Теңге 28 жылда 78 есе құнсызданған (инфографика)
Күні кеше ғана Ұлттық валюта күні өтті. Төл теңгеміздің айналымға еніп, ел Тәуелсіздігінің, экономикалық Тәуелсіздіктің анық атрибуттарының біріне айналғанына тұп-тура 28 жыл. Жуырда LS сайты ұлттық валюта – төл теңгенің осы 28 жыл бойы бері ылғи құлдырап келе жатқанын зерттеп жазыпты.
Осы аралықта (28 жыл ішінде) ұлттық валютамыз 78 еседен көп құнын жоғалтқан екен. Сонымен, 1993 жылдан күні бүгінге дейін төл теңгеміздің АҚШ долларына шаққандағы құны қанша есе құнсызданды? Теңге бағамы қалай өзгеріп отырды? Қараңыз:
Ұлттық валюта 1993 жылдың қарашасында айналымға енгізілді. 1993 жылдың шілдесінде Ресейдің орталық банкі 1961-1992 жылдардағы кеңестік банкноттарды, сондай-ақ 1992 жылғы 5 және 10 мың рубльдік ресейлік банкноттарды айналымнан шығару бойынша шешім қабылдады. Бұл КСРО атты халықтар түрмесінің келмеске кеткенінің айқын дәлелі болатын. Бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.
1993 жылдың қарашасы. Ол кезде 1 доллар – 4,69 теңгеге бағаланған. Кейін арада бір ай өткенде, желтоқсан айында оның бағасы 5,25 теңгеге барып тоқтады. Ал 1994 жылы 1 доллар – 35,64 теңгеге жетті.
Алғашқы девальвация
1999 жылдың сәуірінде алғашқы девальвация болды. Бұл аралықта бұрынғы премьер-министр, марқұм Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банктің экс-төрағасы Қадыржан Дамитов теңгені тұрақтап ұстап тұра алмайтынын, сөйтіп еркін айналымға жіберетінін мәлімдеді. Балғымбаев пен Дамитовтың мәлімдемелерінен кейін, ертесі күні 1 АҚШ доллары 150-160 теңгеге саудалана бастады. Ал 1999 жылдың жалпы есебінде, теңгенің орташа бағамы 119,52 теңге шамасында болды.
2000-2003 жылдар аралығында ұлттық валюта құнсыздана берді. Кейін 2003-2008 жылдар аралығында Үкімет пен Ұлттық банк күш салып, теңгені тұрақтап ұстап тұруға тырысты.
Екінші девальвация
Алайда 2009 жылы екінші девальвация орын алды. Доллар бағасы 150 теңгеге дейін көтерілді. Сол жылы ақпан айында Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұрудан бас тартты. Мұның себебін мұнай бағасының құлдырауы, отандық экпортерлердің қолдауының жоқтығы секілді себептермен түсіндірмек болды. Сөйтіп, ақырында теңге бағасы 147,5 теңгеге тіреліп тоқтады. Ол кезде Ұлттық банк тізгіні – Григорий Марченконың қолында еді.
Үшінші девальвация
Девальвацияның үшінші толқыны 2014 жылдың 11 ақпанында болды. Ол кезде Ұлттық банк тізгіні – Қайрат Келімбетовтің қолында еді. Келімбетов арнайы мәлімдеме жасап, теңгені ұстап тұру мүмкін емес екенін айтты. Қаржы нарығында тұрықсыздық болдырмау үшін 1 АҚШ болларына шаққандағы теңге бағамы 185 теңгенің төңірегінде болатынын хабарлады. Ал 2014 жылдың қорытындысы есебі бойынша доллар 179,19 теңгеден сатылып жатты.
Төртінші девальвация
2015 жылы төртінші мәрте девальвация болды. Ол кезде Қазақстан Үкіметін қазіргі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов басқарып тұрған. Үкімет пен Ұлттық банк мәлімдеме жасап, теңгені еркін өзгермелі айырбас айналымына жіберетінін айтты. Сөйтіп, 2015 жылдың 20 тамызында Қазақстан қор биржасындағы теңге тағы құлдырады. 1 долларға шаққандағы теңге бағасы 188 теңгеден 255,26 теңгеге дейін бірақ жетті. Ал сол жылдағы орташа баға – 221,73 теңгені құрады.
Бесінші девальвация
Онан кейінгі жылдары теңге құлдыраған үстіне құлдырай түсті. 2019 жылы Ұлттық банк төрағалығына Ерболат Досаев тағайындалды. Бұл ақпан айы еді. Ал наурызда ОПЕК+ келісімі бұзылып, Саудия мұнай шикізатын өндіру көлемін ұлғайтып, бағаны төмендету туралы шешім шығарды. Сөйтіп, нарықтағы Brent маркасының құны түсті. Бұл жағдайлар теңге бағасына қатты әсер етті. 2019 жылдың қорытынды есебінше, теңгенің бір долларға шаққандағы бағасы 382,75 теңгеге жетті. Ал 2020 жылы баға 412,95 теңгеге барып тірелді.
Осылайша, соңғы 27 жылда теңге 78,6 есеге құнсызданған. Қазір (қарашадағы бағам бойынша) теңгенің бір долларға шаққандағы бағасы 429,29 теңгеге жеткен.
Abai.kz инфографикасына назар аударыңыз:
Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz