Жұма, 22 Қараша 2019
Жаңалықтар 2138 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 07:45

«Қазақстанның барысы» анықталды. Балуандар не дейді?

 

Күнәлем ЕРЖАНОВ:

«Төрешілердің әрекеті зығырданымды қайнатты»

 

Күнәлем ЕРЖАНОВ:

«Төрешілердің әрекеті зығырданымды қайнатты»

- Биылғы «Қазақстан Барысына» тың дайындықпен келіп едім, алайда жаман әсермен кетіп барамын. Жарысты әдетте алғаш бастаған спортшыға ауыр болады деп жатады. Бірақ мен ешқандай ауырлықты да, қиындықты да сезінгенім жоқ. Керісінше, жеңіс жолындағы қадамымды сенімді бастадым. Ереже бойынша сайысқа келген 34 балуанның арсынан екі балуанды шығару қажет болатын. Сол себепті доданың түндігін түрген жекпе-жектің жеңімпазы қайта боз кілемге шақырылады. Мен де тұңғыш жеңісімнен араға бір белдесу салып қайта көтерілдім. Бірақ бұл да менің наразылығымды туғызға қойған жоқ. Делебемді қоздыра түскен секілді қайта. Әдетте аз тыныққан спортшылар: «Мен демалып үлгермедім. Қарсыласым көбірек тынықты. Мен шаршап шықтым» дегенді алға тартып жатады. Маған мұның кері әсері тиді деп айта алмаймын. Себебі,мен «Қазақстан Барысына» келерде өз-өзімді кез келген жағдайға да дайын болуым керек деп даярлағанмын. Солай болды да. Тек төрешілердің әрекеті біраз зығырданымды қайнатты. Психологиялық тұрғыдан да, күш жағынан да қарсыласымнан басым болып келе жатыр едім, алайда төрешілер бей-берекет ескерту жасай бастады. Қалай дегенмен, кілемде арпалысып жатқан біз ғой, кілемге көтерілгенше қарсыласыңның шамасын білмегеніңмен, белдесу басталысымен-ақ оның қай дәрежеде екендігін сезесің. Бірақ маған қарсы шыққан балуан менен әлсіздеу екен деп өз-өзіме босаңсуға жол берген емеспін. «Қазақстан Барысына» келген әрбір балуан тек жеңемін деп келетінін жақсы білемін. Ешқайсысы да осал емес. Бұл дода еліміздегі кіл мықтылардың басын қосатын дода ғой. Барлығының да дайындығы жоғары екендігі көрініп тұрды. Сондықтан жекпе-жегімде белсенділік таныттым, ал мені ұтқан Ақмола облысынан келген Жамалов негізінен қорғаныста жүрді.

Былтыр да осы аламан жарысқа қатысқанмын. Ол кезде қателікке бой алдырғанымды мойындаймын. Қарсыласымды алып ұрмақ болған әрекетімнің шырмауына өзім байланып қалдым. Ал, бұл жолы мұндай кемшілік менің тарапымнан кеткен жоқ. Оны көрермендер де көрген шығар, тіпті хабарласып, «мойыма, жеңілген жоқ едің» дегендер көп. Менен кейінгі белдесулерді көргім келмей, кетіп қалдым. Қаншама дайындық, төгілген тер, қажырлы еңбектің зая кеткендігін ойласам, ашуым келеді. Тіпті, бұдан былай «Қазақстан Барысына» қатыспаймын деп отырмын.

Айбек ҚЫРЫҚБАЙ:

«Салмақтың аздығы сезіледі екен»

- Жеңіліс тапсам да, ұнжырғамды түсірмеймін. Бірден беріле салатын мен емес. «Әттеген-ай» деп, іштей ренжігеніммен, үміт отын сөндірмеймін. Әлі алда талай жарыстар бар, талай белестер бар бағындыратын. Қалай болғанымен «Қазақстан Барысында» жеңімпаз атану әрбір менмен деген балуанның арманы. Салмағымның аздау екендігін байқадым. Сондықтан келесі жылы біраз салмақ қоссам ба деп жоспарлап отырмын. Өйткені «күш атасын танымас» деп жатсақ та, өзіңнен екі есеге жуық үлкен балуанмен белдесу оңайға соқпайды екен. Қаншама әдіс-тәсілдерді қолданып баққаныңмен, оның салмағы рөл ойнайды, сондықтан алып денесін жайынан қозғалтуың үшін де еңбек етуің керек.

Алғашында павлодарлық Бәкір Мұратпен күресті жақсы бастап едім, Қарағандының Барменовімен болған екінші белдесуде де тең өнер көрсетіп келе жатқан болатынбыз. Тек асығыс әрекет жасап қойдым, ал мұным өзіме қамшы болып тиді. Барменовтің шамасы маған белгілі, себебі біздің бұған дейін дзюдодан өткен ел біріншіліктерінде де, өзге жарыстарда да жолымыз түйісіп, Асылханды жеңгенмін. Бірақ бұл жолы ұтылып қалдым екен деп, Асылханға ренжіп, қабақ шытпаймын, кез келген қарсыласым секілді оған да келесі кезеңде сәтті өнер көрсетуін тіледім. Амал нешік, бұйырмаған ғой. Енді Қазақстан чемпионатында жеңіске жетсем деген мақсатым бар.

Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстанның намысын қорғаймыз деп келген менің де, Еслямов Дәуреннің де жолы болмады, сондай-ақ дайындығымыздың төмендеу екендігін сездім. Себебі бізде спортқа өзге облыстарға қарағанда аздау көңіл бөлінеді. Қаржы жағынан да көптеген спортшыларымыз қиындық көріп жатады. Жарыстардан да тыс қалып қояды қаржылық қолдаудың болмағандығы себеп. Тек соңғы уақыттан бастап қана қаламыздың әкімі спортты, қазақ күресін қолына ала бастады.

Өзім жеңіліс құшсам да, жалпы жарыстың деңгейін көріп қатты риза болдым. Былтыр аталмыш дода алғаш рет ұйымдастырылғандықтан болар, елдің ішінде мұндай қызығушылық тудыра алмап еді, көпшілік «Қазақстан Барысының» өтетіндігін білмеген де. Ал, биыл жағдай мүлде бөлек. Іріктеу де өзгерек. «Қазақстан Барысының» халық арасында дүмпу туғызарлықтай дәрежеге жеткендігі көңіліңді кәдімгідей марқайтып тастайды екен.

Ермек ҚАЛИЕКОВ:

«Қазақ күресінің ережесін нақтылай түсу керек»

- Менің бір байқағаным, қазақ күресінің насихатталуына осындай жоба керек еді. Әрине, бір ғана «Қазақстан Барысы» өзіміздің төл спортымыздың дамуы үшін аз. Мұндай дүбірлі додаларды жылына бір рет емес, бірнеше рет ұйымдастырып отыру қажет. Сонда ғана қазақ күресінің мәртебесі арта түседі. «Қазақстан Барысына» жиналған қауымның қуанышы, қазақ күресіне деген сағынышы тіпті кілемде арпалысып жатқан бізге де сезіліп тұрды. Осы арқылы біз өзіміздің спортымыздың дәрежесін халықаралық деңгейге дейін көтеріп, әлемді осындай тамаша күрестің бар екендігімен мойындатамыз. Мысалы, мен бала кезімнен күреске әуес болып өстім. Оның үстіне біздің өңірде қазақ күресіне деген қызығушылық жоғары. Тойларда болсын, өзге жиындарда болсын, міндетті түрде қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылатын. Кейіннен сол алған бетіммен ел арасындағы, халықаралық сайыстарға барып жүріп, біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Сол кездерден-ақ бүгінде «Қазақстан Барысына» қатысқан балуандардың басым бөлігімен таныспын. Сондықтан да шығар, боз кілемде балуандармен қарсылас болсақ та, кілемнен тыс жерде бір-бірімізге деген сәлеміміз түзу.

Ал белдесуге келер болсақ, спорт, жарыс болған соң бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Жеңілісім өзімнің қателігімнен болды. Бірінші белдесуде ұтып шыққан соң, келесі - 1/16-айналымда Айбек Нұғымаровпен жолықтық. Күш жағынан болмаса да, әдіс жағынан Айбек менен мықтырақ болды. Басында кілемге шығар уақытта түлкімді ұмытып кеткенім үшін төрешілердің ескерту жасап, қарсыласыма бір ұпай бергені көңіл-күйімді түсіріп жіберді. Өйткені қарсыласыңа кілемге көтерілмей жатып есе жіберу деген сұмдық қой. Кейде толқу басады, кейде эмоцияңнан басым түсуге шамаң жетпей қалады. Бір ұпайдың рөлі аса білінбейді десек те, мұндай жайт спортшының кей жағдайда жеңіске деген жігерін құм қылуы мүмкін. Бірақ бұл үшін әділқазы алқасын жазғырмаймын. Мен кілемге ұту үшін ғана көтерілген болатынмын, өкінішке қарай мақсатым орындалмады. Себебі бала күнімнен спорт әлеміне толығымен еніп кеткендіктен талай жағдайды бастан өткізіп үлгердік қой.

Тағы бір айта кетерлігі, барлық спортта нақты ережелер бар, сол секілді қазақ күресінің ережесін де нақтылай түсу керек. Бұған кешегі өткен жарыста көз жеткіздім. Балуандар боз кілемде күресіп жатып төрешілер жаққа алаңдаумен болды. Себебі әдіс аяқталмас бұрын, қандай да бір әрекеттер қолданылмай жатып таблодағы көрсеткіштер өзгереді. Бір мен емес, өзге балуандардың күресін де жіті бақылап отырдым. Барлығы да сол әділқазылар мен төрешіге жалтақтап шаршады. Сайыстағы әрбір балуан қазақша күресте белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп, өз өңіріндегі үздік деп танылғандар. Сондықтан олардың бәрі төл спортымыздың ережесін жақсы біледі. Сөзіме дәлел ретінде айтайын, мен Айбекпен белдесіп жатқанда бір иығым жерге тиіп, Айбекке жартылай жеңіс берілді. Ол кезде күш сынының аяқталуына әлі екі минуттан асық уақыт бар болатын. Тәртіп бойынша жартылай жеңіс шалқадан құлағанда берілді. Неге екенін білмеймін, әділқазы алқасы белдесуді аяқтаңдар деп бұйырды. Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Төреші Шығыс Қазақстан облысының Нұғымаровын жеңімпаз деп таныды. Менің Айбекке қарсы айтар дауым жоқ. Тек әлгі орын алған жағдайдың себебін әлі де түсінген жоқпын.

Бұл кездесу Нұғымаровпен өткізген бірінші кездесуім. Осы жолы Айбек жеңіске жетті. Ол мені ғана емес, тағы да бірнеше балуанды ұтып, жүлделі үштікке ілінді. Оны зор жетістігімен құттықтаймын! Айтпақшы, ақтөбелік Бақтыбай Қисықов та атын ерекшелеп атайтын азамат. Оның шеберлігін жоғары бағалаймын. Салмағы менен аз болса да, қимылы ширақ, күрестің қыр-сырын әбден меңгерген жігіт. Әдетте кейбіреулер салмағы басымырақ балуандармен шығарда өз-өздерін жоғалтып қояды. Ал Бақтыбайда ондай жоқ. Өткен жылы үш балуанды жеңіп, Бейбіт Ыстыбаевтан ұтылған еді. Сондықтан Бақтыбайдың Ақтөбенің мықты балуаны екені анық.

Жалпы, осы жолғы дода расымен де өте тартысты болды. Әсіресе Арман Әбеуов пен Айбек Нұғымаровтың, Бейбіт Ыстыбаев пен Шалқар Жоламанов арасындағы белдесулер қызықты өтті. Нағыз қазақ балуанына лайық өнер көрсетті бұл жігіттер. Міне, осындай белдесуде жеңіске жетсең, кәдімгідей лаззатқа бөлінесің. Алла бұйыртса, денсаулығым сыр бермей, жарақаттан дін-аман болсам, келесі жылы «Қазақстан Барысына» тек қатысып қана қоймай, міндетті түрде үздік үштіктің қатарынан табылуды басты меже етіп қойдым.

Еділ ҮСЕНОВ:

«Арман қатты шаршап қалмасын деп жеңілдім»

- Жеребе жолдас болмады деген осы. Өйткені өздеріңіз білетіндей, мен бірінші айналымның өзінде-ақ жерлесім Арман Әбеуовпен күш сынастым. Екеуміз де Батыс Қазақстан облысының атынан келгендіктен, арамызда тек біріміздің ғана жарысты ары қарай жалғастыруға мүмкіндігіміз болды. Арманның тәжірибесі мен біліктілігін ескере отырып, біз сайысты «Орал бурасы» жалғастырсын деп шештік. Бәзбіреулер екеуміз бір-бірімізге қарсы өнер көрсететінімізді білісімен «жеңіс Арманның қолында» депті. Ақмола облысында дүниеге келген Арман өткен жылы «Қазақстан Барысында» төртінші орынға іліккен болатын. Сонан соң қаржы мәселесіне тап келген ол Батыстың намысын қорғауға атсалысты. Шыны керек, маған қарағанда Әбеуовтың әлеуеті әлдеқайда жоғары. Тіпті ақтық сында өнер көрсетерлік шамасы бар еді. Дегенмен оған жеңіс бұйырмай қойды. Рас, Арман қатты шаршап қалмасын күрескен жоқпын. Оның үстіне, барлығы да білетін бұл кездесудің қалай аяқталарын. Сондықтан, уақытты соза берместен сайыс басталған соң бастапқы минуттарда-ақ жеңілуді жөн санадым. Әрі дайындығыма да көңілім толған жоқ. Өйткені отбасы, өзге мәселе деп жүріп біраз уақыт спорттан қол үзіп қалғаным бар. Ал Арман қазақ күресіндегі атақты балуандардың бірі. Сол себепті мен оның жеңімпаз атанатынына 70 пайыз сендім. Бәлкім Айбекті мықты қарсылас деп санамады ма, әлде өз жеңісіне сенімді болды ма, әйтеуір Айбектен басым түсе алмады.

Бейбіт ЫСТЫБАЕВ:

«Қазақтан Барысында» үш рет жеңімпаз атанамын»

- Жеңістің тәтті дәмін сезіне алғаныма қуаныштымын. Жетістігіме қуанып жатқан жанкүйерлерім де көп екен, бұл да көңілімді көтеріп тастады. Өз басым бұл жеңіске 99 пайыз сеніп едім. 99 пайыз дейтінім, 1 пайыз қандай да бір оқыс жағдай немесе жарақат алып қаламын ба деген қорқынышым болды. Аллаға шүкір, ешбір келеңсіздік орын алмады. Мен өткен жолы берген сұхбатымда да басты мақсатымның «Қазақстан Барысы» турнирінде жеңімпаз атану екендігін айтқанмын. Міне, діттеген мақсатымды жүзеге асырған соң көңілім орнына түсті. Бірақ мұнымен тоқтайтын мен жоқ. Себебі әлі екі рет осы жарыста чемпион атануым керек. Жалпы, мен өткен жылы екінші орынды иеленгенімде «Қазақстан Барысында» үш рет жеңімпаз атанамын деп мақсат қойғанмын. Сол ойымды жүзеге асырғаннан кейін спортпен қош айтыссам деп жоспарлаудамын. Әрине, «әлі жассың, қайда асығасың» дейтіндер көп. Бірақ үш рет жеңіс тұғырын бағындырамын дегенше жасым бірталайға келіп қала ма деп ойлаймын. Оның үстіне, барлық нәрсенің өз уақыты болады. Спортқа келетін де, спорттан кететін де кез келеді. Иә, осы жолы 40 жасқа келген балуандар күресіп жүр. Олар, мүмкін, шабыты енді ашылып жатқандар шығар. Ал, мен күреспен бала кезімнен шұғылданып келемін. Спортшы болған соң жетістікке қол жеткізуің керек. Ал жетістікке қол жеткізу үшін ерінбей еңбек ету қажет. Үнемі диетада жүресің. Кейде достарыңмен қыдырғың келеді, көңілің қалаған тағамды жесем дейсің. Біз мұндайдан бойымызды аулақ ұстаймыз. Жалықтым деп айта алмаймын. Тек аздап шаршадым. Әрі қаншама жыл жаныма серік еткен спорттан сыйымның барында кеткенім дұрыс болады деп ойлаймын.

Кейбіреулер мені алғашқы кездесуімде сылбыр қимылдады деп ойлады. Бәлкім сырт көзге солай көрінген шығар. Әрине, бірінші белдесу қашан да қиынға соғары анық. Оның үстіне «Жамбыл Барысында» жеңе алмағаным тағы бар. Әрі бәзбір ағаларымыз, аттарын атамай-ақ қояйын, мені чемпион болмақ түгілі, жүлдегерлердің қатарынан көрінбей қалады депті. Былтыр асығыстық жасаймын деп соңы неге ұласқадығынан хабардарсыздар. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген нақыл бар ғой халықта. Мен сол аузы күйген адаммын. Былтырғыдай бір қателімнің кесірінен жеңісті уысыман шығарып алғым келмеді. Тіпті, күшімді бей-берекет сарп етіп, ақырында ештеңеге шамам келмей қалған-ды. Сондықтан болар, бұл жолы физикалық тұрғыдағы дайындығымды жетілдіріп қана қоймай, ұстамды, сабырлы болуға тәрбиеледім өзімді. Тұңғыш «Барыс» болу арманым еді, амал нешік, бола алмадым. Ештен кеш жақсы.

Өткен жылы көрерменге шоу көрсетуді жоспарласақ, биыл жеңіске қол жеткізуді көздедім. Бұлардың бәрі спортшыға психологиялық қысым түсіреді. Облысымызда жеңіліс тапқанымда мойымауға бел байладым. Өйткені алар асу әлі алда дедім. Мысалы, ойлап қарасаң, барлық спортшылар бірдей жаттығады, жүгіреді, гір көтереді. Бірақ жеңіске тек дене бітімің ғана емес, ішкі жан дүниең де дайын болуы керек. Кейбір спортшылар ақшаның буы бар, көрермендердің тарапынан қысым бар, сағын сындырып алып жатты. Мен секілді асығыстық танытқандар да кездесті. Руслан Әбдіразақов, Ғани Сейділдаев, Ержан Шынкеев секілді жігіттерде қанжығасын майлап қайтуға мүмкіндік болды. Белдесулерін көріп отырып, өнеріне сүйсіндім. Алайда спорттағы тәжірибем бар ғой, мен тұғырға ұтқан үшеуміз шығатынымызды білдім. Айбек пен Шалқарға да Алакөлдегі жиында соны айтып едім. Өйткені жаттығудың өзінде олардың жеңіске деген ықыласы, жігері көзінен көрініп тұрды. Кеше сол жеңіс сыйлар бақытты үшеуміз сезіндік.

Бір жағынан жеңісіме қуансам, екінші жағынан көрермендердің қазақ күресіне деген шын ықыласына риза болдым. Тоғыз мыңнан астам адамды сыйғызатын «Сарыарқа» велотрегіне көрермен көп жиналды. Қазақ күресін тек тамашалауға ғана емес, кәдімгі жанкүйерлік танытуға келген. Сондықтан делебемді қоздырып, жеңіске деген қадамымды нықтай түсуге септігін тигізген, төл спорт десе, ішкен асын жерге қоятын халыққа алғысым шексіз.

 

Шалқар ЖОЛАМАНОВ:  «Екінші орын мен үшін жеңіспен пара-пар»

Жалпы, өз басым биылғы «Қазақстан барысына» тек жеңу үшін қатысқанмын. Тіпті әр айналымдарда ұтылып қаламын ау деп еш ойланбадым да. Тек жартылай финал тұсында ғана бар күшімді салуым керек екенін ерекше есте тұттым. Бірақ, бойлары  2 метр, салмақтары 130 келіден асатын балуандардан сескенгенім рас. Олармен теңесу үшін осы жарысқа дайындалу барысында салмақ арттыруға  қанша тырыссам да, неге екенін білмеймін, салмағым толыспай қойды. Бірақ, былтырғыдай емес, биылғы турнирдің жеребесі маған қиындау түсті. Алғашқы белдесуде-ақ бірден Ғани Сейділдаев сынды мықты балуанмен жолығып қалып, оны әрең дегенде алып жықтым. Сондай-ақ, келесі қарсыласым Қарағандының атынан сынға түскен Александр Касачевті де ұту қиынға соқты. Жарысқа қатыспас бұрын Александр екеуміздің арамызда біраз әңгімелер гуілдеген болатын.  Жуырда  Семейде өткен Д.Тұрлыханов атындағы турнирде одан ұтылып қалғаным бар. Шыны керек, аталмыш жарысқа мүлде дайын емес болып барғанмын. Тек үлкен кісілердің ұсынысымен жай қатыса салдым. Сол сәтте ел ішінде «Касачев мықты екен! Былтыр «Қазақстан Барысынан» үшінші орын иеленген балуанды алып жығыты»- деген сыбыс желдей есіп кетті. Сол себепті, одан қалай да болсын есемді қайтару бар күш-қуатымды сарпып, күрестім. Ақыры жеңдім. Ал, келесі қарсыласым Руслан Әбдіразақов  өз-өзіне тым сенімді болып, соңында менен қалай жеңіліп қалғанын өзі сезбей қалды. Русланнан кейін Олимпиада қатысушысы Ержан Шынкеевпен күрескенім өзіме өте ауыр тиді. Оның алдында да «Алғашқы айналымда Шынкеев кездесіп қалса қалай болар екен?»- деп ойлап жүретінмін. Ержан - расымен мықты балуан. Біз Қазақстанның ішінде ғана күресіп жүрсек, ол шетелдік ареналарға шығып жүрген тәжірибелі жігіт. Сол себепті, оны айқын басымдықпен ұтқым келіп, бар күшімді соған сарпыдым. Ал, финалда жолым түйіскен Бейбіт Ыстыбаевқа әлім келмей қалды. Бір жағынан Бейбіттің салмағы менен ауыр әрі бойы да ұзын. Жалпы, Ержанды жеңген соң, Бейбітпен қиныға түсетінін боз кілемге шықпай-ақ сездім. Себебі, үзіліс кезінде өз-өзіме келе алмай отырдым. Мүмкін, жартылай финалда Ержанмен емес, басқа балуанмен кезіккенде Бейбітті сөзсіз жеңер едім. Ақыры жеңіліс тапқан соң, іштей ызаланып, жан-жағымды қиратып тастағым келіп, біразға дейін өз-өзіме ренжіп жүрдім. Бірақ, ренжігеннен не пайда? Бұйырғаны - екінші орын болды. Жалпы, екінші орынға еш өкінбеймін. Алғашқы айналымда-ақ ұтылып, тауы шағылып қалған небір мықты балуандар бар. Оның қасында екінші орын деген мен үшін жеңіспен пара-пар.

Рулсан ӘБДІРАЗАҚОВ:

«Ұтылып қалуыма Ұланның да жеңілісі әсер етті»

Жалпы, «Қазақстан барысының» осы жолғы маусымының мықтылары деп Шынкеев Ержан мен Ыстыбаев Бейбітті танып, күні-түні дәл осы екі балуанға қарсы дайындалғанмын. Шынымды айтсам, бұл жарысқа былтырғыдан бетер мықты әзірленіп  келіп едім, бірақ, аталмыш сайыста топ жару бақыты маған биыл да бұйырмапты. Былтыр да дәп сол 1/8-финалда жарыстан шығып қалып едім. Биыл да сол көрініс қайталанды. Алғашқы айналымдарда Нұрзат Бекасыловты таза жеңіспен, ал Нұржан Жамаловты жамбас әдісімен ұтқаныммен, азулы Шалқар Жоламановтан айламды асыра алмадым. Алғашқы минутта оны жартылай жеңіспен ұтып тұрғанмын. Бірақ, бұл нәтижені қанағат тұтпай,  оны тағы да алып жыққым келіп, өзім бірінші шабуыл жасағаным сол-ақ екен, ол менің осал тұсымды тауып алып, таза ұтып кетті. Сөйтіп ойламаған жерден жеңісті қолдан беріп қойдым. Әрине, бұлай жеңілгеніме қатты өкінемін. Бірақ, өкінгеннен ол сайыс енді қайтып ұйымдастырылмайды. Болар іс болды. Бір шетінен, ұтып тұрып, ұтылып қалуыма ағам - Ұланның да жеңілісі әсер етті деп ойлаймын. Себебі, оның Арман Әбуевпен күрескенін басынан-аяқ бақылап, ақырында оның жеңіліс тапқанын көңіліме қатты алып қалдым. Сөйтіп, боз кілемге шықпас бұрын, көңілім түсіп қалды. Мүмкін, ағамның күресуін көрмеуім керек пе еді? Оның артынан іле-шала мен ұтылған соң, ағам жаныма келіп:  «Неге асығасың? Ұтып келе жатып, бұлай күрескенің не?»-деп өз ренішін білдірді. Бапкерім де «Руслан-ау, мұның барлығын үйде жаттығуда жасап едік қой. Мына қателікті қалайша жібердің?»-деп  ренішін айтты. Бірақ, барлығы Аллаһ Тағаланың бұйрығымен болатын дүние. Демек, сол айналымда менің сүрінуім керек болды. Сүріндім. Бірақ, орта жолда сүріндім деп қаймыққан мен жоқ. Аллаһ қолдаса, осы жолы жіберген қателіктерден сабақ алып, келесі «Қазақстан барысына» тағы да қатыспақпын. Енді келесі жылы түбі ұтамын деп ойлаймын.

 

Руслан СЕЙІЛХАНОВ: «Бұл турнирге енді қатыспаймын»

Жалпы, өз басым «Қазақстан барысына» бірінші рет қатысып тұрмын.  Спортпен қош айтысқаныма он жылдан астам уақыт өтсе де, іріктеу жайлы теледидардан естіген соң, қызығушылығым оянып, жасым қырықтан асып бара жатса да аталмыш турнирге қатысып көргім келді. Әрі жан-жақтан достарым да: «Спортта азды-көпті жинаған тәжірибең бар. Қатысып көрсеңші»- деп ұсыныс айтты. Сөйтіп, алдымен ауыл-аймақ, кейіннен аудан, облыстық іріктеулерден өтіп, ақырында Алматы облысының атынан сынға түсетін қос балуанның бірі атандым. Жалпы, бұл турнирге қатыса жүріп, өз басым күшті әсер алдым. Шынымен, өзгелер айтып жүргендей бұл жарыстың  жөні бөлек екен. Өз болжамымда осы жылғы «Қазақстан барысы» атағын Ержан Шынкеев я болмаса Арман Әбеуов ұтады деп ойлағанмын. Алғашқы айналымдарда 32 балуанның ішінен «Мынаумен жолым түйіседі-ау...» -деп, барлығын болжасам да, тек Ержан Шынкеевпен кезікпесе екенмін деп ойлап едім. Себебі, Ержан - өте қолайсыз қарсылас. Ол да мен секілді солақай балуан.  Оның алдында Ержанды сыртынан бақылап, қадағалап жүретінмін. Сөз жоқ, ол - мықты балуан. Оның сол мықтылығын мойындап, онымен күресуден қашқалақтап едім. Бірақ, «Кімнен қашсаң, соған тап боласың»-дегендей, жеребем жолдас болмай, бірінші айқаста дәп сол Ержанмен кездесуге тура келді. Байқағандарыңыздай, Ержан Лондон Олимпиадасынан кейін өз бабын жоғалта қоймағанын ерекше байқатты. Әрі өзі менен он төрт жас кіші. Салмағы да үлкен. Жарыс біткен соң өзі де қасыма келіп: «Сізбен күресіп жатқанда қайдан екенін білмеймін, екінші тынысым ашылып кетті...»-деп жатыр. Негізі менің де Ержан секілді бір емес, екі Олимпиадаға қатысты деген атағым бар. Десек те, менің ол дәуренімнің уақыты өтіп кеткелі қай заман?.. Жылдар бойы салмақ пен күш-қуатты ұстап тұру оңай шаруа емес қой. Дегенмен жоғарыда айтып өткенімдей, қолайсыз қарсылас болған соң, оған бірден есе жіберіп алдым. Егер алғашқы қарсыласым ол болмағанда біраз жерге дейін белдесер едім. Бірақ, өткен іс өтті. Өткенге өкініп, сан соққаннан пайда жоқ. Жалпы, бұл турнирге қызықтым, қатыстым, жеңілдім. Енді қатыспаймын.

Ұлан РЫСҚҰЛ: «Боз кілемнен тұрғым да келмеді»

Әрине, атағымды қорғай алмай, жеңіліп қалғаныма  өкініп жүремін. Жеңілуіме - мамыр айында Құлсарыда өткен Кеңес Барақатов атындағы күрес сайысында алған жарақатым себеп болды. Сол сайыста мен шынтағымды шығарып алған едім. Дегенмен қанша жерден жарақат алсаң да, тырысып-тырмысып ұтуым керек еді. Бірақ, сол кеште менің бағым келіспеді.  Аталмыш турнирдің алғашқы жеңімпазы болған соң,  балуандардың көбісінің маған тіс қайрап, мені жеңуге келгені белгілі.  Өз болжамымда ежелгі қарсыласым Бейбітпен күресуім қиынға соғар деп ойлап келіп едім. Бірақ, Бейбітке жетпей жарысты ерте аяқтауыма тура келді. Жалпы, «спорт  деген бір сиқыр деп бекер» айтпайды ғой.  Әрі «Бақ шаба ма, бақ шаба ма?» дегендей, былтыр менің бабым шапса, биыл Бейбіттің бағы жанып тұр екен. Расымен де, Бейбіт биылғы «Қазақстан барысы» атағына лайықты балуан.  Өз-өзімді ақтап тұрғаным жоқ, бірақ балуандардың бір жылдай дайындалса, мен жарысқа үш ай уақыт қалғанда ғана жаттығу жиындарына қатыса бастадым. Біраз уақыт керекті ем-дом алып, сәл айыққан соң, әлгі жарақатым осы турнирде кедергісін келтіре қоймас деп ойлап едім. Бірақ, қателесіппін. Алғашқы айналымда-ақ жарақатым сыр берді. Сол себептен боз кілемде айшықты күрес өнерін көрсете алмай, әрі әдіс қолдануға шамам жетіңкіремей  бірінші қарсыласым - маңғыстаулық Абызов Бақдәулетті тек ұпай санымен ұтып кеттім. Бірақ, келесі кездесуде өзім қателік жіберіп алдым. Төреші маған ескерту беріп, ал қарсыласыма бір ұпай берген соң, өзімнің ұтылып жатқанымды біліп, тезірек ұпай жинағым келді де, бірден шабуылдауға көштім. Ақырында қарсыласым Арман Әбеуов ойластырған әдісімді біліп қойып, мені алып жықты. Әп сәтте-ақ өзімнің қалай жеңіліп қалғанымды сезбей қалдым. Боз кілемде «Шынымен мен жеңіліп қалдым ба?» - деп өз-өзіме сенбей, айналамда не болып жатқанын түсіне алмай, сәл жатып алдым. Тіпті, боз кілемнен тұрғым да келмеді. Бірақ, қазақ күресінің ережесі бойынша қарсыласыңды арқасынан қағып, қолын алып шығарып салуға міндеттімін. Бірақ, қазір жеңіліп қалдым екен деп орта жолдан қайтып кететін балуан мен емес.  Осы жолғы маусымда жолым болмағанмен, құдай қаласа, келесі жылғы «Қазақстан барысында» алтын белбеуді ұтып аламын деген сенімдемін!

Арман ӘБЕУОВ: «Келесі жылғы жеңімпаз мен боламын!»

Жалпы осы жолғы турнирдің басты қарсыластары ретінде Бейбіт Ыстыбаев, Шалқар Жоламанов, Ұлан Рысқұл, Ержан Шынкеев пен Айбек Нұғымаровтарға қарсы әзірленіп келгенмін.  Ойлағанымдай-ақ, Ұлан Рысқұлға қарсы ойластырған тактикам жүзеге асты. Қызық болғанда, жеребенің тартылуы бойынша ең алғаш болып өзімнің жерлесім әрі досым Еділ Үсеновпен күрестім. Негізі, қандай балуан болса да боз кілемге алғаш шығар сәтте қатты қобалжиды емес пе? Еділді таза жеңіспен ұтқан соң, әлгі қобалжуым басылып, стадиондағы айқай-шуға бойым үйреніп кетті. Осы жеңісімнің маған күш-қуат сыйлағаны соншалық, келесі айналымдарда оңайшылықпен ұтып кететіндей сезімде жүрдім. Ал, Еділден кейінгі қарсыласым, былтырғы «Қазақстан барысының » жеңімпазы Ұлан Рысқұлды ұтқанымда құлшынысым артып, тіпті күшейе түстім. Шынымды айтсам, сол сәтте өзімнің үштікке ілінетініме сенімді болдым. Негізі, Ұлан - бауырымдай болып кеткен балуан. Бір-бірімізді бұрыннан жақсы танимыз. Жақсы доспыз. Өмірде дос болғанмен, боз кілемде қарсыласпыз. Сол кеште боз кілемге шығар алдында Ұланды  досым әрі былтырғы жеңімпаз екенін ұмытып, оны түбі ұтамын деген оймен шықтым. Бар ойым - қалай да болса Ұланды ұту болды. Ақыры дегеніме жетіп, оны ұттым. Ал, 1/8 финалда Айбек Нұғымаровпен болған кездесуді тіпті есіме де алғым келмейді. Өз басым Айбектен жеңілдім деп айта алмаймын. Әңгіменің ашығын айтсам, төрешілерге өкпелімін. Айбекпен күрескенде қанша рет түрлі әдіс пен небір-небір шабуылдар жасадым, ал олар оның бірде-біреуін есепке алмады. Сол себепті эмоцияға беріліп, күрес соңынан оның қолын алғым келмеді. Бірақ, залдың іші гуілдеп кеткен соң, боз кілемнің сыртына барып, қайтып келіп, қолын алдым. Негізі, Айбекті осыдан бір ай бұрын қазақ күресінен болған Қазақстан чемпионатында таза ұтып кеткен болатынмын. Сол себепті, оның күресу стилін жатық білген соң, дәл осы турнирде одан жеңіліп қаламын деген ой болмапты. Бірақ, Алланың бұйруымен одан жеңілуім керек болды. Жеңілдім. Бірақ, былтырғы «Қазақстан барысында» 4-орынға табан тіреген соң, биыл өзімді жеңіс тұғырынан көрінермін деп топшылаған едім. Дегенмен биыл болмаса да, келесі жылы осы турнирді ұтуға барымды саламын. Былтыр Ұлан, биыл Бейбіт  «Қазақстан барысы» атанса, Алла қаласа, келесі жылғы жеңімпаз мен боламын!

«Abai.kz»

0 пікір