Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 2133 16 пікір 17 Ақпан, 2022 сағат 15:58

Вице-министр: АЭС-тің тағдыры биыл шешіледі

Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім биыл нақты қабылданатын болды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді.

«Құрылыс мәселесі қарастырылып жатыр. Есептеулер көрсеткендей, Қазақстанда Экологиялық кодекске сәйкес жаңа генерация салу қажет. Көміртексіз генерация - оған атом да жатады. Сондықтан атом станциясын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ, орны, көлемі әлі анықталған жоқ. Шешім 2022 жылы белгілі болады деп ойлаймын», - деді Нұрмағанбетов.

Оның айтуынша, станция салу үшін қарастырылып отырған алаңдарға Алматы облысындағы Үлкен кенті, Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы мен Қазақстанның батысындағы аймақтар жатады. Вице-министр еліміздің батысында бұрын атом станциясы жұмыс істегенін атап өтіпті.

Бұған дейін Abai.kz порталында жазғанымыздай, АЭС салу идеясы сонау 90- жылдардан бастап туындаған. Содан бері күн тәртібіне бір шығып, бір түскен АЭС салу идеясы халық арасынан қолдау таппай келеді. Халықтың қарсы шығуымен АЭС салу кейінге шегерілгенімен мүлде бас тарту болмады.

2013 жылы АЭС салу бойынша ұсынысты президент Н.Назарбаев нақты іске асыру шараларына көшуге шақырған болатын.

Кейіннен АЭС салуға ыңғайлы деп бірнеше жер таңдалды. Еліміздің батысы, Балқаш маңы мен Курчатов аймағы. Сарапшылар ең тиімді деп Балқаш маңындағы, Үлкен елді-мекенін атап өтті. АЭС құны шамамен 3 млрд доллар болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Алайда АЭС салу мәселесі ұзақ жылдар бойы тек талқы ретінде қалып отырды. 2019 жылы Ресей басшысы Путин АЭС салуға қатысты өз ұсынысын айтты, алайда Қазақстан басшысы Тоқаев елдің ойын ескерместен мұндай жобаны бастамайтынын мәлімдеді.

Ресей Президенті АЭС салу жобасын қос қолдап қолдайтынын 2021 жылғы XVII Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумында тағы да қайталады.

«Бейбіт атом саласына келсек. Менің қазақстандық әріптесім және досым бұл туралы айтқан еді. Біз көршілес елдердің, біздің одақтастарымыздың жоспарларына мұқият қарап отырамыз. Ресей біздің серіктестерге (оның ішінде Қазақстанға да) атом элетр станцияларын салуға шешім қабылдап жатса, оны салуға қолдау көрсетуге дайын», – деді Путин. Осыдан кейінгі талқылауларда АЭС құрылысын кім жүргізеді деген сауал туындады.

Қазақстан билігі бұған дейін Оңтүстік Кореямен, Жапониямен, Ресеймен, Франциямен келіссөздер жүргізген болатын. Дегенмен талқылаулар мен сарапшылардың пікірлеріне сүйенсек, АЭС-ты Ресей тарапы салуы мүмкін. Ресейді бұл тұрғыдан тәжірибесі көп, бірақ жоғары технологияға ие емес. Мысалы, Түркияға салып жатқан АЭС-інің қабырғасы екі мәрте жарылып, құрылысы тоқтап қалған. Чернобыль апатын жасап, әлемді дүрліктірген Мәскеудің бейбіт атомда алда дегенге сену қиын.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бұл құрылысты бастау үшін халық ойы ескеріледі десе, 2021 жылы мамыр айында президент АЭС салуда асықпау керектігін, алайда уақыттан да қалмау қажеттігін айтқан болатын. Ал жолдауда бейбіт атомға қатысты сөз қозғап, Ресей форумында АЭС керектігін айтты. «Шығыс экономикалық форумына» онлайн қатысқан кезде де «Қазақстанға АЭС қажет», - деп қайта мәлімдеді.

АЭС салу жобасы туралы бірнеше сауалнама жүргізілген болатын. Abai.kz-те жариялағанымыздай былтыр жүргізілген DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі» тақырыбында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, Қазақстан азаматтарының 55%-ы атом электр станциясының салынуына қарсы, ал, 36%-ы үзілді-кесілді қарсы болған.

Президент айтқандай, егер халықтың пікіріне құлақ асатын болса, көпшіліктің қарсы екенін сауалнама нәтижесі көрсетіп тұр. Сонымен бүгінгі күнге дейін толықсып жеткен АЭС салу туралы шешім ақыры аяғында қабылданатын болды.

Бүгінде вице-министр Нұрмағанбетовтен Қазақстан неліктен АЭС салуды жоспарлап отырғаны сұралды. Мысалы, Германия, керісінше, атом энергиясынан бас тартқан.

«Иә, Германияның мысалы таңғалдырады. Бірақ, көршілес Франция, керісінше, 20 жаңа реактор салу жұмыстарын күшейтті. Әр ел өзінше таңдайды. Финляндия, Беларусь, Швеция, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия - қазір әлемде 50 реактор салынып жатыр. Жасыл энергияға 100 пайыз көшу мүмкін емес. Әлемнің ешбір елінде мұндай жоқ. Мұның бәрін реттейтін технология жоқ. Жел, күн станцияларының өндірісі маусымға, тәулікке тәуелді. Әр сағатта не болатынын болжау мүмкін емес. Сондықтан тұрақты электр энергиясы болуы үшін өндіріс пен тұтынудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет. Сондықтан реттей алатын станция қажет», - деп түсіндірді вице-министр.

Көмір станцияларынан бас тартуға байланысты тағы бір проблема бар – ол зиян шығындарға салынатын салықтың өсуі екен.

«Көміртегі салығы енгізіліп жатыр, яғни қазақстандық экспорттаушыларда проблема бар - металлургия, тіпті мұнай саласы да электр энергиясына сүйенеді. Барлық экспорт тауарларына салық салынады. Біз бұл тауарларды сата алмаймыз және жұмыспен қамтамасыз ете алмаймыз. Осы қағидаттарға сүйене отырып, мәселелер талқыланып жатыр», - дейді Нұрмағамбетов.

Айжан Темірхан

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443