Жексенбі, 24 Қараша 2024
6561 48 пікір 4 Наурыз, 2022 сағат 16:47

Ресей-Украина соғысының Түркі мемлекеттері ұйымына әсері

Қазіргі кезде әлемнің қызу талқысына түскен тақырыптардың қатарында Ресей Президенті В.В. Путиннің Украинаға ашқан соғысы екендігі белгілі. Осыған байланысты әр тараптың өзінің уәжі бар. В.В. Путин Украинаға деген ықпалынан айрылып қаламын деп, НАТО-ның Шығысқа қарай ілгерлеуін сылтау етіп Батыс елдеріне баратын «солтүстік ағынды» уысынан шығарғысы келмей отыр. Украина Президенті В. Зеленский болса елінің тәуелсіздігін сақтап қалуды мақсат етуде. Дегенмен, Ресей Украинадан толық айрылып қалды деуге әбден болады. Ақпарат құралдары екі елдің шығынын есептеп, Украинаның болашақ дамуы қалай болады деп елеңдеуде. АШҚ пен Батыс елдері түрлі санкцияларды ұйымдастырып, Ресей экономикасы мен тұтастығын бұзуға ұмытылуда. Десе де соғыс әр уақытта өлім мен қасіретке алып келетіні сөзсіз.

Осы тұрғыда түркі әлемінің ынтымақтастығы не болмақ? Кешегі БҰҰ-ның резолюциясына сәйкес Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің арасында Түркия қолдады, Қазақстан мен Қырғызстан қалыс қалды, Әзірбайжан, Түрікменстан және Өзбекстан дауыс берген жоқ. Кейбір сараптышылар осы жағдайда ең ауыр Қазақстанға болады деген болжам жасап отыр. Себебі біз ЕЭО, Кедендік кеңеске және ОДКБ-ға мүше болып, Ресейдің саяси көзқарасының ығына тәуелді болып отырмыз. «Қаңтар қырғыны» кезінде В.В. Путиннің ОДКБ әскерлерін жібергені де Қазақстан басшыларын тіпті өзіне тәуелді етті. Осыған қарамастан Қазақстанның мемлекет басшысы Қ-Ж.К. Тоқаев жағдайдан зиянсыз шығу мақсатында соғысты тоқтатуға байланысты барын салып отыр. Дәл қазіргі кезде Қазақстан ЕЭО, Кедендік кеңес пен ОДКБ-дан шыға алмайды, себебі еліміздің экономикасы Ресейге толықтай бағынышты. Осыған байланысты Батыстың санкциялары бізге де салынуы әбден мүмкін. Нәтижеде, доллардың қымбатталуы салдарынан ел экономикасына өзіндік қара ізін қалдырады. Мүмкін болашақта, саяси жағдай қалыпқа келген кезде Қ-Ж.К. Тоқаев аталған ұйымдардан шығуға талпыныс жасайтын шығар.

Өзбекстан мен Түрікменстан басшылары «сен тимесең мен тимеймін» деген ұстанымын ашық жариялады. Қырғызстанның саяси жағдайына байланысты ол да Ресейдің ықпалында болып тұр. Әзірбайжан өз кезегінде Ресей Арменияны тағы айдап салып, Қарабақ мәселесін туындатуы ықтимал деген болжамды жасырмай отыр. Түркия болса 75 пайыз Ресейдің газы мен мұнайына тәуелді. Сол үшін нақты позициясын ашып жарияламай отыр. Осы шырмауықтанып кеткен саяси-экономикалық жағдайда ТМҰ-на мүше елдер өзара ынтымақтастығын шамамен екі жылға тоқтауы мүмкін. Әрине бұл дұрыс емес, керісінше қазіргі кезде ТМҰ-на мүше елдер тығыз байланыстар орнатып, Түркияның Ресейдің газы мен мұнайына тәуелділіктен шығару мақсатында Баку-Жейхан-Трабзон мұнай құбырын жандандырғаны абзал. Ол бір жағынан Орталық Азиядағы Түркі мемлекеттерінің экономикасын жақсарта түседі де Ресейдің экономикалық торабынан шығуына жағдай жасайды. Екінші жағынан ТМҰ-мы ортақ интеграциялық шешімдерді жүзеге асыруда табандылық танытулары қажет, оның ішінде күттірмейтін басты мәселелердің қатарында әскери ынтымақтастық пен нақты экономикалық шешімдер жатыр.

Себебі АҚШ пен Батыс елдері Ресейдің экономикасын тақырға отырғызамын деген тұста, соңғысы өз кезегінде Қытай мен Үндістан арасындағы байланыстарын нығайтып, «Бір белдеу – бір жол» мен «Жібек жолын» шығысқа қарай күшейтуі мүмкін. Ол кезде Қытай мен Ресейге тәуелді жаңа нарық пайда болады десек қателеспейміз. Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан болса Ресейге толықтай тәуелді болуы ықтимал.

ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті Түріксой кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к., профессор м.а. Мырзахан Эгамбердиев

Abai.kz

 

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566