Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4204 8 пікір 9 Ақпан, 2022 сағат 16:19

Cары иттің өлімі һәм Сапарбаевтың «көңіл айтуы»

Кеше Facebook желісінде Жанна Папина дейтін адам өзінің «персик» атты сары күшігін (кәнден ит) ит атқыштар атып кеткені жайлы бейнежазба жариялады. Ұзақтығы 45 секунд. Онда әлгі әйел, «персигін» жоқтап, жылап-сықтап тұрады. Оған 40-тан аса пікір түсіпті. Бірі Жанна ханымға сары күшігінің ит атқыштардың оғынан ажал құшқанына қайғырып, көңіл айтса, енді біреулері себеп-салдарын сұрап, өңірдегі жабайы иттерді байлап ұстайтын арнайы орын салу мәселесін сөз еткен.

Онан соң Жанна ханым 6 минутқа жуықтайтын тағы бір бейнежазба жариялады. Онда Жанна ханым итінің өлексесін сүйреп, облыстық әкімдіктің алдына барыпты. Облыс әкімі Бердібек Сарапбаевты шақырып, жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрғаны баяндалған.


«Менің атым Жанна. Мен Тараз қаласында тұрамын. Бүгін менің итімді өлтіріп кетті. Мен облыстық әкімдіктің алдында тұрмын. Әкім Сапарбаевты күтемін. Біздің плакаттағы (жануарларды қорғау туралы плакат – ред.) жобамыздың құны 3 миллион тұратын. Біз осыған дейін 500-дей итті құтқарып қалдық. Ал менің итімді «37 миллионға атып өлтірді».

Бердібек Машбекұлы, сіз келгенше күтемін. Бұлай істеуге болмайды. Бұл ит – ақылды ит еді. Ол тіпті, даун балалармен де тіл табысатын...

Бұл бюджет ақшасына жасалатын заңсыз аулау. Ол (иттің өлексесі – ред.) облыс әкімі келмейінше, осында жататын болады. Бұлай жалғасуы мүмкін емес. Егер бұл мәселе шешілмейтін болса, мен ертең адамдарды митингке шақырамын. Өйткені сіздер мүлде естімейсіздер. Иттерді атудың арнайы графигі бар. Бұл дұрыс емес. Әлемнің ешбір қаласында бұлай жасамайды. Кеше ғана Грузиядан видеолар жолдап жатыр. Онда иттер адамдардың арасында жүр, базарларда. Ал менің итімді атып кетті. Бұл итті ауланың (қаланың) барлық баласы жақсы көретін. Instagram-нан көрсеңіздер болады. Енді оларға не айтамын? Әкімдіктің ісі дейін бе? Оңбағандар!

Сіздер отырған (түрмеде-ред.), президетке қарсы шыққан адамдарға ақша аударып жатырсыздар. Ал тіпті, адамды қауып алудың не екенін білмейтін итті өлтіре салдыңыздар. Бұл жалғыз кісілік пикет. Маған ештеңе істей алмайсыңдар. Бұл бюджеттің ақшасына істеліп отыр. Бүгін оған тіпті, система құя алмадық. Мен иттерді атуға қарсымын. Былтыр өз қызметкерлеріңізді (ит атқыштарды – ред.) оқыту үшін қанша ақша жұмсадыңыздар?.. Сапарбаев келмейінше, бұл бассыздық жойылмайынша кетпеймін. Егер заң – аулау керек десе, сіздер заңға бағынып, аулауларыңыз керек. Сіздердің атуға құқықтарыңыз жоқ. Ит әртүрлі себеппен көшеде жүруі мүмкін. Адасып кетуі немесе оны қуып жіберуі мүмкін. Ветеренария басқармасына кімді тағайындасаңыздар да, бірі екіншісінен сорақы....», - деп еңкілдеп жылайды.

Жанна Папина онан соң да бірнеше жазба жариялапты. Әр жазбасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты, Президенттің бспасөз хатшысы Берік Уәлиді, Мәдениет министрі Дәурен Абаевты, бұрынғы министр Ақтоты Райымқұлованы, облыстық полиция департаментін белгілеген екен. Тіпті, иттің өлексесін Алматыға, арнайы сараптама жасатуға әкелгенін де жазған.

Ал бүгін Тараздық журналист Жасұлан Әбдіхалық бейнежазба мен аталған оқиғаға қатысты өз пікірін жазыпты. Ол жариялаған бейнежазбадан «персик» дейтін итінің құнын пұлдап, пикет өткізген Жанна ханымның үнін Сапарбаев мырзаның естігені, Жанна ханыммен кездесуге келгені бейнеленген.

«Түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қала әкімінің орынбасары Есенәлиевпен, ветстанцияның директорымен ол округтардың барлығын аралады. Сосын былай, Сен екеуің де кінәлісіңдер. Сендер шаш ал десе, бас аласыңдар ғой. Сендерге: «Атыңдар, қырыңдар», - деп ешкім айтқан жоқ қой. Сендер әуелі соның барлығын анықтауларың керек еді. Адамға зияны бар ма, жоқ па? Балаларды қаба ма, қаппай ма? Ауру ма, содае кейін ғана жаңа айтқандай іздеу керек еді. Иесі бар ма, жоқ па? Содан кейін барып... Ал сендер бірден...», - деп қарамағындағы лауазымды азаматтарды сөге сөйлейді әкім.

Ал Тараздық журналист Жасұлан Әбдіхалық өзінің Facebook-тегі парақшасында:

«Кеше Тараз қаласында тапа-тал түсте белгілі қоғам белсендісі Жанна Папинаның «Персик» атты күшігін ит атқыштар өлтіріп кетті. Еш ескертусіз, аяусыз атып кетті. Мақұлықтың мезгілсіз өлімін зор күйзеліспен қабылдадым. Жанна ханымға қайғысына ортақтасып көңіл айтамын! Біреуге оқтан, біреуге боқтан келетін кесапат өлім ғой. Сабыр етіңіз. ФБ, Инстадан тікелей эфирден көріп отырдық. Көп жыладыңыз. Персикті көтеріп әкімдіктің алдына әкелдіңіз. Әкімнің шығуын талап еттіңіз.

Сіз мықтысыз! Мойындадым! Келді әкім!

Есігінің алдында сағаттап көп балалы аналар келгенде шықпаған әкім, әкімдікті бүлікшілер өртеп жатқанда шықпаған әкім, журналистерді тергеп тексеріп, тепкілеп жатқанда келмеген әкім, келді!

Өзі ғана емес, қасында қала әкімі Жылқыбаев, ауылшаруашылығы орынбасары Нұржігітов, ветеринария басшысы, «прессегі», бәрі келді, Персикке!

Айнала қоршап тұрып сөз сөйледі. Персиктің арманы жоқ, әкпе! Арманы жоқ!

Күні кеше Қаңтар қырғынында қаза тапқан, абайсызда оққа ұшқан боздақтарға бұл басшылар бармаған, көңіл айтпаған.

Сапарбаев өлген иттің басында тұрып жауаптыларға ұрысты:

«Екеуің де кінәлісіңдер. Шаш ал десе бас аласыңдар. Сендерге ешкім айтқан жоқ қой, бәрін атыңдар қырыңдар деп. Сендер әуелі алдымен анықтауларың керек еді, мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па? Балдарды қаба ма қаппай ма? Ауру ма, сау ма? Қауіпті ма? Содан кейін ғана әрекет ету керек еді», - деді.

Айналайын әкімім-ай. Астарлап нені айтқың келгенін түсіндім. Әлде мен әлемдегі ең «тупой» адаммын. Бірақ, маған бәрі басқаша естілді. Мына сөздердің барлығы Қаңтар қырғынына арнап айтылып жатқан сияқты.

«Шаш ал десе бас аласыңдар». Президент сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деген жоқ қой. Барлығы террористер емес қой, арасында бейбіт шерушілер, кездейсоқ жүргендер бар. Алдымен анықтамайсыңдар ма? Қоғамға зияны бар ма, жоқ па? Қауіпті ме? Содан кейін ғана әрекет ету керек», - деп естідім, солай түсіндім!

Персик сен кешірші бізді. Біз сені қорғай алмадық. Бейбіт күнде оққа ұшырып алдық. Бұл әрине үлкен қасірет. Сен қаһарман итсің! Сенің, күн сайын кәріс кухняларында сойылып, табақпен тартылып жатқан жүздеген иттердің әруақтарының алдында арың таза! Сен, ешкім түсіндіре алмаған Ұлттық трагедияны - иттік трагедиямен түсіндіріп кеттің.

Бақұл бол, Персик!», - деп жазған.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407