Қауіп көп: Қазақстан мен Ресей жақындастығы артты
Қазақстан Тәуелсіздікті қалпына келтірген күннен бастап, көпвекторлы саясат ұстанып келеді. Алайда соңғы жылдары Қазақстанның көпвекторлы саясатты ту ету қалыптасқан геосаяси жағдайларға байланысты қиындай түскендей.
2014 жылы Ресей барлық Халықаралық шартты өрескел бұзып, Украина аумағына шабуыл жасады. Ол Қырымды күшпен тартып алды және Украина шығысында соғыс бастады. «Бұл ТМД елдері үшін үлкен сигнал болды», - дейді сарапшылар. «Бірқатар елдер Ресейден алшақтай бастады, ал кей елдер уақыт ұту үшін Ресеймен одақтастық байланысқа түсуге мәжбүр болды», -дейді мамандар.
2015 жылы 1 қаңтарда Еуразиялық Экономикалық Одақ ресми жұмысын бастады. Оған дейін «Кедендік Одақ» ретінде жұмыс істеген экономикалық ұйым, ендігі таңда үлкен экономикалық бірлестікке айналды. Аталмыш одақта Ресей пайда көріп, өзге елдер зиян шегуде. Алайда, соған қарамастан одақтан шығуға ниетті емес, себебі оның соңы Ресейдің агрессиясына әкеліп соғуы мүмкін. Саяси тұрақтылық пен аумақтық тұтастықты экономикалық шығынға айырбастап отыр. Солардың ішінде Қазақстан да бар десе болады.
Жалпы Қазақстан Украинадағы қақтығыстан кейін проресейлік бағытқа ауыса бастады. Оны жоғарыда айтқан экономикалық одақтан бөлек, түрлі екі ел арасындағы жобалар да дәлелдеп тұр. Жалпы Еуразиялық Экономикалық Одақтың өзі саясиланып барады. Мысалы Беларусь тарапына салынған санкцияның әсерін азайту үшін Минск «Санкциядан бірлесе шығуға тиіспіз», деп бастама көтеріп келеді. Ал Ресей мен Беларусьқа санкция олардың саяси қателіктерінің салдарынан салынған болатын. Осылайша Мәскеу мен Минск экономикалық одақтағы өзге елдерді өз ұйықтарына шақырып, әлемдік геосаяси қақтығыстың ішіне кіргізуге тыраштанып әлек.
2020 жылдан бастап Ресей тарапы Қазақстанға өз қысымын арттырды. Атап айтқанда Кремль саяси қысым ретінде «Қазақстанның жері тарихи негізде Ресейге тиесілі» деген өтірік фактіні көтеріп, шу шығарды. Екі ел арасында салқындық пайда болып, Қазақстан нота жолдады.
2021 жылы Ресей басқа мәселені көтерді. Бұл жолы Кремль «Қазақстанда орыс тілділерге қысым артты» деген өтірікті көпіртіп, телеарналар мен радиолар, газеттер мен сайттар арқылы күшейтіп, Ақордаға қысымды арттырды. СІМ ресми мақала жазып, «Қазақстанда ксенофобия артты» деп мәлімдеді. Аталмыш қысымдар өз нәтижесін берген сыңайлы.
2021 жылы Қазақстан Ресеймен үлкен келісім жасады. Ол СБЕР платформасына қатысты болатын. Келісім құны 500 млн долларды құрайды және бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл келісім іске асса, Қазақстанның цифрлық қауіпсіздігіне нұқсан келуі әбден мүмкін.
Артынша Қазақстан билігі АЭС салу мәселесін көтерді. Әрине, бұл тұрғыдан АЭС-ті «Росатом» салуы мүмкін деген ой айтылуда. Аталмыш ойды президенттің 11-12 ақпандағы Ресейге жасаған сапары барысындағы келісімі де қуаттай түскендей. Нақтылап айтқанда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясы (Ресей Федерациясы) арасындағы Қазақстан Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қадрларды даярлау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
Аталмыш сапар барысында Ресей президенті мен Қазақстан президенті арасында бірнеше ресейлік ЖОО-рының филиалдарын Қазақстанда ашу туралы келісімдер жасалды. Ресейлік ЖОО-лар биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына көптен енетіні де айтылды.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасында Қазақстан ҰҚШҰ әскерінен көмек сұрады. Ресей ең көп әскерін жіберген ел болды және бұл да Ресейдің Қазақстандағы ықпалы артатынын аңғартса керек. Ресейдің Қазақстандағы елшісі АҚШ пен Қазақстан арасында ұйымдастырылатын «Дала Қыраны» әскери жаттығуы енді өтпейтінін қуанышпен жеткізген болатын.
Сарапшылар «Қазақстан Ресейге бағыт алды және көпвекторлық әлсіреп бара жатыр», дейді. Сансыз экономикалық және білім саласындағы келісімдер, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Ресей әскери базалары мен «орыс әлемі» атты идеологиялық жобалары расымен Ресейдің ықпалы артқанын білдірсе керек.
Ка Мырза
Abai.kz