БАҚ: Экс-әкім Көкірекбаев бостандыққа шығады
Көкірекбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылғаны хабарланды...
Пара алғаны үшін сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМБ) туралы өтініші қанағаттандырылуы мүмкін. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді.
«Дереккөздің айтуынша, екі рет сотталған жемқор Қылмыстық кодекстің 75-бабында көзделген негіз бойынша — денсаулық жағдайына байланысты бостандыққа шыққан. Бұл әзірге ресми ақпарат емес», — деп жазды журналист өзінің Telegram-арнасында.
Козачковтың дерегінше, тиісті шешімді өткен аптада Алматы облысы Алатау қаласының соты қабылдауы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, Көкірекбаев бұған дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға басшылық еткен, сондай-ақ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған.
2022 жылғы желтоқсанда ол «Bazis Construction INFR» ЖШС басшысы Андрей Поплавскийден 396 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражат Қорғас өзеніндегі қорғаныс бөгеттерінде іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін берілген. Мемлекетке келтірілген залал 2 млрд теңгеге жуық сомаға бағаланды.
2025 жылғы шілдеде сот Көкірекбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. «Қазселденқорғау» басшысының бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен компания өкілі Андрей Поплавский 11 жылдан жаза арқалады.
Бұдан бөлек, жазасын өтеу кезінде Көкірекбаев сот ғимаратында жұбайымен заңсыз кездесу ұйымдастыруға көмектескен айдауылшыны парамен сатып алғаны үшін 300 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелген еді.
Козачковтың хабарлауынша, Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты дүйсенбі күні түсініктеме беруге уәде еткен.
Abai.kz