Дүйсенбі, 26 Қыркүйек 2022
Аласапыран 5731 4 пікір 16 Ақпан, 2022 сағат 15:39

Түйе-адамның айтқандары...

«Назарбаевтың шиқаны жарылды, Тоқаев оның іріңіне былғанды»

Саяси-пәлсапалық эссе

Бұл өзін-өзі «суперакадемик» деп атайтын алыстағы көрші атайымның айтқан сөзі еді. Ақылым жетпейтін, пайымым салмақтай алмайтын бірдеңе бола қалса, сол кісіге салып-ұрып баратын әдетіммен, Қазақ елінің басынан өткен, дүмпуі әлемді дірілдеткен «Қаңтар қасіретінің» мәнін сұрай барғанымда ол кісінің ауызынан әуелі естігенім осы афоризм.

Өйткені, мен танысқаннан бері талай жолыққанымда бұл кісі сөзін афоризммен бастап шешуін сонсоң тарқататын әдеті.

Осыдан он жылдай бұрын шаруашылық саяжайыма жақын көрші болып танысқам-ды. Түр-тұлғасына қарап жас шамасын айыра қою қиын еді. «Аға, жасыңыз қаншаға келді?» деп, сұрағаным есімде. Сонда, «О, жасымды саған айтпақ тұр ғой, өзім ұмытқалы қашан?!» дегенде бет сүйегіне жабысқан жұп-жұқа терілері сәл жиырылып, жүзінде жымиғанға ұқсас пішін көрінген-ді.

Содан «Жас санайтын кезеңнің  бәрі арта қалды, сабаққа бару, орта мектеп бітіру, әскерге аттану, жоғарғы оқу орнына түсу, жұмысқа тұру, келіншек алу... ең соңында зейнетке шығу, енді жас сұраудың мәні бар ма?» дегенде иектегі күзгі қуарған селеу секілді оншақты тал құп-қу сақалы дірілдеп тұрғанын сұраулы жүзге ұқсатқам.

Бірақ, қария менен жауап та күткен жоқ, «Ан.о.о.о.у жиырманшы ғасырдың алғашқы ширегі... замандастарымнан да, бірге туғандардан да ешкім қалған жоқ!» деп, езуі жиырылды, күлгені мен жылағанының қайсысы екенін ажырата алмай, ауызына үңіле қарғанымда қызыл иектің орнында сарғая мүжілген тістері тізіле көрінді. (Сонда, өле өлгенше түспейтін жақ сүйекпен қайнасқан сүйек-тіс деген болады, дейтін нағашымның сөзі есіме түсе кеткен)

Сол алғашқы танысқан оншақты жыл бұрынғы түр-пішіні титтей де өзгермепті.  Сыртынан санап алуға болатындай он екі жілік пен қабырға мен төске қапталған резинкеге ұқсаған қоңырқай тері де со қалпы. Терең қабақтың астында құдықтың түбінен жылтыраған су секілді көз жанар да басқа дүниеден қарап тұрғандай сол баяғы құпия назар. Әдеп бойынша әуелі хал-жай сұрадым.

«Ағатай, ковирустан амансыз ба?» Бет терісі тағы да жиырылды, күлгені шығар «Әй, ковирус болмақ түгіл одан зорғы болса да оған да тамақ керек емес пе!? Менен олар не тауып жейді, а?!»

Рас-ау, дегендей мырс еттім. Гиперакадемиктің өзінің тамақтануы туралы маған бұрындары айтқаны есіме түсті. «Сусынға тек, артезиан суын қайнатпай жылытып ішем, күн көзін көрмеген ашекіо менің күн көзін көрмейтін қан-тамырларымда баланс ұстайды, не артық емес не кем емес. Тамаққа жаңа ұйыған айран ғана, ол да денеме керекті қуатты нөлде нөл сақтайды, ешқандай артық-ауыс жоқ»

Енді, «шиқан» туралы афоризмін білгім келіп: «Ол қандай шиқан?» деймін ғой, таңдана.

«Шенеунік» деген шиқан дейді. Отыз жыл тәуелсіздікте бізде шенеуніктер армиясы шегіне жете дамыған екен. Ол өзі ел ішінде тағы бір елге айналған. Елбасынан бастап ең төменгі ауылбасына дейін бірін-бірі басқарған. Елбасы жоғарғы шенеуніктерді жиып алып жиналыс ашады, ол да алдын ала жазылғанды оқып шығады, олар оны бірауыздан мақұлдайды, қарсы пікір айту тұрыпты басы артық сұрақ қою да болмайды, бәрі ауыздан не шықса соны жазумен жанталасып отырады, бірақ ойы басқада.

Бұл көрініс ресми телеарналардан үздіксіз таралады. Ал көпшілікке бұл мінсіз басқару секілді тамсандырады. Бұған Елбасының басы ауырып балтыры сыздамайды, белі талып жаны қиналмайды.  Өзінің таңдаулы кадрларының айтылған сөзді іске асырып, өзінің абыройын асқақтатып жатқанына жаны сүйсініп, өзінің даналығына өзі таңданып, атақ-даңқының әлемді шарлап кеткендігіне мерейі тасы.ы.ы.п отырады. (Алайда, Алаш арыстары жасап кеткен жанкешті іс-қызметтердей бір де іс жасалмады)

Енді, «бәрін жазып алған» жоғарғы шенеуніктер өздерінің төменгі жақтарындағыны жиып алып тағы да дәл жаңағыдай жиналыс жасайды, бағыныштылар дәл жоғарыдағыдай моп-момақан қосақтағы қойдай болып ауыздан не шықса соны жазып алады. Бұл қоластындағы қызметкерлердің «асқан тәртіптілігін» көрсетеді.

Келесі кезекте әлгі моп-момақан құзырлы шенеунік атшаптырым офисіне өзінен төменгілерді шақырып алғанда қойдан айбарлы арыстанға айналып шыа келеді. Айбындана тапсырма берді. «Солай да солай Елбасының дана көрегендігімен жоспарланған тапсырманы орындауға атсалыңыңдар, аянбаңдар!» деп, айқайлаңқырап сөйлегенде маңдайы тершіп, әжептәуір шаршаңқырап қалады. Қыруар қызмет атқарғандай түкпірдегі демалыс бөлмесіне барып, жұмсақ диванда қиялдана қалғып кетеді.

Одан төменгі орынбасардың орынбасарының орынбасыры әлгі айтылған «даналыққа толы» тапсырманы көмекшісіне жазып даяр болдыруға, қол қойдырып алып төменгілергерге жеткізуге жедел тапсырма береді. Енді, көмекшінің көмекшісі оны хатшы-қызға тапсырып тынады. Бұл да қабат-қабат кең сарайдың ішінде оңай шаруа емес, біріне-бірі безектеп жүгіріп жүргенде, бірі ұғып, бірі ұқпай біріне-бірі айқайласқанда тоқ дене тершіп, қимыл жасап көрмеген кеуде ентігіп-ақ қалады.

Сонымен, «бес күн жұмыс» та сарай ішіндегі осындай қым-қуыт қызықтармен, сан-сапалақ тапсырмалармен аяқталады. Сонымен, шын шаршаған жоғарғы лауазымдылар «сембі күні аңға, жексенбіде сауна» деген рахат демалыста жүріп, жиналыстан-жиналысқа жалғасып келе жатқан күнделікті жаттанды өмірде ойлауға да ерінетін «рухани жалқаулық» деген дертті дендетіп, қарапайым өмірдің мұқ-зарын, мұқтаждығын ұқпайтын рухани дүлейлікке ұшыратады. (Егер, оған ел ішіндегі нақты өмір-тіршілік туралы айтсаңыз ертегі-аңыз секілді естілуі әбден мүмкін)

Міне, жоғарғы ақсарайлардағы осындай «жасампаз жұмыстар» енді, төменгі аудан, ауыл деген басқару пирамидасының табанына жеткенде «комиссия» деген түрге енеді. Комиссияның тұрақты «бомбалайтын» нүктесі қалың елге жанкешті қызмет көрсетіп отырған денсаулық сақтау, білім беру салалары мен үкіметтен «тендер» дейтін жем жеп жанын сақтап отырған БАҚ құралдарының қызметкерлерінің төбесінен найзағай боп түседі.

Келесісі келесі жалақыға үзіліп-жалғанып, жетіп-жетпей арқасы жауыр болған арық аттай болған төменгі қызметкерлер әлгі «комиссия» дейтін «қағаз тексергіш пәлелерден» қабат-қабат жазып қойған қағаздарын қалқан қылып азар құтылады, шай-шақпыт беріп тағы шашылады.

Сол үшін мұғалімдер күндіз шулаған оқушылармен күнін өткізіп, түнде қағаз жазумен түнін өткізеді. Ал, дәргерлер, сырқаттың бетіне көз қиығын ғана салуға әрең шамасы жетіп картты толтыруды мұрат етеді. БАҚ тағылар «тендірден» жеген ақшасын ақтау үшін гәзет-жұрналдағы қаріптерді барынша кішірейтуге барын салады.

Әрине, комиссия енді, жоғарыға «жасапмаз жұмыстардың» төменде «төтенше іске асып» жатқанын хабарлаған хаттама дайындайды, ол хаттың мазмұны жоғарлаған сайын сананы қиял жетпес қиянға шығарардай асқақтай түседі. Осы асқақтаған хат Елбасыға оқылып берілгенде, ол кісінің қанаттанған қиялы алдағы жиырма, отыз, елулерде межелеген жасампаз жайсаң жоспарлардан да асып, қарыштайтыны сонша «мәңгілікке қарай қанат қағады».

О, солайша көзді ашып-жұмғанша зымыраған апталар, аунап өткен айларға ауысып, айлар айналған доңғалақтай жылдарды артқа тастап тәуелсіздіктің «сындарлы саясатпен сырланған» отыз жылы жетіп келгенін, ақсарайдағылар да, аяқ жақтағы қу тіршілік үшін қу жанын жалдай жүріп той-томалақтан қолы бір босамаған тобыр көпшілік те байқамай қалыпты. Содан, кенет «шиқан» жарылыпты.

Шиқанның іші толы жиналыстан жиналыс, қағаздан қағаз дейітін иісі, түсі жоқ бір «іріңге» толы екен. Әлгі, жарылған «іріңді» Қоғамдық дерті зерттеу дейтін орталық тексеріп көрсе, Қазақия деген елдің асқыну шегіне жеткен  төрт түрлі науқасын тапқан екен.

Рухани науқас: Ата Заң бойынша мемлекеттік мәртебеге ие болған мың жылдық тарихы бар, байлығы орыс тілін он орайтын Қазақ тілін Үкіметте ешкім де қолданбайтын «мазақ тілге ұшырапты». Оның жоғын жоқтағандар шыға қалса «алауыздық тудырыушы» деген айыппен сотқа тартылатын үрдіс қалыптасыпты. Ал, ел ішінде Қазақ тілінің қолданысын түбегейлі төмендету үшін жас бөбектердің  миын ашытатын «үш тілдік» бағдарламасы күшіне еніпті. Елдегі БАҚ-тың басында әлі бұрынғы отаршылардың тілі қозғалмастай салтанат құрыпты.

Қоғамдық науқас: Ата-бабалары қанымен, жанымен қорғаған ұланғайыр жердің тарихи иесі болып саналатын қазақтар, қазіргі тәуелсіз Қазақияда өмір сүретін диаспораларының  қатарында ғана саналады екен. Солай ету үшін «Көп ұлтты Қазақстан» деген жасанды атау жасап «Ұлттар ассамблеясы» деген ұйым құрыпты. Әлгі, Ассамблеясын ауызбірлік орнатушы деп атаса да, ел халқын бір-біріне қарсы қоятын алауыздық тудырушы ұйым екені талай әшкереленіпті. Шын мәнінде Қазақстанда тұратын ұлты басқа адамдардың бәрі елдің тең құқылы азаматтары екеніне ешкім дау айта алмайтын. (Ал, «көп ұлтты ел» деген сол елдің құрамында өзінің тархи жер-су бар халықты айтады, мәселен Ресей, Қытай секілді)

Әлеуметтік науқас: Ұлан-асыр жері, онша көп емес халқы бола тұра тұрғындары баспана салатын жер теліміне зар. Оны әлдеқашан гектар-гектарымен меншіктеніп алған алпауыт әлдекімдерден аса құнды қаржыға сатып алатын, өз елінде жүріп өзі өгей болған аянышты хал. Осыдан келіп, сәбилері туа сала тегін жер теліміне ие болып, ержетіп отау болған шақта қысылмай-қымтырылмай тұруға тиіс бола тұра, ондай игілікке қолы жетпегендіктен үйлеген жастардың жартысына жуығы айырылысып кететін жаман үрдістің әдеткі көрініске айналуы елдің іргетасын шайқады.

Дәл сол секілді, көп балалы аналардың жеткілікті жәрдемақы алуы қиямет-қайым өткелектерден өтетін машақат механизм қалыптасқантықтан, Астананың дәл ірегсінде бес сәбидің өртеніп бүкіл елді жылатқаны соның әйгілі көрінісі. Елді ел етіп тұрған қалың қара халықтың түгелге таяуы банкның ауыр пайызды кредитімен күнелтіп таңның атысы көзін тырап ашып, күннің батысы өз босағасына қалжырап құлайтын тіршілік қамытын сүйреткен құл-күнкөріс баяғы заманғы жабайы капитализмнен еш айырмасы қалмаған.

Саяси науқас: Сөз жүзінде, қағаз жүзінде демокраиялы, зайырлы, адам құқын ең үстем дәрежеге қойған, заң алдында бүкіл азамат тең дәрежелі деген тамаша жазба заңы бола тұра Президент, Парламент сайлаулары ашық түрде, еркіндікте өтпей, саяси шоуға айналып, билікті иелеген жоғарғы шонжар шоғырдың мүддесіне ғана қызмет ететін құйтырқы механизм тот басқан шынжырдай сіресіп айналмай қалған.

Бейбіт түрде тәуелсіздік алған басқа Одақтық республикалардан ешқандай айырмашылығы жоқ бұрынғы Коммунистик партиядан қалған хатшылар автоматты  түрде Президентке сайланғанындай Қазақстанда да дәл солай жоғарғы билікке келген Назарбаев моральдық құқы болмаса да, әлі тарихи рөлі анықталмаса да «Тұңғыш Президент» деген әлдеқандай атауға ие болып оның соңы «Жеке адамға табынушылық» дейтін ескі қоғамдық дертке ұласып, осы ауқымды «қоғамдық дерт» одан төменгі басқарушылардың да төменгілерге үстемдік жүргізетін « бассыз бастықшылдық» дейтін эпидемияға ұласты.

Сондықтан, баспасөз еркіндігі мен сөз бостандығы адамдардың рухани жалғыз құқы бола тұра, қоғамды ашық сынаған, осындай аурулардың диагнозын дәл қойған ел азаматтары дұшпан секілді саналатын сырқат сана қоғамға сыналап кіріп алған. Сөйтіп, елде жоғарғы басшыларды мақтау – көрегендік, елдікке қолдау секілді болатын, кемшілікті сынау – жала жабу, жамандау секілді саналатын парадокс психология үстемдік құрды.

Осы «төрт науқас» жоғарыда айтылған «жалынды жиналыстар» мен «алаулы ақпарлар» бойынша шешіліп қойған секілді көңіл мамыражай, жүрек қуанышқа сай... жүргенде «Қасіретті қаңтар, қанды қаңтар» деген жанартау болып аталған алапат «шиқан жарылды». Менің гиперакадемиктен ұққаным осы, бәлкім қоғамдағы қазіргі аурамен өте саясиландырып түсінген шығармын...

Әйтпегенде, көздері құдықтың түбіндегі судай жылтыраған, бір тал шаш қалмаған шақшадай жылтыр бастың екі жағында алақандай құлақтары қалиқан гиперакадемик бұл әңгімені осы мағынаға жақын өте қызық қылып сөйледі, бәлкім мен кейбір астарлы сөздерін асыра жалаңаштап жіберген болуым да бек мүмкін.

«Енді, жарылан шиқанның шипасын айтпайсыз ба?!» деймін ғой, гиперакадемик бөгелмеді «Оның емі өте оңай» деді, «Отыз жыл бойы елдге үкіметті қолда деді, қолдады, соңы жарылған шиқан болып шықты. Енді, Үкімет елді, халықты қолдасын! Үлкен бастықтар Үкімет үйінен шығып елі ішіне барсын, құр жиналыспен енді, елді алдамасын! Өйткені, елі, халқы болмаса Үкімет деген де болмайды. Үкімет өтпелі, Ел мен жер мәңгі»

Бұрындары жолыққанда өзін «гиперакадемикпін» деп атайтындығының себебін сұрағанымда «Мен мегакадемиктің шәкіртімін, сондықтан солай» деген. «Мегакадемик деген кім?»

«Мегакадемиктің» мәнісі мынау болып шықты. «Гиперакадемик» Совет заманындағы алғашқы журналист-автоинспектор екен. Алпысыншы жылдарғы елді аузына қаратқан атақты әншілер мен жазушылардың талайын Алматыда алай-былай жеткізіп қолғанат іні болып олардың етене өмірімен таныстығы мол болған. Соның ішінде атақты жазушы Сәбит Мұқановтың жеке шопыры болғаны, Бауыржан атамыз кейінгі бір жұбайымен отбасын құрғанда жеңгейді үйіне жеткізіп салып Баукең атамыздың ықыласын алып, жүрек жарды сырын ет құлағымен естігені секілді шетін әңгімелері де көп-ақ.

Алматының апорт алмалы, ең жайлы жері саналатын Медеу аңғарындағы Жазушылардың шығармашылық үйінің директоры болған қызығы бір төбе. Осылайша автоинспектор болып жүрген кезінде екі рет жол апатына ұшырап сүйкектен сүйек қалмай сынса да еш жарақат алмағандай дүр сілкініп кеткен рухани күш-жігері таңдай қақтырады.

Онан да мықтылығы Еңбекші қазақ жақтағы батыр бабасының басында бес жыл бойы қысы-жазы суық вагоншікте жатып дуылға іспетті биік күмбез тұрғызғаны, оның айналасына жүздеген алма ағашын егіп сая бақ жасап қойғанда көрші ауылдағы біреудің жүз ешкісі түк қалдырмай отап кеткені... Осынадай басынан кешкен шым-шытырық хикаялары «Айдаушының айтқандары» деп аталатын кітап болып та басылып шыққан екен.

Ендігі ермегі, төртбұрыш темірлерді бір-біріне жалғап дәнекерлеп, жаздық, күздік, қыстық деп аталатын әртүрлі пішінді  төбесі жабық қалқалар дайындау, өзіне ең жақын болған өнер шеберлері мен жақын дос болған қаламгерлерді қонақ ететін, соларды күтіп алатын ашық қонақхана жасаумен айналысу.

Бұл жұмысына кіріскелі де он жылдан асса  да бітпеген, әлі жалғастын сыңайлы... айнала толы темір-терсек пен құрылыс бұйымдары төбе-төбе үюлі жатыр. Оны аяқтауға гиперакадемик асығар емес, себебі жас санау, жыл санау деген жаттанды түсініктен баз кешкен. Қай саладан сұрасаң да бір афоризм айтады да соны талдап, тоқтамай кете береді.

Мен танысқан он жылдан бері үстіндегі киімі де өзгермеді. Басында ақ түсті түйе жүн кепеш, үстінде жиілеп тоқылған түйе жүн ұзын шекпен, бұтына кигені де дәл сондай түйе жүн, өзі «монголиан» деп атаған тоқыма шалбар. Қысы-жазы бір киім.

«Мұндай киімнің қандай пайдасы бар?» дегенімде, «Қайдағы пайда?! Бұл менің екінші терім. Мен түйе текті адаммын, түйе алапат ыстықта неге терлемейді, қаншама күн қалайша шөлге шыдайды, оның құпиясының бәрі осы жүнінде. Қыста дірілдеп тоңған түйені көрдің бе, жоқ, онда бұл менің киімім емес, екінші нағыз терім! Мен түйе-адаммын, жаны сірі қазақтың образымын»

Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» деген тамаша шығармасы секілді «Түйе-адам» деген кітап жазуға да болар еді, әзірше осы ғана болды. 19-01-2022.

Абай Мауқараұлы,

жазушы-журналист

Abai.kz

4 пікір