Сенбі, 23 Қараша 2024
Кеше мен бүгін 7138 19 пікір 11 Желтоқсан, 2021 сағат 16:47

«Беловеж» келісімі: Назарбаев неге бармады?..

8 желтоқсан «Беловеж» келісіміне қол қойған күн. Кеңес Одағын ыдыратқан бірден-бір құжат. 1991 жылы 8 желтоқсанда Ресей, Украина, Болорусь республикалары басшылары Беловеж орманында келіссөз жүргізді. Келіссөзде Кеңес Одағын сақтап қалудың бұдан былай мүмкін еместігіне көздері жетіп, олар өз республикаларының одақтан шығатынын және өзара саяси, экономикалық, әскери одақтастық жөнінде жаңа шартқа қол қоятындықтарын мәлімдеді. Осылайша Кеңес Одағы тарайды. 

Бұған жауап ретінде 1991 жылы 12 желтоқсанда Ашхабад қаласында ОА республикалары президенттері: Қазақстаннан – Н.Назарбаев, Қырғызстаннан – А.Ақаев, Өзбекстаннан – И.Каримов, Тәжікстаннан – Т.Махкамов, Түркіменстаннан – С.Ниязов кездесу өткізеді. Кездесуде олар өзара одақтастық жөніндегі шартқа қол қойды және өздерінің «Беловеж» келісімімен толық келісетіндіктерін мәлімдеді. Олар «Беловеж» келісіміне қатысушы елдерге және басқа да бұрынғы одақтас республикаларға жаңа одақтық шарт жасасу жөнінде үндеу жолдады.

Көп ұзамай 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда бұрынғы КСРО құрамында болған 11 республика басшылары жаңа келісімшартқа қол қойды. Сөйтіп бұрынғы КСРО аумағында жаңа одақ – ТМД құрылды.

Атақты Беловеж келсіміне Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылған. Оны сол кездің көзін көрген бірнеше саясаткер өз естеліктерінде айтады.

Белорусь Жоғары кеңесін басқарған Станислав Шушкевич «Азаттық» радиосына берген сұхбатында:

«Беловеждегі кездесуге Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылған. Бірақ Назарбаев жолай Мәскеуге тоқтап, Кремльде СССР президенті Михаил Горбачевтің қабылдауына кіріп, ақыры бармай қалғанын», - айтады. Оның айтуынша, Назарбаев келісім жасалғанға дейін шақырылмаған, бірақ аса маңызды геосаяси мәселені шешуге тек қана славян мемлекеттерінің қатысқанын бұрыс санап, сол кезде беделді адам Назарбаевты шақыруды жөн көрген. Оған Ельцин қоңырау шалады, алайда қандай құжатқа қол қоятындарын айтпайды.  Ол кезде Назарбаев ұшақ бортында болған.

«Иә, Назарбаев ұшақ бортында болатын және оған ұшақтың радиожүйесі арқылы байланыстық. Бірақ Горбачев оған бармауға кеңес берді. Ол келмеді. Ол интеллигент емес адамға тән қулық істеді. Үнсіз кетті. Онымен байланыс үзіліп қалды. Сол себепті Назарбаев маңызды мәселені талқылауға қатысқан жоқ», - дейді Шушкевич.

1991 жылы Украина премьер-министрі болған Витольд Фокин былай:

«Нақты кім екені есімде жоқ, құжатқа қол қоймағандардың бірі болса керек, бәрі дайын болған кезде: «бұл іске Қазақстанды да араластырсақ жаман болмас еді», - деп қалды. Бәрі: «әрине», - деп келісе кетті. Нұрсұлтан Әбішұлымен сыйлас қарым-қатынаста екенім ескеріліп, оған не боп жатқанын айтып беруді маған тапсырды», - деп еске алады.

Фокин Назарбаевпен Ельцин емес, өзінің сөйлескенін айтады. Ол Назарбаевқа қандай құжат дайындағандарын айтып, оған кейін басқа республикалармен бірге қол қойса да болатынын айтқан. Алайда, Назарбаев өзінің қолы жиналғандардың қолымен қатар тұрғанын қалайтынын және өзін күте тұруын сұраған. Фокин оның нақты ұшақ ішінде болғанын нақты айта алмаса да, «жарайды, қазір борт шақырамын», - деп айтқаны есінде жақсы сақталғанын айтқан.

Витольд Фокин 2016 жылғы бір сұхбатында:

«Құжаттар дайын болғаннан кейін, қол қоюға әзірленіп, енді тек қол қою ғана қалған уақыт. Кім екені есімде жоқ, біреуі: «Бәлкім Горбачевті құлақдар ету керек пе еді», - деді. Кім екенін айтпай-ақ, қояйын, сондағылардың біреуі: «Жоқ. Мүлде болмайды, оған айтуға. Ол бірден шара қолданады. Ал Бушпен ақылдасуға болады», - деді. Сөйтіп, барлығы ортақ шешімге келіп, Ельцин Бушқа хабарласатын болды. Ол хабарласты. Ельцин мен Буштың әңгімесі кезінде мен сонда болдым. Барлығын өз құлағыммен естідім. Әңгіме сондайлық бір нақты болмады. Буш нақты жауап бермеді, бере алмайтын да еді. Өйткені, ол сол болған жайды толық түсініп те үлгерген жоқ.

Мен: «Бұл дұрыс болмады. Әуелі Горбачевке хабарласып айту керек еді», - дедім. Сол кезде сондағылардың (президенттер) бірі: «Бұл іске Назарбаевты да қосу керек емес пе», - деді. Барлығы: «Иә, иә, Назарбаев та бұл жағдайды білуі керек», - деп қолдады. Сонда жиналғандардың арасында Назарбаевпен жақын, жылы қарым-қатынастағысы мен едім. Мен ол адамды қазір де ерекше құрметтеймін. Ол шынында кемеңгер адам. Каримовке де көңілім сондай. Мен олармен дос болдым. Сөйтіп, жиналғандар Назарабевқа хабарласу керектігін, және оған хабарласуға ыңғайлы адам мен екеніме мақұлдасты.

Мен хабарластым. «Нұрсұлтан, қол қою үшін, міне осындай құжат дайындалды. Біз сенің пікіріңді білмекпіз», - дедім. Ол: «Әрине, әрине мен қолдаймын», - деді. Мен: «Ендеше сен кейінірек қол қоюшы үштікке қосыла аласың», - дедім. Ол: «Жоқ, мен сонда, сендермен бірге болып, қол қойғым келеді», - деді. Мен: «Біз міне дайындап, қол қояйын деп отырмыз ғой», - деп едім, Ол: «Міне, борт шақырып, ұшып келемін. Менсіз қол қоймаңдар», - деді.

Мен болған әңгімені, жиналғандарға жеткізіп ем, барлығы Назарбаевты күту керектігін айтты. Сөйтіп, біз Назарбаевты күтетін болып, ақыры аңға шықтық. Арада 5 сағаттай уақыт өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы болса әлі жоқ. Барлығының көңіл-күйі түсе бастады. Сөйтсек, Нұрсұлтан Әбішұлы Горбачевтің қабылдауында екен. Менің Михаил Сергевичтің көмекшісімен байланысым болды. Дереу хабарласып: «Нұрсұлтан Әбішұлы сендер жақта ма», - деп сұрадым. Ол: «Иә, олар Михаил Сергевич екеуі кездесіп отыр», - деді. Барлығына түсінікті болды», - дейді.

Нұрсұлтан Назарбаев «Беловеж келісімі» туралы «Ғасырлар тоғысы» кітабында:

«1991 жылғы 8 желтоқсанда Мәскеуге ұшып келдім. Внуковада аяқ астынан Ельциннің өкілі құжатқа қол қою үшін Беларуссияға шақырды. Әрине, ондай экспромттан бас тарттым», - деп жазған («Азаттық» радиосының материалынан).

«Qazaq: алтын адамның тарихы» атты деректі фильмде Нұрсұлтан Назарбаев Совет Одағының тарауы туралы еске алып, Горбачев пен Ельцин арасындағы текетірес туралы айтып берген болатын.

«Горбачев менен 10 жас үлкен болатын, бірақ біз бір заманның ұрпағымыз. Бір саяси тәрбиені көрдік. Біз бір-бірімізді танитынбыз. Бір жүйеден шықтық. Бір қызығы, Ельцин менімен дос болғысы келді, және шынында да біз жақсы араластық. Мен олардың арасындағы келіспеушілікті көріп, татуластырығым келді», - дейді Назарбаев.

«Кеңес Одағы ыдырау кезі. Субъективті. Бұл Горбачев пен Елциннің арасында аяқ асты от тұтанды... Горбачевтың шақыртуымен Ельцин Мәскеуге барды. КОКП ОК хатшысы. Бірақ ол Саяси Бюроның мүшесі боламын деп ойлады. Бірақ Горбачев оны ол жаққа сайламады. Ол өте тәкаппар адам еді. Бұл оның намысына тиді. Оның наразылығын оппозиция пайдаланды. Сүйтіп Горбачевтан Елцинді ажырата бастады», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев Горбачев пен Ельциннің бір-біріне шын қарсылығын Горбачевтың кабинетіне Ельцин кіріп келіп, қатқыл үнмен сөйлесе бастағынан көрген. Ельцин: «Мен сенің орныңда отыратын болам», - десе Горбачев: «Мен әлі де Президентпін», - деп жауап берген. Ельцин: «Әзірге», - деп шығып кетеді.

Кеңес Одағының бірінші президенті болған Михаил Горбачев: «Одақтың ыдырауына 1991 жылғы тамыз көтерілісі мен Беловеж келісімін», - кінәлі санайды.

«Көтеріліс ұйымдастырушылары ел тағдырына алаңдап көтеріліске шыққанын айтып, өздерін ақтағысы келді, бірақ мұның арты үлкен апатқа алып келді. Олар елдің ыдарағанына үлкен жауапкершілік арқалайды», - деген.

Оның ойынша, тамыз көтерілісі Кеңес Одағын сақтауды қиындатып, Президенттің құзіретін әлсіреткенімен әлі де Одақты сақтауға мүмкіндік бар еді. «Бірақ Беловеж келісімінің жасалуы екінші үлкен соққы болды».

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409