Айқан Ақанов. АЙНАЛАСЫНА ШУАҚ ШАШҚАН
И.Қ.Қарақұлов қоғам қайраткері, ірі ғалым-эпидемиолог еді
И.Қ.Қарақұлов қоғам қайраткері, ірі ғалым-эпидемиолог еді
Ишанбай Қарақұлұлы Қарақұлов – эпидемиология, профилактика және микробиология саласындағы белгілі зерттеуші және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы ірі қайраткерлердің бірі. Ол жастарды жан-жақты тәрбиелеудің теориялық және практикалық мәселелерімен де үзбей айналысты. И.Қарақұлов КСРО Медицина ғылымы академиясының, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-інің және Қарақалпақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, партия ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысушы, медицина ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор.
Ишанбай Қарақұлұлы 1909 жылғы 1 мамырда Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы көп балалы кедей шаруаның отбасында туды. Әке-шешеден ерте айрылған ол он жасынан бастап ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. И.Қарақұлов 1929 жылы Орынбор қаласындағы жасөспірімдерге арналған үш жылдық мектеп-интернатты, одан соң 1931 жылы Орал қаласындағы Қазақ өлкелік медицина техникумының бірінші дайындық бөлімін бітіргеннен кейін сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түседі. 1937 жылы институтты тәмамдаған ол бірден Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды, бірінші шақырылған (1937-1946 жж.) КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады.
Профессор И.Қарақұлов ұзақ жылдар бойы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиясының сарапшысы, Кеңес-Үндістан достығы қоғамының вице-президенті, Кіші медициналық энциклопедия редакторының орынбасары болып жұмыс істеді.
Ғалым Қазақстанның денсаулық сақтау ісін ұйымдастыра отырып, медицина ғылымын, аптекалық істі дамыту және кадр даярлау жөнінде зор жұмыстар жүргізді. Ол Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі (1950-1954 жж.), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды, қоғамдық қызметке көп қатысты.
КСРО-да Ұлы Отан соғысынан кейін мал және адамның бруцеллезбен ауыруы өте шиеленісіп кетті. Оның үстіне бұл аса қауіпті жұқпалы ауру болды.И.Қарақұлов Қазақ КСР-інде бруцеллезді кең аумақты зерттеуге кірісті. Осы жұмыстардың нәтижесінде 1950 жылы докторлық диссертация қорғады. Ерекше атап өтетін жәйт: И.Қарақұловтың КСРО МҒА-ның отырысында “КСРО-дағы бруцеллезбен күресу және алдын алу шараларының күрделілігі” деген тақырыпта сөйлеген сөзі жұртшылық назарын аударды.
Ұлы Отан соғысында кеңес халқы жеңіске жетті, оны біз мақтаныш етеміз. Сол соғыс жылдары И.Қарақұлов Қарулы Күштердің орталық институтында қызмет етті және Үкімет пен Жоғарғы Кеңестің соғысқа қатысты бірқатар жауапты тапсырмаларын орындады. Ол медицина қызметінің подполковнигі әскери шенін алды.
И.Қарақұловтың ғылыми еңбектерін Кеңес Армиясының бас эпидемиологы, академик А.Алымов, академиктер В.Тимаков, П.Здродовский өте жоғары бағалады, сондай-ақ оның басқа да ғалымдар арасында беделі биік болды.
Ол 1946 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтында эпидемиология кафедрасын құрды және оны өзі зейнеткерлікке шыққанға дейін (1987—1988) үздіксіз басқарды.
Осы кафедраның негізінде 300-дей жұмыс орындалып, отызға тарта докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Профессор И.Қарақұловтың алғысөзімен және редакциялауымен он беске жуық әртүрлі монографиялар, ғылыми жинақтар мен еңбектер, оқу құралдары басылып шықты. Мұндай әртүрлі проблемалық жұмыстардың орындалуы И.Қарақұловтың тек инфекциялық патология, әлеуметтік гигиена, демография, денсаулық сақтауды ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмағанын, сонымен бірге оның ғылыми жан-жақтылығын да аңғартады.
Ғалым өзінің ізбасарларының бірі Н. Д. Беклемишевпен бірге, бруцеллез ауруы проблемаларына арналған 32 баспа табақ аннотацияланған көрсеткіш дайындап, оны жарыққа шығарды. Мұнда 1850 әдебиет пен сенімді деректер қолданылып, бұл да бруцеллез мамандары үшін үлкен бір жаңалық болып ғылыми айналымға қосылды.
Профессор И.Қарақұлов эпидемиологтардың, микробиологтардың, инфекционистер мен паразитологтардың бүкілодақтық және республикалық (бұған Қазақстанмен бірге, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан, Түркіменстан, Қарақалпақ АКСР-і қоғамдары да кірген) ғылыми қоғамдарының құрметті мүшесі, ал Қазақстан микробиологтары, эпидемиологтары және паразитологтары ғылыми қоғамының құрметті төрағасы болды.
И.Қарақұлов жастарды жан-жақты тәрбиелеу проблемасымен де үзбей айналысты. Бұл ретте ең алдымен оның 1983 жылы белгілі жазушы Ғ. Мүсіреповтің алғысөзімен шыққан “Қырық сұрақ – қырық жауап” атты кітабының мәні зор екенін айтқан жөн. Ол қарақалпақ (1986), қырғыз (1987) тілдерінде де жарық көрді. Кезінде оның “Индиялық достарда” (1962) деген кітабы да жұрт қызығып оқыған әрі кең таралған еңбек болды.
1989 жылы “Сырласу” кітабын шығарды. Онда жастарға байланысты көп тәрбиелік мәселелерді көтерді.
И.Қарақұловтың маман-дәрігерлерді дайындаудағы сіңірген еңбегін ескере отырып және Қазақстандағы эпидемиологиялық ғылымның іргесін қалаушылардың бірі болғаны үшін С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ғылыми кеңесінің шешімімен (24 ақпан 2009 жылғы хаттама № 8) университеттің эпидемиология кафедрасына және № 6 аудиторияға оның аты берілді. Бір оқу ғимаратына мемориалдық тақта орнатылады. 2009 жылдың қазанында И.Қарақұловқа арналған инфектология мәселесі бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек, оның материалдары басылып шығады.
Ірі қоғам қайраткері, айтулы ғалымның жүз жылдық мерейтойын медицина саласының адамдары ғана емес, оның жерлестері де, онымен таныс-біліс болған қауым, жұртшылық үлкен құрметпен атап өтеді. Ал оны білетіндер көп-ақ еді. Ол айналасына шуақ шашып жүретін адам болатын.
А.А.АҚАНОВ, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
«Егемен Қазақстан” газеті 14 шілде 2009 жыл