Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 5355 19 пікір 15 Желтоқсан, 2021 сағат 17:03

Қытай қысымы: «Қазақ мұңы» өлеңі үшін 10 жылға сотталған

Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының баспасөз орталығында «Қандастарға араша» баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға журналист Рысбек Сәрсенбайұлы, «Атажұрт» бірлестігінің жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы және бірқатар БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада Қытай саясатының құрбаны болған қандастарымыздың тағдыры баян етілді. Қытайдың аз ұлттарға жасаған қысымының көрінісі ол – қандастардың туыс-туғанын, бауырын, баласын абақтыға қамауы не болмаса түзету лагерлерінде еркінен тыс ұстап отыруы. Шығыстағы көрші «аз ұлттарға қысым көрсеткенін» қанша жасырса да, бүгінде бұдан күллі әлем құлағдар.

Ұлты қазақ, әдебиет пен мәдениет өкілдері түрмеге жабыла бастаған

«Атажұрт» бірлестігінің жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы: «Қытайдағы «Қазақ мәселесі» сонау 2017 жылдан бастап қиындағаны белгілі. Содан бері Қытайдағы қандастарымызға араша сұрап баспасөз  мәслихаттары, түрлі жиындар, іс-шаралар өткізіліп келеді. Кезінде білесіздер, бұл мәселе БҰҰ-ға дейін жетті. 2017 жылдан бастап Қытайдағы қандастарымызға, мұсылман азшылыққа жасалған қысым 2019 жылдың аяғына қарай шамалы сейілдегендей болды. 2019 жылы Қытайдағы біраз қазақ елге оралды. Бірақ пандемия басталғалы шекара қайта жабылды. Қазір «Қытайдағы қазақ мәселесі» басылды деуге келмейді», - дейді.

Жиынға қатысуға арнайы келген астаналық Каматан Тоқтамұрат кенже ұлының Қытайда қамауда отырғанын айтып: «Мен, Каматан Тоқтамұрат, Қазақстан азаматымын. Балам Ғарапа Қытайдағы Санжы облыстық орта мектебінің мұғалімі болып қызмет істейтін. Оны 2021 жылы шілде айының тоғыз-ондарында Санжы қаласындағы үйіне келіп ұстап алып кеткен. Қазір қайда екенін білмейміз. Қандай айыппен ұсталғаны да беймәлім. Ол жақта тұратын балаларым да анық-қанығын ашық айта алмайды. Балам жақсы оқу оқып, жақсы қызмет істеп жүр еді. Артында үш жасар немерем қалды. Құқық қорғау ұйымдарынан бір көмек болып қалар деген үмітпен, баламның жоғын жоқтап келіп отырмын», - деді көз жасын тия алмаған кейуана.

Ғарапа Нәсиоллаұлы Қазақстанға 2017 жылдың жазында 15 күнге келген. Содан кейін мүлде Қазақстанда болмаған. Мұғалімдіктен басқа, шығармашылықпен де айналысқан. «Сүлей» деген сайтты жүргізген. Үнемі хабарласып тұратын ұлы, біршама уақыт үнсіз кеткен соң, ана жүрегі бір сұмдықты сезіп алаңдай бастайды.

«Балаларым: – Ол қызметке өтті, телефонмен сөйлесуге жұмыста рұқсат бермейді екен, деді. Алғашында сеніп жүрдім. Сосын қызметтегі адамды телефонмен неге хабарластырмайды деп ойлап, менен жасырмай-ақ, қойыңдар, оны алып кеткен шығар деп сұрадым. Олар: - Апа, қате ойламаңыз, бізде бәрі жақсы дейді де қояды, басқаны айтпайды», - дейді қамаудағы қандастың анасы.

Каматан Тоқтамұраттың айтуынша, ұлының ешқандай мемлекетке қарсы көзқарасы болмаған. Ашық-жарқын, достары көп азамат. Қазақстанда да аралас-құралас таныстары, университетте бірге оқыған достары көп. Ұлының мәселесі бойынша Қазақстандағы Қытай елшілігіне де, Сыртқы істер министрлігіне де арыз жазған, бірақ жауап жоқ.

Кейуананың басынан өтіп жатқан қасірет мың қасіреттің бір мысалы.

Қытай Қазақстан азаматын заңсыз тұтқындап кеткен

Қытай түрмесінде жазықсыз жабылған туысын іздеп, Қытай елшілігінің алдында пикет өткізіп жүргеніне бір жылға таяған белсенді Гауһар Құрманәлиева: «Біздің Қытай консулдығының алдында жүргенімізге бүгін 310 күн толды. Қазір ғана консулдық алдына барған Тұрсын деген әпкемізді ұстап алып кетті. Біз машинаның ішінде көліктен түспей талабымызды айттық та қайттық. Машинадан түссең, міндетті түрде Медеу ауданына апарып 3-4 сағат ұстап отырады. Өйтіп отырғаннан да шаршадық. Үнемі автобус та, полиция да ұстауға дайын тұрады», - дейді.

«Мен өзімнің Асқар Азатбек деген туысымды іздеймін. Ол Қытайда туып өскен. Кейін тарихи отаны Қазақстанға оралып, 2017 жылы азаматтыққа өтіп, Қазақстанның көк паспортын алды. Ол 2017 жылы 7 желтоқсан күні Қорғас ШЫХО сауда орталығына кеткен болатын. Бұл сауда орталығы еркін аймақ, яғни екі елдің азаматтары да бара алады. Алайда, Қытай азаматы Қазақстан аумағына, Қазақстан азаматы Қытай аумағына өтуіне болмайды. 7 желтоқсан күні біз үйде тамақ әзірлеп, Асқарды күтіп отырғанбыз. Сағат 4 кезінде маған Асқардың жанында жүрген досы Ораз хабарласты. Дауыс дір-дір етеді.

«Тұрған жерімізде Қытай полицейлері азаматтық формамен келіп, құжаттарымызды тексерді. Асқардың паспортын қарады да, қолын қайырып, жерге жығып, машинасына салып алып кетті», - деді.  «Қазақстанның азаматын олар қалай алып кетеді», - деп мен таңғалдым. Дереу полицияға хабарластық. 7 желтоқсан күні арызды алмай, 8 желтоқсан күні алды. Асқар Азатбекті Қазақстанның шекарасында, тура үлкен бүркіттің мүсіні бар жерде алып кеткен. 7 желтоқсан күні түнгі сағат он бір жарымға дейін телефоны қосулы тұрды, бірақ алған жоқ. Сосын өшіп қалды. 8 желтоқсан күні біз әскери полицияға да арызданып, видеобақылауды көруге кірдік. Бірақ сол күні видеобақылау істемей тұрған. Ештеңе көрінбеді.

2017 жыл 8 желтоқсаннан бастап Алматы облысы Жаркент ауданының полициясына шағымданып, Асқар Азатбек жайында арыз жаздық.

Міне, бүгінге дейін одан хабар жоқ. Тек бір ғана мәлімет бар, ол: Асқар Азатбекті 2018 жылы 20 жылға соттаған. Қазақстан азаматын.

Бұл жерде Қытай билігі кедендік заңды бұзып отыр. Қытайдың ШЫХО-дан  бірде-бір Қазақстан азаматын алып кетуге құқығы жоқ. Мысалы, Сайрагүл Сауытбай сол ШЫХО арқылы өткен. ШЫХО-мен  қашып өткені үшін шекараны бұзды деп айыпталып, қанша қиындық көрді. Қазір Швецияда тұрып жатыр. Ал, мінекей, Қытай билігі шекараны бұзып өтіп, Қазақстан азаматын алып кетеді. Алып кетіп соттап жібереді. Әділеттілік қайда?

Қазақстанның Бас прокуратурасына қылмыстық іс қозғауын талап етіп арыз жаздым. Әлі қылмыстық іс қозғалған жоқ. Мен сол 7 желтоқсаннан бастап Асқар Азатбекті іздеп, арызданып жүрмін. Төрт жыл болды міне. Әлі өзгеріс жоқ.

Мен арызды Президентке де жазғанмын, СІМ, ІІМ жаздым. 2019 жылдан бастап СІМ-нен алған бір жауап қана бар: «Иә , нота жолдадық, бірақ олар жауап бермейді», - делінген.

Видео арыз да, жазбаша арыз да жолдадық. Ешқандай өзгеріс болмағаннан кейін, біз Қытайдың консулдығының алдына жиналып, талап еттік.

Жалғыз мен емес, мен сияқты 10 адам бар. Елшілік алдында жүргенімізге 310 күн болды, осы уақытқа дейін бірде-бір қызметкер шығып жауап берген жоқ. Биыл 21 қыркүйекте сағат 11-де Астанаға бардық.  Поездан түсе сала Қытай консулдығының алдына жеттік. Ол жерден де ешкім шыққан жоқ.  Өкініштісі, басқа елшілікке баратын болсаң, 3 минуттың ішінде қызметкері шығып, не жағдаймен келгеніңді сұрайды. Ал, Қытай елшілігі біздің арызымызға да, пикетімізге де қарап тұрған жоқ. Ешқандай жауап жоқ», - дейді Құрманәлиева.

Ақпарат үшін:  «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы  халықаралық орталығы (ШЫХО) – бұл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолы» экономикалық белдеуі стратегиясы аясындағы әлемде теңдесі жоқ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен әрі бірегей жобасы.

Гауһар Құрманәлиева секілді туған-туысын іздеген бір топ адам бар. Тағдыр тәлкегін көрген қандастардың тағдыры қабырға қайыстырады.

«Сіздер білесіздер, біздің жанымызда пикетке шығып жүрген Ақиқат деген жігіт бар. Оның 70 жасқа келген әкесін Қытайда түрмеге жазықсыз қамап, ақыры түрмеде о дүниеге аттанып кете барды. Сүйегін де берген жоқ. Қайда жерленгенін де білмейді. Ақиқаттың анасы мен екі бауыры Қытайда тұрады. Бірақ олармен тілдесе алмайды. Осымен үшінші жыл Ақиқат анасы мен бауырларынан хабар алмаған. Қайда екендері белгісіз. Өлі не тірі екені де беймәлім», - деді белсенді.

Ол өзімен бірге ереуілге шығып жүрген барлық адамдардың мұң-зарын айтып өтті.

«Егер де Қытайдың әр қамауға алған адамның кінәсін көрсететін дәлел, фактісі болса, шығып жауап берер еді», - дейді ол Қытай елшілігінен ешкімнің шығып жауап бермейтініне ашынып.

«Біз барлық жаққа жазып жатырмыз, Президенттің әкімшілігіне де жаздық. Өзгеріс жоқ. Бізге тек қана айыппұл салады. 10 адамға салынған айыппұл қазір 3 млн 960 250 теңге болды! Әр адамның өз туысын, әке-шешесін, бауырын іздеуі қылмыс па? Неге әділдік жоқ? Момақан қазақтарды соттап жатқанда біз қалай жайбарақат отырамыз? Бұл мүмкін емес. Бүгін конфренция болып жатыр дегенді естіп, қуанып кеттім. Осы мәселені ортаға қойып жатқан журналистер болса, бір жақсылық болып қалар деп үміттенем», - деп сөзін аяқтады Гауһар Құрманәлиева.

Қазақстан Тәуелсіздігін Ресей мен Қытайдың қанжығасына өңгеріп берген

Журналист Рысбек Сәрсенбайұлы: «Бұл енді өте сұмдық жағдай. Қасірет. Қазақ халқының басындағы қасірет деп айтуымыз керек. Қытай тарапынан бұл – басынғандық. Қазақстан мемлекетінің тарапынан бұл – бейшаралық. Нағыз бейшаралық. Өзінің аумағында, шекарасында тұрған адамды қолын қайырып, барымталап алып кетеді. Қытайға апарып соттайды. Ал, сол жақтағы қандастарымыз бас көтерер болса, ақыл-ойы сергек адам болатын болса, дереу қамайды», - дейді.

Рысбек Сәрсенбайұлы баспасөз мәслихатында Қытайда сотталған ақын-жазушы, композиторлардың аз ғана тізімін атап шықты.

«Тізім мыңнан асып кетеді. Селт етіп отырған Қазақстан билігі жоқ. Мыңқ етпейді. Бұл Қытайдың ішкі ісі деп қарап отыр. Қол қусырып отыр. Бұл – Қытайға бодан болғандықтың белгісі. Саяси, заңдық, мемлекеттік тұрғыдан да Қытайға тәуелділікті көрсетеді. Тәуелсіздік күні де келе жатыр. Қайдағы тәуелсіздік? Қазақстан өзінің тәуелсіздігін Ресей мен Қытайдың қанжығасына өңгеріп берген. Бодан болып отыр. Бұл – бодан, бейшара мемлекеттің ісі. Қандастарымызға ешқандай қол ұшын беріп, жәрдемімізді тигізе алмаймыз. Жеке халық ретінде де, мемлекет ретінде де. Бұл жерде мына мәселені де айтуымыз керек. Біз халық болып көтеріліп жатқан жоқпыз. Батыс елдарі, АҚШ Қытайдың осы геноциді үшін, Шыңжаң өлкесіндегі аз ұлттарға, қазақ, ұйғыр, қырғыздарға жасаған қысастығы үшін неше түрлі саяси амалдар жасап жатыр. Бұл шектеу үшін, тоқтату үшін керек. Біздің қазақ мемлекеті де сондай қадамдар жасауы керек. Наразылық нотасын үсті-үстіне жолдау керек. Қарым-қатынасты шектеу керек. Бұрынғы жасаған келісім-шарттарды тоқтату керек. Жаңа айтылған тізімдегі айтылған адамның бәрі ұлт қайраткерлері, әдебиетші, ақын, өнер, мәдениет қызметкерлері.

Демек, Қытай сондай азаматтарды қудалау арқылы, жазықсыз соттау арқылы, тілді жоғалтуды, мәдениет пен салт-дәстүрді жоғалтуды көздейді. Ұлт ретінде рухани азғындыққа ұшыратады. Бұл шынымен де геноцид. Ұлтты жоюға  мақсатты түрде жасалып жатқан әрекеттер», - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Қыдырәлі Оразұлы: «Бұл бір-екі кісінің басындағы жағдай емес, бұл тұтас ұлттың басындағы жағдай. Президент Тоқаев: «қандастарымызды алып келеміз», - деп биыл баса айтты. Оны қолға алу үшін, ең бірінші осы Қытайдағы қандастарымыздан бастау керек. Қазір шекараны түрлі сылтаулармен жауып отыр. Бірақ бізге қытайлар емін-еркін келеді де, қазақтар елімізге жете алмай отыр. Ауғанстанда да қандастарымыздың жағдайы қиын. Оны да шешіп жатқан жоқ. Сондықтан 30 жылдық мерейтой деп ауыз толтыра айту үшін ең алдымен ұлттық мәселелерді шешіп алуымыз керек деп ойлаймын.

Қытайдағы қандастарымызға қатысты қолдан келмейтін талаптарды қойып жатқан жоқпыз. Біздің талап – адам баласына тән ең қарапайым: бас бостандығы, еркіндік құқығы. Біз соны ғана сұрап жатырмыз. Басқа Қытайға қарсы ешқандай саяси көзқарасымыз жоқ. Бұл талапты орындауға халықаралық адам құқығы тұрғысынан да , жеке мемлекет тұрғысынан да Қазақстан үкіметінің шамасы әбден жетеді», - деді ол.

«Қазақ мұңы» деген өлеңі үшін 10 жылға сотталған

Мәслихат соңында қоғам белсендісі Әділет Ахметұлы қазіргі таңда Қытайда жазықсыз абақтыға жабылып жатқан зиялы қауым өкілдерін талдап тұрып айтып берді.

Әділет Ахметұлы: «Рысбек ағамыздың аузынан бағана мен жазып берген 7-8 азаматтың аты аталды. Ол жерде тек қана осы аталған жігіттер жатқан жоқ. Ол жерде талай адам жатыр. Университетте өте жақсы оқыған, қазаққа да, тіпті Қытай Халық Республикасы үшін де керекті азаматтар солар. Қытайға қарсы ештеңе істемеген жігіттер.

Ғарапа Нәсиоллаұлы Бейжіңде Орталық Ұлттар университетінде бізбен бірге оқыды. Керемет оқыды. Үкіметке қарсы ештеңе айтқан да, жазған да жоқ. Саяси сақтығы бар, әдеби-мәдени сауаты бар жігіт. Қазақстанға келді. «Сүлей» деген сайтты жүргізді. Сүлейде қазақтың классикалық әдебиетін арғы бет, бергі бет деп бөлмей, қазақтың руханиятына жеткізіп отырды. Бар айыбы осы ғана.

Қабыкен Зейнұраин тек қана «Қазақ мұңы» деген өлеңі үшін 10 жылға сотталыпты. Қазіргі технологияның да тілін меңгерген, әдебиетші ретінде қалыптасып келе жатқан аймаңдай, айбоз азаматтардың бірі. Үрімжі қаласында жақсы жұмыстар атқарды. IT саласында жұмыс істеп, кейін «Шыңжаң халық баспасы» деген ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік баспада қызмет атқарды. Сол баспаның барлық кітабын жобалап, кітап бетін жасап беруші еді. Үкімет рұқсат берген жұмысты ғана істеді. Қазақстанға бірнеше рет келді.

Қалысбек Бабанұлы таза өнер саласында келе жатқан, бірнеше іс-шараларға бас болып, қазақтың жоғын жоқтап жүрген жігіт еді. Әуелі дәстүрлі әнші болып, кейін эстраданы қосты. Бар айыбы – Қабыкен Зейнұраинның «Қазақ мұңы» өлеңін студияда оқыған. Ол әлеуметтік желіге тарап кеткен. Осыған байланысты оны бір рет ұстады деп естігенбіз. Кейін жіберіп, қайта ұстаған. Бұл жігітке қанша жыл кескені туралы нақты ақпарат жоқ.

Нұрбақ Биғазин – Ақын, Жеменей ауданында мәдениет қызметкері болған. Өзімен тікелей жүздеспесем де, анда-санда хабарласып тұратын. Кейінгі кезде саяси қысымға байланысты хабарласуды қойды. Кеше оның Өскеменде тұратын туысымен сөйлестім, бүгінгі жиынға келе алмаса да Нұрбақ туралы біраз ақпарат айтып, маған жеткізерсің деді. Нұрбақты түрмеге жабарда өзін ғана емес, екі бауырын да ұстаған. Үшеуін бірдей саяси лагерге бірнеше айға қамаған. Халықаралық ұйымдардың араласуынан болуы керек 2017 жылы 26 желтоқсанда үшеуі бір күнде босап шыққан. Аз уақыт өткен соң Нұрбақты тағы да ұстап алып кетеді. Қанша жылға екені белгісіз, қазір тек қана қамауда екені белгілі.

Әденбек Қамашұлы Үрімжідегі «Қазына, экономика» деген университетте оқыды. Қазақтың білімді азаматы. Бар кінәсі сол, «WeChat» әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашып жүргізген. Қытайға қарсы ештеңе айтып та, жазған да жоқ. Тонның ішкі бауындай болған жақын досым еді. Алматыға жетсем деп армандап жүретін. Оны осыдан 3 жыл бұрын еш себепсіз үйінен алып кеткен. Көктоғай ауданында мұғалім болып істеген. Келіншегі қатерлі ісікпен ауырады. Артында балалары қалды. Ең соңғы естіген хабарым бойынша 2023 жылы босап шығатын көрінеді. Бұрын сөйлестірмейтін, қазір видеомен сөйлесе алатын болдық дегенді естідік. Ресми құжаттағы аты – Атахият.

Оспан батырдың ұрпағы болғандығы үшін сотталған

Жеңіс Шайық деген азамат туралы да жақында білдік. Ол Шыңжаң газетінің журналисі болған. Сол кезде түстаныс болғанбыз. Бұл кісінің айыбы «WeChat-та» осы жақтағы туыстарына ақша жіберген. Оны шет мемлекетке ақша аудардың деп кінәлаған. Ол туған –туыстарына іздеуші болмаңыздар, іздесеңіздер бізге ықпалы жаман болады деп айтқан екен.

Сарқытжан Салықұлы Мори ауданының тумасы. Сол аудандағы 3 орта мектептің беделді мұғалімі болған. 2016 жылы Түркияға шешесімен бірге қыдырып келген. Оны біреу 13 жылға кесті дейді, біреу 11 жылға кесті дейді. 11 жыл дегені рас секілді. Жақындарынан естігенім бойынша өзіне жабылған айыпты кетер-кеткенше мойындамапты. «Үкіммен келіспеймін, арым таза, мен ешқандай үкіметке қарсы іс істеген жоқпын», - депті. Айыбы – Түркияда жүргенде кездеспейтін адамдармен кездескен. Бірақ кінәсі туралы нақты қағаз жүзіндегі дәлел көрмедік.

Нағыз Мұхамметұлы жазушы, ақын, оқытушы. Кінәсі Бостан батырдың ұрпағы болғандығы», - деп, сөзін түйіндеді Әділет Ахметұлы.

 

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413