне қажетті аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараларды қолға алды. Су – тіршілік көзі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Қазақстан жер көлемі жағынан ірі мемлекет болғанымен, елімізде су көздері аз, тіпті, тапшы деуге болады. Сондықтан халыққа сапалы ауыз су беру, экономика салаларын су ресурсымен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттер саналады. Былтыр Кендірліде су тұшыту зауыты іске қосылды, соның арқасында Жаңаөзен қаласы тұрақты ауыз сумен қамтылды. Биыл күзде Шардара су құбыры жұмыс істей бастайды, яғни қаланың 30 мың тұрғынына таза ауыз су беріледі. Жалпы, мемлекет еліміздегі бүкіл су инфрақұрылымы жүйесін дамыту үшін нақты шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасында жаңғырту жұмыстары басталды, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарында су қоймалары салынып жатыр. Ауыл шаруашылығына орасан зор пайда әкелетін осы жобалар келесі жылы аяқталып, ел кәдесіне жарай бастамақ. Биыл су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары бойынша 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр», - деді.

Президент: «Үкімет коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымдарды кең ауқымда модернизациялауға кірісті. Жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр стансасы жөнделді, кейбіріне жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларына тездетіп жаңа жылу электр орталықтарын салу міндеті қойылды. Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы бу-газ қондырғылары базасында жаңа электр станциялары іске қосылмақ. Биыл 440-тан аса қосалқы станцияны және 17 мыңнан астам шақырымды құрайтын электр желісін жаңғырту қарастырылған. Қазақстанды қуат көзімен жеткілікті қамтамасыз етудің және экономиканы әртараптандырудың басты факторы ретінде атом энергиясы өндірілмек. Еліміздің азаматтары 2024 жылы өткен референдумда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жөнінде стратегиялық шешім қабылдады. Бейбіт атом, сондай-ақ таза көмір өндірісі – еліміздің энергетикалық дербестігін қалыптастыратын сала», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тағы бір маңызды міндет – көлік-транзит саласына қатысты. Біз еліміздің осы бағыттағы әлеуетін біртіндеп нығайта береміз. Бұл шаруа коммуналдық, энергетикалық және су саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмысымен қатар жүреді. Мысалы, былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөндеуден өтті. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Биыл 3700 шақырымнан астам жаңа теміржол желілері төселіп, пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жолаушылар үшін жаңа бағыттар ашылып, вагондар паркі жаңартылып жатыр. Сондай-ақ вокзалдар қайта жөндеуден өтуде. Себебі олар орташа есеппен алғанда 60 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Тіпті, еліміздегі он вокзал осыдан бір ғасыр бұрын салынған. Жалпы, біз былтыр Қазақстандағы 124 вокзалды түгел жаңғырта бастадық. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталады. Мұндай ауқымды бастама алғаш рет қолға алынды. Алдыңғы жылы көптен күткен Астана – Алматы күре жолын жөндеу жұмыстары толық бітті. Мен бұған дейін Астананы еліміздің батыс аймақтарымен байланыстыратын мүлде жаңа автокөлік жолын салуды тапсырдым. Қазір бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрине, кең жолақты жолдар еліміз үшін аса қажет. Дегенмен жергілікті жолдар да назардан тыс қалмайды. Себебі миллиондаған азаматымыз, соның ішінде ауылдағы ағайын үшін автокөлік жолы, шын мәнінде, «өмір жолы» саналады. Сапалы жол болса, жұрт тұрмыс-тіршілігін жақсартып, бизнесін дамыта алады. Былтыр жалпы ұзындығы 13 мың, оның ішінде жергілікті маңызы бар 3 мың шақырым тас жол жөндеуден өтті. Биыл тағы 2300 шақырымға созылатын жергілікті жолдар жаңғыртылады. Алдағы үш жылдың ішінде осындай 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай жөнделеді. Бұл – Қазақстанның құрлық шекарасынан үш есе көп қашықтық. Алайда Үкімет және тиісті мемлекеттік мекемелер жол инфрақұрылымының сапасына ерекше мән беруге тиіс», - деді.

Президент: «Тұрғын үй құрылысы да тұрақты әрі қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылдың ішінде елімізде 57 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Басқа іргелес елдермен салыстырсақ, бұл, расында, жан басына шаққанда ең жоғары құрылыс ауқымы. Қаладағы 520 мыңнан астам, ал ауылдағы 70 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да дамып жатыр. Соңғы жылдары мыңдаған заманауи мектеп және медицина, мәдениет, спорт нысандары салынып, күрделі жөндеуден өтті. Шын мәнінде, қазіргі таңда еліміз үлкен бір құрылыс алаңына айналды деуге болады. Қай жаққа қарасаңыз да құрылыс, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұны аймақтарға жиі баратын, елімізді жиі аралайтын азаматтар көріп, біліп жүр», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Еліміздің ең басты байлығы – адамдар!

Мемлекет басшысы: «Мен еліміздің ең басты байлығы – адамдар екенін үнемі айтамын. Өздеріңізге мәлім, халқымыздың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде біз 20,5 миллионнан астық. Бірақ мәселе тұрғындардың санында емес, адам капиталының сапасында. Қазақстан өз азаматтарына әрдайым қамқорлық танытып, әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға тиесілі. Ал адам капиталын дамытуға арналған инвестиция көлемі жыл сайын шамамен бір триллион теңгеге өсуде. Бұл көп қаражат деп айтсақ, қате болмас. Сондықтан мұның бәрін қалыпты нәрсе деп қабылдауға болмайды. Себебі осындай ауқымды әлеуметтік қамқорлық, бұл – ең алдымен, ел азаматтарының табанды еңбегінің жемісі және нәтижесі. Мысалы, ана мен баланы қолдау шараларын алайық. Көптеген дамыған мемлекетте, соның ішінде Еуропа елдерінде әйелдер баланы дүниеге әкелген соң бірнеше айдың ішінде жұмысқа шығуға міндетті. Ал Қазақстанда жағдай мүлдем басқаша. Мемлекет ата-аналарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Түрлі жәрдемақылар, жеңілдіктер қарастырылған. Оларға жұмыс орнын сақтай отырып, үш жылға дейін еңбек демалысын алуға мүмкіндік берілген. Бір сөзбен, ата-аналар бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Менің бастамаммен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Бүгінге дейін 18 жасқа толмаған 7 миллионға жуық баланың арнайы есепшотына 2,5 миллиард доллардан астам қаржы аударылды», - деді.

Президент: «Көптеген елдерге қарағанда Қазақстанда барлық деңгейде ақысыз білім алуға мүмкіндік бар. Бұл қағидат жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз сақталды. Біздің балаларымыз мемлекеттік мектептерде ақысыз, яғни ақысыз оқиды. Қазір еліміздегі колледждерде 150 мың студент мемлекет қаржысы есебінен білім алуда. Ізденіп-талаптанса, кез келген жас азамат жоғары оқу орнына грант арқылы түсе алады. Мемлекет мұндай грант санын жыл сайын арттырып жатыр. Елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,9 жасқа жетті. Бұл – осы аймақ елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. 2023 жылдан бері ана өлімі 35 пайызға азайды. Ал сәби өлімі 20 пайызға қысқарып, тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті. Соңғы жеті жылда 1259 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысан бой көтерді. Былтыр Астанада науқастарды емдейтін Протондық терапия орталығы ашылды. Бұл – біздің аймақтағы теңдессіз нысан. Сондай-ақ өткен жылы «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Әйелдердің денсаулығын қорғауға арналған бұл бағдарламаның да мән-маңызы айрықша. Менің тапсырмаммен 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Соның аясында жыл сайынғы бөлінетін квота саны 7 есе артты (яғни 1 мыңнан 7 мыңға дейін көбейді). Бүгінде 11 мыңнан астам сәби осы ЭКО тәсілімен дүниеге келді», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға жыл басында қол қойдым. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің көбінде мұндай норма жоқ. Сонымен қатар басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан халқына ақысыз медициналық көмек алуға заңмен кепілдік берілген. Тек былтырдың өзінде 3,6 миллион адам мемлекет есебінен ақысыз дәрі-дәрмек алған. Елімізде Әлеуметтік сақтандыру жүйесі тиімді жұмыс істеп тұр. Жұмыссыз қалған, асыраушыдан айрылған және еңбекке жарамсыз адамдарға арнайы көмек беріледі. Биыл осындай әлеуметтік төлемдердің көлемі 10 пайызға ұлғайды. Бүгінге дейін 660 мыңнан астам адамға шамамен 70 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Осы жылы жәрдемақының барлық түрінің, базалық және ортақ зейнетақының мөлшері 10 пайызға көбейді. Мұның бәрі – Қазақстанда дүниеге келгеннен бастап өмір бойы берілетін әлеуметтік көмектің аздаған бөлігі ғана. Өкінішке қарай, мемлекеттің мұндай қолдауын көпшілік тиісті деңгейде бағалай бермейді, оны солай болуға міндетті деп қабылдайды, аспаннан шұға жауғандай көреді. Халықаралық сарапшылар үкіметтерге қоғамда жалқаулық белең алып, азаматтардың жұмыс қабілетінің төмендеуі мүмкін екені туралы ескертуде. Айтпақшы, жақында әйгілі Илон Маск осы тақырыпта сөз сөйлеп, әлеуметтік жүйелердегі «шектен тыс жомарттықтың» зиянын жеткізді. Осы тектес болжамдар мен мәлімдемелерді жиі көреміз. Сонымен қатар кейбір ар-ұяты жоқ адамдар, қарапайым тілмен айтқанда, алаяқтар, ешқандай құқығы болмаса да әлеуметтік көмек алудың қылмыстық жолдарын жасаған. Бұл жөнінде бұған дейін де айтқанмын. Мұндай қылмыскерлер ең әуелі мемлекеттік қолдауға шын мұқтаж жандарды тонап отыр. Сондықтан әлеуметтік көмекті тиісті адресіне жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргіземіз. Шетелдіктер еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесі осыншама жоғары деңгейде екеніне таң қалады. Себебі мұндай көмек кез келген елде көрсетіле бермейді. Ашығын айтсақ, кейбір мемлекеттер осындай қолдау жасауға құлықты емес», - деді.

Мемлекет басшысы: «Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, былтыр табысы төмен және орташа елдерде тұратын 1,6 миллиард адам әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізе алмаған. Цифрлық кедергілер де әлеуметтік теңсіздікті күшейте түсті. Елімізде әлеуметтік желілер мен заңды онлайн-қызмет түрлерінің бәрі ешқандай шектеусіз жұмыс істеп тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың ашықтығын және қоғамда пікір алуандығы бар екенін аңғартады. Бұдан бөлек, Қазақстан электронды үкімет жүйесі және қаржылық технологияны дамыту бойынша ең ілгері елдердің бірі саналады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Цифрландыруды және жасанды интеллектіні жаппай енгізуді жалғастыра береміз. Бұл міндетті стратегиялық мағынаға ие мәселе ретінде қабылдауымыз керек. Өйткені, бұл – заман талабы, сондай-ақ, өсіп-өркендеуге, мемлекеттің тиімділігін арттыруға жол ашатын аса маңызды қадам. Бір сөзбен, әлемдегі күрделі геосаяси ахуал мен ел ішіндегі өзекті түйткілдерге қарамастан, Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, нық сеніммен алға қадам басып келеді», - деді.

Президент: «Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан адам капиталын жаһандық бағалаудағы позициясын айтарлықтай нығайтып, 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тіреді. Бұл кездейсоқ емес. Соңғы жылдардағы ауқымды мемлекеттік инвестициялар қазірдің өзінде жеміс беріп, стратегиялық тиімділігін көрсете бастады. Аталған беделді индексте Қазақстанның жоғары көтерілуі мемлекеттік саясаттың ұзақмерзімді қисынға әрі нақты басымдықтарға сүйенетінін көрсетеді. Бұл дегеніміз – ұлт саулығын нығайту, білім сапасын арттыру, балалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту, ғылымды, мәдениетті, спортты қолдау, озық инновацияға, цифрландыруға ден қою, жасанды интеллектіні енгізу, жайлы әлеуметтік және кәсіпкерлік орта құру. Мемлекет осы және басқа да салаларды дәйекті түрде дамытып келеді. Сол арқылы азаматтардың әлеуетін өркендетуге жол ашады. Бұл – біздің түпкілікті таңдауымыз. Себебі жаңа заманда халқының келешегін кемел етуге ұмтылған мемлекеттер ғана ұтады. Жиындарда, Үкімет отырыстарында, еңбек ұжымдарымен кездесулерде бос мақтаннан, тоқмейілсуден аулақ болып, түйткілді мәселелерді ашық айтып, оның шешімін бірлесіп іздеуіміз қажет екенін, алдымызға биік мақсат қою керегін үнемі айтып келемін. Сонда ғана нақты табысқа жете алатынымызға сенімдімін», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға өз мемлекеті – Қазақстан Республикасы қамқор!

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға өз мемлекеті – Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын екенін біледі. Бұған жақында Таяу Шығыстағы қақтығыстың ортасында қалған туристеріміз, қажылық сапарға аттанған отандастарымыз, кәсіпкерлеріміз көз жеткізді. Жағдай шын мәнінде күрделі еді. Шиеленіс басталған сәтте өңір елдері басшыларына осынау қиын-қыстау кезде шынайы қолдауымды білдіріп, хат жолдадым. Бұдан бөлек, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Оман, Сауд Арабиясы басшыларымен телефон арқылы сөйлестім. Сондай-ақ отандастарымызды жедел эвакуациялау тапсырылды. Ел аумағындағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен маңызды инфрақұрылымдарды қорғау, Қарулы күштер мен құқық қорғау ведомстволарында жауынгерлік кезекшілік ұйымдастыру жөнінде міндет жүктедім. Сыртқы істер министрлігінің жанынан арнайы штаб құрылды. Оның құрамына барлық ведомствоның өкілдері енді. Бұл жұмысқа әуе тасымалдаушы және туристік компаниялар, ерікті демеушілер атсалысты. Штаб тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарымызды аймақтан қауіпсіз жолдармен алып шығуға бар күшін салды. Қақтығысқа қатысушы тараптар бір-бірінің әскери және азаматтық нысандарын, соның ішінде әуежайларды баллистикалық зымырандармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен атқылады. Соның салдарынан көптеген елдің әуе кеңістігі жабылды. Кей жағдайларда отандастарымызды өзге елдердің аумағы арқылы алып өтуге тура келді. Оларды дипломаттарымыз бен консулдық қызметкерлері қарсы алып, ұшақтарға жайғастырып, елге шығарып салды. Иранда қалған азаматтарымыз Әзербайжан, Армения және Түрікменстан шекаралары арқылы эвакуацияланды. Елшіліктер ұдайы байланыста болып, тиісті көмек көрсетті. Осы күрделі жұмыстың нәтижесінде 9 мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр», - деді.

Мемлекет басшысы: «Бұған шетелдіктер де назар аударды. Бейбіт күннің өзінде мұндай шараларды ұйымдастыруға көп күш-жігер жұмсау керек. Ал соғыс жағдайында тіпті қиындап, мән-маңызы арта түседі. Осынау стресс-сынақтан сәтті өту Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой-беделін асқақтатты десем, артық айтқандық емес. Таяу Шығыс елдерінің басшыларына «кедергісіз дәліз» ұйымдастырғаны үшін тағы да ризашылығымды білдіремін. Отандастарымызды эвакуациялауға көмек көрсеткен барша жанға, мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының қызметкерлеріне алғыс айтамын. Қандай жағдай болса да, Қазақстан өз азаматтарын ешқашан тағдыр тәлкегіне қалдырмайды. Пандемия кезінде де солай болған. Әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы борттармен мыңдаған отандасымызды елге алдырдық. Шетелдерде қиын жағдай туындағанда да дәл осылай әрекет еттік. Техногендік апат, су тасқыны, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде мемлекет қиындыққа душар болған азаматтарға уәде еткеніміздей қолұшын берді. «Азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз». Бұл – жай ғана ұран немесе популизм емес, мемлекеттік саясатымыздың бұлжымас қағидаты. Сондықтан осы ұстанымның жаңа Конституция жобасында көрініс табуы заңдылық. Ата заңымызда: «Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Барша отандасымызға белгілі ақиқат бар: көк паспорт иелері әрқашан және кез келген жерде мемлекет қорғауында болады. Паспортымыздың қуаты мемлекетіміздің ықпалынан, халқымыздың жасампаз рухынан, заманның озық идеяларын игере алатын қабілетімізден көрінеді», - деді.

Президент: «Бірлік, жауапкершілік, төзімділік, өзара қолдау және сенім рухы – біздің қоғамға тән асыл құндылықтар. Бұл қағидаттардың ел ертеңі үшін мәні зор. Мұны жастарымыздың терең түсінетіні қуантады. Біз дарынды ұл-қыздарымыздың спортта, өнерде, ғылымда, бизнес пен технология саласында бағындырған белестеріне шын жүректен қуанамыз. Олардың жетістіктерін тұтас ел болып атап өтеміз, мемлекеттік наградалармен марапаттаймыз. Төл мәдениетіміздің, технология саласындағы табыстарымыздың, ырысты ынтымағымыздың жарқын мысалдары Қазақстанды болашаққа қол созған прогрессивті әрі өркениетті ел ретінде танытады. Өздеріңізге мәлім, жұмыс кеңестері мен кездесулерде, халыққа арнаған Жолдауымда барлық атқарушы органның жұмысындағы кемшін тұстарды ашық айтып, талдау жасаймын. Бұл – дұрыс. Әйтсе де көзге айқын көрініп тұрған жетістіктерді де атап өткеніміз жөн. Еліміздің барлық бағытта әлеуеті нығайып келеді. Ендігі міндет – даму қарқынын сақтап, жаңа мақсатқа жету үшін алға ұмтылу. Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл толады. Осы уақыт аралығында жағымды және жағымсыз көптеген оқиғаға куә болдық. Мерейімізді өсірген, жігерімізді жасытқан сәттерді де бастан өткердік. Бастысы, біз шыңдалып, әлем елдерімен терезесі тең мемлекет ретінде өмір сүруді үйрендік. Алайда дүние бір орында тұрмайды. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгерді, адамзаттың дүниетанымы да жаңарды. Демек, бізге, яғни Қазақстан азаматтарына да өзгеру қажет. Халқымыздың болашағы осы үдерістің қаншалықты табысты жүзеге асатынына тікелей байланысты», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Біз бір ел болып жаңа кезеңге қадам бастық!

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді. Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің иесі, қорғаны – жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз. Қазіргі конституциялық реформаны Ата заңымызға 2022 жылы енгізілген өзгерістерден бөліп қарауға болмайды. Ол кезде бас құжаттың үштен бірі жаңартылды. Бізге сол уақыттың өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Осындай ұсыныс көптеген қоғамдық алаңда, сарапшылар ортасында айтылды. Дегенмен бірқатар саяси жаңашылдықты жүзеге асырып, содан кейін ғана еліміздің конституциялық негіздерін біртіндеп өзгертуге кірісу жөнінде шешім қабылданды. Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл менің шешім. Қазіргі конституциялық реформа қоғам сұранысына сай келеді, сондықтан халықтық сипатқа ие болды. Әуелі күн тәртібіне парламенттік реформа мәселесі ғана қойылған еді. Алайда қоғамдық талқылаулар бұл бастаманың аясынан шығып кетті. Азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түсті. Оның 15 пайызға жуығы Парламенттің қызметіне қатысты, ал қалғаны ауқымды конституциялық реформаның түрлі аспектісін қамтыды. Нәтижесінде конституциялық комиссияға келіп түскен өтініштердің саны он екі мыңға жетті. Негізгі заңның жобасына қатысты талқылаулар жарты жылдан астам уақытқа созылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Жалпы, бұл үдеріске бүкіл қоғам білек сыбанып кірісті. Азаматтарымыз eGov және eOtinish платформаларында ойларын ортаға салды. Комиссия отырыстарын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көргендер саны миллионнан асты», - деді.

Президент: «Ауқымы жағынан да, құрамындағы мамандардың кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та теңдесі жоқ Комиссия өте көп жұмыс атқарды. Мыңдаған ұсынысты жүйелеп, ретке келтіру – оңай шаруа емес. Мен осы сәтті пайдаланып, Халық Конституциясының мәтінімен жұмыс істеген барша азаматқа тағы да зор алғыс айтамын. Сондай-ақ ел тағдырына тікелей әсер ететін мәселеге бейжай қарамай, өз ұсыныстарын жолдаған адамдарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сарапшылар барлық негізгі мәселе бойынша ортақ мәмілеге келген соң ғана жаңа Конституцияның соңғы жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, республикалық референдумға шығарылды. Енді алдағы жексенбіде халқымыз дауыс береді. Бұл референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз», - деді.

Мемлекет басшысы: «Азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, яғни, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады. Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларының, Жоғары Сот төрағасының және Бас прокурордың өкілеттілік мерзімін шектейтін ережелер Конституция жобасындағы жаңашылдық болды. Негізгі заң жобасына сәйкес, бір адам аталған қызметтерге бір реттен артық тағайындалмайды. Мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғаларының өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – бұрын-соңды болмаған саяси жаңашылдық. Сонымен қатар Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру, Премьер-министрді тағайындауға келісім беру құзыреті сақталады. Осылайша, тежемелік және тепе-теңдік жүйесі нығайып, оның тиімділігі арта түседі. Енді бір палаталы Парламентте Президент квотасы болмайды. Оны сақтауға да болар еді. Конституциялық реформа жөнінде келіп түскен ұсыныстардың қатарында осы квотаны күшінде қалдыру туралы да көп айтылды. Бірақ депутаттар ешқандай артықшылықсыз бірыңғай ереже бойынша сайлануға тиіс деп санаймын. Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаруына, тіпті, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы болуына тыйым салатын норма айрықша мәнге ие. Бұл ереже биліктегі отбасылық жүйеге және оның бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды. Кейбір ықпалды адамдар, басқаша айтқанда «сұр кардиналдар» немесе «саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар» мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек. Бұл тәжірибе түбегейлі жойылды», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз бір ел болып жаңа кезеңге қадам бастық. Мемлекеттік мекемелер жекелеген басшылардың қалауына қарай емес, Конституцияға және тиісті заңға сәйкес жұмыс істейді. Саяси жаңғырудың мән-маңызы да – осында. Мемлекеттік биліктің табиғи, яғни эволюциялық жолмен дамуы мызғымас сипатқа ие болды. Бұл маңызды жұмысты тоқтату, тіпті, өткенді кері қайтару да мүмкін емес. Себебі халық ондайға жол бермейді. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінде мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Соған сәйкес биліктің барлық тармағы шешім қабылдаған кезде бірдей тәуелсіз болады. Ал Президент олардың кедергісіз, үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді. Еліміздің басты өкілді органы – Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі. Бір палаталы Парламент тиімді заң шығару қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәртіп пен ішкі реформалар түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде заманауи сын-қатерлерге дер кезінде төтеп беру бәсекеге қабілетті мемлекеттің басты сипатына айналды. Сондықтан бұл шешімнің маңызы зор», - деді.

Мемлекет басшысы: «Өз кезегінде, жоғары кеңесші орган саналатын Халық Кеңесі мемлекет пен қоғам, әртүрлі әлеуметтік-этностық топтар арасында сенімді байланыс орнатады. Ал Халық Кеңесіне заң шығару бастамасын беру оның институционалдық рөлін нығайта түседі. Барлық саяси жаңғыру ел тағдырына институционалдық жауапкершілікті күшейту ниетінен туындап отыр. Бір ғана тірекке арқа сүйеген саяси жүйе әлсіз болады әрі ұзаққа шыдамайды. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Біз, шын мәнінде, халықтық билік қалыптастырудамыз. Оның өзегінде әлеуметтік әділдік, жасампаз отаншылдық, Заң мен тәртіп үстемдігі, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтау, білім, ғылым және технологияның дамуына басымдық беру, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау секілді ешқашан ескірмейтін, мәнін жоймайтын құндылықтар жатыр», - деді.

Президент: «1995 жылғы Конституцияда мемлекеттік билікті нығайтуға басымдық берілді. Сол заманның биігінен қарағанда, бұл орынды еді. Өйткені Тәуелсіздіктің елең-алаңында заң шығару қызметін қамтамасыз ету қажет болды. Қолданыстағы Конституцияны сынға алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл құжат мемлекетіміздің іргесін бекемдеуге оң ықпал етті. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше тарихи еңбегін ұмытпағанымыз ләзім. Қазіргі қоғам өмірінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың өзектілігі артты. Сондықтан жаңа Конституцияның бойынан осы ұстаным анық аңғарылады. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға 30 баптан тұратын ең үлкен бөлімнің арналуы тегін емес. Бұл – Ата заңның шамамен үштен бірі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Президент туралы бөлім небәрі 10 баптан тұрады. Азаматтарымыздың құқығына қатысты көптеген нормаға жаңа мазмұн беріліп, мән-маңызы арта түсті. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын, отбасылық және адами құндылықтарды көздің қарашығындай сақтайтынымызды Ата заң деңгейінде айқындадық. Бұл – халқымыздың ажырамас құқығы. Ешбір саясаткердің, иә болмаса қоғам белсендісінің, шетелдік немесе отандық үкіметтік емес ұйымның ешқашан бұған күмән келтіруіне, сынап-мінеуіне қақысы жоқ. Оған жол бермейміз. Халқымыздың басым бөлігі отбасын қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатты құптайды. Өйткені отбасы дегеніміз – ұлттың жаңа қасиетін қалыптастырып, адал азаматты тәрбиелеп шығаратын алтын ұя. Азаматтарымыздың мүддесін қорғау – ең маңызды мемлекеттік міндет. Сайып келгенде, бұл егемендігімізге, ұлтымыздың баянды болашағына қатысты мәселе», - деді.

Жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауды ең жоғары деңгейге көтереді!

Президент: «Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды ең жоғары деңгейге көтереді. Яғни адам дүние есігін ашқаннан бастап, оның бастауыш және орта білім алуы, отбасын құруы және кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті Негізгі заңда түгел қамтылған. Ата заң жобасы – азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі. Күні кеше ғана кейбір нормалар әлеуметтік қиял сияқты көрінген еді. Мысалы, қазіргі Конституцияда азаматтың мемлекетке келтіретін зияны жөнінде жазылған, ал жаңа Ата заң жобасында адамға зиян келтіргені үшін мемлекетке жүктелетін жауапкершілік туралы норма пайда болды. Бұдан былай әр адам мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті арқылы келтірілген зиянды мемлекеттен өтеп алуға құқығы бар. «Мемлекет Конституциясы адам конституциясын бұзбайтындай болуға тиіс» деген ұлағатты сөз Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғаудың жаңа тәсілдерін дәл сипаттайды. Заң мен тәртіп үстемдігіне мемлекеттік идеология ретінде басымдық берілгенін тағы да атап өткім келеді. Бұл қағидатты толық түсінбесек және ұлттық санамызға сіңірмесек, қазақ мемлекеттігінің нығаюы туралы айтудың өзі артық», - деді.

Мемлекет басшысы: «Жемқорлардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы жоқ. Бұл – өте маңызды жаңашылдық деп ойлаймын. «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деген бап та әділдік қағидатына толық сай келеді. Жаңа Конституция жобасында «Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi» деп нақты жазылған. Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, сондай-ақ Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді. Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Бұл жерде тек жеке салымдар мен жазысқан хаттардың құпиясын заңмен қорғау туралы сөз болып отырған жоқ. Банк операцияларының, дербес деректердің құпиялығын қамтамасыз ету Конституция бойынша қорғалады. Цифрлық технология мен қаржы секторы қарыштап дамыған қазіргі заманда бұл өзекті мәселеге айналды. Бұдан бөлек, Қазақстанда дербес деректер мен цифрлық құқықтың қорғалуына кепілдік беруді Негізгі заң деңгейінде бекіту жоспарланып отыр», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алғаш рет білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде танылмақ. Мемлекеттің, әсіресе, білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие. Біз төрткүл дүниенің дарындарын өзімізге тартып, инвестициясын игеретін мықты елге айнала аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Бұл – адам капиталының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі. Сондықтан зияткерлік меншікті тұңғыш рет Конституция деңгейінде қорғау ұсынылып отыр. Бұл, өз кезегінде, креативті экономиканың дамуына тың серпін береді. «Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды» деген норма енгізілді. Осылайша, біз тұрақты әрі түсінікті құқықтық, инвестициялық орта қалыптастырамыз. Азаматтарымыз өз құқы бұзылмайтынын, қорғалатынын біліп, олардың алаңсыз өмір сүруіне және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады. Сонымен қатар жекелеген аумақтар мен «қарқынды дамитын қалалар» үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылып отыр. Осы нормаға байланысты еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген қауесет тарай бастады. Әдетте мұндай ауыр айыптауды әлемдік тәжірибеден мақұрым, заңнамалық сауаты жоқ адамдар айтады. Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық», - деді.

Мемлекет басшысы: «Саяси буллингпен» шетелдік азаматтардың айналысатыны өз алдына. Бірақ осы қитұрқы әрекетке өз азаматтарымыздың баруын, оның үстіне себепсіз соқтығуын түсіну өте қиын. Кейбіреулер өз бағасын асырып, жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығады. Тым болмаса жаңа Конституцияның идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көрген жөн. Біз арнаулы режимді тек қаражат, яғни капитал тарту үшін енгізіп отырмыз. Мұндай артықшылық қаржылық басқару, салық жеңілдіктері және сот рәсімдеріне қажетті жұмыстарды қамтамасыз ету үшін беріледі. Мәселен, осындай режим Алатау қаласына қатысты қолданылмақ. Конституцияда арнаулы құқық режимін бекіту арқылы біз инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Жер жүзіне Қазақстанды тұрақты, ашық, кедергісіз және ішкі нарықтағы ахуалы айқын ел ретінде көрсетеміз. Мұндай аумақтар Қазақстанның біртұтас конституциялық, құқықтық кеңістігінің ажырамас бөлігі саналады және солай болып қала береді. Конституциялық жүйенің аса маңызды бөлігі ретінде еліміздің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылымы мызғымас сипатқа ие», - деді.

Президент: «Жаңа Ата заңымызда Тәуелсіздікті, егемендікті және аумақтық тұтастықты қорғау басты қағидаттар ретінде көрсетілгеніне тағы да тоқталғым келеді. Бұл ережелерді қайта қарауға, басқаша тәпсірлеуге болмайды. Яғни ол мүлдем өзгермейді. Осындай негізгі ережелермен қатар, Ата заң жобасында ұлттық валютаның мәртебесі айқындалды. Бұл – мән-маңызы зор норма. Төл валютаның Елтаңба, Ту және Әнұранмен қатар тұруы бекер емес. Бұл жаңашылдық егемендікті, соның ішінде қаржылық дербестікті құқықтық тұрғыдан қорғауды көздейді. Мына нәрсені атап өткім келеді: Қазақстан халқы биліктің бастауы және егемендіктің иесі саналады. Осы ереже Конституция жобасында жаңа норма ретінде нақты бекітілді. Бұл – жаңа Ата заң мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түседі деген сөз. Мұның, әсіресе, геосаяси ахуал құбылып, тұрақсыздық орнап, ұлттық қауіпсіздікке сын-қатерлер төнуі мүмкін кезеңде маңызы зор. Ата заңның мәтіні ғана емес, мәні мен мағынасы өзгерді. Онда сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз, мақсат-мұраттарымыз бен мызғымас құндылықтарымыз нақты көрсетілді», - деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым!

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ашығын айтайын, мен өзім де Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Мен оның әр тарауына, әр бабына баса мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым. Бұдан бөлек, біз терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аудардық. Мысалы, қазіргі Ата заңымызда «Қазақстан аумағының тұтастығы» деген ұғым бар. Негізі, бұл «жердің тұтастығы» болуы керек еді. Мен бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым. Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен. Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан «жердің тұтастығы» деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Мен бұл ұстанымды қолдаймын. Алайда, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі «аумақтық тұтастық» ұғымын өзгеріссіз қалдырды. Мен мұны жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті. Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді. Референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз», - деді.

Мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, жаңа Ата заң – өркениеті бай, тарихы терең, мұраты биік, жоспары айқын, болашағы жарқын, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза Қазақстанның төлқұжаты. Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдайтынымды атап өткім келеді. Бізге арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруге болмайды. «Бір жөні болар, жолымыз болар» деп отыра алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Біз эволюциялық даму жолына, яғни жан-жақты, жедел және батыл жаңғыру жолына түстік. Ұсынылған Конституция жобасы қабылданса, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болады, сондай-ақ еліміздің бүкіл заң жүйесі жаңарады. Ата заңға өзгерістер енгізу тәртібі әлдеқайда жақсарып, демократиялық құқықтық сипатқа ие болады. Қазіргі Конституция бойынша Парламент Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады және мұндай жағдай осыған дейін бірнеше рет болған. Ал, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл қадам келешекте жекелеген саяси топтардың мүддесіне бола негізсіз конституциялық түзетулер жасауға тосқауыл қояды. Мен Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселенің бәрі халықтың талқысынан өтіп, референдум арқылы шешіліп келеді. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным болды. Естеріңізге сала кетейін, 1995 жыл қабылданған «Референдум туралы» конституциялық заң өз күшіне ие болғалы алғаш рет 2022 жылы ғана қолданылды. Алдағы науқан аз уақыт ішінде өткен үшінші референдум болмақ», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан айтылған барлық теріс болжамдарға қарамастан, халқымыздың табанды еңбегінің арқасында халықаралық абырой-беделі зор күшті мемлекет ретінде қалыптасты. Бірақ, күшті, мықты ел болу жеткіліксіз. Мемлекеттің шынайы кемелдігі азаматтардың, заң мен өскелең ұрпақтың алдындағы жауапкершілігінен айқын көрінеді. Мықты мемлекет тірек болады, ал жауапты мемлекет ертеңгі күнге деген сенімді күшейтеді. Күш пен жауапкершілік үйлесім тапқанда ғана мемлекет озық әрі қарқынды даму жолына түседі. Кейінгі ұрпақ біздің олқылықтарымызға түсіністікпен қарауы мүмкін, бірақ ел тағдырына әсер ететін тарихи шешім қабылдау кезінде енжар, жігерсіз, жауапсыз болсақ, олар бізді ешқашан кешірмейтіні сөзсіз. Дәл қазір біздің алдымызда кемел санамен, зор жауапкершілікпен тағдырлы таңдау жасау міндеті тұр», - деді.

Президент: «Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған. Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар. Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар. Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады. Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі. Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді», - деді.

Мемлекет басшысы: «Қазіргі Қазақстан көптеген елден көш ілгері. Шартарапқа экономикалық дамуы орнықты, саяси ахуалы тұрақты, түрлі дін мен мәдениетке құрметпен қарайтын ел ретінде танылдық. Біз өркениетаралық және дінаралық диалог өрбітуді, халықаралық құқықты сақтап, бейбіт қатар өмір сүруді, ядролық қаруды таратпай, өзара сенім және қауіпсіздік шараларын нығайтуды жақтаймыз. Қазақстан ұлттық мүддесін, егемендігін әрдайым қорғайды. Келешекте де солай болмақ. Біз – жасампаз ұлтпыз. Қарым-қатынасты қиратпаймыз, бауырымызға тартамыз. Ешкімді жатырқамаймыз, бөлінбейміз, бірігіп, тату-тәтті тіршілік етеміз. Сондықтан біздің төлқұжатымызға халықаралық сенім жоғары, орасан зор күшке ие құжат ретінде мойындалады. Азаматтарымыз дүние жүзін емін-еркін шарлап, шетелдерде білім алады, кәсібін жүргізеді. Бұл еліміздің әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең, мол мүмкіндіктерге ие екеніне айқын дәлел. Біз Әділетті Қазақстанның негізін қалап жатырмыз. Бұл елде кез келген адам әлеуметтік мәртебесіне, саяси, идеологиялық таңдауына, тіліне, дініне, этникалық шығу тегіне қарамастан, өз қарым-қабілетін толық пайдалана алады. Осы тұрғыдан жаңа Халық Конституциясының жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетас болады деп айта аламын», - деді.

Президент: «Жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді. Біз – бейбіт елміз. Қазақстанның көк түсті төлқұжатын жаһан жұртшылығы жақсы біледі және құрметтейді. Әлемнің әр түкпірінде азаматтарымызды жылы қабақпен, ерекше ілтипатпен қарсы алады. Бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз шетелде кедергісіз білім алуда. Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі. 15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді. Осы орайда, Мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді. Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын Өз қолыңмен құру деген сөз. Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады. Сол кезде «Қастерлі Отанымды осы биікке жеткізген жолды таңдауға мен де атсалыстым» деп, мақтанышпен айта аласыздар. Ал, кейінгі буын өздеріңізге әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген. Біз бір ел болып маңызды әрі жауапты жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, ниетіміз – түзу. Демек ісіміз оңға басып, берекелі болары сөзсіз. Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге кең-байтақ жерді аманат етті. Біз де келер ұрпақтың әділетті әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін бәрін жасаймыз. Мен халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белсенді жұмыс істейік. Ел мүддесіне адал қызмет ете беріңіздер! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!».

Abai.kz

0 пікір