Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ақмылтық 13096 12 пікір 12 Қаңтар, 2022 сағат 11:23

Көргенімді айтайын...

Қаладағы атыс-шабыс басыла салысымен, генератордың ременін сатып алу үшін «Барлық» базарына қарай тарттым. Базар істеп тұр деген. Таксист жігіт Райымбек даңғылына түскісі келмей, Қалқаманның ішіндегі көшелермен айналып жүрді. Кейбір тұста автомат асынған жас балалар жүр дейді. Ешқандай мақсат жоқ, қару ұстағанына мәз, бірдеме шешетіндей күпініп жүрген өңкей жастар секілді болып елестеді көзіме. Бәрінікі бір әңгіме: Алматыдағы қазіргі жағдай. Тоқаевтың басында дұрыс істемегенін айтады. «Маңғыстаудағы митинг алғаш басталғанда, Президент кабинетінен шығып, бірден солардың арасына барып, талап-тілектерін орындаймын дегенде ғой, бізде мұнша былық болмас еді. Сонда халықтың алдында Президенттің де беделі бір көтеріліп қалатын еді» деп жатыр. Осындағы біреулер: «Маңғыстаулықтар дұрыс істеді. Талап-тілегін орындатқан соң тұрған жеріне дейін тазалап кетті», – деп оларды үлгі қыла сөйлейді.

Менің ойымша, маңғыстаулықтар да ұлттық деңгейде ойлайтындай үлкен масштабқа бара алмады. Газдың бағасын елу-алпыс теңгеге түсіртті де, саудаласып біткендей сонымен қоя салды, болды. Олардан әлдеқайда аз айлық алып тып-тыныш қана жан бағып жүрген басқа жақтағылар есесіне босқа арандап қалды. Алматы оның қасында үлкен мегаполис қой. Мұнда жан-жақтан келгендер көп. Небір адамдар бар дегендей.

Жоғарыда бастаған әңгімемді әрі қарай жалғастырайын... Қалқамандағы бағдаршамнан өткеннен кейін арғы жағындағы биік үйлердің ең шетіне дейін барды да, таксист сол араға тоқтап, мені түсіріп кетті.  «Алтын Орда» жаққа айналып шығатын жаңа жол ми батпақ болып жатыр екен. Келе жатқан тағы бір мәшинені тоқтатып, 400 метрдей жердегі Райымбек даңғылына дейін сонымен тегін жетіп алдым да, «Барлыққа» дейін жаяу жүрдім. Шынымды айтсам, Қалқаманға кіре бергенде кинодағыдай қылмыстан көз ашпайтын бір геттоға кіріп бара жатқандай күй кештім. Жолдың шетіндегі кейбір дүкенді тонап, өртеп жіберген. Иелері басқа ұлттар деп естідім. Оларға бәрі «шоқ-шоқ!» деп тұрғандай болып көрінді. Көшеде күнделікті тірлігімен жүрген ығы-жығы адам. Дүкеннің алдында тамақ алу үшін кезекте тұр көбі. Базар ашық болғанымен, ішінде тірі жан жоқ. Кіреберісінде 5-6 жігіт сөйлесіп тұр. Қарауылдар ғой деймін. Солардың біреуі мені ымдап шақырып, базар бүгін істемейтінін, ертең ашылатынын айтты. Содан қайтадан жолға шығып, такси ұстамақшы болдым. Қол көтергенім сол еді, бір Мazda маркалы машина шиииқ етіп кеп қасыма тоқтай қалды. Баратын жерімді айтып, ақшасына келісіп, отырып алдым. Біз үй-үйдің арасымен жүріп, Қалқаманға әрең жетсек, ол қала жаққа баруға қорқып жүр екен. Қала тыныш дегенді естігеннен кейін газды басты-ай кеп! Аурухананың жанынан өтіп бергенімізде жүргіншілер жолдың дәл ортасына тоқтап, көшені тас пен бөгеттен тазалап бастапты. Өтіп бара жатқан басқа мәшинелер де тоқтай-тоқтай қалып, оларға көмектесіп кетті. Біз де аялдап, таксист екеуіміз жолдағы біраз тасты алып тастадық. Тәртіп пен тазалық болғанын бәрі қалайды. Тілектес, ниеттес екенін білдіріп, бір-біріне болысып жатқандарын көріп ішіміз жылып қалды. Бір қызығы, жолдың арғы шетінде тұрған «Апорт» пен «Сулпакқа» өзге жұрт топ-тобымен кіріп, ішіндегі азық-түлікті тиеп әкетіп жатты сол кезде. Тегін дүниеден құр қалмайын деп ойлады ма, есек арбасымен мықшыңдап әрең кетіп бара жатқан біреу де солай қарай бұрылып барады. Оны көріп шопыр да бармақшы болып оқталып еді, мен оны райынан қайтарып: «Нең бар?! Тек жүрсең, тоқ жүресің!» – деп тоқтаттым. «Дұрыс айтасың! Ұрлауын ұрлап алып, кейін өзіңнен өзің қуыстанып жүргенше, тып-тыныш таксовать етіп жүре бергенім жақсы ғой», – деп қояды ол да.

Бірі ашық ұрлық жасап, бірі ұрлықтан ұятты жоғары қойып отырған бұл адамдар – бір атаның балалары. Бірақ біреуі тәртіп болғанын қалап жолды қоқыстан тазалап жатса, жолдың арғы бетіндегілері дүкен тонап, иесіз қалған дүниені талап әкетіп жатыр. Халықтың өзі ала-құла. Осы мені таң қалдырды. Желтоқсан көтерілісі кезінде бәрін наркомандар дегені секілді, бұл жолы да теледидардан террористер (осы ярлык та дұрыс емес, алда бұл мәселені әлі де талқылайтын шығар мүмкін), лаңкестер деп, бәрін бір оқпен айдап жатыр ғой. Олар сырттан келген жоқ. Өз арамыздан, осындай ала-құла халықтың арасынан шыққандар... Жол бойы ұрлық жасап жатқандарға қарап, бұлар қайтіп билікті өзгертпекші болып жүр екен деп те ойладым. Адам алдымен өзі өзгеруі керек қой.

Сол арадан ұзай бергенде таксист жолдан тағы бір адамды алды. Ол кісі такси ұстап «Апорт» сауда үйіне  барыпты. «Апортқа» кірген бетте бәрі қап-қап тамақ алып шығып жатқанын көріп, бұл да екі кола мен бірер шоколадты қолтығына қыстыра кетеді.

– Алатынымды алып алдым да, содан қарадай қысылып, оларды қайта кіреберіске тастап кеттім. Жолпұлын бере салайын десем, әлгі таксисім жоқ! Ана тегін дүниені көргенде есі шығып, мені ұмытып кеткен ғой деймін (бейтаныс жолаушыдан осы сөзді естігенде еріксіз күліп жіберіппін). Ұрлыққа қолым бармайды екен. Дірілдеп, қалшылдап қалдым, – дейді ағынан жарылып әлгі адам.

Одан бері қарай «Прайм» сауда үйін айналып өте бергенімізде де пакет-пакет киім алып шығып жатқандар көзге түсті. Қымбат джиппен келгендер де солармен бірге жағаласып тиеп жүр. Жолдың бойындағы заправкалар толған көлік. Бензинді цистернаның өзінен сарқып алып құйып жатыр-ау деймін. Көшеде бір полиция жоқ. Қалада хаос орнаған.

Қысқасы, біз алдымен өзімізді өзертпесек, мына түрімізбен қоғамды өзгерте алмайды екенбіз. Мүмкін өстіп-өстіп адам болып, ел қатарлы дамыған мемлекет болып кететін де шығармыз. Билікті де халықтың пейіліне қарай береді ғой. Халық ұрлық-қарлықтың үлкен күнә екенін, әр нәрсенің азабы мен сауабы қатар жүретінін әлі күнге дейін білмейді. Сөйте тұра биліктегілерді «ұрлап жатыр», «жеп жатыр» деп, кінәлайды. Ал өзім үйге аман-есен жетіп, жолда бір адамды болсын ұрлық жасаудан тыйғаныма қуандым. Өзгерісті әркім алдымен өзінен бастасыншы!

Жолымбет Мәкіш,

Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

12 пікір