Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4294 1 пікір 31 Қаңтар, 2022 сағат 15:07

Парақор

Сырдың түлегі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаһарман Бабағұлов деген ағамыз болды. Екеуміз кеуілжақын едік, қарым-қатынасымыз жылдарға ұласты. Жанында көп жүрдім, айтқан әңгімесін көңілге түйдім, басынан кешірген уақиғалардың денін өз аузынан таспалап алып қалдым. Көзінің тірісінде «Өмір жыры» деген деректі роман жазып, өмірден өткен соң шығардық. Адам баласы қанша араласқанда, бірін-бірі қимағанда, інісі қамқор ағасына қандай жақсылық жасай алуы мүмкін? Оның мен үшін жасаған әр жақсылығын ұмытпаймын. Ал менің қолымнан келген бар жақсылығым сол болды.

Қаһаң өте тілді, сөзуар, бетің бар, жүзің бар демейтін турашыл, қай әңгіменің де иін қандырып, орайын тауып айтатын болмысы бөлек жан еді. Бір күні достарымен «қол көріп» отырғанында, әңгіме арасында өзі білетін бір «ағамыз» жайында жылы сөз айтып қалмаймын ба? Жарықтық, қолына ұстап отырған картасын тастай салып, «Берік, осы сенің бір жаман әдетің бар» деп гүрс етті. Мен де бірден ығына жығыла салғым келмей, «Менде жаман әдет жетеді, қайсысын айтасыз?» деп, еркелей қиқарсыдым. «Жұрттың бәрін аға дейсің!» Оу, жасы үлкен болса, сонда не деуім керек? «Үлкен кісі дей сал, ағалығы жоқ адамды кім болса да, ешқашан аға деуші болма!».

Асыл ағаның осы сөзі тас төбемнен қара табаныма дейін іш құрлысымды тік көктеп өте шықты. Шынымды айтсам, есеңгіретіп жіберді. Есімді жыйып, жауап қатамын дегенше, «Әй, Берікжан, сол айтып отырған «ағаңның» үйіндегі жеңгеңнің есімі кім еді, әй?» деп жымиды. Түріндегі тап осы кекесінді марқұмның өзіне айтқызып, қасында отырып көрмесең, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Келінінің есімін өзі де жақсы біледі. Өйткені, Қаһаң атын атағанымды жақтырмай, қитығып отырған «ағаймен» мен алғашында Алматыда, осы кісінің отбасында танысқанмын. Сол кездің өзінде әлгі інісі әжептәуір қызмет тұтқасын ұстап тұр. Кейін тіпті шарықтап кетті ғой.

Менің жауабымды күтпестен, қашанғы төске салып, таптап өте шығатын Қаһарман болмысына қамшы басып, «Сенің сол ағаң барып тұрған нағыз парақордың өзі. Ұят та болса айтайын, ол пара бермесе үйдегі келіннің де қойнына жатпайтын болу керек. Сенбесең, өзің бір кездескенде сұрап көрші...» дей салды да, әрі қарай, дым болмағандай «мизерлетіп» ала жөнелді. Ойпырмай, парақор жайында сөздің талайын естіп жүрміз ғой. Бірақ, мынадай теңеуді алғаш есітуім.

...Өмір өз ағысымен алға жылжып жатты, айтарына келгенде қиқаламай, кесек турап-турап өте шығатын Қаһаң да өтті өмір жалғаныңнан. Ал, әлгі сөз бағышталған кейіпкердің тағдыр-талайын кейін көзімізбен көрдік. Көргеніміз сол, Қаһаңдай абзалдың болжағыштық қасиетіне әлі тәнті болумен келе жатырмын. Негізі, кісі тану деген қасиет екінің біріне біте бермейді. Ал, Бабағұлдың баласы бұл жағынан ерекше жаратылған жан еді-ау, шіркін. Сөйтсем, жалғыз әлгі «ағай» ғана емес, парақор атаулының бәрі бірдеңе бермесе, есепсіз қатынының да қойнына жата бермейді екен ғой.

Берік Жүсіпов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036