Бағы тайған Мәсімовтың былығы
ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов 6-қаңтар күні тұтқындалып, қызметінен алынды. Оған "мемлекетке опасыздық жасады" деген айып тағылған еді. Артынша оны екі айға қамау туралы үкім шықты.
Экс ҰҚК басшысы жайлы түрлі ақпарат шығуда. Соның бірі, ЛРТ ісі бойынша айыпты деп табылып, бүгінде АҚШ-қа қашып кеткен Қанат Сұлтанбековтың жазбасында айқын көрінді. Әлеуметтік желіге мүлде жазба салмайтын Сұлтанбеков, бұл жолы былай деп жазды: "Адамдар шексіз билік алған сәтте, олар өзін Құдайдан да жоғары сезінеді, соның қатарында сенде болдың. Сен өзіңнің қолыңды қызыл қанға боядың және сенің орның тек қана тозақта!
Сен жазықсыз және кінәсіз жандарды қудалап, көз жасына қалып едің, сонымен бірген өзіңе берілген ұылмыскерлердің қылмысын жасырған едің, енді міне соның бәрі өзіңе айналып келуде.
Сені “VIP” камераға жатқызып, жылы су мен тоңазытқыш бермей, керісінше суық камераға тоғытады деп үміттенемін. Сен екі аптада бір мәрте суға түсіп, жақындарың саған қара уылдырық әкелу үшін аязда, терезенің артында кезекте тұрғанын сезерсің деп ойлаймын!
Енді барлығы да белгілі болды. Сен Мәсімов ЛРТ ісі бойынша тергеуге кедергі жасап, менің дәлелдерімді тыңдамай, кінәні маған лақтырып едің, себебі 2015 жылы Қытай Даму банкінен несие алғанда, келісімнің басында өзің тұрдың ғой".
Осылайша Қанат Сұлтанбековтың сөзіне сенсек, Мәсімов ЛРТ ісі бойынша да айыпты болуы бек мүмкін. Әрине, бұл айыптауды тереңірек зерттеп, қазбалау тергеушілердің міндеті.
Күні кеше ғана Мәсімовке тағы бір айып тағылды. Ол "мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды" деген бап бойынша. Дәл сондай баппен аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК Төрағасының бұрынғы орынбасары – "А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК Төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Ерғожин ұсталды. Мәсімовтың өзге де қаржылық қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдік бар.
Abai.kz