КСРО-ның қанды қылмысы һәм «Қаралы қаңтар»
Бүгін, 20 қаңтар - бауырлас Әзербайжанда Ұлттық аза тұту күні. 1990 жылдың қаңтарының 19-нан 20-на қараған түні КСРО басшылығының бұйрығымен 26 мың адамдық Кеңес әскері Баку, Сұмғайыт және Әзербайжанның басқа да қалаларына басып кірді. Бұл әскери араласудың нәтижесінде 147 бейбіт тұрғын қаза тауып, 744-і ауыр жарақатқа ұшырады. Оқиға қазіргі Әзербайжан тарихына «Қаралы қаңтар» деген атпен енді.
Осы қайғылы оқиғаларға дейін 1980 жылдардың аяғындағы Арменияның Әзербайжанға қойған негізсіз аумақтық талаптары, бұрынғы Әзербайжан КСР-ның Таулы Қарабақ автономиялық аймағындағы радикал армяндардың агрессивті сепаратистік әрекеттері, бұл әрекеттерді КСРО басшылығының қолдауы, Арменияның өзінен жүздеген әзербайжандықтардың зорлық-зомбылықпен және аяусыз жер аударылуы Әзербайжандағы Кеңес билігіне қарсы қозғалыстың кеңеюіне серпін берді. Жалпыұлттық қозғалысқа кедергі жасап, әзербайжан халқының жігерін, тәуелсіздікке деген ұмтылысын, еңсесін басу мақсатында Кеңес әскері елге басып кірді және халықаралық құқық нормаларын, бұрынғы КСРО және Әзербайжан КСР Конституцияларын өрескел түрде бұза отырып, бейбіт халықты жәбірлеп қырғынға ұшыратты.
Қайғылы оқиғалардан кейін-ақ жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиев Әзербайжанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігінде бұл айуандықтарды қатаң айыптап баспасөз мәслихатын өткізді, Әзербайжан халқына жасалған қырғынға саяси баға беріп, кінәлілерді жазалауды талап етті. 1994 жылдың ақпан айында өткізілген Милли Меджлистің арнайы отырысында 1990 жылдың 20 қаңтары күні бейкүнә адамдардың айуандықпен өлтірілуі әскери агрессия және қылмыс ретінде бағаланып, 1994 жылдың наурызындағы талқылаулар нәтижесінде «1990 жылдың 20 қаңтары күні Баку қаласында болған қайғылы оқиғалар туралы» шешім қабылданды. Ал, 20 қаңтар Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
20 қаңтарда орын алған қасіреттен бері 32 жыл өтті, алайда БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні және басқа да халықаралық құқықтық құжаттарды өрескел түрде бұзу болып табылатын және мәнісі мен ауқымы бойынша ХХ ғасырда жасалған ең қорқынышты қылмыстардың бірі болатын бұл оқиғаға халықаралық саяси-құқықтық баға әлі күнге дейін берілген жоқ.
Жеңімпаз Жоғарғы Бас Қолбасшының басшылығымен батыл, ержүрек Әзербайжан әскері 44 күнге созылған Отан соғысының нәтижесінде елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етті және бүгінгі күні Әзербайжан Республикасы тәуелсіздігінің 31 жылдығында әлемдік қауымдастықтың лайықты, сенімді және жауапты мүшесі болып табылады.
Әзербайжанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайту Әзербайжан мемлекеттігінің негізі және осы негізге алынған қағидаттарды ұдайы сақтау жолындағы күресі мәңгілік болмақ. Мемлекет тәуелсіздігі мен тұтастығына қарсы бағытталуы мүмкін кез келген қауіп-қатерге Әзербайжан жұрты табанды түрде жауап беруді жалғастыруда және Әзербайжан халқы мен мемлекетіне қарсы түрлі қылмыстарға кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Біз Әзербайжанның тәуелсіздігі үшін, сондай-ақ, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығы үшін жанын беріп, өмірін қиып, құрбан болған барлық қаһармандарды терең құрметпен және шексіз алғыспен еске аламыз.
Abai.kz