Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4880 23 пікір 13 Желтоқсан, 2021 сағат 17:04

Ақордадан орден жауған күн...

Әне-міне 16 желтоқсан келе жатыр. Қазақ үшін ең қастерлі, ең қасиетті күн. Тәуелсіздік күні. Онан соң ылдым-жылдым жыл жабар басталады. Күнтізбе 2022-ге ауысады.

Желтоқсан айы туғаннан Ақорда бастап, айналасы қоштап, небір атақ-марапаттар, орден-медальдар аспаннан қарша борап, сол марапаттардан дәмелісі бар, бейқамы бар, жұрт біраз дүниеге қарық болады. Бұл жылдағы дәстүрге айналған.

Биыл да солай. Тіпті дөңгелек датаға дөп келіп отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне Ақорда елдегі бірқатар адамды орден-медальдармен марапаттапты. Саны жүздеп, тіпті мыңдап саналатын ұзын-сонар тізімді (Тәуелсіздіктің 30 жылдығы медаллімен марапатталғандарды қоса айтқанда) бүгін тізіп бітпеспіз.

Десе де, Ақорданың ресми сайты сүйіншілеп, аттарын атап, әйдіктеп жазған тізімді қарап отырып, бұрынғы һәм қазіргі шенді-шекпенділердің, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында жүріп танылған біршама адамның бар екенін көзіміз шалып қалды. Қараңыз:

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» дейтін орден бар. 2001 жылдың мамарында бекітілген екен. Жиырма жылдан асып барады, міне. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық лауазымды билік өкілі марапатталған. Шетелдік мемлекет басшыларынан бұл орденмен Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Қырғызстанның экс-президенті Сооронбай Жээнбеков марапатталған.

Міне, бүгін бұл орденді ҚР Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мами, «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы, Маңғыстау облысының экс-әкімі Алик Айдарбаев, «Bazis Holding Сompany» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы, «Forbes» тізіміндегі миллионер, Қазақстанның ең ықпалы 50 байының қатарындағы Александр Белович кеуделеріне тағыпты.

І дәрежелі «Барыс» орденімен:

«ENRC PLC» негізін қалаушы, әйгілі жөйт Александр Машкевич, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, «Отандастар қорының» президенті Нұртай Әбіқаев, «Зенит» Орал зауытының» директоры Вячеслав Валиев, «Қазхромның» президенті Арман Есенжолов, әлгінде офшорда аты әшкере болып, ел ішінде экс-президенттің көңілқостысы атанып жүрген балетші Әсел Құрманбаеваның әкесі, «Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу» университетінің ректоры Тілектес Есполов, бұрынғы депутат Қуаныш Сұлтанов т.б. марапатталыпты.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталғандар қатарында:

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтар бар.

ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені:

«Nur Otan» төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке, бұрынғы Бас прокурор Рашид Түсіпбековке, «Нұрсұлтан Назарбаев» қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаевқа, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға, «BI Group» иесі Айдын Рақымбаевқа, «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайға, «Самрұқ-Қазына» басшысы Алмасадам Сатқалиевке, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовқа, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековке бұйырыпты.

II дәрежелі «Достық» орденін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Элвира Әзімбова мен «kaspi.kz» егесі Михаил Ломтадзелер кеудесіне тағыпты.

Бұлардан бөлек «Құрмет», I және II дәрежелі «Даңқ», I, II, III дәрежелі «Айбын» ордендері де үлестірілген. Ақорда ақпаратынша, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен ұзын-ырғасы 105 еңбеккер марапатталса, жалсы саны 553 адам Құрмет грамотасымен марапатталыпты.

Отыз жылда ел дамуына үлес қосқан ел азаматтарының еткен еңбектерін елеп жатса құба-құп! Алайда, көбіне осы бір болмашы медалдің өзі атақұмар, атқұмар адамдардың ұсақ саудасына түсіп кететіні өкінтеді. Ал бұл марапатқа лайық па, жоқ па, ол жағы марапатты үлестірушілерді де, оған ынта-шынтасымен ұмтылғандарды да ойландыра қоюы екіталай...

«Ең қызығы жаңағы отыз жылдықтың медалін алғашқылардың бірі болып алатын да жоғарыдағы Маминнің «қаһармандар» отряды болатыны даусыз», - деп жаздық осыдан біраз күн бұрын.

Дәудей ордендерді кеуделеріне таққан жоғарыдағы азаматтардың есім-сойларына қарап, «сәуегейлігіміз» нақталды дегеніміз емес, бірақ сөзіміз сөз болды. Өйткені, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деген қасиетті дата атаққұмарлық ауруы асқынған Қазақстан билігіндегі аз топ үшін кеуделеріне алқа тағудың тағы бір мүмкіндігі ғана секілді көрінеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435