Тоқаев отыз жылдық мифті тас-талқан етті
21 қаңтар күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, елдегі мәселені талқылап, қатаң талаптар қойды. Президент жиынды елдегі халықтың табысын түгендеуден бастады. Мемлекет басшысының сөзінше еліміздегі жағдай тым ауыр.
Тоқаев ұлттық табыс бойынша 2020 жылы бизнес ең жоғары үлеске ие екенін айтты. Ол 61,5 пайыз болады. Салықтың үлесі 7,3 пайызды құраса, қазақстандықтардың жалақысы үштен бір бөлігіне де жетпейді.
«Бұл өте аз. Мысалы, Ресейде осындай экономика болғанына қарамастан, жалақы 46,7 пайыз болады, яғни бізден 1,5 есе көп. Ұлттық табысты бөлудің айқын теңгерімсіздігі байқалады әрі әділдік жағынан мәселе бар.
Халықаралық сарапшылар, соның ішінде KPMG, 162 адамға байлықтың тең жартысы тиесілі екенін растайды. Ал халықтың жартысында кіріс 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жылына 1300 доллардан сәл асады. Мұндай табысқа өмір сүру мүмкін емес, жағдайды шұғыл түрде өзгерту керек», - деді Президент бизнес өкілдерімен кездесуде.
Осы сөзімен президент ұзақ жылдар бойы жасалып келген өтірік статистиканың тас-талқанын шығарды. «Орташа жалақы екі жүз мыңнан асты, халықтың төрт пайызы ғана жұмыссыз, баспанамен қамтылған халық саны артты», деген жалған ақпараттардың барлығы әп-сәтте жоқ болғандай. Айына халықтың тең жартысы 50 мыңнан аспайтын айлық алу дегеніміз Африка елдерімен пара-пар көрсеткіш дегенді анық меңзейді. Ал біздің кеңестік кезеңнің тәрбиесін алып, «жүз қойдан жүз елу қозы алу керек» деген жалған ұранды жадына сақтаған кей статистика мамандары елдегі табыс көлемін жыл сайын өтірік асырып келді емес пе?!
Президент бұған дейін Қазақстанда олигополия бар екенін айтқанын еске алды. «Мен дәл осы тезисті Парламентте 11 қаңтарда қайталадым. Мұнда қатысқандардың бәрі олигополияның классикалық анықтамасын біледі деп үміттенемін. Бизнестің бір қолға шоғырлануы, кәсіпкерлікке қабілетті басқа адамдардың айналысу мүмкіндігі болмауы барлық мемлекет үшін қауіпті үрдіс саналады.
Біздің жағдайда бұл ерекше күшпен көрінді. Олигополия - бизнесті әртараптандыруға тұрақты ұмтылыс, бірақ бұл ел экономикасын әртараптандыру үшін емес. Яғни, сол адам немесе сол компания өндіреді, өңдейді және банктермен жұмыс істейді және басқа да көптеген бизнестерді жүзеге асырады, ал қалғандары тигенін алады», - деді Тоқаев.
Президент бизнесті монополиялау дұрыс емес екенін айтты. «Адамдар бизнестің барлық түрі неге бір адамдар қолында деп ойлайды. «Біздің қай жеріміз кем» деген сұрақ қояды. Гегельді Бабельмен шатастыратын, арнайы білімі жоқ адамдар бар, бірақ олардың қолында үлкен бизнес бар. Сонымен қатар, арнайы курстарды бітірген білімді адамдар бизнес көздеріне, несие ресурстарына және т.б. қол жеткізе алмайды. Бизнес дами береді, бұл депрессияны, қоғамға сенбеуді, осыдан туындайтын барлық әлеуметтік-экономикалық салдармен әділдікке сенбеуді тудырады», - деп қосты Мемлекет басшысы.
Расымен Қазақстан қоғамында ұзақ жылдар бойы белгілі бір топ қана ірі кәсіп көздерін иемденіп келеді. Олардың байлығы миллиондаған халықтың табысынан да артып кетті, әрине бұл бұқара халық арасында үлкен сұрақтарды туындатуда.
Бұған дейін президент тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоры құрылған болатын. Міне, сол қордың жұмысына қатысты мемлекет басшысы былай дейді: «Үндеуімді қолдап, «Қазақстан халқына» қорына қаражат аударып жатқандарға алғыс білдіремін. Бұл игі және дер кезінде жасалған әрекеттер ең жоғары бағаға лайық. Бірақ бұл жерде формализм мүлдем болмауы керек. Мемлекеттік қызметшілерден, бюджеттік қызметкерлерден бір күндік жалақы жинала бастады. Бұл мүлде қажетсіз бастама». Расымен қарапайым халықтан қаржы жинау қисынсыз.
Мемлекет басшысының айтуынша, қаңтардағы оқиғалар жылдар бойы жинақталған проблемаларды ашты.
«Алдымызда барлық әлеуметтік құрылымды өзгертуге стратегиялық міндет тұр. Бізге Қазақстан азаматтарының мүддесіне сай келетін реформалар қажет, ел өзгерді және азаматтарымыздың экономикалық жүйеге және жалпы өмірге деген көзқарасы өзгерді.
Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық жол беруге болмайтын деңгейге жетті. Сыбайлас жемқорлық фонында, өздеріңіз жақсы білесіздер, кәсіпкерлер жақсы біледі, табыстардың мұндай стратификациясы оқ-дәрі толы бөшкеге жағылған сіріңке рөлін атқарды, оны террористер, содырлар және олардың артында тұрған келіссөзшілер пайдаланды», - деді Тоқаев Нұр-Сұлтандағы бизнес өкілдерімен кездесу кезінде.
Байлар мен кедейлер арасындағы табыс көзінің тым алшақ екені бұған дейін де айтылған. Алайда мемлекет басшысының аузынан бірінші мәрте шығып отыр. Бүгінгі президент өткізген жиынды бір ғана сөзбен сипаттауға болады, «Президент - отыз жылдық мифтің тас-талқанын шығарды».
Ка Мырза
Abai.kz