Сенбі, 23 Қараша 2024
Не дейді?! 3577 20 пікір 3 Ақпан, 2022 сағат 13:35

Ресейлік білім: Тәуелділік пе, қажеттілік пе?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қазақстанның бизнес өкілдерімен кездесуі кезінде «Болашақ» бағдарламасына өзгеріс енгізілетіні туралы айтқан болатын.

«Біз тым көп экономист, заңгер, менеджерді дайындаймыз. Қазір біз техникалық бағыттағы мамандықтарға көбірек назар аударуымыз қажет. «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, мүмкін бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық жоғары оқу орындарына жіберерміз»,- деді ол. Бұл – Президенттің Ресейлік жоғары оқу орындары туралы бірінші мәлімдемесі емес.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Парламент мәжілісінің отырысында «2025 жылға қарай танымал жоғары оқу орындарының елімізде кемінде 5 филиалын ашу керек» деп тапсырма берді. Оның ішінде, еліміздің батысында техникалық университеттердің екі филиалы ашылуы тиіс екені де айтылған болатын. Бүгінде Президенттің тапсырмасы іске асырыла бастады. Елімізде Де Монфорт (De Montfort University) университетінің бөлімшесі ашылған. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында хабарлады.

«Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған қоса техникалық бағыттар бойынша Ресейдің үздік техникалық ЖОО-ларының бөлімшесін ашу бойынша келіссөздерді бастап кеттік. Одан бөлек, тағы бір ұлыбританиялық университеттің бөлімшесін ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Батыс өңірлерде де жетекші техникалық университеттердің бөлімшесін ашу бойынша жұмыс жүріп жатыр», - деді Аймағамбетов.

Ресейдің техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарын бітірген мамандар елімізге өте қажет екенін ел басшысы кешегі қаңтардың қанқұйлы оқиғасынан кейін берген сұхбатында тағы да еске салды.

«Ресейдің білімі өте жақсы, әсіресе техникалық білімі. Бұл көпке мәлім факт. Мысалы, Мәскеудегі МФТИ, Бауман училищесі, сонымен бірге, Новосібір университеті, Томск университеті т.б, әрине ешқандай міндет-талаптар жоқ. Бірақ, Ресейге оқуға жіберген дұрыс деген болжамымды айттым. Себебі, бұл жерде тілдік барьер болмайды, соны да ескеруіміз керек. Бұл біріншіден болса, екіншіден, біз стратегиялық әріптес болғандықтан бізде бірлескен кәсіпорындар, соның ішінде ірі бизнеске қатысты кәсіпорындар бар, бізге Ресейден оқыған техникалық кадрлар қажет болады», - деді Президент өз сөзінде.

Көріп отырғанымыздай, алдағы уақытта елімізде Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарының бөлімшелері ашылып, жастар көрші елге көптеп оқуға баратыны белгілі болып отыр. Олай болса, Ресейдің аталған оқу орындарына сараптама жасап көрейік.

Жалпы, «Болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау. Бағдарлама студенттердің шетелдік жоғары оқу орындарынан ғылыми дәреже алып,  сондай-ақ, әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми әрі өндірістік тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік береді. Бұл стипендия 1993 жылы 5 қарашада бұрынғы президент Н. Назарбаевтың қаулысымен іске асты.

«Болашақ» бағдарламасына алыс-жақын шетел оқу орындарымен қатар Ресейдің үздік танылған университеттері де енгізілген.

Олар:

Н.Е.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті,

«MИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті,

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті,

Санкт-Петербург мемлекеттік университеті,

Мәскеу физика-техникалық институты.

Сондай-ақ, министрлік қазіргі уақытта «МИСиС» Ұлттық зерттеу техникалық университетін және ИТМО Ұлттық зерттеу университетін тізімге енгізу бойынша жұмыс атқаруда.

Ресйелік ЖОО-лар әлемдік рейтингте көш соңында!

«CWUR» университеттердің әлемдік рейтинг орталығы 2021-2022 жылдарға арналған мәліметіне сүйенсек, Ресейдің №1 университеті М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті әлем бойынша 194 орында тұр. Одан кейін Президент өз сөзінде келтірген Новосібір мемлекеттік университеті Ресейде 6 орынға ие болып, әлемде 506 орынға жайғасыпты. Ресейде 7-8 қатарда көрінген Санкт-Петербург мемлекеттік университеті мен Мәскеу физика-техникалық институты, өз кезегінде әлем бойынша 538 және 542 орында тұр. 9 орындағы  «MИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті әлемде 613 қатарда  орналасқан. Томск мемлекеттік университеті жаһан рейтінгінде 862 болып, Ресейде 13 орындағы оқу орны болып тұр. Одан кейінгі орындарды  Ресейде 17 қатардағы, әлем бойынша 983 орынды алған ИТМО Ұлттық зерттеу университеті мен әлемде 1319 орындағы, ал, өз жерінде 22 қатарға жайғасқан «МИСиС" Ұлттық зерттеу техникалық университеті рейтінгті жалғастырады.

Әлемнің топ-200 университеті қатарынан жалғыз Мәскеу мемлекеттік университеті көрінеді, дегенмен оның өзі ең соңғы орынды алыпты.

Ал, үздік ғылыми журналдарды анықтайтын «Scimago Journal & Country Rank» базасында бүгінде 32958 ғылыми журнал тіркелген. Мұнда сапасы жоғары, әлем мойындайтын ғылыми журналдары ең көп елдер АҚШ – 12410 журнал, Ұлыбритания – 6568 журнал, Нидерланд – 2031 журналмен алдыңғы үштікте, Ресейде 370 журнал бар.  Ресейдің №1 ғылыми журналы саналатын «Eurasian Mining» журналдар базасында 3944-ші болып тұр. №2 «CIS Iron and Steel Review» журналы 4693-ші орында.

Ғылымның сапасын анықтайтын көрсеткіштің бірі – H-index бойынша да Ресей 22 орынмен алғашқы ондыққа кірмейді екен.

Рейтингтің көшін АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Жапония елдері және басқа да Еуропа елдері бастап тұр. Әрине, бұл мемлекеттерде білім мен ғылым сапасы,  студенттер мен зерттеушілердің жағдайы жоғары деңгейде жасалғаны айтпаса да түсінікті. Қазақстан ғылым сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға арналған «Болашақ» бағдарламасына жыл сайын миллиондаған қаржы бөліп келеді.Оқуға баратын студентке бөлінетін қаржы оқу орны орналасқан елге байланысты. Мысалы, АҚШ-та магистратура оқуға бір студентке екі жылға 47,7 млн теңге бөлінеді. Ал, Ұлыбритания университеті үшін 18,9 млн теңге, Швеция мен Қытайға 24 млн теңге мен 9,2 млн теңге аралығында қаражат беріледі.

Қай жағынан алып қарасақ та, Ресейдің жоғары оқу орындарын «ғылымның төресі осында» деген әлемдік рейтингтің алдыңғы қатарынан таба алмадық. Осыдан кейін, Қазақстанның қыруар қаржы бөліп, жыл сайын жастарды оқуға жіберетін «Болашақ» бағдарламасының Ресейге басымдық беруі қаншалықты орынды болмақ?

Ресейден ғалымдар үдере көшуде!

Қосымша ақпарат:

Ресей ғалымдары соңғы кезде елдегі зерттеушілердің кетіп жатқанын алға тартып, дабыл қағуда. 2021 жылы 13 мамырда Ресейдегі Парламент отырысында Ресей ғылым академиясының президенті Александр Сергеев елдегі ғылымның жағдайы туралы ақпарат берген. Оның айтуынша, соңғы 15 жылда басқа елдерде зерттеушілердің саны 30-130% өссе, керісінше Ресей Федерациясындағы ғалымдар саны 17,5%-ға кеміген. Ол елдің ғылыми-кадрлық потенциалы соңғы уақытта алаңдаушылық тудыратынын айтқан.

Ресей ғылым академиясының тағы бір өкілі Николай Долгушкин 2012 жылдан бастап Ресейден кеткен ғалымдар мен жоғары білікті мамандар саны бес есе өскенін мәлімдеген. Соңғы үш жылдың ішінде Ресейдің зерттеушілер саны 30 мыңға қысқарып, ғалымдар санын арттыруды мақсат қылған «Ғылым» ұлттық жобасы құрдымға кеткенін айтты. Ол ғалымдардың кетуінің негізгі себебі «қаржы жетіспеушілігі» екенін атаған. Николай Долгушкин Ресей ондаған жылдар бойы ғалымдар саны тек азаюмен келе жатқан дамыған мемлекеттердің ішіндегі жалғыз ел болып қала беретінін атап өтті. «1990 жылы Ресей ғалымдар саны бойынша әлемде бірінші орынға ие болса, қазір олардың саны 992 мыңнан 348 мыңға дейін, яғни 65%-ға азайған», - деді академик.

Айжан Темірхан

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347