Сенбі, 23 Қараша 2024
Қостілділік қаупі: 9052 19 пікір 22 Қараша, 2021 сағат 14:33

Беларусь өз тілін өлтірді. Қазақ тілі ше?

ҚОСТІЛДІЛІК ЗИЯНДЫ МА, ПАЙДАЛЫ МА?

Бар өмірін Оңтүстік Африкадағы нәсілшілдік оқшаулауға (апартеидке ) қарсы күреске арнаған Нельсон Мандела: «егер кез келген адамға оның түсінетін тілінде сөйлесең, айтқаның оның басына қонады, ал егер оның ана тілінде сөйлесең, айтқаның оның жүрегіне қонады», - деген екен. Жалынды күрескердің осы сөздері кеше «Жетісу телеарнасынан журналист пен ұстаздың арасындағы сұхбатты көріп отырып ойыма оралды.

«Қазақ мектебінің оқушылары өзара орысша сөйлеседі», - дейді дәстүрінің де, тілінің де қазақы қаймағы бұзылмаған дейтін Алматы облысындағы бір мектептің ұстазы. Егер қазағы қалың оңтүстіктегі жағдай осындай болатын болса бұрыннан орыстілділер тығыз қоныстанған теріскей өңірлердегі ана тілінің аз да болса жандана бастағанына шүкіршілік ету керек шығар.

Жалпы «ана тілі» деген түсініктің өзі лингвистикалық зерттеулерде әр түрлі қолданылып жүр. Ағылшын тілінде контекстке қарай native language (туған тіл), home language (үй тілі), dominant language (үстем тіл), first language (бірінші тіл), mother tongue (ана тілі) деген терминдер қолданылады. Қазақ тілінде «ана тілі» деп қана айтамыз, ал ағылшын тіліндегі language/tongue сөздері орыс тіліндегі «язык/речь» сияқты бірін-бірі алмастыратын синонимдер. Бірақ «үстем тіл» мен «ана тілі» бір ұғым бола алмайды.

Егер қазақ мектебінің оқушылары бір-бірімен орысша сөйлессе, ол мектепте балалар ана тілінің емес, «үстем» (орыс) тілінің ықпалында деген сөз. Лингвистер ана тілін бірінші орынға қойып, оны зерттеулерде L1 (Language1), ал өзге тілдерді, тіпті адам ол тілді ана тілінен де жақсы меңгерген болса да L2, яғни «екінші тіл» деп белгілейді. Басқаша айтсақ, кейбір орысша оқыған қазақтардың «мен қазақша білмеймін, ана тілім орыс тілі» дейтіні, сауалнамаларды солай көрсететіні  мүлдем негізсіз. Өйткені адамда бір ғана ана тілі болады, және одан безе алмайсың.

Әрине, адам екі тілді, немесе бірнеше тілді білсе бұл оған интеллектуалдық артықшылық береді. Американ лингвистері Пил мен Ламберт 1962 жылы он жастағы мектеп оқушылары арасында жүргізген зерттеулерінде қостілді мектептегі балалар бір тілде ғана оқытатын мектептегілерден алғыр, ой өрісі кең, күрделі ұғымдарды тез түсінуге бейім екенін анықтаған.

Бірақ ғалымдардың бәрі бірдей мұнымен келісе бермейді. Бәрі де мектептегі оқыту сапасына байланысты. Әлі күнге балаларын орыс мектептеріне беретін қандастарымыз орыс тілінің бүгінгі жаһандану дәуірінде бұрынғы Кеңес Одағы аумағынан аспай отырғанын да ескеруі керек. Мына төмендегі деректерге назар аударайық.

Бұдан қазір әлемнің 19 еліндегі 154 миллион адамның орыс тілін ана тілі деп санайтынын көреміз. Бұлар негізінен тәуелсіздік алған бұрынғы одақтас республикалар. Ана тілі ретінде маңыздылығы жағынан алғашқы төрттікте қытай, испан, ағылшын, араб тілдері тұр. Парсы тілінде сөйлеушілер небары 62 миллионға ғана жуық болса да әлемнің отыз елінде ана тілі ретінде таралған. Әлем мектептерінде оқыту бағдарламасында ең маңызды саналатын жеті тіл ағылшын, француз, испан, итальян, қытай, жапон, неміс тілдері.  АҚШ университеттерінде негізінен испан, француз, неміс тілдері оқытылады. Ал орыс тілі Ресейді зерттеу институттары сияқты жабық орталықтармен шектелген.

Ендеше жастарымыздың болашағын ойлап, қазіргі заманға бейімдейміз десек, мектептерде алдағы уақыттарда ағылшын, қытай тілдерін оқыту бағдарламасында бірінші орынға қою қажет. Орыс тілін білген дұрыс, бірақ қазіргі этнолингвистикалық жағдай өзгермесе жақын уақытта «үстем тіл» ана тілімізді жойып жіберуі мүмкін. Әрбір екі апта сайын әлемдегі 6500-ге жуық тілдердің біреуі жойылып кетеді екен. Қазір UNESCO жойылып кету қаупі төніп тұрған тілдер тізімінде белорусь тілі тұр. 1999 жылы Беларусь тұрғындарының 74 пайызы белорусь тілін ана тілім деп қабылдаса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 53,20 пайызға төмендеген.Осы аралықта үйлерінде белорусша сөйлейтіндер 37 пайыздан 23 пайызға кеміген (http://tbm-mova.by/monitoring15.html?lang=en. A review of language policy in Belarus).

Қазір бізде де осыған ұқсас жағдай қалыптасып отыр. Отбасында балаларымен ана тілінде сөйлейтіндердің азаюы қазақ тілінің болашағына балта шабатын негізгі себеп. Бұған қос тілді мектептерді кіналауға болмайды. Баланың болашағы үшін маңызды ағылшын, қытай тілдері мектептерде кеңінен оқытылуы керек. Өйткені заманауи ғылыми деректер, білім қайнары осы тілдерде. Ал ана тілі үшін жауапкершілікті әр ата-ана «билік», «мемлекет» кедергі болып отыр деп сылтауратпай, өз жауапкершілігіне алуы қажет.

Марат Ермұқанов

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415