Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3279 0 пікір 3 Тамыз, 2012 сағат 08:29

Әкімбай Текше. Своик сойылын соққан партияның ұлтқа жаны ашымайды!

«Ұлт Times» басылымының қаузап жүрген тақырыптарын, өзекті мәселелерді көрген оқырман қауымның бір парасы «оппозициялық басылым» дейтін көрінеді. Шынтуайтында ұлтқа қатысты проблемалармен қатар, қоғамдық мәселелерді де кеңінен көтеріп жүрген басылымды қоғамдық газет деуге болады. Билікті ғана мұқатумен шектелмейтін басылымның сын садағына бұл жолы оппозиция да ілініп отыр.

Бұрында билікке көңілі толмайтын халықтың бір бөлігі оппозициялық партияға сенім артқандығы  белгілі. Біздегі билікке наразы саяси күштердің арасындағы шоқтығы биігі - ЖСДП. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны Тұяқбай төрағалық ететіндіктен бе, әлде Әміржан Қосанов, Болат Әбілов сияқты саясаткерлерден «ортақ өгізден оңаша бұзауын артық» көріп жүретіндіктен бе, әйтеуір бейресми түрде «Жармаханның социал-демократиялық партиясы» деп те атайды.

«Ұлт Times» басылымының қаузап жүрген тақырыптарын, өзекті мәселелерді көрген оқырман қауымның бір парасы «оппозициялық басылым» дейтін көрінеді. Шынтуайтында ұлтқа қатысты проблемалармен қатар, қоғамдық мәселелерді де кеңінен көтеріп жүрген басылымды қоғамдық газет деуге болады. Билікті ғана мұқатумен шектелмейтін басылымның сын садағына бұл жолы оппозиция да ілініп отыр.

Бұрында билікке көңілі толмайтын халықтың бір бөлігі оппозициялық партияға сенім артқандығы  белгілі. Біздегі билікке наразы саяси күштердің арасындағы шоқтығы биігі - ЖСДП. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны Тұяқбай төрағалық ететіндіктен бе, әлде Әміржан Қосанов, Болат Әбілов сияқты саясаткерлерден «ортақ өгізден оңаша бұзауын артық» көріп жүретіндіктен бе, әйтеуір бейресми түрде «Жармаханның социал-демократиялық партиясы» деп те атайды.

Бұл партия алғаш құрылғанда билікке наразылар, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың шоғыры саяси күш ретінде арқа сүйеді. Бұрындары үлкен қызметтердің құлағын ұстаған шенеуніктердің бір топ шоғыры, «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының құрамында болған салмақты саясаткерлердің топтасуы халықтың көңіліне сенім ұялата түскен. Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі 2006 жылдың күзінде құрылған ЖСДП мүшелерінің қарасын көбейте түскен-ді. 2007 жылғы Парламент сайлауына қатысуы да, әрине, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының инерциясымен болды десек, артық айтқандық емес. Кейінгі сайлауларда мүлде төмен пайызда дауыс жинап (егер Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысына сенер болсақ), жыл өткен сайын саяси беделін төмендетіп барады. Әрине, саяси күштің сойылын соққаннан кейін ондағы көшбасшылар биліктің қитұрқы әрекеттерінің арқасында сайлауларда аз дауыс аламыз дегенді алға тартады. Оппозицияның мұндай «классикалық» уәжі халық алдындағы беделін сақтап қала алмайды. Оның себебі де жоқ емес.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы құрылған сәтінен бастап, жасыратыны жоқ, қазақылығы басым облыстардан тірек тапты. Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының халқының бүйрегі биліктен гөрі оппозицияға бұратыны бұған дейін саяси зерттеумен айналысатын сарапшылардың ауызымен талай айтылған да.

Демек, қазақылығы сақталған оңтүстік пен батыс жұрты қосылып, ЖСДП-дан қазаққа жаны ашиды деп көп үміт күткен. Бірақ бұл үміт ақталған жоқ. Тиісінше, қалың қазақтан лайықты жауабын алды да.

Азаттық радиосының ұйымдастырған интернет-конференциясында «Мемлекеттің басты мақсаты - шеттегі қазақты түгел елге қайтару болуы керек» деп айтқан партия төрағасы Үкімет көші-қонды тоқтатқанда неге ашық қарсылық білдірмеді? 140 мың мүшесі бар (http://election.kz сайтындағы дерек) партияны басқаратын Жармахан Тұяқбай қазақтың жанды жеріне тиген мәселеге келгенде неге соңынан тым болмаса мың адам ерте алмады? Сөз бен істе алшақтық бар ма? Меніңше, бар. «Осындайда өзін саяси күш ретінде көрсете алмаған партия мен оның төрағасы несіне саясатта жүр?» деген сұрақ сананы сұққылай береді.

Партия төрағасы Жармахан Тұяқбайдың шарасыздығы ЖСДП-ны халық алдындағы абыройдан айырып бара жатқаны айқын. Шарасыз емей немене, партияның белді мүшесі Петр Своиктің «facebook» әлеуметтік желісіндегі жазбасына қыңқ демеді. Ашықтан ашық ұлтты қорлап жатса да ләм-мим демеді. Төраға ретінде беделі жоқ па немесе Своиктің сөзіне қарсы емес пе, білмедік, әйтеуір, әзірге үнсіз...

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның «Ұлт Times» газетінің өткен 11-санында «Арандатқан Своикті аластатқан жөн!» деген мақаласы басылды. Аталған мақала қазір ғаламторды шарлап жүр. Партияның бір де бір белсендісі оны көрмеді, оқымады десек, тағы да артықтау болар. Себебі тағы бірнеше қазақ басылымдары осы проблеманы қаузап өтті. Әзірге ЖСДП жақтан жыбыр еткен де, қыбыр еткен де жан табылмай тұр.

Петр Своиктің «Егер феодалдық тіл саясатына қазіргі заман тұрғысынан қарасақ, Қазақстанда  қазақтың мемлекеттік тілі орыс тілі болып шыға келеді. Бұл үшін орыс тілінде қалыптасқан қазақ зиялыларына рахмет айтуымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілін ерте ме, кеш пе, екінші орыс тіліне - ұлтаралық түсіністік тіліне айналдыруымыз керек. Ол үшін осы саясатты мектеп қабырғасынан қалыптастырып, министрлер мен депутаттар, мемлекеттік органдар басшыларына талап қою қажет. Сонда ғана барып қазақ тілінің деңгейін екінші мемлекеттік тілге көтеруге болады» деген жазбасынан арандатушылық анық аңғарылады. Ұлт араздығын қоздырды деп Алматының маңындағы елді мекендерде қазақ азаматтары сотталды емес пе?! Ендеше, дәл сондай баппен Петрдің ісін неге қарамасқа?

Тиісті органдар да «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деп отыр. Ал, Жармахан Тұяқбай бастаған партия белсенділері үндемегеннен кейін халық бұл сөз ЖСДП-ның көзқарасы, ұстанымы деп қабылдады. Шыдамымыз жетпей Жармахан Айтбайұлының нөмірін терген едік.

 

«ҰЛТ TIMES»: - Партия мүшесі Петр Своиктің жазбасына қатысты не айтасыз?

Жармахан ТҰЯҚБАЙ: - Бұл мәселеге қатысты партия ұстанымын ертең жариялайтын боламыз.

«ҰЛТ TIMES»: - Ол кісімен осы мәселеге байланысты кездестіңіз бе?

Жармахан ТҰЯҚБАЙ: - Жоқ, әлі кездеспедім.

«ҰЛТ TIMES»: - Телефон арқылы хабарласпадыңыз ба?

Жармахан ТҰЯҚБАЙ: - Телефон арқылы да сөйлеспедім.

«ҰЛТ TIMES»: - Петр Своикті партия қатарынан шығарасыздар ма әлде басқа шара қолданасыздар ма?

Жармахан ТҰЯҚБАЙ: - Бұл мәселені күзге қарай шешеміз. Себебі қазір бәрі демалыста ғой.

«ҰЛТ TIMES»: - Рахмет!

 

«Жармахан Тұяқбай кім?» деген  сұрақ көпшіліктің көкейінде жүруі мүмкін. Ендеше демократиялық оппозицияға ойда-жоқта тап болған осы саясаткердің портретін жасап көрелік. 1986 жылы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі кезінде бұл адам Қазақстанның Бас прокуроры болған. Яғни сол кездегі қазақ жастарының рухын сындырып, санасын улап, оларды түрмеге тыққан Қазақстандық номенклатураның басты шебінде тұрды деуге барлық негіз бар. Сол кездегі қанқұйлы Колбиннің бас жандайшабы болғанға ұқсайды. Кейіннен ғұмыры тым қысқа болған ҚР Тергеу комитетін басқарды. Одан кейін өйтіп-бүйтіп жүріп, Мәжіліске спикер болады. Керек десеңіз «Отан» партиясын да біраз басқарды. Яғни биліктің ішінен шыққан төлбаласы екендігі анық. Оның «Отаннан» күрт шығып кетуін білетін адамдар, биліктің саясатымен принципиалды келіспеушілік емес, кандидаттар тізімінде болған «өзінің шымкенттік адамдарының» Парламентке өте алмағандығына қарсы істелген әрекет дейді. Анығында, 2004 жылғы сайлауда Жармахан Тұяқбай «крышасы» болған Амалбек Тшан, Оразалы Сәбден және тағы басқа кандидаттар депутаттар корпусына ене алмады.

Бұдан кейін Жармаханды оппозиция серкелері пайдаланып кетті. Қазақстандық саясаттың жілік майын шағып ішкен Алтынбек Сәрсенбаев бастаған демократтар Тұяқбайға президенттік сайлауда ортақ кандидат болу жөнінде ұсыныс жасады. Ал, ол өз кезегінде Президентпен бірге болған жылдарын, оның алдындағы азаматтық борышын ұмытып, бірден оппозиция қатарынан шыға келеді. Яғни психологиялық портрет «Жармахан Тұяқбай қара басының қамы үшін «шұғыл бұрылыстарға» бара береді» деген қорытындыға келіп тіреледі. Айта кету керек, саясаткерге тән шешендігі, харизмасы болмаған Тұяқбайды президенттік сайлауға ұсыну - оппозицияның үлкен қателігі болды. Оған соңғы сайлаудағы телевизиялық дебат кезінде Жармаханның оппозицияны тақырға отырғызғаны тағы да куә болса керек. Әдетте көсемдік топбастаушылыққа тәнті қазақ жұрты сол дебаттан кейін Тұяқбайдан түбегейлі түңілді.

Соңғы кездері оппозицияның ішінде дағдарыс болып жатқандығы анық, оны ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Бұл жаңалық емес. Осы оппозицияішілік дағдарысқа кім кінәлі дегенге келсек, сарапшылар жағы Жармахан Тұяқбайды меңзейді. «Азат» ЖСДП мемлекеттік тіркеуден өтпейтіні мәлім болған соң, Тұяқбай өзінің әріптестерін «лақтырып» кеткен. Себебі оппозицияны біріктіру идеясымен кезіндегі «Азатты» партиялықтар өз бастамасымен жапқан еді. Сөйтіп, «азаттықтар» ЖСДП құрамына кіріп, қазақстандық оппозицияны бір партия туының астына жинамақ болған. Алайда біріккен партия тіркеуге алынбайтын болған соң, Ж. Тұяқбай тіркеу құжаты сақталған өзінің ЖСДП партиясын «Азаттан» келген партияшылдардан бөліп әкетті.Соның салдарынан Болат Әбілев, Гүлжан Ерғалиева, Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бапи, Николай Кримениш, Дияр Қонаев, Жанболат Мамай және тағы басқалар  ЖСДП партиясынан аластатылды. «Азаттық» саясаткерлерді қолдаған Әміржан Қосанов та Жармахан Тұяқбайдың билікпен сеператтық келісіміне қарсы шықты. Сөйтіп, Петр Своик,Балташ Тұрсымбаев, Серікбай Әлібаев сияқты кілең «шалдармен» қалған Жармахан Ақорданың тағы бір жобасына жұтылып кетті.

Ал, бұл әрекетті саяси технологиялық жоба демеске лаж жоқ. Оған Тұяқбайдың «youtube» сайтында жүрген телефон жазбасы да кәу болады. Кезінде Рахат Әлиев жазып алған сол телефон тыңдауында Жармаханның биліктен (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Дүтбаевтан) қалай миллионнан астам доллар ақша алғаны айтылады.

Ал оппозицияның өзінің жұмыс тәсілдерін өздері жатпай-тұрмай сынайтын биліктен  артық кетпегендігі тағы көрініп тұр. Соңғы 10 жылда оппозиция  саяси сахнаға жас буыннан бір адамды шығара алды ма, жоқ. Бұл оппозицияда сол кезде болашағынан үміт күттірер қаншама жастар болды. Бүгінде жалғыз өзі  ұлттық мүддені жоғарғы интеллектуалдық деңгейде көтеріп жүрген Айдос Сарымның өзі неге тұрады? Қазақ тіліне қанша мәрте шабуыл ұйымдастырылғанда, ләм деп аузын ашты ма, жоқ. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» демекші, өздерін билік алдында да сыйлата алмады.      Осы жағдайдың барлығына бүгінгі оппозициясының көшбасшысы Жармахан Тұяқбай кінәлі екені айдан анық. Себебі Президентті, ол құрған жүйені, «жеке басқа табынушылық», «автократиялық жүйе» дегеннен әрі аса алмай келеді. Ал, сол Жармахан Тұяқбай өзі осы билікке үлгі көрсетіп, орнын жастарға босатып беруге жігері жете ме екен? Бүгін Тұяқбай, қазақты менсінбей отырған Своик, жақтасы Тұрсынбаевтар Брежнев пен Черненконың ар жақ, бер жағына келіп қалды ғой. Сол кезде осы кісі өзі сынап жүрген биліктен бір төбе биік тұрғандығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетер еді. Бірақ бұлар сол Брежневтер тәрізді оппозицияны жағы түскенше басқара бермек тәрізді. Сонда олардың биліктен қай жері артық?

Түйін

Еліміздегі оппозицияға «қайта түлеу» қажет. Ол ең бірінші біздің қоғамға керек. Өйткені билік пен оппозициясы мықты мемлекет қана келе жатқан көптеген қауіп-қатерге тойтарыс бере алады. Бұл мәселені билікте түсінуі қажет, ал енді оппозиция осы бойынша нақты іс- әрекетке көшуі керек. Ең басты қадам - жан-жақты сараптама жасай отырып, Жармаханның партиядан кетуі.

Своикті сайратып отырған ЖСДП емес пе?

Уәлихан ҚАЙСАРОВ, саясаткер:

- Жалпы, бұл күрделі мәселе. Жармахан Тұяқбай - кезінде Назарбаевтан кейінгі үшінші адам болып, биліктің сенімін ақтаған адам. Кенет, бір күнде, бір уақытта 180 градусқа бұрылып, жоғары жаққа қарсы шыққан тұлғаға айналды. Сол сәтте, осы шешімнің халық арасында «Аяқ астынан бұл қалай болды?» деген сұрақтың туындауына себепкер болуы заңдылық еді. «Ол шын мәнінде өз қателіктерін түсініп, билік бишігінде енді отыра беруі мүмкін еместігін біліп кетті ме, әлде, мұнысы Ақ Орда жақтан ұйымдастырылған кезекті саяси ойын ба?», - дегендей әңгімелер желдей есті. Мысалы, ол өзі оппозицияның құрамына кіргеннен кейінгі Президенттік сайлаудың «әділетсіз өткенін» іс жүзінде алға тартып, наразылық шарасына халықты алып шығуы тиіс-тін. Партияластары сөйтетініне сенген. Өкінішке қарай, олай болмады. Одан кейінгі депутаттық сайлауда да сол. Осындай әлсіздікті көріп-білген жақтас жұрт тарапынан Жармахан Тұяқбайға деген өкпе-реніш те байқала бастады. Дегенмен, ол да пенде ғой. Басқалар сияқты оның да қателік жасауы мүмкін. Ал, анау Петр Своиктің қазақ тіліне қарсы сайрауы түпкілікті партияның ұстанымы деп ойламаймын. Меніңше, ол оның жеке пікірі болуы тиіс. Осы қылығына қатты қынжылдым. Кезінде екеуміз талай кездесіп, пікірлескенбіз. Сол кездері Своик ондай ойы бар екенін білдірткен жоқ. Қазір оған деген өкпем қара қазандай.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:

- Жалғыз Петр Своик бізге үлгі беретін, жалпы Қазақстан оны тыңдай қоятын адам деп айта алмаймын. Өзінің басқару саласындағы жеке ұстанымы бар шығар, бірақ, мемлекеттік тілге тиіспегені жөн болар. Өйткені, қазақ тілі «мемлекеттік тіл» деп баяғыда-ақ шешіліп қойылған. Тек соны әрі қарай дамытып, қолданылу аясын кеңейтуіміз керек. Қазіргі кезде оныкіндей сөздер қажет емес. Ол өзіне жұрттың көңілін аудару үшін босқа мылжыңдай береді. Негізінде мұндай «мәселелер» Жармахандардың партиялық ұстанымында көтерілуі тиіс. Олардың осылайша мемлекеттік тілге қарсы сөйлеуі - ел Конституциясына қарсы шығу болып саналады. Әр партияның кезең-кезеңімен жұмыс атқаратын белгілі бір деңгейі болады ғой. Жетекшілерінің одан әрі қарай өзінің қауқары болмаса, орнына жаңа кадрды  қойып, әр партия өзін-өзі жаңартып отыруы шарт. Ал, кадр айырбастау дегеніміз - кабинеттің ішінде отырып алып жиһаз ауыстыру емес. Жаңадан тың күш келуі керек. Әйтпесе, бір жерде тапжылмай отырып қалып, өзінің бұрынғы ескі ұстанымымен жүру деген қазіргі заманның талабына сай келмейді. Буын алмасуы партияның жаңа деңгейде жұмыс істеу мүмкіндігін арттырып отырады. Жармаханға партиядағы орны атақ әперетін орын немесе тақ емес! Партия жұмысын алға бастырамын десе, оның өзі орнын босатуы керек!

«Ұлт Times»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3232
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341