Бұл енді артық емес пе?
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар жалақы көтеру мәселесін көтеріп, митингіге шығыпты. Мұнайшылар жалақыны 1 миллион теңгеге дейін көтеруді талап етіп жатқан көрінеді. Ал компания қызметкерлерінің айлығы осы уақытқа дейін 900 000 теңгенің төңірегінде болып келгенін айтуда. Меніңше мұнайшылардың талабы орынсыз. Еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда Батыста күнкөріс деңгейі жоғары. Мәселен Маңғыстау мен Түркістан облысындағы орташа жалақыны салыстыруға келмейді. Ал 1 миллион теңге жалақы сұрап, митингіге шығу артық секілді. Оның үстіне компания басшылығы қызметкерлерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес қойылған барлық талаптарды талқылау үшін келіссөз үстеліне отыруға шақырып отыр.
- "Бұрғылау" ЖШС жұмысшыларының жалақысы қазірдің өзінде саладағы ең жоғарылардың қатарында. Кәсіпорын бойынша орташа айлық жалақы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 887 мың теңгені құрады. Сонымен бiрге, ұжымдық шартқа сәйкес жалақы жыл сайын инфляция деңгейіне қарай көтеріледі. Осылайша, 2008-2021 жылдар аралығындағы орташа жалақы 158 мыңнан 887 мың теңгеге дейін өсті. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол тағы 10 пайызға өсті, - деп хабарлады компания.
Бірақ жұмыс режимiн, қосымша төлемдер мен сыйақыларды есепке алғанда, бір бұрғылаушының орташа жалақысы 1 098 191 теңгені, ал помбуршыныкі 912 874 теңгені құрайды.
9 ақпанда Маңғыстау облысындағы кен орындарында мұнай кәсіпшілік қызметін көрсететін "Бұрғылау" компаниясының 400-ге жуық қызметкері жұмысын тоқтатқан болатын. Олар мемлекетке жұмыс берушiге кемiнде бір миллион теңгеден кем емес жалақыны белгілеу туралы талап қойды.
Айнабеков Ерболат
Abai.kz