Сенбі, 23 Қараша 2024
Алыстағы бауырым 2227 0 пікір 25 Қаңтар, 2022 сағат 15:56

Теране Вахид: Жоғалтқан бақытым

«Қарабақтың шынайы оқиғалары» атты кітаптан

Теране ВАХИД

БІР УЫС ТОПЫРАҚ

Жаңбыр астында бүкшеңдеген бірнеше адам, жан-жақтан Гариптің соңғы тілегін орындау үшін бір нәрсе іздеп жүр... Жаңбыр тоқтаусыз жауып тұр. Соңғы уақытта бұл аймақта қалың жаңбыр жаумап еді. Жаңбырды елең қылмаған әлгілер, бір нәрсе іздеулерін тоқтатар емес.

Жер басқан пенденің бәрі топан судан қашып  жалмажан жансауғалап Гариптің үйіне қарай қашты. Жұрт үйге жақындап қалғанда, Кожа Муслимнің аяғы қайырылып сел суынан пайда болған батпаққа құлаудың аз-ақ алдында қалды. Шапшаң қимылдап Муслимнің қолынан ұстап қалды да: “Асықпаңыз, ақсақал, асықпаңыз мен болмағанда бітіп едіңіз”, деді.

Үйдің алдында жиналған адамдар бір сәтте екі жаққа бөліне ортадан дәліз жасап Қожа Муслимге жол ашты. Қожа Муслим асығыс су тамшылап тұрған бас киімін сілкіп жіберді де ішке енді. Гарипті астаң-кестеңі шыққан үйінің бір бөлмесінде жүзін құбылаға беріп жатқызып қойған. Үйде жиылған көрші ер кісілер иық пен иық тіресіп отыр. Бір бұрышта үш-төрт әйел Гариптің қорғансыз қалған әйелі Гулеветинді тынышталдыруға әрекеттенгенімен бұларынан түк шығар емес. Боздаған әйел көзін ашып жұмған сайын, көз жасы сырттағы сел суындай тоқтамады. Қожа Муслим Гариптің бас жағына өтті де, шөкелеп отырып,  бас киімін жанын қойып, мойнын созып, еңкейіп, Гарипке дірілдеген дауыста тіл қатты: “Бір Алла жар болсын, Гарип! Мұншалықты аяқ астынан не болды саған?

Гарип Муслимді естісе де жауап бермеді. Көзі бадырайып кетті... Көңілі алабұртып, тынысы тарылды...

Юсуп Киши мұңға толы көзімен “Е, Жаратқан, бірінің үстіне бірі шығып кеткендей, үйіндінің астында қалдық, Гарип те осылай болғалы тұр...” деп сөйледі де Муслимге қарады.

Оқта-текте сырттағылардың дауысы естіліп қалады. Бөлме іші балалар мен әйелдердің бақырып-шақырған жоқтауларына толы.

Қожа Муслим сүйегіне ілінген терісі ғана қалған Гариптің қолын екі алақанының арасына салып, бөлмедегілерге ақырын дауыспен: “Әйелдер мен балаларға айтыңдар тыныштылсын! Аллаға көп шүкір, Гарипке қатысты қорқыныштың бәрі артта қалды. Біраз жаурағандықтан, ауырып қалыпты... Дәрігер Расим қайда?!” – деп бағанадан шұңқырға қадап отырған көзімен бөлме ішіндегілердің арасынан дәрігер Расимды іздеді.

Сол сәтте Юсуп Киши бәріне естірте: “Дәрігер Расимнің келгеніне біршама уақыт болды. Ол да тура сенің айтқаныңдай айтты: “Гарип бар амалы таусыла, күдерін үзе бастаған тұста ауылын, үй-жайын ойлап, қатты алаңдады, бұл сынақты көтере алмайтындай көрінді. Алаңдайтын ештеңе жоқ, бүгін яки ертең сауығып, аяққа тұрады” деді. Бақшалының немересі де ауырып жатқанын айтып, сол жаққа кетті. Аурудан айыға алар емеспіз, Муслим! Бақшалының немересін ит қауып алыпты”, деді де көзі қарауытып, тізерлеп отыра кетті.

Алиш Юсуптың бұл сөзінен кейін бөлме ішіндегі қайғыны біраз да болса сейілткісі келді: “Бауырым, ең алдымен бүкіл әлемді жаратушы Алла Тағалаға шүкір етейік. Басымнан қандай қиындық келгенін сұрама, мен айтпаймын... Кеше аспан айналып жерге түсердей, мына тұрған жерімде өмірім біткендей көрінді. Өлуге сәл-ақ қалдым. Бұл сәтте Гарип тыпыршып ыңырсыды. Бір нәрселер айтқысы келгенімен, ыңырсығанынан, үзік-үзік үнінен ешкім ештеңе түсінбеді. Юсуп Киши: “Құрып кеткір, мына дерт Гарипті бізден алса, көп ұзамай оның артынан біз де қалмаймыз. Бүгін ол – ертең біз. Мұндай аурумен көп өмір сүре ала ма? Құдай-ай, мүмкін емес қой. Е, Жаратушы, жанымызды өз ауылымызда алсаң етті, тым болмағанда арғы дүниеде ата-бабамыздың қасында, туған топырақта жатар едік” деп өзді-өзіне сөйледі.

Гарип қайтадан ыңылдай бастады... Тағы да бәр нәрселер айтқысы келгенімен, айтарын жеткізе алмады. Әл-дәрмені бітіп, аяқ-қолы жансыздана, тілі күрмеліп қалды. Екі терең шұңқырда қалғандай үңірейген көзінде ғана жан бардай көрінеді.  Оты сөнген ол көзді ажал елесі мекендеп алғандай. Келгендер қас қарая бір-бірлеп, екі-екілеп үйлеріне қайта бастады. Қария кісілер Гариптің әйелі Гулеветинді жұбатып, балаларымен бірге туысқандарынікіне жіберіп, өздері Гариптің жанында қалды.

...Түн жарымы... Тоқтаусыз жауған жаңбырмен қабаттаса тегіс жерде құрылған шатырлар мен күркелерде, быт-шыты шыққан үйлерде тұрып жатқан тұрғындар жаймен ұйқыға кете бастады. Гариптің қамыс пен лайдан араластырып асығыс-үсігіс тұрғызған үйшігі күзгі жаңбыр суына шыдас бере алмады. Бұл баспанада шара, табақ сияқтылардың бәрін төбеден аққан су тамшысының астына қойылған.  Үйдің төбесінің сау, су тамшысы өтпеген жері жоқ, тамшы сулары шелек пен шараларды тез толтырып жатыр. Іштегілер кезекпен ағаш есікті шиқылдатып ашып, толған шелек пен шараны босатып әкеп қоюда. Гариптің көзі ашық болғанымен сыртты көре алмайды. Ол өлім мен өмір арасындағы терең ұйқыда түс көріп жатқан-ды...

Түсінде бала кейпінде. Анасынан бір елі қалмай келеді.  Анасымен қарбалас бір жерге қарай жүріп келеді. Қатты шаршады. Жиі-жиі басын жоғары көтеріп анасынан: “Ана, тағы да көп жүреміз бе?” деп сұрайды. Анасы сәт сайын баласын: “Жақындап қалдық, балам, өте жақын...” деп жұбатады. Негізгі жол біткенімен қоймай, тағы да жүріп, үлкен шатқалдың соңына келіп тірелді. Анасы жүріп өткен жолына көз тастады. Келген жолы ағып-ағып терең шатқал жасап кеткен өзеннің арнасы іспетті. Анасы ұлының білегін қаттырақ қыса, үні дірілдеп: “Еш қорықпа, балам – деді. Сені бұл шатқалда тастап кетпеймін. Жолымыз әлі бітпейді. Жолымыз бар! Міндетті түрде шығар жолымыз табылады”.

Алайда, басқа жол жоқ еді...

...Гариптің ашық жатқан көзі ұйқыдан оянғандай. Ол ойран-топаны шыққан үйдегі кішкене бөлменің қамыстан өрілген қабырғаларына түскен бағанада ілінген шырақтың болар-болмас жарығынан әртүрлі бейнелер көре бастады. Бұл елестер басы кесілген құстарға ұқсайды. Алғашында қатты қорқып, айқайлағысы келді, біраздан соң, ол елестер бұрыннан таныстай көріне бастады. Туған ауылындағы бір қауым таныстары болып шықты. Қажыған, әл-дәрмені құрыған, дертке алдырып, қайғыға жеңіліп, ұяттан бастарынан айырылған адамдарды таныды. Бассыз елестер Гариптің жан жүрегін езіп, жаншып жіберді. Іші қызып су ішкісі келгенімен ол су мұнда жоқ-ты. Туып-өскен ауылындағы тау бұлағының салқын сап-салқын суын бұдан бұрын да ішкісі келген еді...  Сол салқын судан соңғы рет тіпті бір жұтым ішсе, шіркін... ішіндегі өрттің қызуын басар ма еді?..

Ажал таңға жуық жетті... Құлағалы тұрған үйдің бүйір тұсынан кіріп, Гарипті ала үнсіз шығып кетті...

Жаңбыр жауып жатты... Адамдар жаңбыр астында мәжбүр тұтқындай Гариптің соңғы тілегін орындау үшін бәр нәрселер іздеп жатыр.

Қожа Муслим қатар жатқан ауылдан жаназа шығаруға шақырылған имамды кідіртіп, жаназа, жерлеу рәсімін біраз кешіктіру үшін әңгімеге тартып әлек.

“Бажыоғлы, – деп бастады, – Алла Тағала армяндардың отбасының ойранын шығарсын! Қара өзеннен ескен жел бізді туған жерімізден қозғап, бұл жерге мәжбүр қоныстанғанымыздан бері елімізбен бірге, бақыт шамшырағынан көз жазып қалғандаймыз! Туған жер, Отан – қасиетті ұғым, балам! Туып-өскен жерден амалсыз айырылған күннен бастап, тағдырдың әнін айтып кеттік. Құдай тілеуіңді берсін, балам, қайтпас сапарға кеткен бауырымыз өте жақсы адам еді. Армяндар ауылымызда ауыр артилериямен артқылап, туған жерімізді басып алған уақытта жанына ештеңе алуға шамасы келмеді. Жалаң аяқ бас сауғалап, қашқан кезде осыған сиынып өмір сүрермін деп, беторамалына сыйғанынша бір уыс топырақ салып әкеліп еді. Топырақты жоғалтып алмас үшін қайта-қайта орнын ауыстырып жүретін. Біздерге қалдырған аманатында: “Егер де өлген кезімде сол бір уыс топырақты көзіме төкпесеңдер бұдан да бетер жаман күнге тап боласыңдар” деп еді. Аманатқа қиянат жасағымыз келмейді. Бірден ауырып қалды бейшара тілі байланып, қайда қойғанын айта алмады. Таң сәріден бері аяғы жер басқан әрбір жан Гариптің туған жерден әкелген сол бір уыс топырағын іздеді. Қайдан сақтаған, қай тастың астына қойғанын еш таба алмадық. Сол бір уыс топырақ жердің түбіне түсіп кетті ме, жоқ.

Имам бесін намазына дейін күтті. Алайда, топырақ табылмады. Уақыт желдей есті. Айналаны қараңғылық басты. Имамға іздеудің соңы көріне қоймаған соң, үйін бетке алды...

Арада жылдар өтті... Ажал күл-талқаны шыққан әр алуан үйшік, барактарда өмір сүріп жатқан адамдарды шетінен алып кетіп жатыр. Туған жерінен, жұртынан босқан бір миллион адам әлі де Гариптің соңғы тілегін орындау үшін баяғы бір уыс топырақты іздеулерін тоқтатпады.

Гариптің жаназасы шығарылмады, денесі әлі жаңбырдың астында...

Бір уыс топырақ табылмай жатыр. Табылмай жатыр...

Аударған: Еркінбек Серікбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354