Әміржан Қосан: Сұйытылған сенім
Үш күн болды, Жаңаөзен жақ тағы да мінез танытып жатыр. Сұйытылған газдың бағасы күрт өсіп кетіп, азаматтар оны төмендетуді талап етіп, көшеге шықты.
Меніңше, бұл бас көтерудің себебі сұйытылған газ емес, елдің билікке деген сұйытылған сенімі!
Осы күнге дейін әр Жолдау, әр сайлау сайын «қарапайым халықтың мүддесін қорғау – біздің басты мақсатымыз!» деп жар салып келген өкімет пен оның партиясына сенім жоқ!
Және де бүгінде көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азамат газ бағасының шарықтап кетуінің басты себебі осы саланы уысына басыбайлы монополияландырып алған, шық бермес Шығайбай олигархтардың әбден ашылып кеткен тәбеті екенін біліп отыр. Ол топ билікті де «билеп» алған, өздерінің биліктегі лоббистері арқылы өздеріне керек шешімдерді қалауынша қабылдатып алады. Бір сөзбен айтқанда, жүйе және оның ресми институттары ашкөз алпауыттардың ашса алақанында, жұмса, жұдырығында! Биені бүгімен, түйені түгімен жұтқан ол топтар бүгінде биліктің өзін түгелімен жұтып қойған! Осы күндері газ бағасына қатысты түсініктеме берген шенділер «мұның бәрі нарық заңдарына сәйкес, олай етпесе болмайды» деп жатыр. Сөздерінің астарында осы саланы толайым иемденіп алған байшыкештердің түпкі мүддесі жатыр. Монополия жағдайында қайдағы нарық?! Олигархтардың аузына қарап қалған билікке сенім қайдан болсын?!
«Газ өндіретін зауыт әбден ескірді, оған жөндеу керек. Және де газдың біраз бөлігін сырттан алуға мәжбүрміз» деп ақталуда. Айналайындар, отыз жыл ішінде осы салаға жауапты болған шенділер мен нақты қожайындар осы күнге дейін Ай қарап жүрді ме? Неліктен солардың атын атап, түсін түстеп, ел алдына шығармасқа?!
Осы күнгі оқиғалардың бір сабағы мынау: билік ескі-құсқы идеологиялық және ақпараттық әдеттерінен біржолата арылуы тиіс! Ашынған халықпен жансыз жазбалар, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» баспасөз релизі не Твиттердегі түртпе арқылы тілдесуге болмайды!
Осы күнге дейін «Бізде елбасынан басқа саясаткер жоқ» деп, бір ғана адамға бүкіл қоғамды теліп қойған, өздері көлеңкеде жүруді дағды еткен биліктің идеологтары қайда? Осындайда ел алдына шығып, қабылдаған шешімдерін негіздеп бере алатын, адамдармен адам сияқты сөйлесіп, бейресми, жанды байланыс орната алатын кадрлардың жоқтығы ап-анық сезіліп отыр! Өз басым мұны отыз жылдық кадр саясатының ең басты жеңілісі деп білемін!
Байқайсыздар ма, билікке қарсы митингілерге деген қоғамның көзқарасы да өзгерді.
Кезінде, осыдан тура 10 жыл бұрын Жаңаөзен мұнайшылары жеті ай бойына алаңда тұрғанда, біз, «Әділетті Қазақстан қозғалысы» құрамындағы азаматтар мен зиялы қауымның бірнеше өкілі ғана (Қабдеш Жұмәділов, Софы Сматаев, Мереке Құлкенов) ашық қолдаса, бүгінде жаңаөзендік ағайынның талаптарын барша жұрт, соның ішінде оппозициялық пиғылын осы күнге дейін таныта қоймаған, биліктің қолынан қызмет пен атақ-мадақ алып жүрген тұлғалар жария түрде дұрыс деп санап, билікке қатты-қатты сын айтып жатыр. Меніңше, бұл - қоғамдық санадағы түбегейлі де түпкілікті өзгерістің белгісі. Және де болашақта билік осы фактормен санасуы шарт! Әйтпесе, қиын болады.
Саяси тұрғыдан алғанда, биліктің алдында бір маңызды таңдау тұр: елбасы мен президент миллиондаған кедейлердің қамын ойлай ма, әлде өздеріне туыстық қатысы бар ат төбеліндей ғана шағын топтың сойылын соға ма? Алды кезекті сайлау, дауыс тағдырын шешетін де сол миллиондар емес пе?
2021 жылғы Жаңаөзен қырғынынан кейін келесі күні сол жақтың ахуалын өз көзімен көрген азамат ретінде алаңдайтын мынадай да бір жайт бар.
Халықтың осынау ашық шығуын басқа бір күштер пайдаланып кетпесе екен! Ондайға дап-дайын тұрған ішкі және сыртқы күштер бар екенін бәріміз де білеміз.
Ішкі күштердің санатына билік ішінде жүріп, қазіргі жүйеге қарсы топтар мен тұлғаларды қосар едім. Иә, «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп алаңға шыққан халықтың стихиялық көтерілісінің арқасында олар өз ұпайларын түгендеп, ұнамаған адамдарын қызметтерінен кетіріп, керек десеңіз, билікке келуі мүмкін. Бірақ бір монополистті екіншісімен ауыстырғаннан қоғам, мемлекет не ұтады?
Осындай жағдайда билік алдына жан-жақты ойластырылған, мемлекеттік және ұлттық мүдде тұрғысынан тиісті талап қоя алатын саяси күш бар ма? Өзара ырду-дырду боп, әртүрлі көсемдер мен идеяларға табынып жүрген оппозиция осындайда біріге ала ма?
Тәуелсіздігіміз бен кең байтақ жерімізге көз алартқан сыртқы күштердің пиғылы бесенеден белгілі. Оны біз Украинадағы Майдан кезінде көрдік: елдегі дүрбелеңді пайдаланып, Ресей Қырымды тартып алды, Донбасс пен Луганскіге қол салды. Бізде де солтүстік факторы бар.
Президент те «митингіге шыққандар заңды бұзбауы тиіс» деген сыңайда Твиттерде пікір қалдырыпты. Барар жері, басар тауы жоқ жұрт алаңға шықпағанда, қайда шығады?! Меніңше, осы күнгі оқиғалардың ең қауіпті тұсы осы жер, өйткені Конституцияда жазылған бейбіт митингіге шығу құқымыз бен қазіргі заңнама мен нақты тәжірибенің арасы - жер мен көктей! Соның кесірінен алаңға шыққан ағайын ертеңгі күні «басбұзар, бүлікшіл» боп шыға келеді.
Оның қандай екенін біз осы Жаңаөзенде осыдан он жыл бұрын көргенбіз. Және де жоғарыда айтқан әртүрлі күштердің арандатушылық әлеуетін ескерсек, екі жақ – қоғам да, билік те – қазақ елінің болашағының алдындағы ортақ жауапкершілігін сезінуі қажет сияқты!
Abai.kz