Басталмаған соғыста кім жеңді?
дипломатиялық емес деэскалация дауы
Төрткүл дүние дүрлігіп жатыр: «бір-екі күннің ішінде Ресей Украинаға қарсы соғыс ашпақ» деген ақпарат шартарапты шарлап кетті. Және де ол болжамды айтып жатқан белгісіз не беделсіз біреулер емес, АҚШ пен Ұлыбритания секілді державалардың басшылары! Ал енді сенбей көр жеті рет өлшеп, бір рет қана кесетін бұл дуалы ауыздарға!
Бұл жайындағы ақпаратқа әлеумет қанық болар. Халықаралық қауымдастықтың қабағы қатулы кезде аты өшкір соғыс та бола қоймас. Бірақ «бүкіл әлемді шулатқан осы басталмаған соғыста кім жеңді», осы науқанның түпкілікті бенефициары кім боп шықты, соны сараптап көрейік.
Біріншіден, ол, сөз жоқ, АҚШ.
Трамп биліктен кеткелі Ақ үйдің сыртқы саясатының басым бағыттары күрт өзгергені белгілі. Солтүстік Кореяның диктаторы Ким Чен Ынмен ауыз жаласып, оны ядролық қару жасау райынан қайтаруға тырысып-ақ, баққан Трамптың дүдәмал доктриналары оның дипломатиясының ең жарқын көріністері еді. Онысы болмады, кәріс жігіт көнбеді. Көршілес Мексикамен шекараны дуалмен қоршап тастау идеясы да шикі боп шықты. Ауғанстанға қатысты ұстанымы да екіталай нәтиже берді.
Байден болса, халықаралық алаңда өзгеше саясат ұстана бастады. Ғаламдық климат өзгеруіне қарсы күрес секілді әлемдік проблемаларға АҚШ қайта оралды. ДДСҰ және НАТО сияқты ортақ ұйымдарды жандандыруға ат салыса бастады. Бұл қадамдар, соның ішінде, Вашингтонның халықаралық әскери дау-дамайларды шешу ісіндегі лидерлік ролін бұрынғы қалпына келтіріп, одан сайын нықтай түсуге өз септігін тигізді. «Осы проблемалар қалай шешіледі екен?» деген әлем жұртшылығы АҚШ-тың аузына қарап қалды. Сыртқы алаңда беделінің осылайша өсуі Байденнің ішкі саясаттағы рейтингіне де оң әсер етіп жатыр.
Украина мен Ресей арасындағы жанжал әлемдік деңгейдегі проблемаға айналғаны белгілі. Трендтегі бұл мәселеде АҚШ өз ұпайын ғана түгендеп қойған жоқ, Ресейдің басты бәсекелесі ретінде өзіне ғана тиесілі орнын тағы да белгілеп қойды.
Екіншіден, АҚШ-тың НАТО-ға қайта оралуына қуанған «ұжымдық Батыс» та бұл қақтығыстың имидждік жемісін көріп қалды. Содан болар, Ұлыбритания, Германия, Франция басшылары бітімгершілік ісіне білек сыбана кірісіп кетті. Тіпті өздері санкция жариялаған Ресейдің президентімен жеке кездесу үшін ат арытып, Мәскеуге де барып қайтты. Ілгері басқан аяғы кейін кеткен Минск келісімдерін жандандыруға тырысып, «Ресей секілді алпауыт монстрды тәубасын келтіру ісіне біз де қатыса аламыз» дегенді өз электораты мен әлем жұртшылығына көрсетіп қалды.
Үшіншіден, НАТО секілді ұжымдық ұйым да өзінің керек екенін тағы бір танытып қойды. Әрине, қазіргі жаһандану жағдайында, қатаң халықаралық тәртіп бар кезде соғыс сияқты шетін жолды таңдаудың өзі – нонсенс. Сондықтан Қырымды басып алған Ресейге қатысты «ұжымдық Батыстың» көзқарасы өзгере қоймас. Сондықтан Кремльдің неоимпериялық саясатын тежеу үшін НАТО секілді әскери-саяси ұйымның болғаны да абзал, әйтпесе, аймақтық шиеліністер ғаламдық сипатқа ие болып кетеді. Осы күнгі тектірес кезінде ол ұйым да өз ролін атқарып, қажеттігін тағы да танытып қойды.
Төртіншіден, осыдан тура 8 жыл бұрын, 2014 жылы бәленің бәрін бастаған Ресейдің де өз ойы жүзеге асқан сияқты.
Оның мәнісі мынада. Украинадағы революциялық ахуалды, яғни Майдан тұсындағы ел ішіндегі билік үшін таласты пайдаланып, Қырымды, Донбасс пен Луганскіні басып алды. Сөйтіп, шартты түрде болса да, өзі қалаған тұсқа шекарасын жылжытып, оны картада болмаса да, санада бекітіп қойды. Иә, бүкіл әлем ол басқыншылығына қарсы шығуда. Бірақ, шынын айту керек, «ұжымдық Батыс» Украинаға өз жерін қайтарып беру ісінде тым дәйексіз, тым тегеурінсіз мінез қимылдауда. Ресей болса, «соғысты бастауымыз мүмкін» деген сыбыс таратып, ендігі жерде «соғыс бастамағанның өзін» өзінің «плюсы» ретінде көрсетіп отыр. Міне, күні кеше Украинамен шекараға шоғырландырған 100 мыңдай әскерін кері қайтарып жатыр. Бұл қадамды «ұжымдық Батыс» «оң» де танып, соған қолдау көрсететіні де анық. Ақпараттық, имидждік жеңіс емей не енді бұл? Ең бастысы – Қырым, Донбасс пен Луганск жыры біраз уақытқа болса да, осы оқиғаның тасасында қалып қояды.
Иә, Батыс санкцияларының астында қалған Кремльдің жиған-тергенінің дені – сол Батыс жақта. Сондықтан бүгінде оның ішкені ірің, жегені желім. Алайда ол сыр бермейді. Керісінше, осындай дау-дамай кезінде бір сәтке болса да, Пирр жеңісіне жеткеніне қуанып қалады.
Бесіншіден, Ресейдің шоқпары басында ойнауына жан-тәні қарсы Украинаның өзі де ішкі және сыртқы саяси бонустарын жинап жатыр. Ішкі дейтін себебіміз, объективті (соғыс жағдайы, әлемдік дағдарыс, пандемиялық шектеулер, олигархтардың қарсыласуы) және субъективті себептерге байланысты Зеленский тұсында ел экономикасы оңала қойған жоқ. Осы олқылықтарды желеу де жалау етіп, оппозиция да күшке мініп, Майдан жеңімпазына сес көрсетуде. Осындай қысылтаяң жағдайда «сыртқы қауіп алдында тұтас ұлт боп ұйысу» ұраны өзекті де өміршең болып, билікке деген сыни көзқарасты біршама жұмсартатыны саясаттану теориясынан белгілі.
Жоғарыда аталған державалар басшыларымен тікелей байланыс жанданып, жүзбе-жүз әрі терезесі тең деңгейде кездесіп, олардың қолдауына ие болып, қаржылай және әскери қару-жарақ күйінде көмекке қарық болып жатқан Зеленскийдің де абырой-беделі артуда.
Бұл – жеңімпаздар тізімі.
Ал жеңіліп жатқандар кім?
Ол – осындайда нақты саясаткерлердің амбицияларының құрбаны болатын қарапайым халық қой: украины болсын, қырым татары болсын, орысы болсын, - бәрі! Екі түйе емес, бірнеше түйе сүйкене қалса, ортасындағы шыбынның не жаны қалады дейсіз?!
Өкінішке орай, саясат пен геосаясат заңдылықтары сондай!
Түйін. Дуалы ауыздар айтқан даталар, 15 және 16 ақпан күндері де өтіп кетті. Соғыс басталған жоқ. Бірақ Украина мен Ресей арасындағы шиелі түйінді ерте ме, кеш пе, шешу керек! Сол себепті дипломатиялық емес деэскалация дауы әлі де жалғаса бермек...
Әміржан Қосан
Abai.kz