Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4987 8 пікір 10 Желтоқсан, 2021 сағат 15:47

«Пандора»: Офшоры әшкере болғандар кімдер?

«Выход к морю» телеграм арнасы «Пандора құжаттамасына» қатысты мәліметтерді жариялады. Аталған арна өзін «Қазақстандық қоғам тұлғаларының дүние-мүлкі, азаматтығы, жеке ұшақтары мен яхталары туралы ең сенімді, тексерілген ақпарат көздерінен алып жазатын арна», - деп көрсеткен.

«Халықаралық журналистік зерттеу консорциумы (ICIJ)» офшорлық компаниялардың кейбір мәліметтеріне қол жеткізген. Оны «Пандора құжаттамасы» деп атаған.  Мұнда әлемдегі ең құпия юридикциялардың бірі – Британдық Виргин аралдарында (BVI) тіркелген фирмалар мен оның бенефициар иелері туралы ақпараттар қамтылған. Әзірге Виргин аралдары офшорларын рәсімдеумен және қызмет көрсетумен айналысатын екі тіркеуші компанияның құжаттары негізінде жиналған ақпарат ашық дереккөзде тұр.

«Халықаралық журналистік зерттеу консорциумының» қолына дәл осындай 14 фирманың деректері түскен. Телеграм арнасы Қазақстандық бенефициарлар туралы 400-ден астам жазбаны зерттеп, бұл жолы еліміздің қай тұлғалары тізімнен табылғанын айтыпты.

Алғашқы «ICIJ» жариялаған құжаттаманы  «Власть.кз» сайты жариялап, Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі деп аталып жүрген Әсел Құрманбаева туралы егжей-тегжейлі айтып берген болатын.  Бұл туралы Abai.kz порталында жаздық. Осы юрисдикцияда тұңғыш президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев бірнеше компанияға иелік етеді. Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевке Лондондық мүліктің құжатын жүргізуге көмектескен Мұхамед-Әли Құрманбаев BVI фирмаларының бірін иелігіне алған. Дәл осы құжатта  Дариға Назарбаеваның қайтыс болған бұрынғы күйеуі  Рахат Әлиев те аталған.

Бүгінде зерттеліп отырған құжатта Қазақстандықтардың атына тіркелген фирмалардың көп бөлігі Meridian Capital Limited-тің танымал кәсіпкерлеріне тиесілі екені айтылады. Олар: Александр Клебанов, Егений Фельд, оның ұлы Руслан Фельд, Асқар Алшынбаев және ҚТЖ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев. Жалпы алғанда, олар Британ Виргин аралдарындағы оннан астам фирмаларды тіркеген. Аталған адамдар тағы да «Жұмақ құжаттамасы» деген офшор тізімінде де кездеседі.

Сонымен бұл жолы Қазақстандықтардың қайсысы «Пандора құжаттамасы» тізімінен шыққан?

* Екатерина Ляззатова, ҚР Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі Ляззат Қиыновтың қызы;

* Әсел Тасмағамбетова, саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтың қызы және кәсіпкер Кеңес Рақышевтің жұбайы;

* Василий Симачев, ҚР Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары;

* Үміт Шаяхметова, «Қазақстан Халық банкі» АҚ Басқарма Төрайымы;

* Ғалымжан Есенов, «Jýsan Bank» акционері (АТФ-тен кейінгі) және Ахметжан Есімовтың күйеу баласы;

* Нұрбол Сұлтан, бұрынғы меншік иесі Азия Кредит Банк (банк таратылған);

* Ерлан Сағадиев, ҚР бұрынғы Білім және ғылым министрі және оның қызы Әйгерім;

* Ерлан Әлиев, «Самұрық-Энерго» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры;

* Capital Partners девелоперлік компаниясының мажоритарлық иесі Сержан Жұмашов;

* Зиятдин Қасанов, кәсіпкер, Алматы мәслихатының депутаты;

* Серік Түлбасов, TS Development (Dostyk Plaza және Shymkent Plaza)компаниясының иесі;

* Мұрат Абдрахманов, Аладар Тұңғышбаевтың кіші серіктесі; Dent-Lux стоматологиялық емханалар жүйесінің иесі;

* Светлана Абдрахманова, Мұрат Абдрахмановтың жұбайы;

* Марғұлан Сейсембаев, Asadel Partners PEF Pte Ltd басқарушы серіктесі;

* Ербол Галин, Марғұлан Сейсембаевтың жиені;

* Еркін Әмірханов, Клебановтың "ОАОЭК" АҚ бұрынғы серіктесі, Қазақстанда тұрмайды;

* Тимур Исатаев, Болат Өтемұратовтың серіктесі;

* Оразхан Қарсыбеков, Kazpetrol Group Бақылау кеңесінің төрағасы;

* Бизнесмен Ескендір Ерімбетов БТА ісі бойынша тұтқындалып, елден кеткен;

* Ораз Жандосов, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау орталығының мүшесі;

* Наталья Құсайынова Қазбек Құсайыновтың жұбайы, ҚИК-тің бұрынғы топ-менеджері.

Қазақстандық кәсіпкерлер, шенеуніктер, билік өкілдері шыққан бұл тізімге материалда есімдері аталған жекелеген тұлғалар терістеме беретін болса, оны да оқырман талқысына ұсынуға әзірміз.

Айжан Темірхан

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394