Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 7653 13 пікір 13 Қаңтар, 2022 сағат 12:05

Диктатордың ақыры

Алтын тақтан – абақтыға

(Оңтүстік Кореяның экс-президенті Чон Ду Хван хақында)

Чон Ду Хван - мансапқұмарлығы түбіне жеткен тұлға. Ол билікке жету жолында тәсіл талғаған жоқ. Білектің күші, найзаның ұшымен биліктің ұшар басына көтерілді. Тағылықты диктаторлық тәсілмен ел биледі. Ол Кореяның билігі өле-өлгенше өз қолында болады деген сенімде болды. Кейін төзімі таусылған халық оны биліктен тайдырды. Бірақ ол аттан түссе де, үзеңгіден түспей, өз таңдаған адамын билікке қойып, сол арқылы мемлекетті перде артынан басқарамын деп армандады. Ең соңында халық қаһарына шыдамай, тау арасына тығылып, көзден таса ғұмыр кешті. Сол арқылы қылмысын жасырып, жазадан құтыламын деп ойлады. Бірақ, тағдырдың жазуымен өлімге үкім етіліп, соңында әупірімдеп, аман қалды. Бірақ, тарихтың қарғыс таңбасына шегеленіп, ит қорлықпен өмірден өтті.

12 желтоқсан саяси өзгерісінің қыры мен сыры

Чон Ду Хван кім еді? Ол көріністе халық сайлаған президент ретінде танылғанымен, шын мәнінде, әскери төңкеріс арқылы билікке келген қанды қолдың өзі. Ол биліктің шыңына қалай көтерілді және қалайдан қалай биліктен кетіп, ең соңында қалай жазаға тартылды?

Әлқисса, бәрін басынан бастайық. Чон Ду Хван 1931 жылы Кенсан-Намдо тау провинциясындағы Хапчхон уезінде дүниеге келді. Кезінде Вьетнам соғысына қатысып, полк командирі дәрежесіне дейін өсті. Соғыс аяқталғаннан кейін Чон Ду Хван ілгерінді-кейінді ерекше жасақтық қолбасшысы және амандық қорғау жасағының қолбасшысы міндетін атқарды. 1981 жылы әскери төңкеріс арқылы билікке келіп, сол жылы Корея президенті болып сайланды. 1988 жылы өкілеттілік мерзімі аяқталып, президенттік биліктен кетті.

Чон Ду Хван Кореяның офицерлер мектебін аяқтап, әскери қосындар қатарында қызмет етіп жүргенде өзінен бұрын әскери төңкеріс арқылы билік басына келген болашақ президент Пак Чон Химен танысады. Ол кезде Пак Чон Хи дивизия қолбасшысы болатын. Чон Ду Хван Пак Чон Хиді өзіне идеал санап, ерекше табынатын. Оның сымдай тартылған маңғаз бейнесі, ерекше тартымды сөз әрекеті мен жүріс-тұрысы да оны қатты баурайтын. Чон Ду Хван да қатардағы біреу емес, ерекше қарым-қабілетімен көзге түскен жас сардар болатын. Пак Чон Хидің қырағы көзі мұндай дарын иесін қалт жібермей танып-білді. Ол бірте-бірте Пак Чон Хидің сенімді адамына айналды. 1961 жылы Пак Чон Хи әскери төңкеріс жасап, Кореяның билігін тартып алды. Бұл реткі саяси өзгерісте Чон Ду Хванның еңбегі ерекше болды.

Бір таңқаларлығы, Пак Чон Хи Чон Ду Хванның билікке деген шексіз ынтызарлығы мен арам пиғылын сезіп-біле алған жоқ. Чон Ду Хван өзі пір тұтқан көсемнің айла-тәсілдерін қалт жібермей бақылап, оны ой түкпіріне тоқумен болды. Пак Чон Хидің саяси өзгерісі оған үлкен сабақ болып еді. Ол одан көп нәрсе үйренді. Мысалға, өз айналасына жақтастарды қалай топтау, өзінің ықпал-көлемін қалай кеңейту деген сияқты айла-тәсілдерді қапсыз меңгерді.

Пак Чон Хи әскери төңкеріс жасаған кезде бір астыртын ұйым оған ерекше қолдау көрсетті. Бұл ұйым офицерлер мектебінің курсанттарынан құралып, олар курстастардың бас қосуы деген желеумен үнемі бір жерге жиналып, Пак Чон Хидің әскери төңкерісіне құпия дайындалатын. Олардың бәрі әскери сардарлар болғандықтан ынтымақ, берекесі жарасса, ғажайып күшке айналады екен. Пак Чон Хи өзінің күйеу баласы Ким Джон Пхиль арқылы осы ұйымға басшылық етіп, осы құпия ұйымды өз қолына мықтап қондырып алып еді.

Чон Ду Хван да осы  айла-тәсілді шебер меңгеріп, әскери қосындар арасынан өзінің құпия ұйымын жасақтай бастады. Ол әскери қосындардың ішінен «Ханахве» атты құпия ұйым құрды. Екі жарым жылдан соң, бұл ұйым «Бір ниеттегілер» деп аталды да, курстастардың бас қосуы деген желеумен үнемі бас қосып, қатарларын ең таңдаулы әскери академия түлектерімен толықтырып отырды.

Чон Ду Хван бұл ұйымға  өзі ерекше сенім артатын курстасы Ро Дэ Уды  басшылықа сайлатып, тұрақты түрде бас қосып отырды. Олардың бір-бірінің қолтығынан демеп, қолдап отыруының арқасында өз ара-қатынастары мен бір-біріне деген адалдықтары араларынан қыл өтпейтін деңгейге жетті. Іс жүзінде бұлар курстас және ауылдастар болатын. Олардың басым көпшілігі Чон Ду Хванның туған жері Кенсан Намдо провинциясының түлектері болғандықтан, өз араларында табиғи бір бауырмалдық сезім де бар еді. Бұл сезім араласа келе, олар бір-бірімен өзара туыстардай болып кетті. «Ниеттестер» ұйымының мүшелері өзара бір-біріне көмек көрсетуге, бір-біріне адал болуға, орай бола қалса, ұйым мүшелері бірін-бірі жоғары лауазымға жетуге көмек көрсетуге уағдаласып, серт байласатын. Егер арасынан опасыз сатқындар шыға қалса, қатаң жазаланатын. Мұндай серттесу олар үшін ерекше маңызды болды. Өзара қолдаудың арқасында ниеттестер ұйымының мүшелері мансап баспалдағында басқалардан тезірек өсуге мүмкіндік алып, ниеттестердің күш-қуаты барған сайын қанатын кеңге жая берді.

Ың-дыңсыз ақырын жүріп, анық басып тірлік кешудің арқасында ниеттестер ұйымының қаншалық ықпал-күшінің барлығы Чон Ду Хванның қаншама әскери қуат-күшті өз қармағында ұстап отырғандығын ешкім де білген жоқ. Ниеттестердің барлық мүшелерінде екі түрлі салауат болды. Олар күнделікті өзі қызмет ететін әскери қосындардың қолбасшыларына бағынса, тағы бір қырынан Чон Ду Хванның жеке бұйрығын бұлжытпай орындайтын. Міне, осылай Чон Ду Хванның ықпал-көлемі құпия түрде тезден кеңейе берді.

Әрине, бұл ұйымдағылардың сыбайластығын ешкім де сезіп-білген жоқ деу ағаттық болады. Олардың өте ықпалды бір кландық топқа айналғандығының түрлі белгілері менмұндалап көрініп жатты. Мысалға, Чон Ду Хванның сенімді серігі Ро Дэ У әлденеше рет Чон Ду Хванның ұсынысымен мансап баспалдағында үздіксіз өсіп отырды. Ол жалғасты 5 рет Чон Ду Хван жоғарылағанда оның орнын басты. Әуелі Ро Дэ У Чон Ду Хванның таныстыруымен орталық барлау басқармасының қарсы барлау бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

Көзге бадырайып көрініп тұрған мұндай жең ұшынан жалғасуды саяси төңкеріс арқылы билікке келген президент Пак Чон Хидің қырағы көзі байқамай қалған жоқ. Оның өзі де күш біріктіріп, кландық топтасуға ерекше сезімтал болатын. Ол ақырындап «Ханахве» ұйымына назар аударды және одан сақтана бастады. Пак Чон Хи астанада қорғаныс армиясының бас штабын құрып, оған өзінің сенімді адамдарын тағайындап, өз қауіпсіздігін қорғады. Сонымен бір уақытта өзінің әскери қосындарға болған ықпалын арттыра түсті. Ол президенттік өкілеттілігін пайдаланып, Чон Ду Хванның қызметін де өзгерте бастады. Бірақ, Пак Чон Хи Чон Ду Хванның «Ханахве» ұйымының қарым-қабілетін тым төмен бағалады. Ол өзі сенім артып тағайындаған астана қорғаныс армия бас штабының қолбасшысы да аталған ұйымның белді мүшесі екендігін білген де жоқ.

Егер тарих өз арнасымен жылжып, дамып отырғанда «Ханахве» ұйымы мен Чон Ду Хванның құпия күштері үздіксіз дамып, Чон Ду Хван мен Пак Чон Хидің арасында өліспей, беріспейтін бір шайқасқа ұласары сөзсіз еді. Бірақ, тарихтың дөңгелегі ойламаған жерден басқа бағытқа бұрылып кетті. 1979 жылдың 26 қазанында Пак Чон Хи қастандықтан қайтыс болды. Босаған президенттік орынға түрлі саладағы үміткерлер жапа-тармағай лап қойды.

Президенттік орынға таласқандардың бірі бұрынғы премьер-министр Чхве Гю Ха болды. Осыдан бұрын ол қой аузынан шөп алмас, билікке пәлендей таласы жоқ, момын адамдай көрінуші еді. Сол себепті Пак Чон Хи қайтыс болған кезде оның өзіне тиесілі жеке ықпал күші болған жоқ. Бірақ, заңға сәйкес президенттік орын босаса, оның өкілеттілігін премьер-министр уақытша атқаруға тиіс еді. Сонымен Чхве Гю Ха уақытша президент болып шыға келді.

Орын-таққа жайғасқан соң, Чхве Гю Ханың да мінезі көпке мәлім болды. Ол өзінің абырой-беделін тіктеу үшін алдымен Корея территориясында Чеджудо аралынан тыс барлық аймақтарға төтенше жағдай енгізді. Одан соң, өзі біршама сенім артатын құрлық армия бас штабының бастығы Чон Сын Хваны төтенше жағдай штабының қолбасшысы етіп тағайындады. Оған ілесе, Чхве Гю Ха бірнеше адамдардың көңілінен шығып, халықты жұбататын жаңа саясаттарды енгізе бастады. Әскери төңкеріспен билікке келген Пак Чон Хи да шектен шыққан диктатор болатын. Оның билігі кезінде көптеген оппозиция өкілдері түрлі сылтаулармен түрмеге тоғытылды. Ал Чхве Гю Ха осы оппозициялық топтарды өзіне тарта бастады. Ол Пак Чон Хи кезінде түрмеге тоғытылып, бостандығы шектелген оппозициялық партия өкілдерін, оның ішінде, бұрынғы президент Юн Бо Сон және президенттікке кандидат болған Ким Дэ Чжун саяси тұлғалармен бірге демократияны талап етіп, түрмеге тоғытылған көптеген ғалымдарды, дін көсемдерін және журналистерді бостандыққа шығарды. Ол және өз бұйрығымен қудалаудағы студент жастарды оқуын жалғастыруға және қудаланбауына кепілдік берді.

1979 жылдың 10 қарашасында Чхве Гю Ха уақытша президент салауатымен Кореяның заң шығарушы органдарына Конституцияны жаңғыртып, сол жаңа Конституция арқылы президенттік сайлау өткізуді бұйырды. Сол жылы 6 желтоқсанда Чхве Гю Ха ресми президент болып сайланып, уақытша президент деген қалпақтан құтылды.

Бірақ, Кореяның саяси өмірінде Пак Чон Хидің диктаторлық билігінен мұраға қалған көптеген мәселелер тау болып үйіліп жатты. Мысалға, президенттің тікелей сайланбауы, президент билігінің шамадан тыс далиып кетуі қатарлы мәселелерді корей халқы жаңа сайланған президенттен шара қолданып, демократиялық құндылықтарға кедергі болып отырған мәселелерді түбірінен шешуді талап етті. Әлеуметтік зерттеулер 70% корей халқының президентті жанама сайлау тәсілдерінің күшін жойып, тікелей сайлауды талап ететіндігін көрсетті. Бостандық пен демократияны талап еткен халық үні  бір мезгіл Корейя аспанын жаңғыртып тұрды.

Саяси тұлағалар мен қарапайым халық қол жетім жерде тұрған демократияға беттеп бара жатқан тұста бір топ әскерилер жеткілікті күш жинап, билікті тартып алуға дайындалып жатқан болатын. 1979 жылдың 12 желтоқсанындағы кеште Чон Ду Хван Сеулдегі бір қонақ үйде салтанатты дастарқан жайып, қонақасы беріп жатты. Қонақтардың көбі Чон Сын Хва бастаған сарбаздар болатын. Қонақтар Чон Ду Хванның бұл дастарқанын өздерін биліктен айыру үшін беріп жатқан атаукересі екендігін мүлде сезген жоқ. Олар қонақ иесінің ерекше ілтипаты мен дархан көңіліне елтіп, ішімдікті мейлінше сылқита сіміртіп жатқан кезде  тоғыншы двизияның қолбасшысы Ро Дэ У әскери төңкерісті бастап кеттіп еді.

Ро Дэ У - Чон Ду Хванның ежелгі сыбайласы. Ол Чон Ду Хванның тапсырмасымен өз жасақтарын үш топқа бөліп, мемлекеттің ең маңызды билік құрылымдарын бірінен кейін бірін басып алып жатты. Олар ең алдымен Чон Сын Хваның астана қорғаныс армия штабын басып алып, Чон Сын Хваны экс-президент Пак Чон Хиді өлтірген қаскүнем ретінде тұтқындады. Екінші бағыттағы әскери топ парламент ғимаратына бет алып, танк және ауыр қару-жарақтармен парламент пен депутаттарды түгелге жуық қоршауға алып, үнін шығармай ұстап тұрды. Ал үшінші топтағы әскерилер құрлық армия бас штабы мен қорғаныс министрлігін басып алып, күштік құрылымдарды толығымен өз бақылауына алды.

Чон Ду Хванның жоспары мүлтіксіз орындалды. Ро Дэ У бастаған 7500 сарбаз жедел қимылдап, Сеулді және ондағы орналасқан барлық билік құрылымдарын бағынуға мәжбүр етті. Демек, ендігі шынайы билік Чон Ду Хванның қолында. Қолында билігі бар адамның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Енді оған  біреудің жүрегін жұлып жесе де - заңды.

Бұл саяси өзгеріске Чон Ду Хван қапысыз дайындалған болатын. Оған сылтау да жеткілікті. Ол өз лауазымы бойынша амандық қорғау армиясының қолбасшысы. Сол себепті Пак Чон Хи президентті өлтірген қарақшыларды ұстап, жазалауға міндетті. Сол себепті ол сыртқы әлемге Чон Сын Хваны экс-президентті өлтіруге қатысқан қаскүнем қарақшы, оны ұстап жауапқа тарту оның қызметтік міндеті саналады деп түсіндірді. Осы сылтаудан кейін Чон Ду Хван саяси өзгеріс жасамаған, тек өз қызметін адал атқарған адам болып көрінуге тырысты. Одан әрі қаскүнемдерді іздеп, тұтқындаймыз  деген сылтаумен Чон Ду Хван орталық барлау басқармасының басшысы Ким Джэ Гюді тұтқындап, артынша атып тастады.

Бұл жерде Чон Сын Хваның тұтқындалуы экс-президенттің өлімімен еш қатысы жоқ, саясаттың қажеті үшін ғана болатын. Ал Ким Джэ Гюдің өлімі обал кетті деуге келмейді. Ол шын мәнінде экс-президентті өлтіруге тікелей себепші болатын. Чон Ду Хванның оны өлтіруі жұрт көзіне экс-президент үшін кек алғаны болып көрінгенімен, шын мәнінде, Чон Ду Хванның көздегені орталық барлау басқармасы сынды ең басты күштік құрылымның орын-тағын босатып алу еді.

1979 жылдың 13 желтоқсанында таңғы ұйқыдан оянған корей халқы өздері демократияның шырын түсін көріп жатқан кезде бірнеше айғы жылымық зым-зия ғайып болып, дара билік қайта орнап қалғандығын бір-ақ білді. Осы реткі әскери төңкеріс 12 желтоқсанда болғандықтан, тарихқа «12 желтоқсан саяси өзгерісі» деген атпен енді.

12-желтоқсандағы саяси өзгерістен кейін Чон Ду Хван Кореяның шын мәніндегі билеушісіне айналды. Адамдардың бітім-болмысына қарап, бал ашатындар Чон Ду Хванды  тумысынан ерекше әккі, қатыгез, билік құмар жан болып жаратылған деседі. Ол орта бойлы, дене бітімі тығыршықтай төртбақ, шаштары сирек болғандықтан, үнемі шашын тап-тақыр етіп қырып тастайды екен. Оның көзі сығырайған, бітік көз болғандықтан көз қарашығы айқын көрінбейді. Бірақ, ол көзін үлкенірек ашып, адамдарға тесіле қарағанда көз жанары өңменіңнен өтеді деседі. Оның жүзінде жылылық пен ізгіліктің нышаны да байқалмайды. Оның қатыгез, тәкаппар, дөрекі мінезі кез-келген адамға үрей мен қорқыныш бағыштайды. Осы үрейдің әсерінен болуға тиіс, Чхве Гю Ха 1980 жылдың тамыз айында өз еркімен биліктен кетуге мәжбүр болды.

1980 жылдың 7 тамызында Корея парламенті Чон Ду Хванды уақытша президент етіп сайлады. Ол уақытша президент өкілеттілігі кезінде конституцияны өзгертіп, жанама сайлау тәсілін сақтап қалды және президент бір мәрте жеті жылға сайланып, жалғасты сайлауға түспейтін болып бекітілді.

1981 жылдың 11 ақпанында Чон Ду Хван ресми түрде Кореяның президенті болып сайланды.

Халықтың қаһары

Саяси өзгерістердің нәтижесінде Чон Ду Хван ең жоғары билікке қиналмай қол жеткізді. Бірақ, оның билігі орнықты бола қойған жоқ. 12 желтоқсандағы әскери төңкерістен кейін корей халқы билікті күшпен басып алуды қабылдай алмайтындығын көрсетіп, оған қарсы халықтық толқуларды тоқтаусыз жүргізіп отырды. Чон Ду Хванның халық толқуларды күшпен басып, жағдайды орнықтырудан басқа амалы қалмады.

1980 жылы мамыр айында Чон Ду Хван әскери бұйрыққа қол қойып, бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жариялады. Төтенше жағдай елдің барлық аумағын түгел қамтыды.  Қарудың күшінен басқа еш нәрсе ойлап табу қолынан келмейтін әпербақан әскери билеуші парламент жиналыстарын тоқтатып, саяси қимылдарға шектеу қойды. Ақпарат құралдары мен баспасөз еркіндігін тежеп, барлық еркін ойлар мен сөз әрекеттерге тыйым салып, жоғарғы оқу орындарының сабағын тоқтатып тастады.

Қара түнек террорлық үстемдік корей халқын қорқыта алған жоқ. Ереуілшілердің қатары студенттермен, оппозиция өкілдерімен, қала халқымен қосылып, күн санап көбейе берді. Олар Чон Ду Хванның әскери диктатурасына белсенді түрде ымырасыз қарсылық танытты. Халық толқуларының ең басты күші студенттер болды. Сол кезгі мәліметтерге қарағанда, бүкіл ел бойынша 55 жоғары оқу орнының студенттері түгелге жуық ереуілге шыққан.

Бірақ, Чон Ду Хванның өлердей өшігіп, тісін қайрағаны оппозициялық партиялар болды. Ол халықты азғырып, көшеге шығарғандар осы оппозициялық топтың өкілдері деп білді. 1980 жылдың 18 мамырында оппозициялық партиялардың атақты үш бірдей көсемі бір уақытта қудаланып, Ким Джэ Гю мен Ким Джон Пхиль тұтқындалып, Ким Ен Сам үй қамаққа алынды. Сонымен бір уақытта Кореяның батыс-оңтүстік бөлігіндегі Чолла Намдо провиницясының орталығы  Кванджуда ірі көлемді халық толқулары болып, оның көлемі осыдан бұрынғы барлық ереуілдерден асып түсті.

1980 жылдың 18 мамырында Кванджу студенттері көшеге шығып, Чон Ду Хванның диктаторлық үстемдігіне қарсылық білдірді. Чон Ду Хван төтенше жағдай жариялағаннан кейін көптеген аймақтарда қарсылық бәсеңдей бастаған болатын. Бірақ, Кванджудағы студенттер қасарысып, қарсылығын тоқтатпай қойды. 19 мамырда олардың қатарын жұмысшылар, қала халқы, саудагерлер сияқты әр сала өкілдері толықтырды. Олар диктаторлық үстемдікке қарсы тұрып, жалғасты ереуілдеп жатты. Әскери билік қарулы жасақтардың күшімен ереуілді күштеп тарқатпақ болғанда жүздеген көше автобустары мен мыңдаған таксилер жолды бөгеп әскери қосындарды ереуілшілерге жақындатпай қойды. Халық толқулары барған сайын күшейе берді. Тіпті, бақылаудан шығып кетті. 21 мамырда жүз мыңдаған студенттер мен оған ілесушілер қалалық әкімшілікті қоршап алды. Билік десанттық күштерді жіберіп, жиналған жұртқа оқ жаудырды. Қарша бораған оқтан ешбір жауыздық күтпеген қарапайым халық шыбынша қырылды. Жолдың екі жағы ереуілшілердің өлігінен көрінбей қалды. Ереуілдеген халық пен студент жастар басынан бақайшығына дейін қаруланған әскерге қарсы ұмтылып, ереуілді жалғастыра берді. 27 мамыр күні Чон Ду Хван танк және бронды техникалармен қаруланған 20 000 әскерді аттандырып, қолында темірдің сынығы да жоқ бейкүнә халықты тағы да жусатып салды. Бұл жолғы қырғын біздің Жаңаөзендегі қырғыннан асып түспесе, кем қалған жоқ.

Халық толқулары аяусыз жанышталған соң, 31 мамырда Чон Ду Хван бұйрық түсіріп, «мемлекет қорғаудың төтенше комитетін» құрды. Және өзін төраға етіп бекітті. Бұл комитеттің құрылуы Кореяның саяси өміріне ерекше ықпал жасады. Оның билігі де шексіз болды. Ол парламенттің бүкіл құзыретін өзіне алып, мемлекеттің ең жоғарғы билік құрылымына айналды. Комитет Кванджудағы халық толқуын сепаратистік бүліншілік деп жариялап, сол арқылы саяси қарсыластарын түп-түгел жаныштап жіберуге мақсат тұтты. Олар бұл реткі толқуды алдын-ала мұқият жоспарланған үкіметке қарсы сепаратистік қимыл, оны оппозициядағы Ким Джэ Гюдің партиясы жоспарлап, жүзеге асырған деген қорытынды жасады. Сол арқылы Ким Джэ Гюді тұтқындап, өлім жазасына үкім етті. Хабар халыққа жетісімен, әр сала жұртшылығы биліктің бұл шешіміне қатаң қарсылық танытты. Соңында халықтың қарсылығынан қаймыққан Чон Ду Хван Ким Джэ Гюді құпия түрде елден қуғындады. Сонымен Ким Джэ Гю АҚШ-ты паналауға мәжбүр болды.

Мемлекет қорғаудың төтенше комитеті 10-кезекті шақырылған парламенттің 210 депутатын саяси қимылдарға қатысу құқығынан айырды. Осыдан соң парламентте небәрі 31 депутат өз өкілеттілігін сақтап қалды. Қудалау мұнымен аяқталған жоқ. Чон Ду Хван өз билігін бекемдей түсу үшін жарты ай ішінде үкіметтің басқа да тараулары, білім беру, қаржы және сақтандыру, БАҚ қатарлы салалардан 8500 адамды қауіпті элементтер деп танып, жұмыстан аластады. Қудалауға түсіп, жұмыстан қуылғандардың ең көбі журналистер қауымы болды. Комитеттегілердің шектен шыққаны соншалық, олар саясатпен шаруасы жоқ дін өкілдерін де аяусыз жазалады. Қысқа ғана уақытта 57 000 будда монахтары тұтқындалып, монастырьдағы 40 000 әйел арнайы лагерьлерге қамалып, оларға діни ұстанымдарынан безуге мәжбүрледі. Өз ұстанымдарына берік 3000 әйел түрмеге тоғытылды. Оқудан шығарылған, түрмеге тоғытылған студенттер де қисапсыз болды.

8 жылға жалғасқан Чон Ду Хванның диктаторлық, террорлық үстемдігі кезінде халық толқулары бір сәтке де толастаған емес. 1985 жылы 400-ден аса мәдениет қайраткерлері билік цензурасына қатысты мәлімдеме жасады. Сол жылы билік «оқу орындарының амандығы туралы» заң жобасын қабылдап, студенттердің құқығын одан бетер тежемекші болды. Бірақ, елдегі қарсылықтың күштілігінен аталған заң жобасы қабылданған жоқ. 1986 жылы наурызда ЖОО профессоралары бірлескен мәлімдеме жасап, демократияны талап етті. Оған орта, бастауыш мектеп мұғалімдері жаппай үн қосты. 1987 жылдың қаңтарында саясатқа пәлендей зауқы болмайтын ұлттық буржуазия да оппозициялық партияларға қолдау білдіріп, ереуілшілердің қатарына қосылды. Сол жылы ақпан айында шет елден оралған Ким Джэ Гю Ким Ен Саммен бірлесіп, «Жаңа Корей Демократиялық партиясын» құрды. Бірлескен оппозиция бірден күш алып, Чон Ду Хванның диктаторлық билігіне саяси қысымды үдете түсті.

Халық толқулары кезінде полицияның күш қолдануының кесірінен екі бірдей студент ілгерінді-кейінді ажал құшты. Мұндай бассыздық өз кезегінде бүкіл елдегі 95 ЖОО мен арнаулы оқу орындарының студенттерін алаңға алып шықты. Чон Ду Хванның диктаторлық билігіне студенттерден бастап мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, кәсіпкерлер, тіпті, ұлттық буржуазияның өзі қарсы болған соң, билік тарапы ойлануға мәжбүр болды.

1986 жылдан бастап, Чон Ду Хван мен демократиялық күштердің күресі конституциялық құрылымды өзгерту мәселесіне тоқайласты. Ол кездегі Корея Конституциясы диктаторлардың мүддесіне негізделген конституция болатын. Чон Ду Хван билігі аталған конституцияны өз билігінің заңдық негізі ретінде қарастыратын. Ал демократтар осы «заңдық негіздің» күшін жою үшін конституцияны өзгертуді табанды талап етті. Әрине, конституциялық өзгерістің басты талаптарының бірі - сайлау туралы заңды өзгерту. Ал саяси патиялар туралы сол кездегі Корея заңы біздегіге қарағанда либерал болғанға ұқсайды. Егер олай болғанда Ким Джэ Гю мен Ким Ен Саммен бірлесіп құрған «Жаңа Корей Демократиялық партиясын» тіркеуден өткізбеуші еді .

Сайлау туралы заңда президентті тікелей сайлау керек пе, жоқ жанама дауыспен сайлану керек пе деген мәселе ең өзекті болды. 1986 жылдың басында оппозиция он миллион адамның қолын жинап, конституцияны өзгертуді талап етті. Чон Ду Хван өзінің ескі әдетіне басып, күштік құрылымдар мен халық толқуларын жаныштап, оппозицияның екі бірдей көсемі Ким Джэ Гю мен Ким Ен Самды үй қамағына алды. Ол осылай істеу арқылы конституциялық өзгеріс талап етушілерді тағы да тұншықтырып тастаймын деп ойлаған. Дәл осы кезде Филиппиннен суық хабар келді. Аталған елді 20 жылдай ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған диктатор-президент Маркос тақтап құлатылыпты. Бұл хабардан шабыт алған корей халқы аса ауқымды ереуіл ұйымдастырып, диктаторлық билікке қарсы шықты. 1987 жылға келгенде халық толқулары Кореяның бүкіл аймағын қамтыды. Чон Ду Хван өз жақтастарын жинап, мәселені қалай шешу жолдарын ақылдасты. Жиналысқа билік партиясы – демократиялық әділет партиясының ең жоғары басшылық құрылымдары қатысқан болатын. Бір қызығы, Чон Ду Хванның көзінше жұрт пікірі екіге жарылды. Бір бөлімі қару қолданайық десе, ертеңгі күнін ойлаған екінші жағы оппозициямен ымыраға келейік деп талап етті.  Жағдайды бағамдаған Чон Ду Хван ымыраға келу жағында болды. Сол жылы сәуірде Чон Ду Хван мәлімдеме жариялап, өзінің конституцияны өзгертуге келісетіндігін, ол үшін оппозиция келіссөз үстеліне келу керектігін, егер, барлық мәселеде келісім жасай алса, өзінің 1988 жылы өкілеттілігі аяқталғанда бірден биліктен кететіндігін мәлімдеді.

Қарсылық қозғалыстар өз нәтижесін бергендей көрінді. Халық та өз армандары орындалғандай әсерлі күй кешті. Бірақ, тағы бір күмәннің басы қылтиатын. Чон Ду Хван басынан бақайшығына дейін диктатор ғой, ол қалай ғана биліктен кете қояды?! Бұл жөнінде кейбіреулер Чон Ду Хван президенттік билікте болған кезде демократиялық сана-сезімі өсіпті десе, енді біреулер: «Чон Ду Хванның өз еркімен биліктен кетуі көп кешікпей Сеулде өтетін олимпиадаға байланысты, егер, халық толқулары толастамаса, халықаралық олимпиада комитеті Кореяны осы реткі олимпиадалық жарысты өткізу толымдылығынан мақрұм етеді. Бұл Кореяның беделін түсіреді, оның биліктен кетуінің себебі осында деп» - деп шуласты. Ал үшінші бір тобы: «Чон Ду Хван Пак Чон Хи мен Маркостардың аяғын құшуды қаламайды. Егер осылай кете берсе, ол я кісі қолынан өледі, я шет елге бас сауғалап кетуге мәжбүр болады.  Оданша, осы билікпен аман-сауында қоштасқаны жөн» - деген уәжін айтты.

Бұл айтқандардың бәрі қисынсыз да емес болатын. Бірақ, Чон Ду Хванның мақсаты мүлде бөлек еді. Ол билікке өз ізбасарын қалдырып,  өзі перде артында тұрып, Кореяны жалғасты билей беруді армандады.

1987 жылдың екінші маусымында Чон Ду Хван 30-дан аса өз партиясының жоғары шенді мансаптыларын жинап, ізбасар мәселесін талқылады. «Талқылады» дегеніміз – жай көрінске ғана. Диктаторлардың партиясында демократиялық тәртіп деген атымен болмайды. Көсем не айтты – сол болады. Чон Ду Хван өз ойын жасырған жоқ. Ол Ро Дэ Удың кандидатурасын ұсынды. Көпшілік әдеттегідей бір ауыздан келісіп, мақұлдады. Оған жалғас, сценарий бойынша биліктегі демократиялық әділет партиясының құрылтайы шақырылды. Құрылтайға қатысқан 7309 делегаттың 99% Ро Дэ Уды мұрагер ретінде бекітіп тарасты.

Әрине, Ро Дэ У осымен бірден президент атана кеткен жоқ. Ол тек президентке кандидат ретінде ұсынылды. Сол кездегі саяси жағдай бойынша алдымен конституцияны өзгертіп, президенттің сайлау жүйесін жаңарту керек. Ро Дэ Удың президент атануы үшін елге көз қылып болса да сайлау өткізу керек және сайлауда ол сөзсіз жеңіске жетуге тиіс.

Чон Ду Хван өз арманына жетуі үшін Ро Дэ Удың сайлануына барлық жағдайды жасады. 1987 жылдың маусым айында демократиялық әділет партиясы елді демократияландыру жөніндегі мәлімдемесін жариялады. Мұнда президенттің өкілттілігін тежейтін және демократиялық институттарды орнықтыратын көптеген жаңалықтар бар еді. Онда президентті тікелей сайлау, атқарушы билікті қайта тағайындау Ким Джэ Гю қатарлы саяси қудалауда жүрген барлық оппозиция өкілдерін елге қайтару, олардың сайлауға еркін қатысуына еркіндік беру қатарлы көкейтесті, шыт жаңа тармақтар бар болды. Әрине, мұндай диктатураны тежейтін, демократиялық құндылықтарды орнықтыратын жоспарлар оппозиция мен халық тарабынан қолдау табары сөзсіз. Тіпті, осы демократиялық жоба-жоспарды ұсынған адамдардың өзін қарапайым халық «билікте де осындай ізгі жандар жүр екен ғой»- деп демократияның жанашырындай сезіліп, құрмет тұтты.

Мұндай демократиялық жарнаманы жариялаудың орайы Ро Дэ Уға берілді. Содан соң-ақ, ол бұрын халық түсініп-білмеген демократияның жаршысы бейнесінде халық алдына шығып, ерекше қолдау тапты. Тіпті, ол қанды қол қатыгез биліктің жандайшабы болса да, халық оны кешіруге дайын еді. Адамның бәрі пенде ғой, Чон Ду Хван да осы демократиялық өзгерістердің бастауында өзім тұрсам деп ойлады. Сол арқылы тарихта жақсы атпен қалуды армандады. Бірақ, бұрын да халық алдында образы соншалық сүркейлене қоймаған Ро Дэ Удың есебі түгел болып шықты.

Билік партиясын қолдап-қолпаштауы және әкімшілік ресурстардың кеңінен пайдаланылуының арқасында сайлау додасы табысты өтіп, 1987 жылдың желтоқсан айында Ро Дэ У жеңіске жетіп, Кореяның жаңа президенті атанды. Әрине, оппозиция тарабынан сайлауда қаралық істелді, әкімшілік ресурстар пайдаланылды деген сияқты наразылықтар болмай қойған жоқ. Бірақ, айтылды да қалды. Ро Дэ У бәрібір Кореяның заңды президенті атанып, көк үйге жайғасты.

1988 жылдың 22 ақпанында Ро Дэ У көк үйге жайғасқан соң, Чон Ду Хван отбасымен көк үйден көшіп шықты. Оның бұл кетуі биліктің ұшар басынан абақтыға беттеудің бастамасы болатын. Оның билікке өз ізбасарын қойып, Кореяны перде артынан басқарамын деген арманы сол күннен бастап құрдымға кетті.

Ро Дэ У президент болып сайланардан бұрын Чон Ду Хванға оның болашақ тағдыры туралы кепілдік берген болатын. Бірақ, туыс-туған, өрен-жарандары жөнінде ондай кепілдік қарастырылмаған сияқты. Бұрын Чон Ду Хван билік басында жүргенде оның туыс-туған, жақын жұрағаттары аузымен құс тістеп, кеудесімен тау соғып, үріп ішіп, шайқап төгіп, қазына қаржысын суша шашып жүрсе де, ешкім ештеңе айта алмайтын. Ол биліктен кетісімен оның өз кезінде шектен шыққан туыс-туғандары ең алдымен халықтың қаһарына ұшырай бастады. Бірінші болып қармаққа ілінген адам оның інісі Чон Кенг Хван болды. Ол Чон Ду Хван биліктен кетісімен бір ай өтпей жатып қолға алынып, абақтыға қамалды. Сол жылы тамызда түрме жазасына кесілді.  Қазақта «Бір адам таққа отырса – мың адам атқа отырады» деген сөз бар. Чон Ду Хван билік басына келуден бұрын інісі Чон Кенг Хван қатардағы сарбаз, қарауыл, дзюдо жаттықтырушысы болып қызмет атқарған. 1980 жылдан бұрын ол қатардағы қараша біреу болатын. Ағасының билікке келуімен ол да айдарынан жел ескен әйгілі адамға айналып шыға келді. 1981 жылдың қаңтар айында өзінің қара күш, маңдай терімен нан тауып жеп жүрген қарқара дүрсін біреу аяқ астынан «жаңа ауыл қозғалысы» орталық аппаратының іс басқарушысы болып шыға келді. Бір жыл өткен соң аталған ұйымның  төрағалығына сайланды.

«Жаңа ауыл қозғалысы» жартылай мемлекеттік қоғамдық ұйым болатын. ХХ ғасырдың 70-жылдары шаңырақ көтерген. Оған сол кездегі Корея президенті Пак Чон Хи өзі төрағалық ететін. Пак Чон Хи президент осы ұйым арқылы ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңартып, ауылдық жерлердің біртұтас дамуына серпін беруді көздеді. Сол себепті жаңа ауыл қозғалысы алғашында толығымен мемлекеттің қамқорлығында болды. Әр жылы үкімет аталған ұйымға қазынадан мол қаржы бөлетін. Аталған қаржылар ауылдық жерлердің жол және тұрғын үй құрылысына, қоршаған ортаны абаттандыруға, мәдени өмірді жандандыруға, жетім-жесірлерге, қарттар мен мүгедектерге көмек көрсетуге арналды. Сол кездегі Пак Чон Хидің жоспары бойынша аталған ұйым біртіндеп мемлекеттік қолдаудан қол үзіп, соңында аты затына сай дербес қоғамдық ұйымға айналуға тиіс болатын.

Чон  Кенг Хван «жаңа ауыл қозғалысын» қолына қондырған соң, оны бірден өзінің жеке сауынды сиырына айналдырды. Ол барлық айла-тәсілдерді қолданып, аталған қорға ақша топтап, оны амалын тауып өзінің жеке қалтасына салып отырды. Бұл жағынан қарағанда оның қозғалыс қорына ақша жинау жағында «ерекше талантымен» көзге түсті десе де болады. Ол түрлі жолдармен қозғалыс қорын аузы-мұрнынан шығарып толтыра алды. Ол өзінің президенттің інісі деген ерекше салауатымен  созған қолы құры қайтпайтын. Тіпті, қалталы адамдар оған кезекке тұрып «жомарттықпен» қаржы атайтын. Олар амалын тауып қазына қаржысынан да, жеке капиталынан да оған сыйлық жасайтын. Ондағы ойы  сол арқылы президентке жол табу, мансап баспалдағында өсу немесе мемлекеттік тапсырыстарды алып, қалтасын қампиту үшін еді. Ол барған жерлерде адамдар ас та төк дастарқанын жайып,  құрақ ұшып қарсы алатын, ат мінгізіп, шапан жауып дегендей төбесіне көтеріп қошемет жасайтын. Әсіресе, жергілікті атқамінерлер оның алдында құрақ ұшып, құрша жорғалайтын. Ағасы президент болып тұрған соң, ол ешкімнен именіп-жасқанбайтын, сұрағанын алып, айтқанын орындататын. Мансаптағылардың несі кетеді, амалын тауып халықтың қаржысын бірге жесіседі. Бірақ, Чон Кенг Хван бірте-бірте жайшылықта оған күні түсе қоймайтын ірі капиталистер мен қаржы алпауыттарына да ауыз сала бастады. Әрине, олар да оны құр қол қайтармайтын. Бірақ, ішіне кек сақтап, орайын күтумен болды. Оның шектен шыққаны соншалық, түрлі жолдармен қаржы бопсалайтын деңгейге де жетті. Банктерді банкрот болған кәсіпорындарға зорлап қарыз бергізетін және одан өзіне үлес алып қалуды да ұмытпайтын. Оның есіл-дерті ақша болғандықтан моральдық этика, заң-закон дегендерге пысқырып та қарамайтын. Сөйте-сөйте, «жаңа ауыл қозғалысы» таңғажайып ықпалды құрылымға айналып, үкіметтің ішіндегі үкімет болып қалыптасты.

Оның ойына келгенін істейтін бейбастақтығы халықтың орынды ашу-ызасын тудырды. Ақпарат құралдары оны әшкерелеп, билік құрылымдарының назарын аударуға тырысты. Ол кезде президент ағасына арқа сүйеген Чон Кенг Хван ешқандай тексеруден айылын жимайтын. Себебі, оның нәтижесі өзіне белгілі еді. Құқық қорғау органдары оны ұзақ тексерді. Соңында осы қозғалыстағы ұсақ-түйек бірнеше лауазым иесін жауапқа тартқан болып, мәселені жылы жауып қойды. Әрине, ол өзінің шектен шыққан әрекеттері үшін күндердің күнінде жауап беретіндігін сезіп-білетін. Сол себепті, ағасы биліктен кетісімен өзіне шығар жол іздей бастады. Шығар жол біреу. Кореядан қашып құтылу керек. 1988 жылдың наурыз айында Чон Ду Хван биліктен кеткеннен кейін бесінші күні ол әйелімен бірге жасырын түрде Жапонияны бетке алып, заңдық жазадан құтылып кетпекші болды. Олар ешкімге айтпастан жалған төлқұжатпен кедендік бақылаудан өтіп, ұшаққа мінеді. Бірақ, адамдар бәрібір оны танып қойды. Чон Кенг Хванның отбасымен Жапонияға бет алғандығы жөніндегі хабар ертеңінде-ақ күллі ақпарат құраладарының бірінші бетінде жарық көрді. Бүкіл ел оның бой тасалағандығына айран-асыр болып, шулап қоя берді. Олардың заңдық жазадан қашып, Жапонияға бой тасалауы биліктің көзжұмбайлығынан деген қауесет қоғамды шарлап кетті. Оппозицияның қысымынан соң, күштік құрылымдар Чон Кенг Хванды елге қайтарып, оның заңсыз іс-әрекеттерін тергеуге кірісті.

Президент Ро Дэ У қатты ыңғайсызданды. Ол бұл мәселе жөнінде ескі досы экс-президентпен кеңесіп, мәселені қалай шешуді сұрады.Диктатордың жәйі белгілі, өзі үшін кімді болса да сатып кетуге дайын. Чон Ду Хван жұртшылық үнінің қысымымен інісін заң бойынша жазалуға келісім берді. Чон Кенг Хван Жапонияда небәрі жиырма-ақ күн аялдап, Кореяға қайтып оралды. Сол кезде биліктегі демократиялық әділет партиясы үндеу жариялап, «Жаңа ауыл қозғалысы» басшыларының заңға қайшы іс-әрекеттерін түбірінен тектеп, тергеуді талап етті және тергеу аяқталғанша Чон Кенг Хванның елден кетуіне тыйым салуға шақырды. «Көп ауған жаққа құдай да ауады»-дегендей, кешегі өзі құрып, өзі билеп-төстеген партия ақыр аяғында Чон ДУ Хванның өзінен теріс айналды.

Корея бас прокуратурасы тез арада іске кірісіп, мәселені тергеп-тектей бастады. 29 наурызда бас прокуратура Чон Кенг Хванды ресми тергеуге шақырды. Алғашында Чон Кенг Хван қасарысып,  өзінің ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екендігін мәлімдеп тұрып алды. Бірақ, тергеушілер ерекше тәжірибелі мамандар болып, оның психологиялық қорғанысын тез арада күл талқан етті де, оны өз қылмысын мойындауға көндірді.

Көп өтпей бас прокуратураның тергеу тобы жеткілікті айғақтарды жинап үлгерді. 31 наурыз күні Чон Кенг Хван «ерекше экономикалық қылмысқа» байланысты тергеу абақтысына тоғытылды. Әрине, бас прокуратура осы қылмысқа қатысы бар, ресми қылмыстық топқа айналып үлгерген «жаңа ауыл қозғалысының» басқа да лауазымды тұлғаларын құрықтап үлгерді.  Олардың ішінде Чон Ду Хванның екі туысы да болды. Осыдан соң бас прокуратура өздерінің тергеу қорытындысын және Чон Кенг Хван бастаған сыбайласқан қылмыстық топтың қылмыстарын қоғамға паш етті. Прокуратураның мәліметіне қарағанда, Чон Кенг Хван «жаңа ауыл қозғалысын» басқарған тұста аталған қордың қаржысын 173 рет мақсатсыз жұмсапты. Және қазына қаржысына қол салып, көп мөлшерде пара алыпты. Оның ресми айғақтармен дәлелденген мөлшері 10 млн 400 мың АҚШ долларынан асады екен. 200-ден астам адам оның қылмыстық тобына сыбайлас болыпты. Солардың 63-і әрекеттерінде нақты қылмыстық құрам және бұлтартпасыз айғақтар болғанықтан айыптау қорытындысына сәйкес ісі сотқа жөнелтіледі екен.

1988 жылдың 2 сәуірінде сот прокуратураның шағымын қарап, қылмыскерлерді түгелдей түрме жазасына кесті. Аталған қылмыстық іс ауқымы орасан, қылмысқа қатысы бар адамдардың да қатары мол болғандығына қарамастан құқық қорғау органдары бес-ақ айда тергеуді аяқтап, соттап үлгерді. Бұл сот үрдісінен биліктен кеткен экс-президент Чон Ду Хванның саяси ықпалының мүлдемге түгесілгендігінің айғағы еді. Осындайда ойлайсың, әлемде қаншама шексіз билік иелері қарақшы, қылмыстық топтарға қалқан болып

Осыдан соң құқық қорғау органдары экс-президент Чон Ду Хванның отбасы мен туыс-туған, үрім-бұтақтарына да тексеріп-тергеуді бастап кетті. 1988 жылдың соңында Чон Ду Хванның туған ағасы, інісі, немере інісі, қайын атасы, жиені және қайын ағасы қатарлы ондаған адам бас прокуратураның тергеу тізіміне ілініп, тоғызы сот шешімімен түрмеге тоғытылды. Чон Ду Хванның ықпалымен ұзақ жылдар жасырынып жатқан қылмыстар бірінен соң бірі ашылып жатты.

Осындайда ойлайсың, әлемде қаншама диктатор қарақшы, тонаушы, ұры, парақор қылмыстық топтарды қанатының астына алып, қалқан, қорған болып жүр екен деп. Одан да жаманы, диктаторлар өздері азғындап, арам байлыққа дәнігіп-қүныққанымен қоймай, туыс-туған, үрім-бұтағын да қылмысқа ортақтастырып, ең соңында оларды да отқа тастап кетеді екен. Өкінішті-ақ!

1988 жылы Чон Ду Хван биліктен кетісімен Корея жұртшылығы оның билікте болған кездегі табыстары мен қателіктерін ашық таразылай бастады. Чон Ду Хван 1979 жылғы әскери төңкеріс арқылы билікке келгеннен кейін бастан ақыр диктаторлық үстемдікті күшейтумен әлек болыпты. Ол демократия мен бостандыққа өлердей өшігіп, қарапайым халықтың мүддесі мен құқықтарын аяусыз басып-жаншыпты. Бірақ, халық үшін істеген бірде-бір жақсы ісі жұрт назарына ілікпеді. Бүгінгі тарихшылар да ол туралы жарытып еш нәрсе жазбапты. Демек, ол мақтан етердей ешбір жақсы ісімен тарихта қалмағанға ұқсайды.

Сонымен халық экс-президенттің жеке басына шүйліге бастады. Ең алдымен ақпарат құралдары тоқтаусыз түрде оны аяусызтөпештеді. Оппозиция оның әскери төңкеріс жасаған қылмысынан бастап, халық толқуларын қанға бояған қатыгез қарақшылығын сөзсіз тектеп-тексеру керек деп табанды түрде талап етті. Бірақ, сонау «Ханахве  деп аталатын құпия ұйым құрудан бастап онымен сыбайлас болған қазіргі президент Ро Дэ У барлық айла-тәсілдерді қолданып, экс-президентті жауапқа тартқызбау жағында болды. Бірақ, қаһарына мінген халық пен оппозиция президенттің дегеніне көнбей, жалғасты қарсылық танытты. Жағдай қатты шиеленіскендіктен, президент Ро Дэ У Чон Ду Хванды халықтан кешірім сұрауға көндірді. Ол теледидарда халықтан кешірім сұрап, Сеулден кетіп, жұрт көзінен тасада шалғайда тау шатқалында ғибадатханаы паналау мәжбүр болды. Әрине, бұл халықтың ашу-ызасын басуға арналған тек қана  қойылым болатын. Ро Дэ У билік басында болған жылдарда Чон Ду Хванның соңына шырақ алып түскен халық мұндай қарсылық шараларын бір сәтке де толастатқан жоқ.

1993 жылы ақпанда Ро Дэ Удың президенттік өкілеттілігі аяқталып, Ким Ен Сам президент болып сайланды.

Ким Ен Сам әуелде оппозициялық партияның көсемі болатын. 1990 жылы президент Ро Дэ У өзінің саяси позициясын күшейту үшін басқа екі оппозициялық партиямен бірлесіп, жаңа бір партия - демократиялық бостандық партиясын құрған еді. Ро Дэ У партия төрағасы болып сайланды. Бұл оппозиция мен билікке бірдей пайдалы шешім болды. Осы арқылы Ро Дэ У оппозициялық партиямен ымыраға келіп, өзінің биліктен кейінгі өміріне кепілдік алды. Ал оппозициялық партия ешбір қарсылықсыз билікке келуге мүмкіндік алды. Нағыз саяси сауда деп осыны айтуға болатын шығар. 1992 жылдың соңғы жартысында президенттік сайлау науқаны басталған кезде жаңадан құрылған демократиялық бостандық партиясы Ким Ен Самды бір ауыздан президентке кандидат ретінде ұсынды. Сол жылы тамызда Ро Дэ У партия төрағалығынан кетіп, Ким Ен Сам партия төрағасы болды да, артынан президент болып сайланды.

Ро Дэ У биліктен кетісімен оппозициялық партиядағылар  шыт-жаңа халық толқуларын ұйымдастырып, биліктің Чон Ду Хванның қылмысын тергеуге шақырды. 1995 жылдың жазында Кореяның бас прокуратурасы 12 желтоқсан әскери төңкерісі мен Кванджу қанды оқиғасын тергей бастады. Бұл жолы оппозиция мен халық экс-президент Ро Дэ Удың кедергісінен ада болғандықтан тергеу өз нәтижесін береді деп үміттенді. Тіпті, ерекше сенім артты десе де болады. Бірақ, өкініштісі саясаткерлердің көбі құбылғыш, жалтақ, саяси саудаға бейім келетіндіктен, прездент Ким Ен Сам экс-президент Ро Дэ Удың өзін президенттікке ұсынғандығын ескеріп, халық пен оппозицияны сатып кетті.

Жазымыштан озымыш жоқ дегендей, халықтың наласы бәрібір жібермейді екен. Биліктегілер өз мүддесі үшін қанша жерде сатқындық істегенімен, кездейсоқ бір жағдай экс-президенттер тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. 1996 жылы төрт жылда бір келетін Корея парламентінің сайлауы болатын. Парламенттен неғұрлым көбірек орын алуды көздеген партиялар сайлау науқаны басталмай тұрып-ақ өзара қырқысып, бірін-бірі аяусыз әшкерелеп жатты.  1995 жылы қазан айында, парламент депутаты Пак Ци Дун экс-президент Ро Дэ Удың банкте жалған атпен есеп ашып, аса көп мөлшердегі құпия қаржыны сақтап отырғандығын әшкереледі. Корея заңы бойынша банктен жалған атпен есеп ашып, ақша жасыру қылмыс болып саналады. 1995 жылдың 16 қарашасында Корея прокуратурасы экс-президент Ро Дэ Уды заң бойынша тұтқынға алды. Жағдайдың өзіне тиімсіз бағытта беттеп бара жатқанын білген президент Ким Ен Сам Ро Дэ Уды жақтаудан жалтарып, 24 қарашада 12 желтоқсандағы әскери төңкеріс пен Кванджу қанды оқиғасын тергеп-тексеруге бұйрық берді. Жағдайдың ушығып кеткендігін сезген экс-президент Чон Ду Хван алдымен шабуылға шығып, сол жылдың бірінші желтоқсанында прокуратураның өзін тергеуге шақырғандығын пысқырмастан, баспасөз мәслихатын өткізіп, ұзақ жылдың алдында болған жағдайды қайта бықсыту президент Ким Ен Самның саяси өш алуы деп бағалады. Және сол күні Сеулден кетіп қалды. Мұны естіген президент Ким Ен Сам от алып, қопаға түсіп, Чон Ду Хван мәселесін тұқияндап тергеуге тапсырма берді. Бұйрық биліктің ұшар басынан түскенсоң күштік құрлымдар дереу атқа қонып, Чон Ду Хванды үш жүз км жерге дейін қуып барып, оны ақыры қолға түсірді. Ұзаққа созылған тергеп-тексеруден кейін 1996 жылдың 23 қаңтарында Сеул прокуратурасы «12 желтоқсан әскери төңкерісі» мемлекетке қарсы алдын-ала жоспарланған қаскүнемдік, сепаратистік әрекет деп бағалады. Сөйтіп, экс-президент Чон Ду Хванды   ішкі бүліншілік жасау қылмысы үшін айыпты деп тауып, ісін сотқа жөнелтті. Оның ішінде сыбайласы ретінде Ро Дэ Удың да аты аталды, ол да қылмысқа қатысушы ретінде айыпталды. 1996 жылы 26 ақпанда басталған сот отырысы Чон Ду Хванның мемлекетке қарсы қылмысынан тыс пара алу, бейбіт халық толқуларын қарудың күшімен жаныштау қатарлы түрлі қылмыстарын әлемге жайып салды. Сот бастан ақыр 27 рет отырыс өткізіп, мыңдаған куәгерлерді тыңдады. Сол арқылы 1996 жылдың 5 тамызында сот былай деп үкім шығарды: «Чон Ду Хван өз қылмысына сай өлім жазасына кесілсін. 220 млрд 500 млн корей воны айыппұл төлесін». Содан соң Чон Ду Хван жоғары сотқа арызданып, аппелияциялық шағым түсіріп, 16 желтоқсанда Сеулдің жоғары соты түпкілікті шешім қабылдап, оны ғұмыр бойы түрме жазасына кесті. Оған жалғас 1997 жылдың 17 cәуірінде Чон Ду Хванның ізбасары Ро Дэ У да айыпты деп танылып 17 жылға түрме жазасына кесілді. Сонымен диктатор презденттер өз жазасын алып, халықтың кегі қайтқандай болып еді. Өкінішке қарай, 1997 жылы 22 желтоқсанда президент Ким Ен Сам қос президентке рақымшылық жасап, үйлеріне қайтарды. Саяси сатқындық деп осыны айтатын шығар.

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377