Сейсенбі, 18 Қаңтар 2022
Билік 957 0 пікір 2 Қараша, 2021 сағат 16:51

Facebook-пен келісім бар ма, жоқ па?

Қазақстан билігі мен Facebook арасында арнайы келісім жасалды деген ақпарат, бүгінгі таңда ең басты тақырыптардың біріне айналды. Алайда бұл тұрғыдан екі түрлі ақпарат қоғамды екіге жарды.  

«Facebook Қазақстан Үкіметімен, әсіресе балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмысқа ұмтылады. Біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыздың алғашқы қадамы ретінде біз Қазақстан Үкіметіне уәкілетті органдарға зиянды контентпен неғұрлым тиімді және пәрменді күресуге көмектесетін «Контентті хабарлау жүйесіне» қол жеткізуге қуаныштымыз. Facebook командасы киберкеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық мамандарды оқытуды жалғастырады», - деп Facebook компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі өңірлік директоры Джордж Чен мәлімдеген болатын.

Артынша: «Контент хабарлама жүйесін» пайдалану Facebook және Instagram платформаларында құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жеделдігін және жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қауіпсіз ақпараттық кеңістікті құру бағытында жүргізіліп жатқан бағытты ұстанатынын және Қазақстан халқына өз қызметтерін ұсынатын интернет-компаниялармен сындарлы диалог құруға және ынтымақтастық орнатуға дайын», - деп Министрлік мәлімдеген болатын.

28 қазанда Facebook командасы Министрліктің мамандарына «Контентті хабарлау жүйесін», сондай-ақ Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша жұмыс бойынша тренинг өткізді. Қараша айының басынан бастап Министрлік жүйеде жұмыс істей бастайтыны да айтылды. Екі тарап өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін белгілеуге, оның ішінде Министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін Facebook өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді деген де ақпарат айтылды. Дегенмен кешегі ақпаратты бүгін Facebook тарапы жоққа шығарды.

Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша коммуникация бөлімінің директоры Бен МакКонахи қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме жасағанын терістеді.

«Біріншіден, біз қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме шығарған жоқпыз. Қазақ үкіметі биліктің жергілікті заңды бұзатын контенттерге тыйым салу туралы өтініштері бойынша өткен ғаламдық талқылау негізінде өзі мәлімдеме жасады», - деп жазды.

Компания өкілінің айтуынша, мұндай нәрсе тек Қазақстан ғана емес, әлем үкіметтерімен талқыланып жатыр.

Бұл терістеуге министрлік те лезде өз жауабын айтып үлгерді. Ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасына былай деп жазды:

«Facebook компаниясының біріккен мәлімдемені теріске шығаруына қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында «Meta» («Facebook») компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Өңірлік кеңсесінің коммуникациялар жөніндегі директоры Бен МакКонэхи мырзаның (Ben McConaghy) теріске шығарған мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келесіні хабарлайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі келіссөздерді Гонконг қаласында орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша «Meta» («Facebook») компаниясының өңірлік офисімен жүргізді. 1 қарашада жарияланған біріккен мәлімдеменің мәтіні мен оның БАҚ-да жарниялануы аталған аймақтық кеңсенің басшылығымен толықтай келісілген болатын», - деді.

Facebook компаниясымен келісімді билік балалар құқығын қорғауға қатысты деп мәлімдесе де, қоғам оны әлеуметтік желідегі еркіндікті шектеу мақсатында жасалынуда деп күдіктенуде.

Abai.kz

0 пікір