АҚШ-тың Ата Заң қабылдауы: Назарбаев мысалы
АҚШ АТА ЗАҢЫНЫҢ ҚАБЫЛДАНУЫ ХАҚЫНДА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ РЕФОРМА ЖАЙЛЫ САРАЛАНҒАН ОЙЛАР
Президент Қ.К.Тоқаев алдағы наурыз айында еліміздегі саяси реформалар жайлы өз байламын жария етпек. Демек, қазақ елі жолайрықта тұр. Егер еліміздің болашағы үшін дұрыс саяси таңдау жасамасақ, «қаңтар қасіреті» тағы қайталануы мүмкін. Соның кесірінен туындайтын саяси және қоғамдық дағдарыстың бодауы мемлекет пен халқымыз үшін тым қымбатқа түсері хақ. Дұрыс, түбегейлі саяси реформа сол үшін қажет. Осыдан 235 жыл бұрын АҚШ халқы өз болашақтары үшін дұрыс таңдау жасаған болатын. Олардың ізденістері, демократия мен бостандық жолындағы жанқиярлықпен жасаған күрестері бізге құнды сабақ болары сөзсіз. Төменде олардың мемлекет құру мен Ата заңды қабылдаудағы кешірмелеріне талдау жасап көрелік.
Әлқисса, біздің жыл санауымыздың 1787 жылы 25 мамырында әлемдегі ең құдыретті елдің Ата заңын қабылдауға арналған Филадельфия мәжілісі өз жұмысын бастады. Мәжіліс салтанатын алтынмен апталып, күміспен күптелген сәнді сарайларда өтетін біздегі Парламент отырыстарының айбынымен салыстыру мүлде мүмкін емес. Ондағы мәжіліс залы көрер көзге өте қораш, төрағалар жайғасатын биік мінбе деген атымен жоқ. Үстел, орындықтар қалай болса солай қойылған, ауылдың қарапайым хабақханасынан еш парқы жоқ еді. Ал мәжіліс делагаттары да Америка Құрама Штаттарының тағдырын шешуге жиналған салауатты саясатшылардан гөрі хабақханаға шәй ішуге немесе таңертең бірер тостаған сыра ішіп, бас жазуға жиналған ауыл адамдарына көбірек ұқсайтын. Шынында да, олардың басым көпшілігі ауылдық жерден сайланған даланың еркін көкжалдары еді. Олар мәжіліс отырыстарында өзін өте еркін сезінетін. Отырыстарға қаласа қатысатын, қаламаса шығып жүре беретін. Өз ойларын ешкімнің қабағына қарамай, бүкпесіз, ашық айтатын. Тіпті, бір-бірінің сөзін тоспай қызыл кеңірдек болып дауласып жататын. Оларды тәртіпке шақыруға да ешкімнің билігі жүрмейтін. Делагаттардың саяси көзқарасы, кәсібі, шығу тегі, экономикалық әл-ауқаты, өскен ортасы да түрліше болатын. Осы бір топ дала тағыларының бостандыққа еті үйренгені сонша, егер ішкі-сыртқы жағдай мәжбүрлемегенде, оларға мемлекет пен үкіметтің де ешбір қажеті жоқтай көрінуші еді. Сол себепті де олар бұл араға Құдайдың зорлығымен амалсыз бас қосты. Әр штаттан сайланған делегаттар мәжіліс болатын жерге бірі ерте, бірі кеш жиналады. Тіпті, мәжіліске өкіл жіберуден бас тартқан штаттар мен өз өкілдеріне жол қаражат тауып бере алмаған штаттар да болды. Осындай жағдайлардың кесірінен мәжіліс белгіленген уақыттан 11 күн кейін басталды. Және соның өзінде небары жеті штаттың өкілдері ғана келіп үлгерген болатын.
Осыдан кейін мұнша қиындықпен құрылтай шақырып, заң қабылдаудың қандай қажеттілігі болды екен деген заңды сұрақтың өз-өзінен туындайтыны сөзсіз. Енді осыған тоқталайық. АҚШ тарихына көз жіберсек, осы бір алып державаның ел болу тарихы 1776 жылы 4 шілдеде жарияланған «Тәуелсіздік жарнамасынан» бастау алады. Ал одан бұрын ше? Одан бұрын солтүстік Америка құрлығында мемлекет емес, Ұлыбритания империясының отарлары болатын. Империяның осы өңірдегі отар аймақтары түрліше кезеңдерде және түрліше жағдайларда қалыптасты. Ағылшын императорының бұл аймақтарға сырттай иелік құқығы болғанмен, іс жүзінде олар өздерін-өздері дербес басқарды. 1607 жылдан 1732 жылға дейін мұндай отар аймақтардың 16-сы құрылды. Кейін үшеуі басқаларға қосылды да 13 орталық аймақ болып қалыптасты. Олар солтүстіктен оңтүстікке қарай Нью-Хэмпшир, Масачусетс, Род-Айленд, Конектикут, Нью-Йорк, Нью-Джерси, Пенсильвания, Делавер, Мэриленд, Виргиния, солтүстік және оңтүстік Каролина, Джорджия аймақтары еді. Бұл отар аймақтар түрліше жолдармен қалыптасты. Мысалы, Виргиния мен Масачусетс отар аймақтарының негізін салушылар айырықша құқықты компаниялар болса, Нью-Хэмпшир, Мэриленд, оңтүстік және солтүстік Королина, Ню-Джерси, Пенсильвания аймақтары ағылшын ақсүйектеріне Король сыйға тартқан жерлерден бой көтерді. Ал Род-Айленд, Коннектикут отарлары Роджер-Уилямс сияқты еркін ойлы адамдардың бастауымен айырықша құқықты компаниялардан бөлініп, шекаралық өңірлерде жаңа елді мекендер салу арқылы, тұрғындардың өзара келісімімен автономиялы аймақтар қалыптастырды.
Түрліше жағдайда қалыптасқан отар аймақтар өз алдына түтін түтетіп, өз күндерін өзі көретіндіктен, өмір сүру тәсілі, басқару жүйесі, қоғамдық тәртібі және даму деңгейі де бір-бірінен өзгеше болатын. Тәуелсіздік жолында соғыс тұтанғанға дейін олар бір-біріне қол үшін бермейтін, өзара ат ізін салмайтын томаға тұйық жағдайда өмір сүрді. Олардың басын қосып біртұтас басқарудың аса қымбатқа түсетіндігін сезген Британ үкіметі де отар аймақтарды біріктіруге құлықты болған жоқ. Мұндай бетімен кеткен берекесіз аймақтардың басын қосып, бір мемлекет құруды қиялдаудың өзі қорқыныш еді. Тіпті, оларды бір дастарқанның басына жинап, кеңесудің өзі қиынның қияметі болатын. Егер сол кездегі Британ Парламенті астамшылық танытып, жаңа отаршылдық жүйе қалаптастыру үшін 1774 жылы бес бірдей шектен шыққан заң жобасын қабылдамағанда, отар аймақтар сол баяғыдай бір-біріне ат ізін салмаған күйде өз бетімен өмір сүре беруі де бек мүмкін еді.
Аталған заң жобаларында егер Британ мансаптыларының үстінен шағымданған отар аймақтар тұрғындарының арызы отар аймақтардың өзінде емес, тек Британ аймағында қаралады. Британ әскерлері отар аймақтар тұрғындарының үйіне қалаған уақытында басып кіре алады, Масачусетстың өз-өзін басқару құқығы жойылады. т.б.
Әрине, мұндай шектен шығушылыққа әсте түзуге болмайтын еді. Тәуелсіздік пен бостандықты өз өмірлерінен жоғары қойып үйренген адамдар үшін мұндай кемсіту мен қорлауға көну өліммен бірдей болатын. Бірақ, Британ король Георг ІІІ осыншама халықтың өркениетті Англиядан кетіп, адам аяғы баспаған құлазыған қу далаға келуі еркін, тәуелсіз өмір сүру үшін екендігін түсінгісі келмеді. Әсіресе, Масачусетстерді өз-өзін басқару құқығынан айыру барып тұрған саяси көрсоқырлық болатын.
1620 жылы Англиялық Пилигримдердің (діни реформашылдар) ең алғашқы бөлігі Голландияның Лейден қаласынан «Мэйфлауэр» кемесіне отырып, теңізде 66 күн сапар шегеді. Олар кемеде Пилигримдер билік құрылыс туралы құжат қабылдайды. Ол бізге «Мэйфляуэрдегі келсім» деген атпен белгілі. Алғашқы топта Масачусетстке қоныс тепкен осы бір қайсар жандар небары 102 адам ғана болатын. Сол жылғы қатал қыстың өзі олардың 58-інің өмірін жалмады. Келер көктемде «Мэйфлауэр» кемесі осы араға қайта оралғанда тірі қалғандардың бірде-біреуінің өркениетті Англияға қайтқысы келмей осы бір құлазыған қу далада еркін өмір кешуді таңдауы кеме капитанын таң-тамаша қалдырған болатын. Бүгінде Америкалықтардың «Мэйфлауэр» кемесымен келгендерді Америка рухының бастауы санап, мақтаныш ететіндігі де сол себепті болса керек.
Астамшыл Корольдың отар аймақтарды тізеге салып, күшпен көндірмек болған қатыгез саясатының ақыры отар аймақтар халқын қаруға жүгініп, өз құқық-мүддесін қанмен қорғауға мәжбүр етті. Әрине, олар бірден қан төгіске асыққан жоқ. Мәселені бейбіт жолмен түсіністік пен келісім арқылы шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырды. 1774 жылы 5 қыркүйекте Филядельфияда шақырылған тұңғыш құрлықтық конгрессте «Құқықтық декларация» қабылдап, корольдан адам төзгісіз заң актілерінің күшін жойып, бейбіт келісімге келуді талап етті. Американдық төкерісші Джозефоррен Ағылшын досына жазған хатында: «Таласты бейбіт жолмен шешуге әлі де кеш емес. Бірақ, мен мынаған кәміл сенемін. Егер .......... біздің елге Парламенттің соңғы актілерін жүзеге асыру үшін әскер келетін болса, Британдықтарға бүкіл Америкадан кетуге тура келеді», - деп ескерткен болатын. Өкінішке қарай, халыққа бірінші болып қару кезенген де Корольдың өзі болды. Бұған жауап ретінде отар аймақтар да қаруға қарумен жауап берді. 1775 жылы 10 мамырда Филядельфия да құрлықтық армия жасақталып, оған полковник Джордж Вашингтон бас қолбасшы болып тағайындалды. Толарсақтан қан кешкен қатыгез соғыс сегіз жылға созылып, отар аймақтардың жеңісімен аяқталды.
Тәуелсіздік жолындағы соғыс өлсе топырақ салыспайтын оқшауланған отар аймақтардың басын біріктіріп қана қойған жоқ. Екінші шақырылымдағы құрлықтық конгресс соғыс қимылдарын ұйымдастырумен бірге Америка Құрама Штатының мемлекет ретінде қалыптасуының іргетасына айналған аса маңызды құжаттар қабылдады. «Тәуелсіздік декларациясы» отар аймақтарды тәуелсіздік пен еркіндік жолына бағыттаса, «Конференция баптары» дербес отар аймақтардың бір тудың астына жиналуына негіз қалады. Бірақ, тарихи маңызды құжаттарды қабылдау, отаршылдарға қарсы соғыстың жеңісі мен тәуелсіздік Америкалықтардың барлық мәселесін шешіп тастаған жоқ еді. 1783 жылы 3 қыркүйекте, «Париж бейбітшілік шартына» қол қойылған соң, барлық істі тындырғандай болған дала көкжалдары қаруларын қап түбіне салып, жеңіс жырын айтып, үйлеріне қайтқан болатын. Тіпті, олардың небары бастауыштық сауаты бар бас қолбасшы Джордж Вашигтон да әскери билігімен қоса, бүкіл армияны Құрама Штат Парламентіне тапсырып өз қоржасында фермерлік жұмысқа ден қойған болатын. Десе де, тәуелсіз елдің іргесін бекіту үшін мемлекет құруда мүлде тәжірибесіз Америкалықтарға әлі де біраз тер төгу керек екен. Мұны олар араға төрт жыл салып бір-ақ түсінді. Осы төрт жылда «Тәуелсіздік декларацияда» айтылған арман-мұраттарға 1781 жылғы соғыс жүріп жатқанда бір қойнауы ішінде қабылданған «Конференция баптарында» белгіленген ережелермен қол жеткізудің мүмкін болмайтындығын қоғамның саналы бөлігі айқын түсінді. Тәуелсіздіктен соңғы төрт жылда қордаланған мәселелер шынында шаш етектен еді. Жалпылама мемлекет Америка Құрама Штаты деп аталғанымен, онда мемлекет басшысы, Үкімет жетекшісі деген атымен болған жоқ. Орталық үкіметке тиесілі сыртқа соғыс жариялау, сыртқы саясатпен айналысу, сауда-саттықты реттеу, тәртіптерді белгілеу, салық жинау, ақша шығару осының бәрі бір палаталы парламенттің құзырына жүктелді. Ал заң шығарушы және атқарушы билікті өз қолына алған Парламенттің билігі де мардымсыз еді. Мысалы, теңіз армиясын жасақтап, әскер қатарына шақыру, штаттар арасындағы дау-дамайға төрелік айту үшін штаттардың кемінде үштен екісінің мақұлдауын алу керек болатын. Бұл өз кезегінде сыртқы жаулар мен ішкі бүліншіліктерге қарсы тұруға да дәрменсіздік ететіні айдан анық еді. Жағаға жармасқан сан сұрақтар онсыз да басы бірікпейтін берекесіз штаттарды бүліншіліктің, азамат соғысының, үкіметсіздіктің құйғанына батырып, шаңырағын ортасына түсіруге шақ қалған болатын.
Осы жолғы тарихи басқосудың қанша қиын болғанына қарамастан, кеңеске жиналған делегаттардың едәуір бөлігі білімді де тәжрибелі көрнекті мемлекетшіл тұлғалар еді. Олар өзара пікір алуандығына қарамастан АҚШ тағдырын дағдарыстан шығару үшін қуатты орталықтанған билік жүйесін құру арқылы 13 жартылай тәуелсіз штаттар билігі мен орталық биліктің өзара қатынасын үйлесімді шешу керек екендігін бірден түсінді.
«Күлтөбенің басында күнде кеңес» дегендей, Филадельфияның аптап ыстығында бүкіл жаз бойы жұмыс істеген кеңес мүшелері түрлі жобаларды 569 рет екшеп-талдап, дауысқа салу арқылы тұтас адамзатқа үлгі болған АҚШ Ата заңын өмірге әкелді. Енді осы 569 рет айтыс-тартысқа негіз болған өзекті мәселелерге талдау жасап көрелік.
Айтыс-тартысқа бірінші кезекте себепші болған Парламенттегі халық саны түрліше штаттардың, яғни, үлкен және кіші штаттар мүддесінің әділетті шешілуі болды. Осы негізде қос палаталы парламент жүйесі талдап алынып, төменгі палата Өкілдер Палатасы штаттардың халық санына байланысты, ал жоғары палата Сенатта әрбір штаттан өкілдер санын бірдей сайлау ұсынылды. Екінші кезекте атқарушы биліктің өкілеттілігі және оны сайлау мәселесі тұрды. Атқарушы билікке өкілеттіктер беру және оны тежеу мәселесі мемлекеттің іргесін қалаушылар үшін ең өзекті де қиын мәселеге айналды. Бұл жерде мына бір ұғымның басын аша кету керек. 1787 жылғы Филадельфия мәжілісінен бұрын Америкада президент деген болған емес. Әлемде де ондай мемлекеттік лауазым жоқ болатын. Оның әуелгі латын тіліндегі мағынасы да «басқарушы, жетекші» дегендей ғана. Ол ешқашан патша емес, тек Құрама Штаттардың билік жүйесіндегі атқарушы биліктің жетекшісі ғана. Біздің қазақи ұғымға салсақ, ол отбасындағы ата-ененің қолындағы келін сияқты. Келін босағаны аттаған соң осы үйдің дастарқан мәзірін өз қолына алып, ас-суын дайындаумен айналысады ғой. Сонда ата-ене болған адам осы үйдің тіске басар жылы-жұмсағы сақталатын кебеженің кілтін берерде келінге сын көзбен қарауы әбден заңды құбылыс. Себебі, келін текті жердің қызы болып, ата-енесіне жатып жастық, иіліп төсек болса, отбасының шаруасын дөңгелетіп әкететін, берекелі, қайырымды жан болып кезіксе нұр үстіне нұр. Ал шыққан жері тексіз, сырты жылтырақ, ішінде ит өліп жататын, аяр, безбүйрек, қайырымсыз және мінезі шайпау біреу болса, оның үстіне отбасындағы ата-енесінен тартып момын, аңқау, кешірімді жандар болса, көргенсіз келін ата-енесін аяғымен көрсетіп, отбасы мүшелерін өз білгенінше билеп түстеп, жақтырмағандарын шөміштен қағып, жылы-жұмсақты ұрдап-жырдап төркініне тасып, жат пен жақынды парықтамай, орынсыз сауық-сайран құрып, мал шашып ең соңында барған жерін тақырға отырғызып, отбасын ойрандап тынуы да мүмкін. Біздің аңқау, момын қазақ та 1995 жылы кебеженің кілтін бір отбасыға сеніп тапсырамын деп, ең соңында бір мемлекеттің ойраны шыға жаздаған жоқ па?! Шынында, кеңес мүшелерінің алаңдауына негіз боларлық ішкі-сыртқы жағдайлар жетіп артылатын. Кеңесте делегаттар өз елінің болашағы үшін асқан жауапкершілікпен бүкпесіз, еркін, талас-тартыстар негізінде жұмыс істегенімен, тұтас Құрама Штаттар жағдайында демократия әлі де балаң күйде еді. Ең бастысы халық қараңғы жағдайда болатын. Ол кезде әлемде диктаторлық дара билік жүйесі Үкім сүріп тұрғанда, олар өзі сайлаған атқарушы билік иесін хан-патшаға балап (марқұм Роза Бағыланова апамыздың Н.Назарбаевты «ақ патшам» деп аузынан тастамайтыны сияқты), қолдан диктатор жасап алуы әбден мүмкін еді. Кеңес мүшелерінің ішіндегі ең жасы үлкен, ұлы ғұлама Бенджамин Франклин де: «Бірінші тізгін ұстар адамның мінсіз жан боларына шүбәм жоқ. Қалғанын бір құдай білсін», - деп кеңес мүшелерін бұл мәселеде аса ыждағатты болуға шақырған болатын. Сонда Франклин меңзеген мінсіз адам Вашингтон екендігін кеңес мүшелері іштей мақұлдап, бірде-бірі қарсылық білдірген жоқ. Ол кезде кеңес мүшелері оның жеке басындағы асыл қасиеттеріне ғана сеніп қалған жоқ. Екінші бір қырынан оның өз кіндігінен тараған ұрпағының жоқтығы да мемлекетті өзімен бірге отбасының билеп-төстеуіне мүмкіндік бермейді деп сенді. Бірақ, адамның бәрі Вашингтондай мінсіз, ұрпақсыз болмауы мүмкін ғой. Егер ағат басып, бүкіл билікті сайланбалы диктатордың қолына беріп жіберсе, одан халық өз билігін қайтарып алу үшін тағы бір төңкеріске, тіпті, қан төгуге баруы әбден мүмкін. Кеше ғана өткен «қаңтар қасіреті» осының дәлелі. Құрама Штаттар халқы онсыз да дара билеуші Ағылшын Корольіне қарсы сегіз жыл қан кешіп бостандыққа жетті ғой. Қоғам ендігәрі өз тағдырымен тәжірибе жасауға келіспейді. Сондықтан да мәселені түбірінен шешіп алу керек. Құрама Штаттар халқының дана перзенттері осы мәселені айқын түсінді және асқан жауапкершілікпен көрегендік таныта білді. Әрине, ол үшін бұрын ешкім президент сайлап көрмегендіктен, дайын тұрған тәжірибе де жоқ еді. Сондықтан олар түрліше жобалар ұсынып, алуан түрлі күдік-күмәндарын қарша боратып жатты. Ең алдымен әкімшілік басқарушы, яғни президент бір адам болама, жоқ бірнеше адам болып кеңесіп басқарама деген мәселе қаралды. Кеңесе келе, «Молда көп болса, қой арам өледі» дегендей, бір адам басқарғаны жөн деген тоқтамға келген соң, ол қанша жылға, қанша кезекке сайлана алады деген мәселе көп талас тудырды. Біреулер 7 жылға бір мәрте сайлайық десе, біреулер 11 жылға сайлайық деді. Ал 15 жылға бір мәрте сайлайық деушілер табылғанда делегаттардың көбі өре түрегелді. Массачусетстен сайланған делегат Руфус Кинг тіпті, ашудан жарылардай болып: «Оданша жиырма жылға бірақ сайлайық. 15 жыл дегенде бір диктатор билік құратын мезгілдің жарымы ғой. Ақыры біз ұзақ мерзімге диктатор сайлауға жиналған болсақ», - деп 15 жылдың адам түзгісіз ұзақ мерзім екендігін айтып, бұл ұсынысты қатты сынға алды. Ойлап көрсек, олардыкі де күпіршілдік екен. Басқа түскен соң көнесің ғой. Біздің қазақ отыз жылға созылған бір адамның дара билігіне де көнді емес пе?! Куба, солтүстік Корея халықтары одан да ұзақ мерзімге көнуге мәжбүр болып отыр. Әрине, президенттің билік құру уақытын лайықты мерзімге шектеудің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселе ол қалай сайланады және оның билігін қалай тежеуге болады? Биліктің үш бұтағының өзара қатынасын қалай реттеу керек? Міне осы мәселелер бәрінен маңызды еді. Сондықтан билік тармақтарының қанша мерзімге сайланатындығын уақытша қоя тұрып, сөзді қалай сайлау жүргізу керек деген мәселеге бұрды. Сенат пен Өкілдер Палатасының қалай сайланатындығы пәлендей талас тудырған жоқ. Ал атқарушы билік пен сот жүйесін қалай жасақтау керек деген мәселеге келгенде талас-тартыс шырқау шегіне жетті. Ең бірінші кезекте президент парламент сайласын және ол бір кезектен артық сайланбасын деген ұсыныс үстем орынға шықты. Бұл ұсынысқа АҚШ Конститутциясының әкесі атанған Виргиниялық Джеймс Мэдисон, Пенсильваниялдық Джеймс Уилсон қатарлы аса беделді делегаттар үзілді-кесілді қарсылық танытты. Олардың уәжі бойынша егер президентті парламент сайласа, онда ол парламенттің қол баласына айналып, онсыз аттап баса алмайтын болады. Егер президент олардың айтқанына көніп, айдағанына жүрмесе, олар оған: «Сен қалай президент болғаныңды ұмытып қалма, біз сені қалай таққа отырғызсақ, солай кетіріп тынамыз», - деп қорқытып-үркітуі әбден мүмкін деп шыр-пыр болған еді.
Өзінің тәуелсіз ел болған тарихында бірде-бір рет әділ сайлау өтіп көрмеген біздің елдің тәжірибесін еске алғанда, олардың уәжімен келіспеу мүмкін емес сияқты. Бір кездері орталық сайлау комиссиясын басқарған Зағипа Балиева ханымның мәжілісмендерге: «Қалай депутат болғандарыңды ұмытып қалмаңдар», - деп айбар шегуінің себебі де осында жатса керек.
17 шілдедегі отырыста сөйлеген сөзінде Джеймс Уилсон: «Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі сынды биліктің үш бұтағын бір-бірінен ажырату азаматтар құқығын қорғаудың ең негізгі талабы. Ал бұл үш тармақтың өзара тәуелсіз болуы, олардың шын мәнінде бір-бірінен ажыратылғандығының кепілі», - деп билік тармақтарының бір-біріне тәуелді болуына жол ашатын әрқандай шешімнің апатты жағдайға ұрындыратынына аса көрегендікпен дөп басып болжады.
Осыдан 235 жыл бұрынғы АҚШ тарихымен терең танысқан сайын әрбір Америкалықтар үшін, тіпті тұтас адамзат үшін теңдесіз маңызы бар құндылықтар жолында күрескен сол бір шоғыр ұлы тұлғалардың жан қиярлық ерлігіне сүйсіне отырып, өзімнің туған елім туралы ойламау мүмкін емес. Қазақ қоғамының бүгінгі қасіреті де Джеймс Уилсон айтқан биліктің үш бұтағының бір-бірінен тәуелділігінде, тіпті, оның бір адамға тәуелділігінде жатқандығын тәуелсіз Қазақстанның өткен тарихы ешбір шүбәсіз дәлелдеп берді. Алда болатын конституциялық реформада біз осы мәселеге әсте бейжай қарамауға тиіспіз. Егер үш биліктің өзара қатынасында қолданыстағы конституцияның нормалары өзгермесе, онда «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалады дей беріңіз.
Енді президентті кім сайлайды деген мәселеге қайтып оралайық. Президентті сайлау тәсіліне байланысты 8 түрлі ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныстардың барлығы қорыта келгенде қолында билігі барлардан қалай сақтанамыз деген мәселеге саятын. Байлық мен билік - адамды арбайтын және жолдан тайдыратын ең әзәзіл нәрсе. Діндарлар шайтанның өзі осы екеуіне көбірек үйірсек болатындығын айтады. Сол себепті, қолында билігі барлардан сақтану ұры-қарыдан сақтанудан әлдеқайда қиын. Диктаторлардың көбі халқын тонайтын ұрыларға оп-оңай айналып кететінінің дәлелі осы. Делегаттар қолында билігі бар Парламенттің президентті сайлауына қарсы болуының себебі де осында болатын. Егер атқарушы билік пен заң шығарушы билік өзара ауыз жаласып кетсе, мұның ақыры жақсылыққа апармайтын еді. Олар кеңесе келе, жалпы халық сайлау керек деген шешімге тоқтады. Бірақ, БАҚ нашар дамыған сол дәуірде халықтың талғамына да күмәнмен қарауға тура келетін еді. Сол себепті олар халықтан сайланған сайлаушылар сайласын деген шешіммен бұл мәселеге де нүкте қойды.
Әрине, президент сайлауы әкімшілік мансаптың бір бөлігі ғана еді. Ал тұтас сайланбалы билік жүйесіне қандай өкілеттіктер береміз және оның билігін қалай тежейміз деген мәселе ең үлкен бас ауыру болды. Мұнда, президенттің билігін тежеп қана қалмай, парламенттің билігін де тежеу мәселесі ерекше маңызды еді. 16 маусым күні сөйлеген сөзінде солтүстік Королиналық делегат Уилиямсон: «Адамзат қоғамында дара биліктің пайда болуы түрліше жағдайда қалыптасты. Кейбірінде әкімшілік дара билік, кейбірінде әскери дара билік, кейде Парламенттік дара билік жүйесі үкім сүрді. Теориялық және практикалық тұрғыдан алғанда егер заң шығарушы билікке шектеу қойылмаса, азаматтардың бостандығы мен құқығы сөзсіз аяққа тапталады. Мемлекетте тұрақтылық болмайды. Ал заң шығарушы билікті тежеуде депутаттардың ар-ұжданына ғана сенім арту жеткіліксіз. Сол себепті, Парламентті өз ішінен бірін-бірі бақылайтын тәуелсіз екі құрылымға жіктеу керек», - деп қос палаталы Парламенттің тиімді жүйе екендігін дәлелдеуге тырысты. Бірақ, қауым палатасы жіберген қателіктерді Сенат түзейді дегенге де күмәнмен қарайтындар табылды. Себебі, сенаторлар да ет пен сүйектен жаратылған пенде. Уақыт ұзара келе оларды да біреу жемтікке дәндетіп, қолына үйретіп алуы мүмкін ғой. Бұдан сақтанудың тәсілі де табылды. Ол Сенаттың құрамын жаңғыртып отыру. Демек, әр екі жыл сайын Сенаттың үштен бір сенаторы жаңадан сайланып отырады. Осымен Парламентке қатысты мәселеге нүкте қойылды ма? Жоқ! 21 шілде де сөйлеген сөзінде Мэдисон қос палаталы Парламенттің сүзгісінен өткен заңдар тимсіз тіпті, зиянды болып шықса қалай болады деген күмәнін ортаға салды. Рас, парламент қабылдаған заңдарға да біреу күмән келтіріп, оны терістеуге құқылы болу керек қой. Ал мұндай өкілеттік кімде болу керек? Делегаттардың көпшілік бөлігі мұндай өкілеттікті президентке беру керек деген ұсынысты қолдады. Ал Франклин қатарлы бір бөлімдері президенттің мұндай өкілеттігі артық деп санады. Соңында Виргениялықделегат Георге Масон қатарлылар: «Бұл шара президент пен парламент арасында тиімді әріптестікке жол ашады. Парламент қабылдаған заңдарға келсе келмес вето қою президентке де абырой әпермейді және басы артық дау сатып алумен бірдей. Сол себепті, ерекше бір келіспестік болмаса президент вето қою құқығын пайдаланбайды. Бұл шара тек сақтық үшін ғана қажет болады», - деген пікірін айтып аталған принципті конститутция баптарына кіргізді. Бірақ, өмір шындығы ондай қарапайым емес екен. Құрама Штаттар тарихында билік жүргізген президенттердің осы өкілеттіктерді пайдалануы түрліше болды. Вашингтон бір-ақ рет пайдаланды. Ядамс пен Джеферсон бір рет те пайдаланған жоқ. Мэдисон мен Линкольн 7 реттен пайдаланды. Ал Франклин Розвелт 635 рет пайдаланыпты. Қалай десек те конституцияға осындай баптың енгізілуі сөз жоқ көрегендік болатын. Бұл бап күні бүгінге дейін АҚШ президенті мен парламентінің өзара ырғасып мәмілеге келуіндегі табан тірер тиянағына айналып келеді.
Ал президент пен парламент бас аурудан қашып елдің түбірлі мүддесін құрбандыққа шалатын конститутцияға қайшы заңдар қабылдаса не істеу керек? Себебі, президент вето қойған заң жобасына Сенат пен Қауым Палатасы жеке-жеке депутаттардың үштен екі бөлігінің қолдап дауыс беруімен президенттің ветосын еңсере алады. Делагаттар көп талас-тартыстан соң мұндай жағдайда қолданысқа енген заңның конститутцияға сәйкестілігі жөніндегі соңғы төрелікті сот билігі айтуы керек деп шешті. Әрине, сот билігі заңның қалай қабылдануына ықпал ете алмайды. Тек заң нақты өмірде қолданысқа енген кезде ғана қайсы заң баптарының конституцияға сәйкес еместігі жөнінде шешім қабылдап, аталған бапты қолданыстағы заңнан алдырып тастауға құқылы.
Осы жерде мынадай бір ой келеді. Бізде «Тұңғыш Президент» туралы деп аталатын 2000 жылы қабылданған заң бар. Онда тұңғыш президент Н.Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне берілген жойдақсыз артықшылықтар әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Және ол ҚР Конституциясына қайшы екендігі де көзге ұрып тұр. Бірақ, оған төрелік айтып терістейтін сот билігі бізде жоқ. Сол себепті отбасы мүшелері отыз жылға жуық ойына келгенін істеп келді. Оның соңы «қаңтар қасіретіне» ұласты.
Әділет пен заң салтанат құрған Құрама Штаттар елінде бір-бірінен тәуелсіз және бір-біріне шынжырша маталған биліктің үш бұтағы міне осылай қалыптасты. Ең алдымен заңның өмірге келуінде қос палаталы Парламенттің дербес құзыреті болғанымен, ол әкімшілік және сот билігінің бақылауында болады. Президент заң жобасын дұрыс деп таппаса, оған вето қоя алады. Ал өмірге жолдама алған заң баптары конституцияға қайшы екендігі дәлелденсе, арыз-шағымдарды қараған кезде сот өз өкімімен конституцияға қайшы заң баптарының күшін жоя алады. Демек, Парламент өзінің үштен екі дауысының қолдауымен президенттің ветосын еңсеріп қабылдатқан заңдар конституцияға сәйкес болмаған жағдайда бәрі бір соттың төрелігінен аттап өте алмайды. Міне осылай залалды заң баптарының өмірге келуіне үш бірдей берік қамалмен тосқауыл қойылған.
Билік құрылымдарының өзара байланысында заң шығарушы, әкімшілік және сот билігінің бір-біріне шынжырша маталған ара қатынасы ерекше маңыз алады. Себебі, Парламент заңдарды қабылдағанымен оны атқаруға және түсіндіруге құзыреті жоқ. Президент заң аясында билік құрғанымен заңды өзгертуге және өзіне ыңғайлы заңдарды қалағанынша қабылдатып алуға билігі жүрмейді. Оған түсінік беруге де құқығы жоқ. Ал сот билігі заңдарға түсінік беруге және нақты істерді қараған кезде ғана заңға сәйкес өз төрелігін айтуға құзыретті. Ол заңның қабылдануына және атқарылуына билік айта алмайды. Қорытып айтқанда, заңдылықтың бұзылғандығына байланысты біреу арызданбаса ол ештеме де істей алмайды. Арызданған күннің өзінде де ата заңнан аттап кетуге қақысы жоқ.
Депутат, президент және судьяның өзара қатынасы да бір-біріне шынжырша маталған. Президент заңдарға вето қоя алады. Судья оның конституцияға сәйкестігі жөнінде төрелік айтады. Парламент президентке сенімсіздік білдіре алады. Судьяның тағайындалуына сенаторлар келісім береді. Сол себепті, депутаттар президент пен судьядан қорықпайды. Судьяның кандидатурасын президент ұсынғанымен, оны бекітетін сенаторлар болғандықтан судья президенттің алдында қарыздар болып қалмайды. Президенттік билік те соншалықты қорқынышты емес. Себебі, оған Парламент сенімсіздік білдіре алады. Мұнда президентке сенімсіздік білдіру тек қауым палатасының құзырында. Ал істі қарауды сенат жүргізеді. Ал іске төрелік етуді елдің ең жоғары сотының бас судьясы жүргізеді. Қарап отырсаңыз сенімсіздік білдіргендер істі қарай алмайды. Істі қарағандар төрелік айта алмайды. Сенаторлардың үштен екі бөлігі келісім бермесе судья айып таға алмайды. Демек, президент шын мәнінде қылмысы басынан асқан біреу болмаса осыншама сенатор одан теріс айнала қоймайтын шығар. Әділетті сайлау арқылы ел жұрт қалаған депутаттар мен ғұмыр бойы мансапта отыратын судьялар да президентке «ләппай тақсыр» дей қоймайды. Себебі, президенттің бір реткі билік құратын мерзімі төрт-ақ жыл. Осы мезгілде ол бірде-бір судьяның кандидатурасын ұсынатын орайы болмауы да мүмкін.
Міне осылай депутат пен депутат, депутат пен мансапты, мансапты мен судья бір-бірінен тәуелсіз, қызметтік ара жігі айқын айырылған, олардың өзара ауыз жаласып, сыбайлас жемқорлыққа баруының кесірінен белгілі бір топтардың мемлекеттік билікті иемденіп алып, елді қалағанынша билеп-төстеп, халық мүддесін қанжығасына байлап жүруіне жол бермейтін бірегей конститутциялық жүйе қалыптасты. Әрине, бүгінгі жүйе сол кездегі конституцияның негізінде біртіндеп кемелденді. 1789 жылдың 4 наурызында АҚШ конституциясы тұтас Құрама Штат аумағында ресми қолданысқа енгеннен тартып бүгінге дейін 27 рет толықтыру енгізілді. Бірақ әуелгі нұсқасының бір әріпі де өзгеріске түскен жоқ. Енді салыстырып көрейік. ҚР Конституциясына, яғни, тұңғыш президент Н.Назарбаевтың қалауымен 1995 жылы реферндум арқылы қабылданған қолданыстағы конституцияға енгізілген өзгерістердің санынан жаңыласың. АҚШ тұңғыш президенті Джордж Вашингтон билігі кезінде Парламент тарапынан енгізілген мына екі толықтыруды астын сызып атап өту лазым. Мұның біріншісі, азаматтардың құқығына байланысты діни сенім бостандығы, сөз және баспасөз бостандығы, бейбіт жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар және шерулер өткізу құқығына заңмен шектеу қоюға тыйым салынатындығы жөніндегі бап. «Заңмен шектеу қоюға тыйым салынады» деген қағидаға зер салсақ, билеушілердің көбі азаматтардың өз арман-тілегін білдіретін осы бір қасиетті, ешқашан қол сұғуға болмайтын бостандығы мен құқығын «заңмен тыйым салу» арқылы тежеп отырады. Демек, билеушілердің азаматтардың осы бір ең негізгі бостандығы мен құқығына қол сұқтырмау үшін сөз жоқ «Заңмен шектеу қоюға тыйым салу керек». Әрине, адам туада тең, адамдардың бәрі өмір сүруге, бостандыққа және бақытқа қол жеткізуге құқылы делінгенімен, оған жетудің жолы да оңайға түскен жоқ. Мысалға, әйелдердің құқығы, қара нәсілділердің құқығы, индияндардың құқығы және басқада заңда көрсетілген көптеген құқықтарға Құрама Штат халқы ғасырлар бойы көресу арқылы қол жеткізді.
Ал екіншісі, бір адамның президент мансабына екі реттен артық отыруына тыйым салатын баптың енгізілуі. Мұның маңызы өз-өзінен түсінікті. Егер бір адамның билігіне шектеу қойылмайтын болса, халқының шексіз алғыс-құрметіне бөленген Вашингтонның өзі бірте-бірте Гитлер, Садам немесе Назарбаев болып шықпасына кім кепіл?! Естеріңізде болса, Гитлер де Вашингтон сияқты сайлану жолымен билікке келген және оның да өз кіндігінен тараған ұл-қыздары болған жоқ. Билікке деген құштарлық оның туған халқын ғана емес, тұтас адамзатты қанға бөктірді. Ондаған жылдар бұрын Араб елдерінде орын алған қан төгіс пен кешегі ғана елімізде орын алған «қасіретті қаңтар» кезінде орын алған оқиғалардың қайнар көзі де бір адамның билікке кенедей жабысып, саржамбас болғанша отыруында жатқаны сөзсіз.
Сол кездегі ең басты қағида Франклин қатарлы ғұламалар қайта-қайта айтудан жалықпайтын «мансаптыдан сақтану ұрыдан сақтанудан да қиын, биліктен сақтану өрттен сақтанудан да қорқынышты, тежемсіз билік тасқын судан да қауіпті» деген ұстанымдар болатын. Сол себепті, конституциялық құрылым күрделірек, әурешілігі көбірек, жұмыс өнімділігі баяуырақ болуы мүмкін. Бірақ, ешқашан да барлық билікті бір адамның қолына сеніп тапсыруға, оның айналасына өз жемтіктестерін жинап, ойына келгенін істеуіне жол беруге әсте болмайды.
1787 жылғы АҚШ конституциясын қабылдауға арналған Филадельфия құрылтайының тым ұзақ уақытқа созылғандығының сыры осында жатса керек.
Рақым Айыпұлы
Abai.kz